«Соңғы кеш» туындысының құпиясы
Апельсин қосылған балық пен күміс қалта
Италияның ұлы суретшісінің осы бір шедеврі, әйтсе де, «сормаңдай» туындысының басынан не өтпеді десеңізші?! Қабырға суретті ойып есік те салып тастады, су тасқынын да көрді, көгеріп те кетті, Наполеон әскеріне казарма да, атқора да болды, ІІ Дүниежүзілік соғыста бомба түсіп, ғимараттың бір бөлігі қирап, күлге де айналды... Дегенмен осының барлығын айтпаған күннің өзінде, ең үлкен зардап — қорқынышты әрі тым қораш жасалған бірнеше қалпына келтіру жұмыстары болып еді-ау.
Қабырға суретті мұқият әрі ғылыми негізделген қалпына келтіру жұмыстары 1978 жылдан 1999 жылға дейін жиырма бір жылға созылды, содан кейін ол көпшілікке көрсетіле бастады (бірақ көптеген шектеу болды — асханаға ылғал немесе лас киіммен кіруге болмайды, қабырғаға жақындауға болмайды, әрбір келушіге көруге ең көп дегенде 15 минут уақыт беріледі).
Бірақ мұның бірі де «Соңғы кештің» әлемдегі ең танымал картина болуына кедергі болмады. Картинадан біз Исаның шәкірттерімен соңғы рет ас ішіп отырғанын көреміз. Тарихи тұрғыда туынды анахронизмге тұнып тұр. Інжілде қоштасу асы грек-римдік стандартқа сай өткізілгені сипатталған — Киелі Кітапта дастарқандағылардың «жантайып жатқаны» бірнеше рет айтылып өткен.
Сол дәуірде діндарлығы сондай бір тасып тұрмаған Да Винчи осы тапсырысты орындамас бұрын Інжілді бірнеше қайтара мұқият оқығанын (күнделігіндегі жазбалар соны айғақтайды) қаперге алсақ, суретті саларда әлгі мәліметтерді елемегені көп сұрақтың басын қылтитады. Мамандар көбіне да Винчи осылайша «Соңғы кешті» өз заманының монастыр дастарқанымен жақындастыруға тырысты деген пікірді алға тартады: дастарқан басында тартынып қана отырған монахтар, осылайша бейне бір Кешкі асты ұйымдастырушыға айналып шыға келеді.
Дастарқанға апостолдардың алдына біртүрлі қызық — апельсин тілімімен аралас қойылған жыланбалық тартылған. Бұл да анахронизм, өйткені сол кезде апельсин тек Қытайда өсірілетін, тиісінше оның Иудеядағы дастарқанда болуы мүмкін емес. Оның орнына бұл тағам 15 ғасырдағы Миланда төтенше қымбат деликатес саналды, оны, тіпті, байлар мен ысырапшыл жұрттың азғын өмірінің мысалы етіп әдеп үйрететін трактаттарда да атап өткен. (Жақша ішінде айта кетсек, итальян тақуаларының жыланбалыққа антипатиясының тарихы тым ескі. Ежелгі Рим дәуірінің өзінде Үлкен Катонi
Леонардо қабырға суретке басын осыншама дауға қалдыратын асты не үшін енгізді? Ықтимал нұсқаның бірі — деликатес тұрмақ, дүниепарасаттықта алдына жан салмайтын шіркеу иерархиясына қыр көрсеткен болуы кәдік.
Туындының «құпия белгілерін шешуге» қатысты біршама болжам бар — ең танымалы, әрине, Дэн Браунның әйгілі «Да Винчи коды» детективі. Ондағы негізгі сюжеттің бірінде Мәсіхтің қасындағы бейнеленген жан ең жас апостол Иоанн емес, Мария Магдалена дейтін тұжырым айтылады.
Құпияны жаны сүйетіндер картинадағы архитектуралық элементтердің алтын қимаға қатынасын мұқият есептей отырып, формулалар шығарып тастаған. Олардан әйгілі музыкалық шығармаларға қатысты сандық сілтемелер тауып жатады... Әйтсе де, ең батыл әрі жарқын болжамдар әлі күнге дейін ғылыми дәлелін тапқан жоқ.
Десек те, туындының кейбір бөлігіне дау жоқ. Мысалы, Иуданы қолындағы Иса Мәсіхтің өмірі үшін төленген күміс ақша салынған дорбасына қарап (күн қаққан қап-қара түрі ешқандай да нәсілшілдің көрінісі емес, еңбекқор жұрт жабық мекемеде еңбек етіп жатқанда, қалада қайыр сұрап, көше кезіп жүретін қаңғыбастарға тән терінің түсі дер едік) жазбай танисыз.
Иуданың шынтағының жанында ақ дақ бар. Картинаның дәл осы бөлігі қалпына келместей жойылған, бірақ туынды әлі бүлініп үлгермеген кезде жасалған көшірмелердің баршасындаi
Апостол Петрдің қолында Иса Мәсіхті Гетсемани бағында тұтқындау кезінде бас священниктің қызметшісі Малхтың құлағын кескен қылыштың символы — пышақ бар.
Иса Мәсіхтің қайта тірілгеніне ә дегенде сенбейтін, сол үшін оған айқышқа шегеленген Исаның дәл өзі қарсы алдында тұрғанына көз жеткізуі үшін «жарасына қол тигізіп көр» делінген «иланбайтын Фома» жіңішке саусақтарын аспанға көтеріп тұр.
Қабырға суретте қазіргі адамға түсініксіздеу тағы бір сілтеме бар. Құпия кеш кезінде екі маңызды оқиға болды. Біріншіден, Иса Мәсіх шәкіртінің бірі оны сататынын айтты. Екіншіден, шарап пен нан оның қаны мен тәніне айналатынын айтып, онымен бірге болудың формуласы жайында сөз сөйледі. Леонардоның «Соңғы кешінде» осы екі сәтке сілтеме бар. Христос оң қолын тарелкеге созады, оған Иуданың да қолы созылып тұр. Бұл Матайдан жеткен Інжілдегі мына үзіндімен толық сәйкес келеді:
«Кеш түскенде, Ол он екі шәкіртімен дастарқан басына жайғасты; олар ас ішіп отқанда былай деді: «Сендерге шындығын айтамын, араларыңдағы біреу Мені сатпақшы». Олар қатты қапаланып, Оған әрқайсысы: «Бұл мен емеспін бе, Ием?», – деп сұрай бастады. Ол: «Менімен бірге қолын табаққа салған адам Маған опасыздық етеді», – деп жауап берді. (Мф. 26, 21-23).
Жүрек тұсынан сол қолымен Иса алдындағы нанға нұсқап, басын солай бұрған, мұнысы шәкірттерге ұстаздың тәнін нанның алмастыратынын көрсетеді. (Кейіннен апостолдар дастарқан басында әрдайым бір тілім нан қалдырып кететін болды, ол олар үшін Христосты бейнелейтін. Православиедегі жаназа кезінде үстелге нан тілімін арақ құйылған рюмканың үстіне қою дәстүрі осыдан шыққан, мұны қайтыс болған адамға арнайды).
Картина кейіпкерлері — апостолдардың әрбірінің назарының осы екі хабардың қайсысына ауғанына қарап болжам жасауға болады. Кейбірі ендігі сатқынды іздеп жатса, тағы бірі тәннің нанға айналуының киелі құпиясын қамтуға ынтық. Өнертанушы мен тарихшы мамандар бірнеше онжылдық бойы осындай қызықты болжамдарын жұртшылыққа айтып келеді: түрлі пайымға қатысты әртүрлі комбинациялар мен тапқыр аргументтер жетіп артылады, ал түрлі көзқарас иелері басылымдарда оппоненттерінің жорамалын өзгеше түрде мысқылдаудан тартынбайды.
Жанама түрде болса да дау туғызып, пікірталас тудыру — «Соңғы кешке» тән сипат. Кеше ғана Париждегі Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты кезінде оған жасалған ишараның қандай жанжал туғызғанын еске түсірсек жеткілікті.