ЖЫЛҚЫ, ШАЙ МЕН КӨШПЕНДІНІҢ СЕРТІ

Қазақ хандығының экономикасы: қарапайым әрі күрделі құрылым

~ 7 мин оқу

Коллаж / Qalam

Ауқымды өндірісі, зәулім қалалары мен біздің түсінігіміздегі қаржы институттары болмаған соң, көшпенді мемлекеттердің экономикасы көбіне «қарапайым» сипатталады. Шындап келгенде, ол «қарапайым» емес, мүлде басқа жағдайларға бейімделген бөлек экономикалық модель болатын.

Дала экономикасының тиімділігі өндіріс ауқымына не қала тораптарының тығыздығына емес, көшіп-қону шапшаңдығына және өзгермелі ортаға шапшаң бейімделу қабілетіне қарай айқындалады. Қазақ хандығының экономикасы дәл осы қағидалардың негізінде қалыптасып, жұмыс істеп тұрған. Qalam-да көшпенділер ортағасырдың өзінде ең икемді де тұтас ойластырылған экономика моделін құра алғаны жөнінде айтамыз.

Мазмұны

Сауда-саттық, транзит және «ям» жүйесі: 13-ғасырдағы «интернет» желісі

Қазақ хандығының экономикасы көп жағынан жұрт Алтын Орда деп білетін Жошы ұлысында қолданылған алым-салық жүйесін, сауда-саттық жолдарын, қауіпсіздік пен ортақ жауапкершілік механизмдерін мұра еткен.

Экономикасының өзегі мал шаруашылығы болған Алтын Ордада жылқы өсіру өзге кәсіптен биік тұрды. Себебі 20-ғасырда мұнайға тең келетін ештеңе болмаса, сол кезде жылқы соған парапар түсетін стратегиялық ресурс саналды. Мінсең — көлік, жесең — ас, терісі киім болатын жылқы байлықтың өлшеміне айналды. Жылқысыз жорыққа да шыға алмайсың, тауар да таси алмайсың, құрлықтағы маңызды сауда жолдары шиырлап жатқан ұшы-қиыры жоқ жерді уысыңда ұстап тұра алмайсың.

Алтын Орда мен Құлағу мемлекеті арасындағы Терек шайқасы (1262/1263 жылдар). Ортағасырлық миниатюра, 15-ғасыр басы / Wikimedia Commons

Сол құрлықаралық сауда-саттық жүйесінде Жошы ұлысы негізгі ойыншы болатын. Жол тораптарын уысында ұстап, адамдар мен тауарлардың ары-бері кедергісіз жүріп-тұруын қамтамасыз еткен Жошы ұлысы өз иелігін Шығыс пен Батыс арасындағы аса маңызды транзит жолына ұластыра алды. Қытай жібегі, үнді дәмдеуіштері мен парсы кездемелері тиелген керуендер сол жолдармен өтіп, Сарай мен Поволжье арқылы алдымен Қырымға, одан Батыс Еуропаға жететін.

Жошы ұлысының Жерорта теңізіндегі басты сауда орталықтарының бірі — Генуя республикасымен одақтастығы сол жолдардың тиімділігін арттырды. Генуялықтар Қара теңіздегі басты айлақтарды қадағалауында ұстайтын, әрі Азиядан тұрақты тауар келіп тұрғанына мүдделі еді. Алтын Орда болса, сауда-саттықтың басты кепіліне баланған, шеті мен шегі жоқ даладан өтетін құрлық жолдарын шашау шығармай бақылап отырды.

Генуя консулдары. Ортағасырлық миниатюра, 13-ғасыр соңы / Wikimedia Commons

Соның нәтижесінде екі тарапқа да тиімді жүйе қалыптасты. Италиялық көпестер Жошы ұлысының жерінде саудасын еркін жүргізіп, алымын төлейтін. Есесіне көшпенділер олардың керуенін қорғап, жергілікті әкім-қаралардың жосықсыз әрекеттерінен қақпайлап, инфрақұрылымға жол ашты. Өйткені ортағасырда керуендер жолда жиі-жиі шайқасқа ұрынып, тонауға ұшырайтын. Транзит сауда хан билігінің негізгі табыс көзі болғаны да сондықтан.

Сол жүйені оңтайлы басқару үшін Жошы ұлысы шалғай өңірлермен үнемі байланыс құрып отыруға тиіс болды. Сөйтіп, өз заманының белгісіне айналған тарамдалған коммуникация торабы туды. Сібірден Дунайға, Поволжьеден Қырымға дейінгі басты жолдардың бойында 30–50 шақырым сайын «ямдар» — пошта-көлік бекеттері тұратын. Онда ат ауыстырып мініп, азық пен киім-кешек алып, кезекшілерден жолсерік ертіп кетуге болатын, яғни сапардың үзілмеуіне керек жағдай жасалатын. Шабармандар өздері де ауысып, болдырған атын ауыстырып мінгеннің арқасында хабар ортағасыр тұсындағы адамның ойы жетпестей шапшаң — тәулігіне 500 шақырымдай жерге таралатын.

Моңғол хабаршысы Гоби шөлі арқылы хат алып бара жатыр / bridgemanimages.com

Қауіпсіздік те сол жолдардағы басты шарттың бірі еді. Керуенге қарақшы шапса, оның айыбы жергілікті халықтың мойнына түседі де, шығынын ортадан шығарып өтейді. Былай қарағанда, ол — сақтандырудың ерте кездегі бір формасы әрі саудагерлердің сол жолдарды таңдайтынының тағы бір себебі еді.

Алтын Орда қалалары

Бұрындары көшпенділер қалаларды қиратушы деген түсінік кең тараса, біраздан бері оның шындыққа жанаспайтыны дәлелденіп келеді. Алтын Ордада қалалар шаруашылық және әкімшілік жүйесінің маңызды бөлігі болған.

Жошы ұлысында мемлекеттіктің нышаны саналған қалаларда әкім-қаралар да тұрды, алым-салық сонда жиналады. Қалада базарлар жанданып, қолкәсіпшілер де сонда тұратын, тиын-теңге сонда соғылатын. Қала орталықтары дала мен отырықшы әлем арасындағы дәнекер қызметін атқарып, транзит сауданың жүруіне септігін тигізді.

Qalam редакциясы

Қалалар шаруашылықты реттеп отыратын әкімшілік орталықтар қызметін де атқаратын. 13-ғасырдан-ақ Алтын Ордада халық санағы жүргізіліп, жан басы да, мал басы да, жер көлемі де есепке алынған. Ол деректер салық жинап, әкімшілік ресурстарды бөліп таратуға пайдаланылатын, соған қарап, Жошы ұлысында үкімет жүйелі әрі ұйымдасқан деуге болар.

Қазақ хандығының экономикасы

Алтын Орда тарап кеткеннен кейін оның экономика моделін көп жағынан Қазақ хандығы алып қалды. Мал шаруашылығын негізгі бағыт еткенімен, көп ұзамай хандық Кейінгі ортағасырдағы жылқы шаруашылығының ірі орталықтарының біріне айналады. 19-ғасырға дейін мұнда мал басы кез келген өзге елдерге қарағанда қай жағынан алғанда, тіпті жан басына шаққанда да көбірек болатын.

Жылқы, қой, түйе — азық не көлік қана емес, құнды тауар, дипломатиялық тарту, мәртебе мен биліктің нышаны еді. Әмбебап есеп айырысуға жараған төрт-түлік кездемеге, қару-жарақ пен астыққа да айырбасқа жүретін. Күзде Бұқара мен Самарқанға мал айдайтын кез жәрмеңкенің көркін қыздыратын.

Ойрат керуені. 20-ғасыр басы / Wikimedia Commons

Мал басы көбейгенде, кез келген экономикаға тән баға құлдырап кететін. Ондайда қазақ малшылары малын сататын жаңа нарықтар іздейтін. Үндістанға барған жылқының құны бірнеше ондаған, тіпті жүздеген есе артатын. Сөйтіп, далада құны бірнеше динар болған жылқы Оңтүстік Азияда жүздеген динарға сатылады. 16–18-ғасырларда мал тіпті Дағыстан мен Мәскеуге де айдалатын. Жылқымен бірге дүниежүзіне даланың желден жүйрік, төзімді, көз тоймастай сұлу сәйгүліктері туралы аңыздар қоса таралатын.

Малшылар, диқандар мен қарақшылар

Қазақ хандығының шаруашылық құрылымы біртекті болмаған және көп жағынан жекелеген өңірлердің табиғат жағдайына қарайтын. Орта жүз жайлаған Сарыарқаның ұшы-қиыры жоқ кең даласында жылқы мен қой экономиканың тірегі болды. Алайда жаз жайлауға, қар түскенде қыстауға көшіп-қонып жүргеннің арқасында үйір-үйір, отар-отар мал жайылымнан тарықпайтын.

Ұлы жүз қоныстанған Оңтүстікте шаруашылық реті басқаша болған. Шұрайлы жерлер мен өзен аңғарларында егін салынып, дәнді дақылдар, бақша өнімдері мен жеміс-жидек алынатын. Мұнда көшпелі өмір салты мен отырықшылық қатар жымдасып, орталық далалы аудандарға қарағанда, бұл жақтың жұрты нан мен өсімдік өнімдерін көп тұтынатын.

Қазақ хандығының батыс өңірлерінің климаты қуаңдау келген. Сондықтан мұнда шөбі селдір жайылым мен суға төзімді қой мен түйе өсіруге басымдық беріледі. Мал шаруашылығымен қатар, ол өңірде хандықтың өзге бөліктеріне тән емес балық кәсібі де жақсы жүріп тұрған.

Жюль Мари Кавелье де Кювервиль. Қой қырқу. 19-ғасыр / Bibliothèque nationale de France / Gallica

Арал мен Каспий жағалауын және Жайық маңын мекен еткен жұрт балық аулап, теңізге шығатын, тіпті кеме ұстайтын. 19-ғасырда ол аудандардың тұрғындарын кәнігі теңізші деп шетелдік көпестер жалдап әкететін, тіпті кей дереккөздерде Каспийде теңіз қарақшылары болған деген мәлімет ұшырасады.

Қазақ хандығының ақшасы

Қазақ хандығында ақша орнына кез келген құнды нәрсе жүре беретін. Алтын Орда кезіндегідей емес, тиын-теңге соғу біраз бәсеңдеп қалғанына қарамастан, негізгі есеп айырысу құралына бәрібір ақша қолданылатын, соның ішінде алым-салықты жұрт тек ақшалай төлейтін. Археологтар тапқан тиын-теңгелерге қарап, қазақ хандары егемен ақша саясатын жүргізгенін көре аламыз. Зерттеушілер Тәуекел хан мен Тұрсын-Мұхамед ханның да теңгелерін тапқан. Өз теңге-тиынын соғу биліктің бір нышаны әрі мемлекеттің аса маңызды белгісі болатын.

Қарапайым халықтың да қолында ақша жүргеніне ауыз әдебиетіндегі мұралар дәлел бола алады. Мысалы, тарихи жырлар мен мақал-мәтелдерде теңге, тиын, ділдә, сом, пұл, алтын деген сөздер көп көздеседі.

Тұрсын ханның соқтырған теңгесі / Wikimedia Commons

Алайда ақша жалғыз-ақ айырбас құралы болды деуге келмейді, заттай сауда да бұрынғыдай жүре берген. Жұрт көбіне не нәрсені де басына-бас айырбастап алатын. Ең «өтімді» тауар — тоқты саналатын да, оқалы шапан не зерлі ер-тұрман неше ондаған тоқты басына бағаланатын.

Сөйте тұра, хандықтағы базарларда орыс, араб және үнді теңгелері де айналымда жүрген. Ондай теңгелер көбіне алтын не күмістен соғылған соң, бағалы металдың құны қай жерде де төмендемейтін.

Кейде валюта есебінде шай да қолданылатын. Қазақ хандығы Ресей және Цин империяларының арасында асқан шеберлікпен кезек ауып, саудада екі жеп биге шығып отырған. Қазақтар Қытайдан монополиялық тауар — шайды малға айырбастап алатын. Тақта шай керуен жолдарының бойында толық валютаға айналған. Қазақтардың халықаралық шай саудасындағы рөлі тіпті Британия парламентінде айтылатын, оған 1864 жылғы құжаттар куә.

Пуэр тақта шайы / Getty images

Хандықтың қалалары

Ерте кездегі Алтын Ордадағыдай, Қазақ хандығы тұсындағы қалалар дала мен отырықшы дүние арасындағы алтын көпір іспетті болатын. Олар тауар алмасуына сеп болып, хандықты халықаралық сауда жолдарына жалғап, маңызды экономикалық әрі әкімшілік орталық қызметін атқаратын.

Сырдария маңындағы Сығанақ, Ясы, Созақ, Сауран мен Отырар секілді айрықша маңызды қалаларда сауда жолдары тоғысып, базарлар қайнап жататын. Сол қалалардан көшпенділер қолөнер бұйымдарын, кездеме, астық және қала тұрмысына тән заттар алады да, отырықшы халық мал және көшпелі шаруашылық өнімдерін саудалайтын.

Сарт музыканттары. Ташкент, 1885–1890 жылдар аралығы / Library of Congress

Қала халқының негізгі бөлігі қолкәсіппен айналысса, сауда-саттық жасайтын отырықшы түркітілді тұрғындар — сарттар болатын. Олар тауар өндіріп, нарықтарға қызмет көрсетіп, хандықтың экономикалық инфрақұрылымын ұстап отырған. Сөйтіп, қалалар далаға қарсы қойылмайтын, керісінше, бір-біріне селбесіп өмір сүріп, Қазақ хандығының экономикасын едәуір орнықты әрі әр алуан ете түсетін.

Күнделікті тіршілік

Қарапайым қазақ үйінің әл-ауқат деңгейі ең алдымен малының санына қарап өлшенетін. Алдында 300–500 қойы мен жүз шақты жылқысы бар үй орташа саналып, дәулеттілер қатарына қосылмайтын. Алайда сондай үйлер де азықтан тапшылық көрмейтін. Көшпелі тұрмыста азын-аулақ малы бар үйлердің тірлігі орнықты келетін.

Кейінгі ортағасыр өлшеміне салсақ, қазақтардың азық рационы әжептәуір тойымды болатын. Ет пен сүт, айран мен қымыз, құрт пен май жыл он екі ай үзілмейтін. Күн қолайлы болып, шөп бітік шыққан жылдары көшпенділер азықтан тарықпайтын. Ет жейтін-жемейтіні астық қалай шыққанына, салық қалай жиналғанына және жауын-шашын мөлшеріне қарап тұратын отырықшы аграрлық қоғамдардан көшпенділердің ерекшелігі де сол еді.

Дастарқан басындағы қазақтар. 1865–1872 жылдар аралығы / Library of Congress

Мал — азық көзі ғана емес, экономикалық қор болатын. Малды сатуға, сыйлауға, айырбасқа салуға болады, малы жұтаған туған-туыс пен көршілерге беріп, оларды таршылықтан құтқаруға болады. Соның арқасында даладағы шаруашылық жүйесі әжептәуір еркін де икемді жүріп, жаңбыр тамбай қалған, жұт жайлаған, жау шапқан кездері нәубет көрмей аман шығатын.

Еркіндік экономикасы

Қазақ хандығының экономикасы кодекстері мен регламенттері бар қатаң жүйе болмаған. Ол күн жағдайына, даланың жай-күйі мен өмір салтына қарай қалыптасқан. Көшпенділердің тұрмыс-тіршілігі еркін болатын, себебі әлдебір жердің күйі кетсе, басқа жерге қоныс аудара салатын.

Сол еркіндік қозғалыс еркіндігіне, таңдау және айырбас еркіндігіне, яғни экономиканың принципіне айналды. Жүйенің негізі жеке бастама мен ортақ жауапкершілік арасындағы, адам мен табиғат арасындағы тепе-теңдікке құрылған. Зауыт-фабрикасы болмаса да, сауда-саттық, алым-салық, сақтандыру және несие болатын. Бәрі бір ауыз сөз бен уәдеге сүйенетін.

Бәлкім, байлықтың өлшемі — алтын емес, еркіндік деп білетін Қазақ хандығының экономикасын түсінудің де кілті сол болса керек.

Қазақ хандығының экономикасы жайында Qalam History арнасында толық баяндалған:

Алёна Горбачёва

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді