КАНАГАВАНЫҢ АСАУ (ҰЛЫ) ТОЛҚЫНЫ

Кедейлерге арналған өнер

Кацушика Хокусай. Канагаваның асау (ұлы) толқыны. 1823-1831 / Wikimedia commons

1832 жылы жарыққа шыққан

Бұл — Хацушика Хокусайдың «Фудзидің 36 түрлі көрінісі» деген сериялық нақыштарының ішіндегі алғашқысы әрі әйгілі, теңдессіз шедеврі деуге болады. Картина — «укиё-э» деп аталатын жанрдың жемісі, сондай-ақ осы жанрдың революциялық жаңалығы.

Негізінен, жапон бейнелеу өнерін әдебиеттен бастау алған және табиғи жалғасы болған өнер десек, қателеспейміз. Әрине, синтоизм ғибадатханаларының бөренелеріне қашалған кейбір суреттерін қоспағанда, жапондар ортағасырларда біздің түсінігіміздегі картиналарды және ондай суреттерді қабырғаларға салып сәндеу дегенді мүлде білмейтін-ді.

Сонымен бірге Жапонияда перде-шымылдықтарды, желпуіштерді, киімдер мен ыдыс-аяқты бояп сәндеу дәстүрі болды. Бірақ мұның сәндік-қолданбалы өнерден, әлемдік тәжірибеден айырмашылығы — ою-өрнектерге негізделмеген. Онда көбінесе жанрлық көріністер, билеген тырналар, тау өзендеріне біткен қарағайлар, теңіз жағасында жүрген тасбақалар және т.с.с. суреттер бейнеленеді.

Сурет салу — жапондардың бала тәрбиесінің (әсіресе, қыз балаларға қатысты) ажырамас бөлігі. Жапониядағы жоғары қоғамдағы әлеуметтік қарым-қатынас көп жылдар бойы негізінен көп хат-хабар алмасудан тұрды, жиі-жиі хат жазысқан және дәстүрлі жапон хатында жаңалықтардан, құттықтаулардан және тілектерден өзге, көбінесе суретпен безендірілген өлеңдер болғаны анық. Мәтінді жазғанда да арнайылап түрлі стильдегі әдемі каллиграфияны қолданған.

Жапондардың кітабы екі жағынан оқтау іспетті ағаш немесе тасқа оралған шиыршық түрінде болды. Олар кітапты өте баяу фильм құсатып асықпай тарқатып-жазып оқиды, ал оқиғаны суреттейтін сызбалар көбінесе мәтіннің өзінен кем түспейді. Әрине, ақсүйектердің үйінде негізінен білікті, атақты шеберлер мен қолөнершілер жазған және безендірген кітаптар болды (кейде кітаптарды сәндеу, безендіру, көшіріп жазу жоғары дәрежелі әйелдердің бос уақытында айналысатын лайықты ісі саналды).

Бірақ қарапайым кісілер де, кедей адамдар да үйінде ескі махаббат хикаясы немесе өлеңдер жинағы болғанын құп көреді. Мұндай кітаптарға мәтіндер (кейде) мен суреттер әрдайым дерлік кеспе тақташалар арқылы басылатын және сызбалар ақ-қара түсті әрі қолмен боялатын-ды.

Укиё-э пайда болған 16 ғасырға қарай мұндай «кедейлерге арналған өнер» шынымен де жаппай қала өмірінің барлық өңіріне таралып кетті, оның ең қарапайым нұсқасы қазір суретте не болып жатқанын түсіндіретін түрлі түсті баспа және бірнеше сызықтары бар қағаз еді. Бұл суреттер — бір беттен тұратын ашық хат-кітаптар және ол кейінірек укиё-э деп атала бастады. «Көктемгі картиналар» жанрындағы укиё-э өте танымал болды, яғни онда көбінесе махаббат, эротикалық ашық көріністер бейнеленді. «Көктемгі картиналар» ұзақ уақыт бойы бала сүйе алмай жүрген жас жұбайларға сыйға тартуға лайықты деп саналды, бірақ олар сыпайылар, яғни «шай үйінің әншілері» арасында кең танымал болды. Осы гравюралармен қонақтардың көңілін көтеру, боялған көріністер туралы егжей-тегжейлі айту сыпайылардың байыппен оқыған ерекше өнеріне айналды. Қыздар укиё-энің үлкен коллекцияларын жинады, ал талғампаз, биік болмысты ханымдар жинаған коллекцияда таза эротика аз болып, қайта көне романдардың көріністері, әйгілі пейзаждар, саяхат картиналары анағұрлым көп болды.

«Укиё-э» сөзінің өзі «желге ұшқан әлемнің суреті» дегенді білдіреді, яғни қолға тұрмас сұлулық пен қайғыға толы әлем. Жапонияда көңілді кварталдарын осылай атау әдетке айналған.

17–19 ғасырлардағы Жапонияда әйгілі «укиё-э» суретшілерінің галактикасы пайда болды, олардың ішіндегі ең соңғы шебер, бірақ ең танымалдарының бірі Кацушика Хокусай (бұл оның бүркеншік аты) болды. Оның гравюралары ерекше, өйткені ол укиё-э жанрына ұтқыр жаңалық енгізді, ол жаңалығы ұзақ әрі мақсатты түрде зерттеген еуропалық кескіндеменің кейбір принциптері мен әдістері болатын. Мысалы, ол осы уақытқа дейін елде белгісіз болған Берлин лазурін сәтті әрі белсенді қолданды, оған көгілдір реңктерге бей-жай қарамайтын жапондықтар бірден ғашық болды («Канагаваның ұлы толқын», біз көріп отырғанымыздай, бұл әртүрлі реңкке түскен Берлин лазурі). Ең бастысы, Хокусай жапондық гравюраның принциптерін Жапонияда іс жүзінде белгісіз болған және батыс өнерін ашқан жапондықтар ұзақ уақыт бойы шынайы сұлулық пен нағыз өнерге қатысы жоқ күмәнді трюк ретінде қабылдаған батыстық көркемдік перспектива идеясымен үйлестіре алды.

Гравюрада ақжал-асау толқындардың артындағы кішкентай үйінді түрінде бейнеленген ұлы Фуджи тауын көріп жапон жұртшылығы тосылып-таңырқағаны рас, тіпті укиё-э стилінің өзі Батыс жұртшылығына тосын жаңалық болды.

Бұл Хокусай мен оның «Фудзидің 36 көрінісі» деген альбомы еуропалықтарға «жапонизм» сәнін тудырған шалғайдағы беймәлім елді танытты.

Әрине, еуропалықтар Хокусайды терең түсіне қойған жоқ.

Көбіктің көлеміндей кішкентай адамдар қалытқыдай әлсіз қайықтарға үмітсіз жабысып, сезімсіз, сүлесоқ сұрапыл дүлейден қорғанамыз деп тыраштанып жатыр. Толқындар арасынан менмұндалаған тау — дүниенің өзегі, онда бәрі осынау дөңгеленген дүниеде туып, азап шегіп, ақырында өлуге мәжбүр. Жапондықтар «Ұлы толқынды» кішіпейілділік пен мойынсұнудың үлгісі деп ұғынып-түйсінсе, еуропалықтар өмір сүруге деген ерік-жігер мен батылдықты, күресті көрді. Бірақ бұл гравюра шығыс та да, батыста да аса танымал.

Кацушика Хокусай. Канагаваның асау (ұлы) толқыны. 1823-1831 / Wikimedia commons

Кацушика Хокусай. Канагаваның асау (ұлы) толқыны. 1823-1831 / Wikimedia commons

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы