Каттақорғондық Жақып

Түркістандағы ең әйгілі жолбасшы

«Мың рет естігеннен бір рет көрген артық» деген халықтың ерекше тағылымы бар. Сол себепті Qalam түрлі дәуірден бізге кеп жеткен деректі фотосуреттердің тарихынан сыр шертетін жаңа айдар қосты.

Атақты химик, өнертапқыш Сергей Прокудин-Горскийдің (1863–1944) фотосуреттерін бүкіл әлем біледі. Оның Орталық Азияда саяхаттап жүріп түсірген еңбектері жергілікті қазақтардың, өзбектердің, тәжіктердің, қырғыздардың және басқа халықтардың жүздеген портретінен тұратын таңғажайып топтамаға айналды. Фотосуреттердің көбінде қарапайым адамдардың бейнесі бар. Өкінішке қарай, олардың нақты кім екенін білмейміз — альбомда автордың қолынан басқа дерек жоқ. Бірақ Прокудин-Горскийдің суреттерінде бір адам басқаларға қарағанда жиі ұшырасады. Кемі төрт рет.

Бұл адамның аты — Жақып. Ол Прокудиннің 1906–1907 жылдары Түркістан өлкесіне жасаған сапарында жолбасшы болған екен (ғалым Тянь-Шань тауларында күн тұтылуын түсіріп алғысы келіпті). Жақып Орталық Азиядағы түрлі зерттеуші жүргізген экспедицияларға қатысып, кәсіби жолбасшы және тілмәш қызметін атқарған. Дегенмен ол жайлы егжей-тегжейлі ақпарат аз.

Жақыппен белгілі украин ботанигі В.И. Липский де жұмыс істепті. Ғалым жолсерігінің шыққан тегін парсы, дінін шиит деп сипаттайды. Оның сөзінше, Жақып парсы тілін білмеген, «сартша» сөйлеген. Жақыптың әкесі Қаттақорғандаiқазір Самарқан облысындағы қалаәлдебір бастық болған сыңайлы және 1868 жылы орыс әскері келгенде, отбасын ертіп, бұл мекеннен қашыпты. Кейінірек Қаттақорғанға оралған олар өртеніп кеткен үйінің орнын ғана сипап қалады. Сірә, осы себепті болса керек, отбасы Боғишамал (бұл да Самарқан облысында) қыстағына көшіп барады. Жақып осында ержетіп, кейінірек орыс әскерінің офицері, этнограф Лев Барщевскиймен танысады. Жолбасшы ретіндегі еңбек жолы сол кезде басталады.

Жақып жол көрсетіп, жергілікті тұрғындармен түсінісуге көмектесіп қана қоймай, лагерь құрумен, тамақ әзірлеумен, көлік табумен де, сонымен қатар өзі тамаша меңгеріп алған ғылыми аспаптарды қоюмен де айналысыпты. Осы еңбегінің еленуі ретінде ол 1897 жылы Петербургта «За усердие» (Ынта-жігері үшін) медалін алады. Бірінші суретте Жақып осы медальмен тұр.

Прокудин-Горскийдің экспедициясы кезінде Жақып ауырып қалып, айтарлықтай көмектесе алмаған екен. Ғалым жолсапарында осыны айтып, шағымданады. Ал 1910 жылы Жақып суретші, фотограф Борис Ромбергтің тағы бір суретінде пайда болады. Өкінішке қарай, одан кейінгі тағдыры белгісіз.

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы

Көшірілді