ЖЕТІ ШЕЛПЕК ТАРИХЫ

Миф және ежелгі наным-сенімнен қарапайым тұрмыс-тіршілікке дейін

~ 4 мин оқу

Жеті шелпек / Gemini көмегімен әзірленген сурет

Қазақ қоғамында әлі күнге дейін жеті шелпек пісіретін дәстүр бар. Алайда уақыт бедерінде бұл ғұрыптың мәні мен мазмұны өзгеріп, басқа сипат алғанын аңғара бермейміз. Миф, наным-сенім мен салт-дәстүр ұштасқан жеті шелпек ұғымы бірде әруақ культімен, енді бірде әр өңірдің  қарапайым тұрмыс-тіршілігімен қабаттасып жататын. Сонда жеті шелпек тарату ғұрпы қалай басталған? Qalam-ға этнограф Досымбек Қатыран жеті шелпек тарату ғұрпының жай-жапсары мен оның қасиетін баяндап берді.

Мазмұны

Жеті әулиеден басталған ғұрып

Жеті шелпек дегеніміз — садақа түрінде таратылып берілетін ғұрыптық тағам, нан. Бұл ғұрып әуел баста жеті әулиеге бағышталып берілетін. Кейін уақыт өте мазмұны өзгеріп, басқалай сипат алған.

Қазақ әйелдері үй-ішінде келеңсіз жағдай болғанда, санын жетеу етіп, жеті күлше нан әзірлеп, табаға жабатын. Кей жерлерде шелпек жайып, майға пісіріп, көрші-көлемге, жол-жөнекей кетіп бара жатқан адамдарға таратқан. Бұдан басқа, өзі не үй ішінен біреуі әруақтарды түсінде көргенде «дәметіп жүр ме екен» деп ниет етеді. Сосын қайтыс болған туғандарының қайтқан күнінде қоңырсыта иіс шығарып, «әруақтарға тие берсін» деп, жеті нан пісіріп, үлестіреді. Әлдеқалай мертігіп жарақат алғанда, қиын жағдайдан аман қалғанда садақа деп, жеті нан таратады.

Жеті шелпекті алған адам «қабыл болсын» айтуы тиіс. Ал бұл ғұрыптың атауына келсек, қалыптасқан дәстүр бойынша жеті данасын көрші-қолаң тәрізді жеті үйге таратқан соң, жеті шелпек аталып кеткен. Алайда оның көлемі жетімен шектелмейтін. Он шақты шелпек пісіріп, таратқаннан қалғанын өздері дұға оқып жейді.

Осы тақырып бойынша тағы

Тарих дәмі

Шыңғыс ханның ет шелпегі

Парсы тарихшысының жылнамасынан

Жеті нан немесе жеті күлше

Қазақ дәстүрінде «жеті шелпек» атауы — ел арасында етене таныс, бәріне таныс ұғым. Десе де, Оңтүстік, Батыс қазақтары арасында «жеті нан» деп айтылса, Сыр бойы қазақтары «жеті күлше» деп атайды. Шығыс қазақтары арасында «жеті шелпек» ұғымы кең тараған.

Жеті саны көнеден келе жатқан әртүрлі мазмұндағы тұрақты сөз орамдары мен паремиологизмдердің жасалуына ұйытқы болған. Бұлай болу себебі — жеті саны этнотілдік ұжымның мифтік, діни, тұрмыстық, эстетикалық ой-санасымен, танымымен байланысты әралуан мәнге ие. Жеті ұғымы көшпелілер санасында киелі, тылсым мағыналарымен шендесіп жататын. Ол түсініктің халықтық тілде мықтап орныққанын мына мысалдардан көре аламыз: жеті ата, жеті ұрпақ, жеті әулие, жеті ғалам, жеті дүние, жеті қат көк, жеті қараңғы түн, жеті қазына, жеті дәм, жеті қайқы, Жетіқарақшы, жеті тозақ және т.б.

Түнгі аспан астындағы киіз үй. 2023 жыл / Getty Images

Демек, жеті шелпек ұғымы да қазақ дүниетанымында ерте заманнан келе жатқан құбылыс. Яғни шелпек пісіру, бауырсақ пісіру, бір есептен «май қоңырсыту, иіс шығару» тәрізді көне ұғымдармен тығыз байланысты. Оның түпкі мәні дәнді-дақылдан әзірленетін тағамдарды пісіру барысында шығатын хош иістен әруақтар да қорек алады деген ежелгі түсініктен туындайды. Этнограф-ғалымдар осы салт егінші-отырықшы жұрт арасында көп тарағанын айтады. Алайда малы көп Солтүстік, Орталық, Шығыс және Батыс қазақтарында аталмыш дәстүр бертінге дейін болмаған құбылыс еді. Аталған өңірлерде бұл салт тоқты-торым, қой сою арқылы атқарыла беретін. Дәнді-дақылдан жасалған ұны көп саналатын Оңтүстік, Сырдария бойында жеті шелпек тарату әдеті 1950–60 жылдардан бастап қазақ арасына кеңінен тарап, жалпыхалықтық сипат алды деуге негіз бар.

Жеті шелпектің қасиеті

Байырғы кездегі наным-сенім бойынша жеті шелпектің санын сегіз етіп пісірген. Өйткені жеті әулиеге бағышталған жеті шелпектің біреуін шайтан «қағып» кетеді деген қауіппен санын артық етіп отырған.

Ел ішінде «жеті шелпек жеті пәледен құтқарады» деген наным бар. Бұл паремиологизмнің осындай мағынада айтылуы аңыз-ертегімен астасып жатыр.

Жеті шелпектің қасиеті мен киесін аңшы жігіттің іс-әрекетімен байланыстыратын бізге жеткен мынадай аңыз бар. Әлгі жігіт аң аулаумен айналысып жүргенімен қоймай, таудағы құстардың жұмыртқасын жинап келіп, балаларының таңдайына татырады екен. Бір кеткенде ұзағынан, тау-тасты кезіп, бірнеше күнге кететін көрінеді. Бір күні жол жүруге дайындалған аңшы жігіт түс көріп, үреймен оянады. Содан ертеңіне жолға шығып бара жатып әйеліне жеті шелпек пісіріп таратуды тапсырады. Ал аңшы жігіт бір сапарында таудағы қыранның жұмыртқаларын жинап кетсе керек. Қыран аңшының тағы келерін сезгендей, жемтік іздеп кетерінде жұмыртқаларын тауларға тапсырды:

«Бөгде біреу ұяма тиісетін болса, хабар бер. Оны құз қиядан лақтырып, көздерін ойып тастаймын» дейді. Біршама уақыт өткен соң қыран ұясына айналып келсе, жұмыртқалары жоқ. Қыран қатты налып:  «Сендерге хабар бер, қорғаныш бол деп тапсырып едім ғой, жұмыртқаларымды тағы кім алған?» деп сұрайды. Сонда таулар: «Біз хабар жеткізейік, қорғайын-ақ деп едік, бірақ жеті жағымыздан жеті күш қозғалуға мүмкіндік бермей басып тұрды» деп жауап береді.

«Жеті шелпек жеті пәледен қорғайды» деген сөз орамы осыдан қалса керек.

Бүркіт ұстаған қазақ аңшысы. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы, ҚХР. 1959 жылғы желтоқсан / Getty Images

Жеті шелпек және дін

Арабтар жеті шелпек пісірмейді, олардың дәстүрінде ондай ғұрып жоқ. Бірақ ислам шартында жеті шелпек тарату ғұрпы аталмағанымен, міскін-мүсәпірге ас беру, жұртты тамақтандыру секілді әрекеттер сауапты іс саналады. Яғни аталмыш салттың ел-жұрттың, көпшіліктің алғысын алу деген адамзаттың ортақ ұғымына әбден сәйкес келетін наным-сенім мен ежелгі түсінік екенін аңғаруға болады.

Лариса Чорбадзе-Толмасова. Той. Мерекенің әйелдерге арналған бөлігі. Өзбекстан, 1973 жыл / Bonart.kz

Ал қазақтан өзге, түркі халықтарының бірлі-жарымында шелпек пісіру ғұрпы кездеседі. Әзербайжандар мен түріктер Қыпшақ даласынан жаңа қонысқа көшпей тұрғанда жартылай отырықшылыққа бейімделген болатын. Дәнді дақылдар егіп, ұн тартқан. Сондықтан олар әлі күнге дейін шелпек пісіреді. Өзбектер май қоңырсыту, иіс шығару есебінде ортасы тесік шелпек пісіріп жатады. Көшпелілерде қасиетті дәм май болса, егінші-отырықшы халықтарда оның орнын нан, шелпек басқан.

Досымбек Қатыран

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді