ЖОШЫ ҰЛЫСЫ: ТҰҢҒЫШ ДАЛА ИМПЕРИЯСЫ ҚАНДАЙ ЕДІ?

Тарихшы Еркін Әбіл Алтын Орда жайлы

~ 5 мин оқу
ЖОШЫ ҰЛЫСЫ: ТҰҢҒЫШ ДАЛА ИМПЕРИЯСЫ ҚАНДАЙ ЕДІ?

Коллаж / Qalam

Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы құрған Ұлыс — Қазақстан тарихындағы ең құпияға толы және маңызды кезеңдердің бірі. Бұл мемлекеттің қалай құрылып, қандай өмір сүргені бертінге дейін дұрыс зерттелмей келді. Жауаптан сұрақ көп еді. Тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл Qalam-ға берген сұхбатында даланың ең ықпалды империясы жайлы қызық деректермен бөлісті.

«Орда» не білдіреді?

«Алтын Орда» атауы мемлекет құлағаннан кейін, 16-ғасырда пайда болған. Жазба деректерде «Ақ Орда», «Көк Орда» ұғымдары әртүрлі мағынадаiбұл атаулар Алтын Орданың батыс бөлігі мен шығыс бөлігін білдірген қолданылған. Біздің тілде «орда» сөзі орталық, астана дегенді білдіреді. Орда — тек әкімшілік орталық қана емес, жанында саудагерлер мен қолөнершілер бірге көшіп жүретін орын.

Еркін Әбіл  / Qalam

Еркін Әбіл / Qalam

Бұл атау хан ордалардағы киіз үйлердің алтынмен безендірілуіне байланысты шыққан деген гипотеза бар. Бату ханның, Өзбек ханның осындай алтын ордалары болған. Кейін бұл атау Батыс деректерінде «Golden Horde» түрінде қалыптасты. Ақ Орда — «үлкен орда», «басты орда» деген сөз. Бастапқыда бұл атау шығыстағы, қазіргі Қазақстан аумағындағы билік орталығына қатысты қолданылған.

Алтын Орданың экономикасы қандай болған?

Алтын Орда экономикасының негізі — мал шаруашылығы. Алайда халықтың басым бөлігі бұрынғыдай таза көшпелі емес, жартылай көшпелі шаруашылықпен айналысты. Ал мемлекет бюджетінің негізгі көзі сауда болды. Малдың жалпы санының 1%-ы ғана салық ретінде алынатын. Саудаға бастапқыда 10% салық салынса, кейін ол айналымның 3%-ына дейін төмендетілді. Мемлекеттік бюджет осы 3% сауда салығы арқылы толығып отыратын.

Алтын Орданың бір жаңашылдығы — ішкі кедендерді жоюы. Сауда жолдары Қырымнан бастап Қытайға дейін кедергісіз жүрді. Бұл жағдай Алтын Орда кезеңінде сауда айналымының ерекше дамуына ықпал етті, ал мемлекет сол 3%-дық салық арқылы жақсы өмір сүрді. Саудагерлерге арнайы құжат — «таңба» берілді. Мысалы, Қырымға кірген саудагер пайыздық салығын төлеп, «таңбасын» алған соң, сол қағазбен Қытайға дейін еркін жүре беретін. Ешкім оны тоқтатып, қайта салық салмайтын. Бұл — қазіргі тілмен айтқанда бірыңғай кедендік кеңістік принципі.

Алтын Орда: қағаз ақша және сақтандыру жүйесі

Тағы бір жаңалық — қағаз ақша жүйесі. Бұл тек Алтын Ордаға ғана тән емес, жалпы Моңғол империясының жаңалығы еді. Дегенмен Алтын Ордада ол жүйе жақсы дамыды. Мысалы, Шағатай ұлысында да қағаз ақша енгізуге талпынғанымен, экономикалық заңдылықтар ескерілмегендіктен, шамадан тыс ақша шығару сенімсіздік туғызды. Соның салдарынан көтерілістер болып, қағаз ақшаны ешкім қабылдамады. Ал Алтын Ордада қағаз ақшаға мемлекет кепілдік берді.

Өзбек ханның даңы (дирхамы). 1345 жыл / monetnik.ru

Өзбек ханның даңы (дирхамы). 1345 жыл / monetnik.ru

Империяның қай жерінде болсаң да, сол қағазға сәйкес тиісті мөлшерде ақша қайтарып берілді. Бұл — мемлекеттік кепілдік пен сақтандыру идеясының бастауы. Өзбек хан кезінде егер Алтын Орда аумағында саудагерлерді біреу тонап кетсе, оған өтемақыны мемлекет төлейтін. Кейін билік қарақшыларды тауып, мемлекетке шығынды өндіріп алатын. Бірақ саудагер өз шығынын мемлекеттен толық өтеп алатын. Бұл — қазіргі мемлекеттік сақтандырудың көне үлгісі. Тағы бір маңызды жаңалық: сот жүйесінде әлеуметтік, таптық немесе діни айырмашылықтарға қарамастан, заң бәріне бірдей ортақ еді. Бұл да сол дәуір үшін озық тәжірибе саналатын.

Алтын Орда ақсүйектері балық аулаған

Балық аулау туралы қызықты дерек келтірейін. Алтын Орданың ақсүйектері жаз айларында Сарайшыққа барып, балық аулайтын. Сол кезеңде кішкентай қалалар бой көтере бастады. Оның кейбірі Алтын Орда мен Жошы ұлысы хандары өздерінің көшпелі екенін әдейі көрсетіп отырғанын аңғартады. Көшуге қажеттілік болмаса да, қыста астанасында отырып, жазда бәрібір көшіп кететін. Араб жазбаларында айтылғандай, кәдімгі дәстүр бойынша бүкіл ордасымен көшіп жүретін. Жазда қоныс тапқан сондай бір жерде, мысалы, Гүлстан әл-Жәдид деген қала пайда болған. Онда саудагерлер келіп, қолөнершілер жиналатын. «Гүлстан» сөзі раушан бағы дегенді білдіреді. Гүлстан әл-Жәдид, яғни Жаңа Гүлстан қаласы осылай қалыптасқан. Кейде Сарайшыққа да көшкен, оның атауы «кіші сарай» деген мағына береді. Сарайшық қаласы да осылай пайда болған. Бұлар ханның жазғы қоныстарына айналатын.

Алтын Орда қалаларының ерекшелігі

Ресейлік кей фильмде көрсетілетіндей, Алтын Ордада кірпіштен соғылған, биік қабырғалы қорғандар болмаған. Ол заманда қалаларда қазіргідей шекара жоқ еді: басталған-аяқталған жері белгісіз, ал орталыққа қарай медреселер, мешіттер, базарлар және жеке-жеке сарайлар топтасып тұратын.

Семён Ремезов. «Ремезов жылнамасындағы» Қызыл-Тура қаласы / Wikimedia Commons

Семён Ремезов. «Ремезов жылнамасындағы» Қызыл-Тура қаласы / Wikimedia Commons

Бекіністер тек шекараларда салынған елді мекендерде кездесетін. Мысалы, Сібірдегі Ертіс бойындағы Қызыл-Тура қаласында үш қатар қорған салынған. Бірақ ішінде кәдімгі киіз үйлер тұрған, яғни таза әскери бекініс ретінде қызмет атқарған. Дербент қаласы да сондай: қорғаны бар, нағыз бекініс саналған.

Алайда ішкі аймақтағы қалаларда мұндай қорған болмаған. Сондықтан оларды археологиялық тұрғыдан табу қиын. Қала қай жерден басталып, қай жерден аяқталатынын айқындайтын нақты қабырға болмағандықтан, оларды анықтап қазу да күрделі іс.

Қазақстан Жошы ұлысы мен Алтын Орданың заңды мұрагері ме?

Біз Жошы ұлысын неге ерекше атап өтеміз? Себебі Берке ханнан бастап Өзбек ханға дейінгі кезеңде біздің қазіргі мәдениетіміздің негізі қалыптаса бастады. Бұл — түркі-мұсылман мәдениеті. Оған дейін де біздің ата-бабамыз, яғни көне түркілер, қыпшақтар тарихта белгілі еді. Қазақ этносының, біздің мәдениетіміздің барлық негізгі белгісі мен символы Жошы ұлысы кезінде орнықты. Бұл кезең қазақтың дәстүрлі тарихи санасында ерекше орын алады. Мысалы, Алаша хан Шыңғыс ханмен, Ақсақ құлан күйі Жошы ханның өлімімен байланысты. Домбыра, Кетбұға жырау туралы әңгімелер бәрі сол кезеңге саяды.

Қазақтың түпкі тамыры Жошы ұлысы, ал оның соңғы билеушісі Кенесары хан деп толық айтуға болады. Біздің саяси дәстүрімізде Кенесарыны Жошы ұлысының соңғы мұрагері ретінде қабылдау заңды құбылыс. Айырмашылық — Алтын Орда классикалық империя болды, ал Қазақ хандығы империя идеясынан бас тартты. Басты айырмашылығы осында жатыр. Қазақ хандығы шағын аумақты қамтыған этникалық тұрғыдан біртұтас мемлекет болды. Сол себепті бізді тікелей мұрагер деп айта аламыз. Бұл мұрагерлік башқұрт, татар, өзбек және басқа да көшпелі халықтарға ортақ.

Алтын Орда әмірі Едіге қазақтың ғана батыры ма?

Кейбір зерттеушілер атап жүргендей, ЕдігеніiАлтын Орда әмірі, оның ұрпақтары кейін Ноғай Ордасын билеп тұрды «қазақ батыры» деп бөлу дұрыс емес. Мұндағы Едіге — кейіпкер ретінде қазақтың батыры болуы мүмкін. Ал тарихи Едіге — бәрімізге ортақ тарихи тұлға. Дәл сол сияқты бізде ортақ тарихи тұлғалар көп. Сондықтан кейде «қазақтан шыққан, қазаққа қызмет еткен» деп біржақты айту ақиқатқа жатпайды. Бұл — этноцентризм. Қазақ тарихы да, қарақалпақ тарихы да, башқұрт тарихы да, бәрімізге ортақ байланыстағы тарих.

Едіге шапқыншылығы. Суретті жылнама жинағынан алынған миниатюра / Wikimedia Commons

Едіге шапқыншылығы. Суретті жылнама жинағынан алынған миниатюра / Wikimedia Commons

Кеңес кезінде әрбір автономиялы республиканың өз тарихын жасауға тырысты. Сол себепті әр халықтың «арғы атасы» болу керек деген ұғым қалыптасты. Мысалы, қазақтарға Ақ Орда, ноғайларға Ноғай Ордасы, өзбектерге Көшпелі өзбек хандығы берілді. Олар 1991 жылдан кейін «жоқ, біз Ақсақ Темірден бастаймыз» деді. Бірақ бұл толыққанды тұжырым емес, себебі халықтар бір-бірімен бірігіп, бөлініп, араласып отырды. Сол үшін «бұл — мына халықтың атасы» деп нақты айту қиын. Бір түптен шыққанымыз анық, көне заманда — түркі, бертінде — Алтын Орда.

«Алаш» пен Алтын Орданың байланысы

«Қазақ» атауы 13-ғасырдан бастап кездеседі, бірақ ол кезде тек әлеуметтік мәнде қолданылған.

Алтын Орда дәуірінде «қазақ» деп өз руынан, ұлысынан бөлініп, билеушісінен кетіп қалған, еркін өмір сүрген адамдарды атаған.

Мысалы, Мұхаммед Шайбани тағынан тайғаннан кейін өзін «қазақ болдым» деп жазады. Демек, «қазақ» бастапқыда ұлт емес, әлеуметтік топ атауы болды. Кейіннен ол тұрақталып, хан-сұлтандарға да қатысты қолданылды. Мәселен, Керей мен Жәнібек Әбілқайырға қарсы шығып, ордасынан кетіп қалған кезде оларды да «қазақ сұлтандары» деп атады. Кейін бұл атау «қазақ хандары» ретінде орнықты.

 Керей мен Жәнібек хандардың ескерткіші. Астана / Alamy

Керей мен Жәнібек хандардың ескерткіші. Астана / Alamy

19-ғасырға дейін кейбір сұлтан «мен қазақ емеспін, төремін» деп бөлінетін. Сондықтан төрелер «қазақ» сөзінің орнына «алаш» атауын қолданған. «Алты алаш», «үш алаш» деген cөздер бар. «Алаш» атауы Қадырғали Жалайырдың еңбектерінде де кездеседі. Бұл — саяси атау, яғни «қазақ» — әлеуметтік, «өзбек» — мәдени-тарихи, ал «алаш» — саяси мәндегі сөз. Сондықтан Әлихан Бөкейхан «алаш» сөзін этнос емес, ұлт ретінде қолданды. Маған да «қазақстандық» дегеннен гөрі «алаш» сөзі жақын. «Алаш» — Қазақ хандығының азаматтары деген ұғым. Ал «қазақ» сөзі 17–18-ғасырдан бастап этникалық атау ретінде орнықты. Біртіндеп бәріміз бір-бірімізді «қазақ» деп атауға көштік.

Бұл — Алтын Орда туралы Еркін Әбілмен болған сұхбаттың бір бөлігі ғана. Толық нұсқасын Qalam Tarih атты YouTube-арнамыздан көре аласыз.