
Бронислав Залесский. Қазақ даласындағы өмір / Bonart.kz / Бояған Qalam
Саяси өмір қайнап жатқан қоғамнан қол үздіріп, шеніңізден айырып, үйреншікті ортаңызға мүлдем ұқсамайтын жат жерге айдалып кете барғаныңызды елестетіп көріңізші. Поляк дворяны Бронислав Залесский басына түскен осындай жағдайды офицерлік шенін қайтару үшін сәтті пайдаланып қана қоймай, айдаудағы уақытты шет-шегі жоқ қазақ даласының өмірі туралы мәлімет жинап, оны сипаттап, суретке түсірумен де өткізген екен. Ол қазақтардың өмірі, тұрмысы және салт-дәстүрі жайлы жазды. Өзі бұл жұмысын «тарихи зерттеу де, этнография бағытындағы еңбек те емес» деп бағалағанына қарамастан, Залесскийдің жазбалары әлі күнге байқампаздығымен, бай тілімен өзіне тартып тұрады. Айдауда өткізген тоғыз жылда ол Тарас Шевченкомен де достасып үлгерді, ал Еуропаға оралған соң Парижде Залесскийдің суреттері бар альбом жарық көрді.
Залесский қазақ даласына қалай тап болды?
1846 жыл: Жиырма жетідегі Бронислав Залесский поляк азаттық қозғалысынаiПоляк патшалығындағы және Батыс өңір аумағындағы Ресей империясының билігіне қарсы қатысқаны үшін екінші рет тұтқындалады. Студент кезінде алғаш қамауға алынғанда ол Дерпт университетінен шығарылып, Черниговқа айдалған болатын. Университетті революционер тек төрт жылдан кейін бітіре алды.
Черниговтағы мерзімі 1845 жылы аяқталды да, ол Вильнаға (қазіргі Вильнюс) кетті. Жыл өткен соң жас революционер қайта қамауға алынды. Екі жыл отырып шыққан соң, Залесский шенінен айырылды (дегенмен еңбегі сіңсе, қайтарып ала алу құқығы берілді) және жеке Орынбор корпусына жіберілді.

Бронислав Залесский / Polona.pl / Wikimedia Commonbs
1848 жыл: Наурыз айында солдат Бронислав Залесский дала халқымен арадағы форпост қызметін атқарып тұрған Орынборға келді. Оның қазақ даласымен таныстығы осылай басталады. Кейін жарық көрген очеркінің бірінші бөлімінде Залесский көктемгі дала туралы мынаны жазады:
«Мұнда көктем кезі көңілді. Дала төсі аз күннің ішінде-ақ жасыл желек жамылып, қыстан арықтап шыққан мал тез шілденеді. Әр қазақ ауылдан ауылға қыдырып, әңгіме-дүкен құрады, қонақасы жесіп, мәз-мейрам болысады».
Даланың табиғатына тамсанған ол жергілікті халықты былай сипаттайды:
«Оралдан Петровск қамалына дейінгі бес жүз шақырым, бір жағынан Арал теңізінен екінші жағы Маңғыстаудың шығыс шекарасына дейінгі жалпақ даланы өздерін «қайсақ» деп атайтын («қайсақ» сөзінің мағынасы «азат адам» деген ұғымды береді) көшпелілер мекендейді... Егер көне дүние әлемі осынау мекенді тозақтың төрі деп белгілеп, мұнда мекендейтіндердің тұлғасынан жартылай адам, жартылай жылқы кейпіндегі адаматты — кентаврды танығысы келген екен дер болсақ, онда қазір бұл теңеудің дұрыстығын мойындаған жөн. Қазақты ат үстінде тану қажет. Жер түбіне дейін шаршамай-шалдықпай ат үстінде жүре берер төзімділігін, ептілігін көргенде қазақтар осы ер үстінде жаралғандай көрінеді».
Қазақ киіз үйі мен дастарқаны
Бронислав Залесский қазақ даласы туралы жазбаларында киіз үйді «қырғыздың кибиткасы немесе шатыры» (kibitka ou tente kirghize) деп атайды. Сол кезеңдегі еуропалық дереккөздерде көшпенді халықтардың тұрғын жайы осылай аталатын. Залесский киіз үйдің құрылымы мен жыл мезгіліне қарай қалай көшіп-қонатынын суреттеуге де кәдімгідей маңыз береді:
«Ауыл ақсақалдары атқа қонып, жаңа қоныс іздеуге аттанысады. Әдетте, бұл шаруа бірнеше күнге созылады. Қарттар қоныс көріп, қайтып оралған соң ауылдағы еркек атаулы жиналып алып, жаңа жұрттың жайын кеңінен талқылайды, бірақ дала жайын жақсы білетін ақсақалдардың айтқаны көбінде өзгере бермейді. Олар көші-қонға рұқсаттарын берісімен-ақ ауыл тіршілігінде қарбалас басталады.
Бұл бір ғажайып көрініс: олар көш кезінде жасана киінеді, ең әдемі киімдерді, әсіресе байлардың алтын шапандарын осы кезде көруге болады. Ауыл ақсақалы көш бастаса, ер-тоқымына қызыл шұғамен тысталған көпшік немесе кілемше жапқан атқа мінген зайыбы соңынан ереді. Ал қалғандарының бірі атқа, бірі түйеге мініп дегендей оларға ілеседі».
Залесский дала халқының түйеге деген ерекше көзқарасын да атап өткен: түйе жылқыдан гөрі қымбат болса да, көшке жегуге жиі жалға берілсе де, жергілікті халықтың арасында түйеге көбіне әйелдер мен кедей адамдар мінген. Ер адамдар ат үстінде жүргенді жөн көрген. Жылқы пен ер-тоқым дала адамдары үшін ерекше мақтаныш болған. Әдетте ердің алдыңғы қасы үлкен металмен жабылады екен. Байлардың ер-тоқымы түрлі-түсті тастармен безендіріледі. Поляк революционері қазақтың ер-тоқымын: «Жүген де басқа ат әбзелдері сияқты түрлі әшекеймен безендіріледі, үзеңгіні шығыстық үлгіде әшекейлейді. Қыста көбіне ағаш үзеңгі пайдаланылады», – деп суреттейді.

Бронислав Залесский. Қазақ киіз үйі / Bonart.kz
Киіз үйлер мен ауылдардан бөлек Бронислав Залесский жазбаларында көшпенділердің ас-тамағы туралы да жазады. Ол қазақ тағамдары «асқан бір талғаммен емес, қарапайым жолмен жасалады» деп, негізгі тағам — сүт өнімдері екенін атап өтеді. Сондықтан «олардың үйіне, киіміне, тіпті өздеріне де сүт иісі сіңген сияқты» дейді ол. Залесский қазақ тамағы көбіне қой етінен жасалатынын, бірақ бәрінен жоғары бағаланатыны жылқы еті, әсіресе тек ауқатты адамдар ғана жей алатын құлын еті екенін айтады. Бұдан бөлек, поляк ғалымы қымызға ерекше назарын аударады:
«Бие сүтінен жасалған қымызды қазақтардың ең сүйікті сусыны, өмірінің нәрі деуге болардай. Әрбір үйде жылқы терісінен тігілген «саба» деп аталатын үлкен ыдыс болады. Кішкентай ағаш тақтайдың үстіне қойылған сабаның піспегі үй иесінің дәулетіне қарай әшекейленеді. Сабаға жаңа сауылған саумалды құйып, жиі-жиі пісе берген соң дәмі ашыған сүтке ұқсайтын, бірақ әбден күшейген кезінде шампан сияқты бұрқырап, көбіршік ататын сусын даяр болады. Көбірек ішкен жағдайда көңілді көтеріп, тіпті масайтатын кездері де болады».
Залесский қымыздың емдік қасиетіне де тоқтала кетеді:
«Қымыздың құрамында құнарлы заттардың көптігі соншалық — ол көкжөтел сияқты ауруларға мың да бір ем. Қазақтардың ортасында солармен бірге нансыз ет жей берген соң тіпті қанша қимыл-қозғалыста жүрсең де, күш-қуатың артып, толыса түсесің».
Қымыз бен оған қатыстының бәрін егжей-тегжейлі сипаттаған ол тағы бір ерекше сусын — айран туралы жазады. Айранның қадірі қымыздан артпағанымен, қазақтар мұны қымыз жоқта ішетін болған. Залесскийдің сөзінше, айран кедейлердің сусыны екен. Дегенмен 19-ғасырдағы қазақ дастарқаны туралы этнографиялық жазбаларда айран құрт жасауға қажетті негізгі ингредиент ретінде аталатынын айта кету керек. Ал құрт туралы Залесский дала жұртынан естіген Шора батыр мен Когул туралы ертегіні сипаттай жазады. Сонымен қатар қазақтардың тамақтану әдеті мен өмір салтына қатысты басқа да ерекшеліктерді байқайды:
«Маңғыстау мен Сыр бойында өсірілетін жүгері немесе тары сияқты дақылдардан еврейдің мацасынаiжұқа құрғақ шелпек ұқсайтын, ашытылмаған қамырдан пәтір нан пісіріп, кейде ұннан басқа да тағам түрлерін даярлайды».
Бронислав Залесский бұл ақпараттың бәріне сол кездегі сайын далаға аты мәшһүр болған Есет Көтібарұлының үйінде бірнеше күн қонақ болғанда қанық болған. Есет Көтібарұлы — өз руындағы ең бай адам және орыс билігін ұзақ уақыт мойындағысы келмеген тұлға. Бірақ ақырында оның руы да, өзі де орыс бодандығын қабылдағандарға мәжбүрлі түрде қосылады.

Бронислав Залесский. Киіз үй ішінде / Bonart.kz
Қонақжайлық салтына орай, Есет Көтібарұлы Бронислав Залесскийді құрметті қонақ етіп, аста-төк дастарқан жаяды: алдымен ет тартады, артынша қымыз, палау, содан кейін тағы қымыз береді. Әңгіме қыза бастағанда Есет даланың өнегелі әңгімелеріне көшеді:
«Оның айтқан сөздерін былайша өрнектеуге болар: «Адам ішінде не бары беймәлім сандық тәрізді. Онда қажеті аз көр-жер немесе асылдың қиығы, алтынның сынығы да болуы мүмкін. Сандықты ашып көрмей тұрып ішіндегісін білу қиын. Адамның басында қандай ой, қандай хикмет жатқанын да әңгімелескенше білу қиын, демек сөз деген адам жанының кілті».
19-ғасырдағы қазақ әйелі қалай өмір сүрді?
Бұл тақырыпқа Бронислав Залесский «Қазақ әйелдері» деп аталатын арнайы бөлім арнапты. Ол қазақ әйелінің белгілі бір дәрежеде еркін екенін де, алайда әкесіне немесе күйеуіне толық тәуелді боп келетінін де айтады.
Автордың сипаттауынша, әйел бәрін істейді: киіз үйді жығу, қайта тігу, бие, қой сауу, тамақ жасау, кесте тігу, үйдегі тазалықты сақтау сынды жұмыстың барлығы әйелдің мойнында. Әрі дала тұрғынының оның ауқаттылығы мен тұрмыс жағдайына байланысты бірнеше әйелі болуы мүмкін. Жағдай жақсы болса, әр әйелінің жеке отауы болады, жағдайы төмен болса, бір отауда шымылдық құрып жатады.

Бронислав Залесский. Қазақ әйелі / Bonart.kz
Әрі қарай Бронислав Залесский болашақ келінге төленетін қалың малға байланысты дәстүрлерге тоқталады. Ауқатты отбасылар қалың малды қыз жасауына жұмсаса, кедейлері өз қажетіне жаратқан. Неке қию діндар адамның қатысынсыз өтуі мүмкін, бірақ ауыл ақсақалы міндетті түрде бата беріп, дұғасын оқиды. Автор қалыңдықты алып кетер сәттегі салтты қызық суреттейді:
«Кейде күйеу жігітттің қалыңдығын «күшпен тартып әкеткен», ал қыз жеңгелері қайын сіңілілерін «бермей» қорғап қалуға тырысқан кездері де кездеседі. Әрине, бұл да алдын ала келісіп жасалған салттың бір түрі ғана. Сондықтан күйеу жігітке «соққының» бұршақша жауатын кезі жиі болады, бірақ оған ешкім де зіл сақтамайды. Қыз ұзату мен келін түсіру тойына көңілі түскен жандардың бәрі де шақырусыз-ақ келе алады, әрине, тойлы жерде тойғанша тамақтануға, қымызға қануға болады, ең бастысы әңгіме-дүкен құрысып, бір мәз болысып қалады».
Мұндай той-томалақ әдетте ат жарыс, алтыбақан сияқты ойындарға ұласады. Бронислав Залесский көшпелі дала халқының «Қыз қуу» деп аталатын ойынын суреттейді. Жазбаларында баланың дүниеге келуіне қатысты салт-дәстүр туралы да қалам тербеген. Тағы бір қызығы — осыдан бір жарым ғасырдан астам бұрын (1848–1856 – Б. Залесский айдауда болған уақыт) қазақ әйелінің қандай болғанын былай суреттейді:
«Тұрмысқа шыққанша олар жеңі ұзын көйлек сыртынан кеудеше сияқты оюлы қамзол киіп жүреді. Қыздар моншақ, шолпы сияқты әсемдік заттарын өте жақсы көреді, кішкене алтын, күміс тиындардан мойнына алқа, шашына шолпы, құлаққа сырға тағып, көбіне білезіктің бір түрін тағып жүреді.
Ұзатылатын қалыңдық сәндік бас киім деуге келіңкірей қоймайтын биік сәукеле киіп, сыртынан иегі мен мойынына, тіпті, иығына дейін, бет-аузын түгел жауып тұратын ақ жаулық жамылады. Басқа киімдері бойжеткеннің күнделікті көйлек-көншегінен көп өзгеше болмайды. Алайда олар бұдан басқа ерлердікіне ұқсас шапан, ұзын тізе киім киеді. Кейде бірнеше шапанды қабаттап кигізіп, белін буып қойған икемсіз қалыңдықты алыстан көрген кісі оны басындағы ақ жаулығына қарап айырмаса, ер адам деп ойлап қалардай».
Залесский тағы не туралы жазды?
Бронислав Залесский тек революционер емес, сонымен қатар суретші, журналист болған. Осы қабілеттері 9 жыл қуғында жүрген уақытта көрген-білгенін қағазға түсіруге мүмкіндік берген.

Бронислав Залесский. Киелі ағаш / Bonart.kz
Оның альбомындағы арнайы бір бөлім киелі ағашқа (L'ARBRE VÉNÉRÉ DES KIRGHIZES) арналған. Орск бекінісінен Арал теңізінің жағасына дейінгі мың шақырым бойында кездестірген жалғыз ағашты былай сипаттайды:
«Киелі ағаштың жанынан өткен кезде қазақтар түйелерін шөгеріп, аттың жабуын немесе кішкене кілемшені жайып қояды да, тізелерін бүгіп немесе малдас құрып отырып құран оқиды. Сонан соң өздері де ағаш бұтақтарына киімінен жыртып алған шүберек немесе қой терісінің қиындысын, тіпті болмаса ат құйрығынан кесіп алған қылды ақтық ретінде байлап кетеді. Олар киелі ағашқа ақтық байлау бақыт әкеліп, ауру-сырқаудан қорғап-қоршайды, өмір жастарын ұзартады деп ойлайды. Сондықтан тек биік ағаш қана емес, шөлдегі жол бойында кездесетін аласа бұталарда да ақтық байлаулы тұрады. Мұндай ағашты кесу қазақтар үшін күнәнің ең ауыры болып саналады, сондықтан оның тіпті қураған бір бұтағын сындырар бір жан болмайды».
Залесский бірнеше бөлімде қазақ даласында кездесетін молалар туралы, олардың орналасқан жеріне байланысты әртүрлі болатынын жазады. Кейбірін өзіне таныс Украина қорғандарына ұқсатқанын айтады:
«Молалар басында жазу-сызу деген атымен жоқ, олар сақау иероглифтер сияқты тек қана бұл жерлердің атам заманнан бері адамдар тұрағы болғанын ғана куәландырады. Оларды жергілікті тұрғындар «мола» немесе «тапа» деп атайды. Соңғы сөз санскрит бойынша «степь» сөзінің негізі болған «ступа» сөзін еске түсіреді, айталық бұл сөз Польша украиндарында жиі кездесетін молалардың да мағынасын береді. Қазақ даласында да украин жерінде кезігетін қорғандар сияқты аласа төбешіктер, яки обалар мол».

Бронислав Залесский. Зират / Bonart.kz
Бронислав Залесский дала аралап жүрген кезде ұшырастырған өзен, көл, теңіз сияқты басқа да су көздеріне де біршама назар аударады:
«Осынау жалаңаш та жабырқау далаға жан кіргізіп, көгалдандыратын да осы ірілі-ұсқаты өзендер, олардың жағалаулары тастақты келеді, кей тұстарында өскен қалың қамыс басқа өсімдіктерді күннің көзінен қорғап, өсуіне жағдай жасайды. Ондай жасаң жерлерде дем алып, ат шалдырған жолаушы бір рақаттанып қалады. Мұндай жерлерге Бұқар мен Хиуадан шығып Троицк немесе Орынбор қалаларына бет алған керуендер тоқтап, жайланып жатады».
Бір тарау Жалаңаш (LE LAC DJALANGATCH) көліне арналады. Залесскийдің айтуынша, даланың басқа ұсақ тұзды көлдеріне қарағанда бұл — тұщы көл екен. 19-ғасырда солай болғанымен, қазір, яғни 21-ғасырда Алакөлмен көршілес жатқан Жалаңашкөл де тұзды көлдер қатарына кіреді.

Бронислав Залесский. Жалаңашкөл / Bonart.kz
Ырғыз өзені туралы жазған тарауда Бронислав Залесский даладағы өртке де тоқтала кетеді. Өрт қоя салу — ежелден жауға қарсы күресудің тиімді әдісінің бірі және жергілікті халық бұл өртті қалай ауыздықтаудың жолын білген дейді:
«Мұндайда тәжірибесіз кісілер абдырап, еш амал таппай тектен-текке мерт болса, өмірден көрген-түйгені көп кісілер өрттің шеті көрінісімен, оған қарсы от қоятын болған. Келе жатқан өрт кейіннен қойылған өрт жалмап үлгерген жерге жеткенде, жанатын ештеңе қалмайтындықтан, еріксіз сөнеді екен. Адамдар, сөйтіп, отқа қарсы отты жұмсау арқылы өздері аман қалатын болған».
Залесский Шевченкомен қалай танысты?
Украин ақыны және қоғам қайраткері Тарас Шевченко мемлекетке қарсы шықты деген айыппен 1847 жылы, яғни Залескийден бір жыл кейін Орск бекінісіне жер аударылады. Бұл екеуінің ортақ тұсы көп еді: бір-біріне жақын аймаққа жер аударылды (Орынбор мен Орск бекіністері), жастары да шамалас (ол кезде Шевченко 33-те), әрі екеуі де сурет салуға құмар-тын. Тек Шевченкоға қуғында жүргенде жазуға да, сурет салуға да тыйым салынған еді.

Тарас Шевченко. Автопортрет. 1848 / Wikimedia Commons
Бірақ Шевченко бекер қарап жатпады. 1848 жылы Арал теңізін зерттеуге барған экспедицияға қатысты. Оның міндетіне есеп үшін Арал жағалауларын суретке салып алып отыру кірді. Осы сапар кезінде ол сурет сала алатыны үшін экспедиция тізіміне енген Бронислав Залесскиймен танысады.

Тарас Шевченко. Қосаралдағы айлы түн. 1848 / Wikimedia Commons
Содан бастап екеуі жақын досқа айналады. Залесский Шевченкоға сурет сатуға көмектеседі, өйткені сурет салуға деген тыйым Шевченко қуғында болған уақыт аяқталғанша, яғни 1857 жылға дейін күшін сақтап тұрған еді. Экспедиция кезінде оған сурет салуға рұқсат еткені үшін сапар басшылары Обручев пен Бутаковқа сөгіс берілді. Тағы бір келеңсіздіктерге ұрынбау үшін Залесский мен Шевченконың тағы басқа достары бірігіп, украин ақынының еңбектері үшін белгі ойлап табады:
«Шевченкоға сурет салуға тыйым салынғандықтан және бұдан бұрын салған портреттері үшін түрмеге жабыла жаздаған соң, біз абайлап хаттарымызда оның салған суреттерін жүннен жасалған материал деп атадық. Екі жүн материалы екі акварельді білдіреді. Мен оларды әдетте Орынборда сататынмын, бірақ кейде Украинаға да жеткен кездері болды»iБронислав Залески. «Шевченконың хаттарына жазылған жазбалардан».
Тыйым салынған іспен айналысқаны анықталған кезде Тарас Шевченко бұдан да алыс бекініске, нақтысы Каспий теңізіндегі Новопетровскоеге айдалып, суретпен айналысуына тағы тыйым салынады. Ол сол жерде 1950 жылдың қазанынан 1957 жылдың тамызына дейін айдауда жүрді. Кейін бұл бекіністің аты бірнеше рет ауысты да, 1939 жылы қазіргі Форт-Шевченко атауы берілді.

Бронислав Залесский. Ново-Петровск мүйісі / Bonart.kz
Новопетровскінің әскери бекінісіне Залесский жеке тарау арнаған, онда ол былай деп жазады:
«Форттың үйі керемет құрылыс материалы болып табылатын жергілікті әктастан салынған. Ал гарнизон, тіпті, аттарға беретін пішендерге дейін Астраханьнан тасиды. Соңғы кездері Хиуа мен Бұқардан шыққан керуендер тоқтап, Астрахань мен Новопетровскінің арасына қатынап тұратын кемелер жүкті Еділ арқылы ішкі Ресейге қарай тасымалдап тұрады. Сол арқылы бұл маңның да Азиямен сауда-саттық қарым-қатынасы барған сайын арта түсуде. Каспий теңізінің бұл бөлігін қыс айларында тұмшалап жататын қалың мұз Астрахань мен қарама-қарсы жағалау арасындағы қарым-қатынасты қиындата түседі».
Залесский Каспий маңындағы жерлерді сипаттауға «Молда тас жартасы («Монах»), «Маңғышлақ бағы», «Апазыр алқабы», «Шерқала тауы», «Бор таулары», «Ақтау тау жотасы» деген бірнеше тарау арнайды. Мұнда ол Батыс аймақтың флорасы мен фаунасын егжей-тегжейлі сипаттайды, сонымен қатар бұл ландшафтының пайда болуы туралы гипотезаларын алға тартады:
«Маңғыстаудағы Новопетровскіден 150 шақырым қашықтықта бір-бірінен өзгешелеу жаралған таулардың екі қатары бой түзейді. Шамасы жанартаудың әсерінен пайда болған. Табиғат апаты Арал мен Каспий теңіздерінің арасын Үстірт қыратымен бөліп тастаған».
Залесскийдің қуғыннан кейінгі өмірі
1853 жылы Бронислав Залесский Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) маңындағы ұрыстарда ерекше көзге түсіп, офицер шенін алды. Үш жылдан кейін, яғни 1856 жылы босап шығып, туған жері Минск губерниясына оралды.
1860 жылы Залесский шетелге демалысқа шыға алатын болды. Бұл мүмкіндікті пайдаланған поляк сыртқа кетіп, Ресей Империясына оралмай, қалып қояды. Дрезденде, Римде және Парижде болып, революция жолындағы жұмыстарын жалғастырды. 1865 жылы Франция астанасында өзінің жазбалары мен офорттары бар «Қазақ даласының өмірі» альбомын шығарды. Алғы сөзінде ол былай деп жазды:
«Оқырман назарына ұсынып отырған осынау дүние — тарихи зерттеу де, этнография жөніндегі еңбек те емес. Туристің жазбасы деп атауға да болмас еді. Бұл шалғайдағы өлкені мекен етуге дәм айдап келген соң менің мұнда табаны күректей тоғыз жылымды өткізіп, шетсіз-шексіз даланың бір қиырынан бір қиырына дейін ерсілі-қарсылы аттылы-жаяу дегендей, неше дүркін жүріп өтуіме тура келіпті. Сурет салу — мен үшін еріккенде ғана уақыт өткізер ермек емес. Қарындаш, қағазымды қолыма алып отыра қалар сәттерімді жанымды жеген мұң-шерімді ұмыттырып, көңілді алаңдатар ең бір бақытты уақыт деуге болады. Табиғат екеуміз бір-бірімізге мүлде жақындасып, кірігіп кеткендейміз».
Бронислав Залесский 1880 жылы Францияның Ментоне қаласында құрт ауруынан (туберкулез) қайтыс болды. Бәлкім, қазақ даласында қымыз ішіп жүре берсе, ауруынан айығып кетер ме еді, кім білсін.
Бронислав Залесскийдің альбомы қазақ және орыс тілдеріне 126 жыл өткен соң барып қана аударылды. 1991 жылы «Өнер» баспасы кітапты «Қазақ сахарасына саяхат» және «Жизнь казахских степей» деген атаумен шығарды.

Бронислав Залесский. Қызыл қала/ Bonart.kz