ВИКТОР ПЕЛЕВИННІҢ СТОП-CӨЗІ

Автордың су жаңа «Круть» романы хақында

«Круть» романының мұқабасы /Ашық қол жетімділіктен

Виктор Пелевиннің романдары жыл сайын дәл уақытында шығып тұрады, яғни жаздың соңы немесе күздің басында. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тапты. «Круть» кітабы Ресейде (және «Литрес» платформасында) 3 қазанда жарық көрді және жақында қазақстандық оқырмандардың да қолына тиеді. Романның оқиғалары алыс болашақта өрбиді, бірақ автор онда мәңгілік түйіндер мен қазіргі заманның өзекті мәселелерін көтереді. «Круть» кітабында феминизм мен дәстүршілдік арасындағы күрес, Ресейдегі түрме мәдениетінің гүлденуі, «жаңа орта ғасыр» және соғыс жайлы дүниетаным сияқты тақырыптар қозғалады. Qalam «Круть» романын оқып, алған әсерін ортаға салмақ.

Пелевиннің соңғы кітаптарының оқиғалары (бәрі дерлік) ылғи да жаһандану салтанат құрған әлемде өтеді, мұнда элиталар виртуалды шындықта мәңгілік өмірге қол жеткізсе, шынайы өмір көптен бері мегаполистің шетінде орналасқан тозығы жеткен жатақхананың біріне айналғандай. Барлығына мәңгілік өмір қызметін ұсынатын «Transhumanism INC» корпорациясы басшылық етеді. Сол корпорацияның қауіпсіздік қызметінде Маркус Зоргенфрей жұмыс істейді, оны оқырман «Элевсинге саяхат» (2023) романынан біледі. Арнайы виртуал агент әлемді тым таяп қалған Апокалипсистен құтқаруға қайта кіріседі. Мәселе мынада, ежелгі соғыс рухы Ахилл жақында адам бейнесінде қайта оралып, Жер бетін жаулап алып, өз тәртібін орнатпақшы.

Пелевиннің «Элевсинге саяхат» кітабының мұқабасы/ашық дереккөзден

Зоргенфрей мен оның бастығы, адмирал-епископ Ломас, тез арада демонның ізбасарын Сібірдің солтүстігіндегі қылмыстық түзету мекемесінде іздеу керектігін анықтайды. Сосын олар әлемді құтқару кекшіл феминист Варвара Цугундерге байланысты екенін біледі. Бірақ Цугундерді бірнеше ғасыр бұрын қайтыс болды деп санаған еді. Аңызға айналған «феманы» жерлеу тым ерте болып кеткен секілді және Зоргенфрей қандай жағдай болса да оған жетуі керек-ті. Із кесуші Мейірімді мемлекеттің большевиктік партиясының идеологиялық қарсыластарымен келісімге келуге тура келеді (Ресейдегі тоталитаризмнің тағы бір нұсқасы). Консерватор ескішіл жазушы Шарабан-Мухлюевтің кітабынан жоғалған бөлімді табу керек. Соңында, оның әдебиеттанушы-феминист Рыбамен болған ауыр романтикалық қатынастарының тарихын зерттеуге тура келеді.

Виктор Пелевин. Жапония, Токио. 2001 жылғы 30 қазан/ИТАР-ТАСС

Фантастикалық детективтің жарқыраған сыртқа қаптамасы — мақсат емес. «Круть» атты апокалиптикалық калейдоскопқа барлығы дерлік тартылған — динозаврлар дәуірінен бастап, «Илиада», христиандық және тартымсыз тоталитарлы-капиталистік болашаққа дейін. Басты кейіпкер — шексіз мүмкіндіктері бар бақылаушы, автордың кең ауқымды мифін немесе мифтер жиынтығын жазып отыратын «тірі» камера сияқты.

Сандро Боттичелли. Шолпан және Марс. Шамамен 1483 жыл/The National Gallery, London/Wikimedia Commons

Романның алғашқы жаңалығының бірі — тозақ бар деген ойы. Ал бұрында ол нақ Жерде орналасқан. Ақпараттың көзі күмәнді — Рим Анасының нунциясы, Люцилия ана, ол феминизмнің жеңгенін еске салып, Ломас пен Зоргенфрейді төніп келе жатқан апат туралы ескертеді. Түсінде оның сенімдес әйелдеріне тозақтың бейнесі ашылады. Ол әдеттегідей емес, былайша бейнеленеді: «Ылғалды, ыстық джунгли сияқты, іріп-шіріген иісі шығып тұрды. Ал ондағы тіршілік иелері ежелгі кесірткелерге ұқсайтыны сонша, ажырату мүмкін емес еді.» Осыдан кейін Иса пайғамбар тозаққа түсіп, оны жойып жібереді. Ол жерде метеорит кейпінде көрінеді. Басқаша айтқанда, жердегі тозақ — бұл мезозой дәуірі, онда бәрі бірін-бірі жеп, тіршілік үшін күресіп, көбейеді. Ахилл рухы — осы сұмдық мекеннің бұрынғы билеушісі, ол кек алуды көксейді.

«Круть» романы субъективті зұлымдықтан бөлек, абсолютті зұлымдықтың да бар екенін көрсетеді.

Бұл — зұлымдық әлемнің белгілі бір құрылымында жатыр, яғни әлемді қабылдау тәсілі мен шындықпен байланыс моделі. Бұл нәрселер іске қосылған кезде, зұлымдық оянып, жайыла бастайды. Ахилл рухының адаммен келісімі бойынша, адам мәңгі дерлік өмір сүре алады, бірақ ол өзін өлтіре алатын жалғыз жауды таңдауы керек. Мысалы, әйгілі грек жауынгерінің «трагедиялы жауы» — «спарта патшасын масқаралайтын адам» болған. Егер кейіпкер өлетін болса, рух оны өлтірген адамға ауысады.

Пелевин Гомердің оқиғасын асқан шеберлікпен қайта жазады. Троя аты, шын мәнінде, Ахилл өзінің бұрынғы денесіне ұқсатып жасаған динозавр мүсіні болған. Парис, Елена және Менелай көне суфилермен бірігіп жұмыс істейді. Опасыздық пен Троя соғысы, шындығында, жынды тұтқындап, оны рухани жаттығулардан өткен Паристің денесіне қамау үшін әдейі ұйымдастырылған. Пелевиннің нұсқасында басты кейіпкер — жауынгер емес, ғашық Парис.

Сандро Боттичелли «Парис соты». Шамамен 1485-1488 жылдар аралығы/Palazzo Cini Gallery, Venice/Wikimedia Commons

Соғыс жынының жеңілгеннен жеңіске жеткен адамға өтуі — құтқарушының тиранға, ал зардап шегушінің агрессорға айналуы қаншалықты оңай екенін көрсетеді. «Соғыс қатынастары» жұқпалы келеді. Зұлымдық вирус сияқты жайылып, жақында оған қарсы күрескен немесе оның құрбаны болған адамда өз құрылымын қалыптастырады.

Осы тақырып тағы бір мифологиялық сюжетке негіз болады. Енді оқиға Зоргенфрейдің болашағында өрбиді. Пелевин екі өзекті тақырыпты, яғни жаһандық (феминизм) және жергілікті (түрме мәдениеті) қайтадан өңдеуге тырысады. Ресейдің қоғамдық алаңы мен күнделікті өмірі қылмыс әлемінің түсініктерімен қаныққан. Жазушы батыл түрде иерархияны төңкереді. «Жарқын болашақта» әлем азаматтарының барлығы дерлік чиптелген. Жасанды интеллект «токсик еркектік мінез-құлықты» ми деңгейінде түзете алады. Соның нәтижесінде әйелдер «басты» рөлге шығып, кез келген мықты еркекті оңай жеңе алатын күшке ие болады.

Түрме жағдайында, тиісінше, жаңа билікке айналған «әтештердің» тез өсіп, билікке қол жеткізгені байқалады. «Круть» романынындағы негізігі кейіпкердің бірі Кукер — дәл осындай патша, яғни сол «әтеш» бұрышта өктемдік таныта отырып, қалған тұтқындарға үстемдік көрсетеді. «Әтеш» мәртебесі басқа «әтештермен» жекпе-жекке арналған шпорлар (аяққа салынған жоғары берік пластикалық стилеттолар) сияқты өзіндік ережелерін, мінез-құлқын және күш атрибуттарын білдіреді.

Винсент ван Гог. «Тұтқындар серуені» 1890/Пушкин музейі, Мәскеу/Wikimedia Commons

Дегенмен олардың түрмедегі өмірі жайлы емес — себебі абақтыда өткір «нейрострапондар» арқылы еркектерді (негізінен, «әтештерді») өлтіретін «қаруланған феминистер» бар. Пелевиннің айтуынша: «Рақымды соттың қылмыстық иерархиясындағы жоғары дәрежелі «тауықтардың» барлығы дерлік осы «әйел-тұтқындар» саналады». Алайда түрмеден тыс жерде де «жаңа батыл әлемнің» ер азаматтары өзін қауіпсіз сезіне алмайды. Өйткені кейбір радикалды феминистер «цугундер» деп аталатын белгілі феминистің құрметіне фаллоид пішінді пышақ қаруын қолданып, «пайкиң» әдісімен жынысқа негізделген кісі өлтірумен айналысады. Айтуынша, «цугундер», «өз күресі» аясында 96 адамды жынысына байланысты өлтірген.

«Круть» әлемінде «қанаушыларды» қанау — жиі кездесетін құбылыс.

«Соңғылар» бірінші орынға шыққан сәтте, олар өздері жақында ғана зардап шеккен мінез-құлық үлгілерін бірден қайтадан қолданысқа енгізеді. Қоғамдық иерархияның әділетсіз екенін оңай ұмытып кетуге болады, егер өзің сол иерархияның шыңына жетсең. Зорлықшы мен құрбан рөлдерін оп-оңай ауыстырады (Кукер мен «қаруланған феминис» Дарья Троедыркинаның қарсыласуы — осының айқын мысалы). Ал зұлымдықтың инфрақұрылымы тек күшейе түседі. Вирус омикрон сияқты тез таралады.

Пелевиннің шығармасында қылмыстық әлем мен «әділ» кек алуды аңсаған радикалдар ежелгі рептилиялар дәуірінің қайта тірілуі сияқты көрінеді. Жоғары технологиялардың жұқа қабаты астында мезозой заманы әлі де жасырын тұр. Пелевин Кукердің сезімін былай сипаттайды: «Ол өзін динозавр әлемінде, осы ұлы күштің бір бөлігі ретінде сезінгісі келеді. Кукер өзін биік ұстап, сол ескі дәуірдің бейнесінде, тіршілік пен өлімнің арасындағы күресті сезінеді». Зұлымдықтың тамыр жаюына қорқынышқа толы орта қолайлы. Өлім оның жанында көлеңке сияқты, кез келген уақытта оны жұтып жіберуге дайын тұр. Агрессия осы өлімнен қорқу сезімін күшейтеді, ал бұл сезім агрессияны қайта оятады — бұл адамзаттың әлсіздігінен бастау алатын, бірақ күшке жетуді уәде ететін шексіз қозғалыс. Ахилл рухы да осы әлсіздікті пайдаланып, өзіне жаңа құрбан табады.

Борис Голополосов. Басын қабырғаға ұрған адам (Психологиялық сюжет). 1936-1937/tretyakovgallery.ru

Оқиға баяу басталады. «Круть» романының алғашқы жартысы тым созылып кеткен кіріспе сияқты көрінеді. Бірақ кейіннен консерватор жазушы Шарабан-Мухлюев пен феминист әдебиеттанушы Рыбаның қиын махаббат хикаясы басталады. Сол кезде роман ауаға толып, жерден көтеріле бастайды, осыған дейін оқиғаның шарықтауын күтпеген оқырманды ертіп әкетеді. Кітаптағы соңғы және негізгі миф — тірі әрі қайшылыққа толы. Шарабан-Мухлюевтің жалаңаш күйінде Рыбаның жалған либерал дос әйелдеріне жасаған күлкілі шабуылдары нәзік сипатталған психологиялық зорлықпен алма-кезек ауысып отырады. Содан кейін күмәнді әңгімешінің монологынан соң Зоргенфрейдің түсініктемелері беріледі, ол жерде автордың дауысы — әдеттен тыс ашық және шынайы түрде естіледі. «Круть» романның екінші бөлімінде Пелевин оқырманды шебер манипулятордай еріксіз өзіне тартып, баурап әкетеді.

Шарабан-Мухлюев жан сырын ақтара отырып, нео-варварлық туралы ойланады (кейде оның өзі де сол мінезді байқап қалады, бірақ бұл ойдан тез арылуға тырысады). Ол римдік базилика туралы жазады, онда тайпа көсемі орын тепкен. «Гунндық біреу Рим форумында, ұрланған тоганы оранып алып, салтанатты түрде дәрет сындырып отыр. Бұл — қайда барсаң да алдыңнан шығатын Жаңа Ортағасыр». Мұнда бөтен күштің шынайы мағынаны басып, жұтып қоюы туралы айтылады, бұл форма мен мазмұнның үйлесімсіздігіне әкеледі. Нәтижесінде, байланыс бұрмаланып, «өздерің» мен «жаулар» бейнесіне негізделген соғыстың бір белгісі пайда болады. Соғыс — өмірді тек тірі қалудың механикасына дейін жалаңаштап қоятын, анти-байланыс түрі, яғни әңгімелесушіні елемеу сияқты. Оның міндетті серігі — дезинформациялық шу, бұл үнсіздікті және сөйлесуге деген қабілетсіздікті жасыратын иллюзия.

Пабло Руис Пикассо. «Кездесу» (Құшақ). 1900/А.С.Пушкин атындағы Ұлттық көркем өнер музейі

Шарабан-Мухлюев пен Рыба арасындағы идеологиялық қарсылықты суреттейтін драма, кездейсоқ емес, BDSM-форматта берілген, мұнда махаббат пен соғыстың қақтығысы басты назарда. Пелевин «Шебер мен Маргарита» шығармасына «варварлық» сипат береді: кейіпкер өзінің «сүйіктісіне» «М» әрпімен («мизогин») бас киім тігіп береді. «Мен және Ры екеуміздің арамызда өзара түсініспеушіліктің қабырғасы қаланды», – деп мойындайды «шебер». Екеуінің бір-бірін қабылдай алмауы, шынайы жақындаспауы — коммуникацияның бұрмалануына әкеледі. Бұның әсерлі метафорасы — жазушының «стоп-сөз» ретінде пайдаланған «Янагихара» сөзі, ол «апатқа» әкеліп, құрбанның агрессор үлгісін қайталауына жол ашады.

«Адам жанының инженері — біздің планетада тек зардап шеккендер ғана бар екенін түсінетін адам… Инженер не істеу керек? Маған адамдарды қайта сүюге көмектесуі тиіс», – деп ойлайды Маркус Зоргенфрей, Шарабан-Мухлюевтің кәсіби сәтсіздігі туралы.

Бірақ бұл сонымен бірге «жаумен» емес, зұлымдықтың инфрақұрылымымен күрес туралы, яғни өзіңнің айналаңда вирустың таралуын тоқтату қажеттігі жайлы. «Біздің астымызда қатты жер емес, құммен жабылған қара құрдым болды. Бірақ оны түсіну үшін көзді жұмып, тыныштыққа құлақ салу керек еді… «Янагихара!» – деп менің ойымда әйелдің дірілдеген жан даусы естілді. – «Янагихара!» – бұл Зоргенфрейдің ойдан шығарылған болашақтан емес, тіпті өте жақыннан шығып жатқан сөзі сияқты. Тым қатты әрі тым жақын.

Көшірілді