Қызғылт сары қатер

Шаттық, әулиелік, қауіп-қатер мен түрме мәніне саятын түс

Будда монахтары ват-Фра-Даммакаядағы Весак күнін тойлау кезінде медитация жасап отыр. Весак Күні немесе Висаха Буча Күні-нирвананың тууы мен ағартылуын және буддистердің сенімі бойынша Будданың өлімін еске алатын күн/Peerapon Boonyakiat/Getty Images

Ұлы Жібек жолы арқылы Үндістан мен Қытайдан келген түрі әдемі, дәмді әрі хош иісті жемістермен бірге осы қызғылт сары түс те келді. Айталық, араб саудагерлері бұл жемісті nāranj (бұл — «хош иісті» деген мәндегі дравидиялық сөз) деп атаған, кейін италиялықтар оны naranza, arancio және narancia деп, өз тіліне бейімдеп алды. Міне, осылай әлемнің бірнеше тіліне orange сөзі енген. Дегенмен орыстар бұл жемісті «қытай алмасы» немесе апельсин деп атайды. Ал «апельсин» — орыс тіліне енген голланд тіліндегі appelsien сөзі. Бірақ орыстар бұл түсті «оранжевый» деп сипаттайды.

Мазмұн

Бұл ашық пигмент адамзатқа ежелден бері белгілі болғанымен, оның атауы Еуропада тек 16 ғасырда ғана пайда болды. Бұған дейін тек қызғылт сары немесе сарғыш қызыл деп аталатын. Қазақ тілінде бұл бояу «қызғылт сары түс» болып қалды. Қазіргі кезде «апельсин түсі» деп те қолданылып жүр.

Апельсин ағашы/Shutterstock

Жирен түсті өлім

Қызғылт сары — жалынның түсі. Ол ежелгі заманда алаулаған оттай қатерлі болған. Олай дейтін себебіміз, кезінде Рим империясында суретшілер осы бояуды шығару үшін аурипигмент, сары мышьяк қоспасын, аса сақтықты талап ететін улы минералды пайдаланған. Өкінішке қарай, суретшілердің бұл әрекеті сәтсіз болып, дүркін-дүркін уланып, ақыры, ажал құшқан. Иә, қатерлі екен рас, бірақ құнарлылық құдайы Помонаны немесе оның жұбайын, жыл мезгілдерінің тәңірісі Вертумнды олар үшін дәстүрлі қызғылт сары киімсіз қалай бейнелеуге болады?

Питер Пауль Рубенс «Ветурмен және Помона», шамамен 1617-1619, жеке коллекция/Wikimedia Commons

Реальгар — құрамында мышьяк көп болатын минералдардың бірі, ол арқылы қызғылт сары пигментті шығаруға болады. Ежелгі мысырлықтар да қабырғаға сурет салу үшін осыны пайдаланған, бірақ қалған өңірлерде ол көбінесе улы химикат ретінде қолданылған (мысалы, кеміргіштерді улаған), ал былғары өндіру өнеркәсібінде теріні реальгармен өңдеген екен.

Макро-минералды тас немесе Аурипигмент/Shutterstock

Руханияттағы қызғылт сары түс

Егер суретшілер өз туындылары ғасырлар бойы аман сақталғанын қаласа, улы заттарды пайдалануға мәжбүр болды, ал мата бояушылары әлдеқайда төзімі кем бояуларды қанағат тұтты. Шығыста киімдер көбінесе сарыдан қоңырға дейін, оның ішінде, әрине, қызғылт сарыға дейінгі түстердің тұтас спектрін шығаратын хош иісті запырангүлмен (шафран) боялған. Сондықтан будда және индус монахтарының дәстүрлі киімі кашая қызғылт сарғы түсті болды. Әрине, шафранмен боялғандықтан бояуы тез оңып кететіні түсінікті, бірақ Үндістан мен Қытайдағы шафран соншалықты қымбат болмаған, іздегенге оңай табылатын еді. Сонымен қатар, апельсин бояуын сол жерлерде жиі кездесетін астық ағашының өзегінен және жылы әрі ылғалды климатта оңай өсетін мақсары (сафлор) гүлінен жасауға болады.

Шыныдығы шафран, шикі шафран кесектерімен/Kesar/Shutterstock

Гаутама Будданың өзіне қызғылт сары лыпа кию дәстүрі туралы аңыз бар. Аңызда Ханзада Сиддхарта Гаутама барлық патшаға тән артықшылықтардан бас тартып, аскетизмге беріліп, киімі әбден тозып, үстінен түсіп қалғанша киген. Содан кейін ол жерлеу рәсімдері өтетін жерлерге барып, сол жерде жоралғыға арналған маталардың қалдық-қиындыларын алған. Материалды кремацияланған тәннің иісінен тазарту үшін оны хош иісті шафран қосылған суға малып, оны қызғылт сары түске бояған-мыс. Сондықтан Гаутама әдетте қызғылт сары түсті мәлміреген мантия киген күйінде бейнеленген.

Будда оянғаннан кейін өзінің бұрынғы шәкірттері үшін төрт асыл шындық туралы Варанаси баяндамасын айтып отыр. Таиландтағы Чианг-Май маңындағы Уат Чеди Лием/Wat Chedi Liem near Chiang Mai in Thailand/Wikimedia Commons

Осылайша, буддизмде ашық әрі мерекелік қызғылт сары түстің қарапайымдық, қанағатшылдық, дүниелік игіліктерден бас тарту және рухани дамуға берілу мәні арта түсті. Діни буддистер кашаяның түсі көзге ұрып тұратындай ашық болмауын жөн көреді, бірақ шафранмен және басқа да өсімдік бояуларымен боялған маталар күн сәулесінің әсерінен жылдап оңып, өңі тез таяды, сөйтіп, монахтардың киімдері онсыз да қарапайым болып көрінеді.

Мінәжат етіп отырған монах/Getty Images

Қызғылт сары түстің саясаттағы символы

Егер Шығыста қызғылт сары буддизмнің, индуизмнің және кришнаизмнің түсі болса, Батыста ол тағы бір протестантизм дінінің символына айналды. Бұл шамамен француз Провансының орнындағы Орания (Оранж) княздігінің протестанттық билеушілерінің құрметіне қатысты. Осы жерде «Неге Оранж деп аталды?» деген заңды сұрақ туындайды. Бұл князьдік 12 ғасырдан бері белгілі (және Қасиетті Рим империясының феоды ретінде әлдеқайда ертерек пайда болған), яғни «оранж» сөзі еуропалық тілдерде пайда болғанынан төрт ғасыр бұрын. Сонда бұл атау қайдан шықты екен? Осы жерлерде орналасқан Рим-кельт қонысы б.з. д. 36 немесе 35 жылдары құрылды және бастапқыда кельт су құдайының құрметіне Араузион деп аталды. Тіл өзгерді, дыбысталуы да өзгеріске ұшырайды, міне, осыдан 16 ғасырда «Орания» атауы «оранж» сөзімен ұқсас болды, сондықтан қызғылт сары түс Оранж-Нассау үйінің символы ретінде қабылданды.

«1544 жылы «Орания ханзадасы» атағы III Вильгельм берілді. Ол голландтарды испандықтардың үстемдігіне қарсы көтеріліске бастап шықты және Голландияның тәуелсіздігін қайтарды. Бұл 1688 жылы Англияға Католикке қарсы шабуылдан кейін, «Даңқты революция» деп те аталады, Ораниялық III Вильгельм Англия, Шотландия және Ирландия королі болып сайланды.

Ян Вик. «Уильям III-тің Бриксемге келуі, Торбей, 5 қараша 1688 ж/Royal Museums of Greewich/Wikimedia Commons

Бір жылдан кейін «Билли патша» Ирландиядағы Бойн өзеніндегі шайқаста II Джеймсті жеңді, онда кемінде 2000 сарбаз қаза тауып, 50 000 адам жараланды. Шайқастан кейін ирландиялық протестанттардың үстемдігі тағы үш жүз жыл күшінде болды, ал ирландиялық католиктердің қуаты қайтты. Протестанттық патшаны жеңген король III Вильгельмнің құрметіне ирландиялық роялистер қызғылт сары түсті жеңіс символы ретінде жариялады. Өздерін протестанттық монархияға адалдығын көрсету үшін олар «Қызғылт сары орден» деген ұйым құрды. Олардың қарсыластары ресми түс ретінде жасыл түсті жалау еткен католиктік республикашылар еді. 1922 жылы Ирландияның бір бөлігінің тәуелсіздігі, ақыры, бекітілді. Жаңа Ту үш түстен тұрды: бір жағында гэль жасылы, екінші жағында роялистік қызғылт сары және ортасында бейбітшіліктің символы ретінде ақ түс болды», – деп жазды Гевин Эванс «Түстер тарихы. Бояулар біздің әлемді қалай өзгертті?» деген еңбегінде.

Нидерланды туындағы қызғылт сары түс ұзақ әлдеқашан тұрақты және ашық қызылға ауыстырылғанымен, әлі күнге дейін Нидерландының ұлттық түсі — қызғылт сары. Қазір оны кейде «ұлт бірлестігінің түсі» деп те атайды. Голландияда жыл сайын 27 сәуірде Король күні тойланады, бұл мерекеде көшелер қызғылт сары киім киген адамдарға толады.

Голландияның ескі туы көк жолақтары бар ақшыл қызғылт болғандықтан, қызғылт сары түс Нидерландының бұрынғы колонияларының жалауларында ұзақ уақыт көрініс тапты. Осы күнге дейін Нью-Йорк туында қызғылт сары жолақ қалды, оны голландтар Жаңа Амстердам деп, ал біраз уақыт тіпті Жаңа Оранж деп те аталды.

Қызғылт сары түс тек Нидерланды мен Ирландияда ғана емес, олардан алыс жатқан Украинада да саяси маңызы болды. 2004 жылғы «Қызғылт сары революция» аталған президенттік сайлаудың нәтижелерін бұрмалауға қарсы митингілер мен жаппай наразылық толқыны жаһан жадында.

Украинадағы қызғылт сары революцияға арнап жасалған пошта маркасы/Wikimedia Commons

Қызғылт сары қатер

Табиғатта қызғылт сары — ескерту түсі. Құстар қызғылт сары жәндіктерге жоламайды, өйткені олар улы немесе жеуге жарамсыз болуы мүмкін. Айта кетейік, қоршаған ортада зиянкестерге ұқсас жәндіктер саны еселеп әрі қарқынды өскен, олар улы емес, дәмді және қоректік бола отырып, ашық қызғылт сары түсімен әсемденіп, көзді арбап жүруі мүмкін.

Адамдар да қауіп-қатердің алдын алу үшін алыстан жарқырап көрінетін қызғылт сары түсті пайдаланады. Жол жұмысшылары жүргізушілер дер кезінде байқауы үшін, ақырын жүруге немесе жұмыс жүріп жатқан жерді айналып өту керегін бірден түсіндіретін қызғылт сары жилет киюі бекер емес. АҚШ Әскери-теңіз күштері Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде теңізшілердің үрлемелі құтқару кеудешелерін алғаш рет қызғылт сары түсті етіп жасады. Америкалық пенитенциарлық мекемелердегі тұтқындардың қызғылт сары киімдері де көзге бірден түседі, сондықтан қашып кеткен жағдайда оларды кез келген жерден табу өте оңай, сондай-ақ қызғыл сарғы костюммен қала тұрғындарының арасында еніп кетіп, еленбей қалуы мүмкін емес. Робтың қызғылт сары түсі АҚШ-та 20 ғасырдың 70-жылдарында қабылданды, бастапқыда олар тек қауіпті тұтқындарды тасымалдау кезінде киілді, бірақ кейінірек бұл тәжірибе сотталғандардың барлық санаттарына таралды. Бірнеше жыл бұрын түсірілген әйелдер түрмесі туралы танымал сериал Neange Is the New Black, «Қызғылт сары — жаңа қара» (тағы бір нұсқасы: «қызғылт сары — маусымның хиті») деп бекер айтылмаған — АҚШ-тағы бұл түс бас бостандығынан айыру орындарымен тығыз байланысты болды және қарапайым киімдерді безендіру үшін сирек қолданыла бастады.

«Orange Is the New Black» телехикаясының постері/Ашық дереккөздерден

Өнердегі қызғылт сары

1797 жылы әйгілі француз химигі Луи Воклен крокоит минералын тапты, нәтижесінде 1809 жылы синтетикалық хром апельсин пигменті пайда болды, содан кейін басқа да кадмий сульфиді мен кадмий селенитінен жасалған кобальт қызыл, кобальт сары және кобальт қызғылт сары секілді синтетикалық пигменттер табылды. Сондықтан қызғылт сары түс суретшілер үшін өлім қаупін тоқтатты және бірден тым танымал болды.

Қызғылт сары суретшілер палитрасында аса қажетті түстердің біріне айналады, онсыз күзгі пейзажды да, күннің батуының нәзік реңктерін де, жарқыраған жалынды да бейнелеу мүмкін емес. Моне, Гоген, Ренуар және Тулуз-Лотрек сияқты импрессионистер мен постимпрессионистер бұл түске үлкен мән берді, ал Винсент ван Гогтың сүйікті тәсілдерінің бірі — қызғылт сары және көк және күлгін түстердің әртүрлі реңктерді араластырып контраст жасау.

Винсент Ван Гог. Күнбағыс. 1887 /Alamy

Қызғылт сары адамдар

Ван Гогтың шашы — қызылдың ерекше реңкі жирен екенін білеміз. Мүмкін, жирен түс бізге неандертальдықтардан келген шығар. Палеонтологтардың зерттеуіне сәйкес, олардың арасында жирен шаштылар өте көп болған. Еуропада жирен шашты адамдар бір пайыздан аспайды. Жирен шаштылар Ұлыбританияда көптеп кездеседі — халықтың 4%-ы, Шотландияда — 7%-ы, Ирландияда – 10%-ы. Әлемнің басқа аймақтарында да қызғылт сары шашты адамдар бар. Мәселен, Ресей Удмуртиясында, Қытайда және басқа Азия елдерінде кездеседі.

Әрине, солтүстікте жирен шаштыларға өмір сүруі жеңілірек, яғни бұл шаш түсі әдетте бозғылт теріге және ультракүлгін сәулелерге сезімталдықтың жоғарылауына байланысты солтүстікте бұл артықшылық саналады, өйткені жирен шаштыларға жарық жетіспеген кезде витамин тапшылығын оңалту оңайырақ. Бірақ ыстық аймақтарда қуқыл тері өңі — өмір сүруге кедергі келтіретін қатерлі кемшілік. Алайда, кейбір халықтар, мысалы, полинезиялықтардың жолы болды. Олар қараңғыға, артық жарыққа терісі төзімді жирен шашты балаларды дүниеге әкеледі. Полинезияда жирен шаш асыл тұқымның белгісі болып саналады.

Ирландиядағы жирен шаштылар фестивалінде таңдап алынған жиреншашты король мен патшайым. 2015 жыл, 22 тамыз/Getty Images

Біз жирен шашты бірнеше тұлғаларды білеміз, атап айтсақ, аты аңызға айналған викинг-жаулаушы Эрик Рыжиден бастап мейірім шырақшысы Флоренс Найтингейлге дейін, бірақ жирен шаштылар өзге ерекше адамдар секілді ашушаң, қызба, қауіпті, тіпті қылмысқа бейім деп есептеліп, әрдайым мазаққа қалады (Шерлок Холмс — «Жирен шаштылар одағын» еске түсіріңіз).

Әрине, шаш реңінің мінез-құлыққа қатысы жоқ, ал жирен шаштыларды қудалау ең қарапайым қызғаныштан деп түсіндірілуі мүмкін. Өйткені, жирен шаш әдемі көрінеді және бұл қарапайым шындықты әйелдер бұрыннан білген, олар қазіргі заманғы шаш бояғыштары пайда болғанға дейін, қындан қызыл стрептоцидке дейін әртүрлі құралдармен қалаған түске қол жеткізуге тырысты.

Балалар "Сәбіз ату" ойынын ойнауда. Жирен шаштылар фестивалі. Корк, Ирландия. 2015 жыл, 22 тамыз/Clodagh Kilcoyne/Getty Images

Қызғылт сары — жылдың хиті

Америкалық Pantone түстер институты 2024 жылдың ең сұлу түсі деп қызғылт сарының «шабдалы мамығы» атты реңкін жариялады. Сарапшылардың бұл шешімінің мәнісі бар. Себебі бұл реңк — әлем аңсаған бейбітшілік пен тыныштықтың түсі.

2024 жылдың түсі - «Мамық шабдалы»/Pantone.com

Әдебиеттер:

1. Гевин Эванс. История цвета. — М.: ЭКСМО, 2018.

2. Похлебкин В. В. Шафран // Все о пряностях. — М.: Пищевая промышленность, 1973.

3. Жизнь Будды, индийского Учителя Жизни. Пять лекций по буддизму. — Самара: ИД «Агни», 1998.

4. Орания // Энциклопедический словарь Брокгауза и Ефрона: в 86 т. (82 т. и 4 доп.). — СПб., 1890–1907

5. Ивенс Р.-М. Введение в теорию цвета, пер. с англ., с илл. — М.: «Мир», 1965.

6. Gage, John. La Couleur dans l'art. — Thames & Hudson, 2009.

7. Погребинский М.Б. «Оранжевая революция». Украинская версия. — М.: «Европа», 2005.

Юлия Боровинская

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы

Көшірілді