ПАРИЖ КӨРГЕН ЖЕҢІМПАЗ!

Қажымұқан — «Қазақ халқының батыры»

ПАРИЖ КӨРГЕН ЖЕҢІМПАЗ!

Қажымұқан 1910 жылы Томскіде күресіп жатқан фотосуреті/egemen.kz

Футбол әлі ең танымал спорт түріне айналып үлгермеген, баскетбол енді ғана қалыптаса бастаған, ал Олимпиада ойындары спорттық қана емес, әдебиет, скульптура мен музыка бойынша жарыстарды да қамтитын 20 ғасырдың басында «күрес» ең тартымды әрі көпшілік спорт түрі болатын.

Хоккей мен тенниске қарағанда, күреспен барлығы, барша аймақта, барша құрлықта айналысатын. Шынымен де нағыз көпшілік көретін спорт түрі еді, гимнастикаға қарағанда, ол алапат күшті паш ететін әрі әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған көрерменді жинайтын. Бүкіл әлемнен жиналған балуандар сайысатын нағыз халықаралық көрініс еді. Онда түрлі мәдениеттер мен күрес мектептері жұртшылыққа таныстырылып, жарысатын. Тіпті соғыс пен қақтығыс өршіп тұрған тұста да танымал балуандар бүкіл әлемді саяхаттап, жергілікті халыққа тамаша көңіл күй сыйлауын тоқтатпайтын еді.

Қажымұқан Мұнайтпасов 1918 жылы Омбыда/egemen.kz

Қажымұқан Мұнайтпасов 1918 жылы Омбыда/egemen.kz

Телевизия атымен жоқ уақытта бұл қаһармандарды жүзбе-жүз танитындар аз еді, дегенмен жергілікті чемпион сайысатын цирк залын толтыруға олардың атының өзі жеткілікті болатын. Дәл сол тұста Харбиннен Парижге дейінгі әлем қалаларында жұртшылық кәсіби күрестің жұлдыздарының атын аңызға айналдырып аузынан тастамайтын: Жапония, Корея және Маньчжурия чемпионы Ямагата Муханура жайында, Ресейден келген Қара Иван хақында, ержүрек түрік Қара-Мұстафа мен Америка рестлингінде атағы шыққанға дейін «Қызыл маска» лақабымен өнер көрсеткен құпия балуан туралы естімеген жан жоқ еді. Маңызды бір деталь болмағанда, бәлкім, осы төрт балуанды әлемнің әр түкпірінен бір турнирге жинауға тырысып көруге болар ма еді: себебі осы лақап аттардың артында бір ғана адам — жерлесіміз Қажымұқан Мұңайтпасов тұрған еді. Ол Париждің және бүкіл әлемнің кәсіби күрес ареналарын бағындырған жан болды. Осыдан дәл 115 жыл бұрын «француз күресі» бойынша әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ — сол кісі.

Қажымұқан атамыздың жеке суреті және чех балуаны Карл Пошпешилмен бірге күрес әдістерін көрсетіп жатқан бірнеше фотосуреті/egemen.kz

Қажымұқан атамыздың жеке суреті және чех балуаны Карл Пошпешилмен бірге күрес әдістерін көрсетіп жатқан бірнеше фотосуреті/egemen.kz

Оның өмірі, сахна мен спорттағы образдары секілді әрдайым мистика мен аңызға көмкерілген кейіпте болды, бұған талантты шоумен әрі әңгімешіл болмысымен өзі зор үлес қосты. Мұқан Мұнайтпасұлы Ақмола облысы Қараөткел ауылында дүниеге келген. Бұл ауыл қазіргі Қазақстан астанасының дәл іргесінде орын тепкен, біртіндеп қала құрамына кіріп те келе жатыр. Қыпшақ руының Алтыбас тармағынан шыққан Қажымұқан Қазақ хандығының құрылуының бастауында тұрған, әйгілі «Қобыланды батыр» эпосының басты кейіпкерінің тікелей ұрпағы.

Қажымұқан Мұнайтпасовтың сақалын жіберіп, үстіне ала шапан киіп түскен фотосы/egemen.kz

Қажымұқан Мұнайтпасовтың сақалын жіберіп, үстіне ала шапан киіп түскен фотосы/egemen.kz

Қазақтың тұңғыш кәсіби балуаны күреспен ерте бастан айналыса бастады, тіпті бала кезінен-ақ «бала балуан» деген ұйқасы келіскен лақап атқа ие болды. Әрине, ол Қазақ даласында ежелден келе жатқан дәстүрлі күрес түрі — қазақша күрестен бастады, күрестің қыр-сырын оған туған атасы үйреткен еді. Бірақ ол қазақша күрестен аймақтық турнирлерде жеңіске жеткені үшін емес, цирк балуаны болғандықтан кең танылды. Циркте күрес шоудың маңызды бөлігі еді. Кәсіби мансабын цирктен бастаған ол 1901 жылы Омбыда өткен чемпионатта француз күресінен дебют жасап, тәжірибелі Андрей Злобинмен белдесті. Кейіннен Злобин жас қазақты Санкт-Петербургтегі «Дядя Ваня» деген лақап атпен танымал Иван Лебедевтің балуандар мектебіне ұсынған болатын.

Қажымұқан Мұнайтпасов белгілі Эстон балуаны Карл Томбергпен бірге фотосалонда қолына арнайы бутафориялық аксессуарлар (шарап, стақан т.б) ұстап отырып түскен фотосуреті/egemen.kz

Қажымұқан Мұнайтпасов белгілі Эстон балуаны Карл Томбергпен бірге фотосалонда қолына арнайы бутафориялық аксессуарлар (шарап, стақан т.б) ұстап отырып түскен фотосуреті/egemen.kz

Мұңайтпасовқа шақтап сахналық образдарды жасаған да сол «Дядя Ваня» мектебінің негізін қалаушы, белгілі промоутер Лебедевдің өзі еді: жапон самурайы әрі императордың оққағары Ямагата Муханураны да, «Қызыл масканы» да, сондай-ақ түрік алыбы Қара-Мұстафаны да. Ол Поддубный, Заикин және Шемякин секілді үш Иванмен бірге өнер көрсеткен еді. Содан «Қара Иван» деген тағы бір лақап атты иеленіп шыға келді.

Жас қазақ балуаны халықаралық табысқа Харбинде өткен турнирде жарқын өнер көрсетіп, джиу-джитсудан алтын медаль жеңіп алған кезінде қол жеткізді. Бұған дейін негізінен қазақша және француз күресімен айналысқанына қарамастан алтын медальды жұлып алды. Осылайша оған «Маньчжурия чемпионы» атағы бекітілді, бұл атағы көбінесе оның жапондық альтер-эгосын ассосациялайтын. Ал 1909 жылы Швецияның Гетеборг қаласында ол енді ресми түрде француз күресі бойынша кәсіби балуандар арасындағы әлем чемпионы атанып, болашақ қазақ әлем чемпиондары мен Олимпиада ойындарының жеңімпаздарына жол ашты.

Қажымұқан Мұнайтпасов/gov.kz

Қажымұқан Мұнайтпасов/gov.kz

Ол кезде «француз күресі» деп бұл күндері грек-рим күресі деп аталып жүрген классикалық күресті айтатын, сондай-ақ бұл күрес түрі ең күшті әрі ең әдемі саналатын. Атауына сәйкес, ұлы балуандар үшін ең биік шың Париж болған. Қажымұқан 1908, 1909, 1911, 1913-жылдары әлем чемпионаттарында жеңіске жетіп, соңғы чемпиондығын 1914 жылы дәл осы Парижде иеленді. Парижде ол бұған дейін де маңызды турнирлерді жеңіп алған еді. Париждегі турнирлердің бірінде Қажымұқан Омбы циркінен бері жақсы таныс әрі жақын досы Иван Поддубныймен финалда күресуден «аға» деп сыйлаған адамыма көрсеткен құрметім дей отырып бас тартқан да еді.

Қажымұқан әрқашан да кең жүректі қазақ патриоты, меценат және рухани тұлға қалпында қалды. Осман империясының астанасына жасаған ұзақ сапары кезінде ол 175 келілік түрік чемпионы Нуруллаһты жеңіп, атақты осман генералы Шакир-пашаның ықыласына бөленді. Генерал қазақ балуанымен қысқа әңгімеден соң оған бірге Меккеге қажылыққа бару жайында ұсыныс айтты. Осыдан кейін бүкіл әлем Қараөткел балуаны Мұқанды қажылық жасаған адам ретінде, яғни Қажымұқан деп таниды.

Солдан оңға қарай - Жақабай Әтікеұлы, Тұрағұл Абайұлы, Көкбай Жанатайұлы, Мұқан Жәкежанұлы, Ахмет Байтұрсынұлы; түрегеп тұрғандар - Елдес Омарулы, Сейдәзім Қадырбайұлы, Қажымұқан Мұнайтпасұлы, Міржақып Дулатұлы, Жұбандық Болғанбайұлы. Семей, 1918 жыл/Wikimedia Commons

Солдан оңға қарай - Жақабай Әтікеұлы, Тұрағұл Абайұлы, Көкбай Жанатайұлы, Мұқан Жәкежанұлы, Ахмет Байтұрсынұлы; түрегеп тұрғандар - Елдес Омарулы, Сейдәзім Қадырбайұлы, Қажымұқан Мұнайтпасұлы, Міржақып Дулатұлы, Жұбандық Болғанбайұлы. Семей, 1918 жыл/Wikimedia Commons

Қажымұқан төрт рет үйленген, оның алғашқы жұбайы циркте өнер көрсеткен поляк қызы Надежда Чепковская болған. Үйленгеннен кейін Надежда исламды қабылдап, қазақша Батима есімін алған. Кейін белгілі болғандай, Қажымұқанның осы некелерінен тыс балалары да болған. Оның ішінде француз әйелі де бар, Парижде ұзақ жылдар бойы өнер көрсетуі — отбасылық із қалдыруына да ықпал еткен дей аламыз.

Қазан төңкерісінен кейін, әсіресе Алаш-Орда құлағаннан кейін, Алаш қозғалысының көптеген жетекшілерінің жақын досы және саяси акциялардың демеушісі болған Қажымұқанға қудалаулар басталды. Әйтсе де, Совет дәуіріндегі көптеген жазушылар оны көркем әдебиетте большевиктердің қолдаушысы әрі қазақ ұлттық автономиясының қарсыласы ретінде бейнелеп еді. Шын мәнінде ол қуғын-сүргінге ұшыраған туыстары мен достарының тағдыры үшін ұзақ күресті. Тіпті, Алаш Орданың жетекшілерінің бірі және оның әскери бөлімдерін ұйымдастырушы Айдархан Тұрлыбаевты ату жазасына кесілер алдында түрмеге барып жүздескен жалғыз адам болды.

Қажымұқан Мұнайтпасов/Wikimedia Commons

Қажымұқан Мұнайтпасов/Wikimedia Commons

Кәсіби спорттық мансабы артта қалғанына қарамастан, Қажымұқан қартайған шағына дейін көрермендерді өз өнерімен қызықтырып, қайырымдылыққа ақша жинауын жалғастыра берді. 1944 жылы, Ұлы Отан соғысы кезінде, 70 жастағы Қажымұқан перформансы арқылы 100 000 рубль жинап, сол ақшаға қазақ батыры Амангелді Имановтың құрметіне аталған У-2 ұшағы сатып алынған еді. Айта кету керек, бұл ұшақ жас қазақ ұшқышы Қажытай Шалабаевтың басқаруымен соғыс бойы 217 жауынгерлік ұрысқа қатысты.

Алайда Қажымұқан тарихта тек ұлы балуан, жеңілмейтін күресші ретінде ғана емес, өнердің үлкен жанашыры ретінде де қалды. Цирктегі өнер көрсету кезінен бастап, ол әзіл-сықақ көріністерге қатысып, керемет ән айтып, домбырада шебер ойнады. 1926 жылы ол сол кездегі қазақ астанасы Қызылордада алғашқы қазақ кәсіби театрын ашып, кейбір спектакльдеріне өзі де қатысқан. 1927 жылы оған ресми түрде «Қазақ халқының батыры» құрметті атағы берілді. Парижді бағындырған тағы бір тұлға, атақты қазақ әншісі Әміре Қашаубаевтың да дәл сол жерде өнер көрсетуі соншалық таңғаларлық нәрсе емес.