Таңғажайып мола гобелендері

Отарлаудың себебінен пайда болған өнердің жаңа түрі

Диоскоро Пуэбла. "Колумбтың Америкаға қонуы". 1862 жылғы сурет / Library of Congress

Испан отары өнердің жаңа түрі — таңғажайып гобелендердің пайда болуына қалай себеп болған?

Куна (туле, тельмалтола) деген халық Оңтүстік Америкадағы майя, инк, ацтек мәдениетіне сайма-сай аса жоғары дамыған өркениеттердің бірі чибча тайпасының ұрпақтары. Чибча мәдениетінің шырқау шыңы 12–16 ғасырларға тура келді, ол кезде чибча халқының саны миллион адамнан кем болмайтын. Олар дарынды зергерлер мен металлургтер болатын, ал жерлері Шығыс Кордильердің биік таулы үстіртінен Ориноко саласына дейін 25 мың шаршы километрге созылып жататын. Испандардың жаулап алуы чибча патшалығының түбіне жетті; олардың ұрпақтары куна үндістерінің саны қазір 50 мың адамға жуық. Олар Колумбия мен Панама аумағын мекен етеді. Куналар қарапайым өмір кешеді, олардың ата-бабаларының керемет өркениетінің жұрнағы алтын әшекейлерді, керек-жарақтар мен мүсіндемелерді қазір тек мұражайлардан ғана көре аласыз. Есесіне куна үндістері бір жаңа нәрсені ойлап тауып, кемеліне жеткізе шыңдаған. Бұл ештеңеге ұқсамайтын мола гобелендері.

Панамалық қолдан жасалған мола / Getty Images

Панамалық қолдан жасалған мола / Getty Images

Куна үндістерінің күнделікті тұрмысында әйел көйлегі тек олардың мәдениетіне еуропалық өмір салты және жаңа өмірдің өркениеттік талаптары енгеннен кейін ғана пайда болды. Үндіс әйелдерінің иығы мен төсі жалаңаш, оларды тек түрлі түсті бояулармен салынған өрнектер ғана жауып тұратын. Бұл өрнектер әйелді және оның отбасы мүшелерін жын-шайтан мен сан алуан пәле-жаладан қорғауға тиіс болатын. Бірақ бұл жайт миссионерлерді қатты қапаландыратын да, олар үндіс әйелдерінің инабатты кейіпте жүруін табанды түрде талап ететін. Куна әйелдері ақыр соңында осы бір түсініксіз талаптарға мойынсұнып, еуропалық мәнерде көйлек киетін болды, оның тіпті іш тартқышы да болатын. Осы жаңа киімнің бәрі «мола» деген көне сөзбен атала бастады, ол куна тілінде «жейде», «жамылғы» дегенді білдіреді. Бірақ бұл орайда индей әйелдері өздерінің сұлулық пен ақылға қонымдылық туралы түсінігіне сәйкес еуропалық киім-кешекті түрлендіре бастады. Бұрын жалаңаш тәнге түсірілген тұмар-суреттер қисынды түрде матаға көшірілді, содан кейін жай суреттен бастырмаға айналды. Бұл 19 ғасырдың екінші жартысында орын алды. Бастапқыда өрнектер киімді әрлейтін элементтер, іш тартқышқа салынған кесте мен бастырма болатын, бірақ уақыт ете келе «мола» әдісі дербес қолөнерге айналды. Қазір бұл әдіспен шеберлер төсек жапқыштар да, басқа кез келген сәндік мата да, соның ішінде қабырғаға ілетін панно-картиналар да жасайды.

Мола гобелендерінің көшеде сатылуы. Сатушы қыздар осы әдіс бойынша жасалған іш тартқыштар киген. Алғаш қарағанда, бұл кесте сияқты болып көрінуі мүмкін. Бірақ олай емес. Үңіліп қарасақ, мұның кері бастырма деп аталатын әдіспен жасалған соншалықты күрделі, үш өлшемді құрылма екенін көреміз. Әр гобелен түрлі түсті мақта матаның бірнеше (әдетте екеуден жетеуге дейін) қабатынан құралады. Үстіңгі қабатында шағын саңылаулар жасалады, олардан келесі қабат көрініп тұрады, оның астында келесі қабат, сөйтіп жалғаса береді. Қабат неғұрлым төменірек болған сайын саңылаулар соғұрлым кішірек болады. Саңылаулардың жиегі қайырылып, жапсырып тігіледі де, бүкіл құрылма мыңдаған ұсақ тігістермен құрастырылады. Көркемдік әсері әлдеқайда күштірек болуы үшін осы көп қабатты бастырманың үстінен қосымша кесте жасауға болады.

Гобелендегі үкі дизайны / Getty Images

Гобелендегі үкі дизайны / Getty Images

Тіпті ең қарапайым моланың өзі ондаған сағат бойы тірнектеп еңбектенуді талап етеді, ал ең бір күрделі гобелендерді жасау бірнеше айға созылуы мүмкін. Олардың бағасы да тиісінше әртүрлі болады. Өрнегі күрделі емес ең қарапайым гобелендер әдетте екі қабат матадан құралады, екі аптаның ішінде жасалады және олар едәуір кең таралған. Бірегей әрі шынында да күрделі бастырмасы бар, төрт және одан да көп қабаттан құралатын гобелендер сирек кездеседі және әлдеқайда қымбат тұрады. Олардың бағасына сапасы да ықпал етеді ең қымбат молалардың тігістерінің кішкене болатыны сонша, мүлде байқалмайды деуге де болады Өнерлі әрі еңбекқор шебер әйел тек гобелендермен айналыса жүріп, тәп-тәуір табыс табады деп айтуға болар еді. Алайда оның жұмысы тіпті де жеңіл емес.

Мола гобелендерінде тек едәуір қарапайы геометриялық қана емес, сонымен қатар өсімдік пен қиял-ғажайып сарындағы күрделі ою-өрнек те бейнеленеуі мүмкін. Гобелендердің күрделі ұйымдастырылған әрі жарқын өзгеше кеңістігінде өзара қиюласқан қитұрқы балықтарды, тасбақаларды, құстарды көруге болады. Бастырмалардың түстері әрқашан бір-біріне қарама-қарсы болып келеді, композициясы әдетте дәл өлшенген, ал тақырыптық желісі шексіз өзгере береді.

Куна қызы түрлі-түсті молаларды көрсетіп тұр / Getty Images

Куна қызы түрлі-түсті молаларды көрсетіп тұр / Getty Images

Мола гобелендерінің кең таралуына француз этнографы әрі антропологы Мишель Перреннің ықпалы көп. Ол куна үндістері өнерін зерттеп, «Куна картиналары: мола, америкалық өнер» (Tableaux kuna — les molas, un art d'amerique) атты кітабын жазды. Қазір мола гобелендерін көше базарларынан, мысалы, Сан-Блас аралдарындағы базарлардан ғана емес, сонымен қатар бүкіл дүние жүзіндегі кейбір жекеменшік коллекциялар мен мұражайлардан да көруге болады.

Дегенмен де Панама мен Колумбияда тіпті тәп-тәуір мола гобелендерін әлі де мейрамханада ішетін бір-екі астың құнына сатып алуға болады: бұл кәсіпшілік шаруа әйелдердің және халықтың ең жарлы топтарынан шыққан әйелдердің арасында кең тараған, ал олар өз еңбегін аса жоғары бағаламайды. Бүгінгі таңда тоқымашылардың көпшілігі — жасы келген қартамыс әйелдер. Бойжеткендер мола гобелендерін тоқудың келешегіне аса сене қоймайды да, әжелерінің өнерін үйреніп алуға ұмтылмайды, сондықтан мола гобеленін тоқу кәсібінен жақын арадағы онжылдықтарда біртіндеп жоғалып кету қаупі төніп тұр.

Екатерина Савушкина

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы