Самарқандағы сарт мектебі

Қарама-қайшылыққа толы халық хақында

«Мың рет естігеннен бір рет көрген артық» деген халықтың ерекше тағылымы бар. Сол себепті Qalam түрлі дәуірден бізге кеп жеткен деректі фотосуреттердің тарихынан сыр шертетін жаңа айдар қосты. Бүгінгі бөлімде сарт оқушыларының фотосуреттерін ұсынып отырмыз.

Жақында біз танымал ағылшын саяхатшысы Аннет Микиннің Түркістан өлкесіне жасаған саяхаты жайлы жазғанынан үзінді жариялаған едік. Онда саяхатшы қырғыздар мен сарттардың дәстүрін, әдет-ғұрпын, тұрмысын егжей-тегжей сипаттай келе екі халықтың айырмашылығы туралы ойын ортаға салады. Тек бұл ретте «сарт» атауының Орталық Азиядағы ең бір қайшылыққа толы этнонимдер қатарында екенін айта кету керек. «Сарт» түрлі уақытта түрлі жерде түрліше мағына білдірді: бір аймақта тұрғындар өзін осылайша таныстырса, енді бір өңірде белгілі бір қауымға сырттан тағылған атауға айналды, тіпті қорлау не мазақтау үшін қолданылатын сөз де болды. Дегенмен бір нәрсе анық: Орталық Азиядағы отырықшы жұрттың белгілі бір бөлігі «сарт» деп қабылданды. Сондықтан Микиннің кітабындағы қырғыз бен сартты салыстыру — екі халықтың шығу тегінен гөрі олардың өмір салтына қатысты дүние.

1 / 2

Тарихқа зер салсақ, орта ғасырлардағы түркі жазбаларында «сарт» атауының адамның ұлт пен тіл тұрғысынан алғандағы шығу тегін емес, көпестерді білдіргенін көреміз. Моңғолдар сарт (сартауыл) деп ә дегенде тәжіктерді, артынша аймақтағы барлық мұсылманды атап кеткен. Уақыт өте келе бұл сөз Түркістанның — ирантілдес болсын, түркітілдес болсын — жалпы отырықшы халқына таңылып кетті. Кей жерде түркіленіп кеткен отырықшы жұртқа қатысты қолданылды. Сондай-ақ белгілі бір жағдайларда көшпелілер (қазақтар, қырғыздар) осы отырықшылар туралы айтқанда, кемсітетін атау ретінде пайдаланды.

19 ғасырдың соңында Ресей империясы сарттарға тән ортақ сипатты тіл және оны формалды түрде енгізу арқылы қалыптастыру әрекетін жасады: сарт мектептері ашылды, кітаптар мен газеттер жарық көрді. Алайда патша саясаты қанша тырысқанымен, сарттардың этникалық және лингвистикалық әркелкілігі бұл жобаны сәтсіздікке ұшыратты. Кеңестік кезеңдегі «ұлттық межелеу» барысында «сарттардың» — белгілі бір ұлт не этнографиялық топ емес, тұрмыс салты ұқсас қауым ғана екені анық белгілі болды.

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы