Ар

Юрий Сапрыкиннің философ Питер Бири жазған "Өмірлік таңдау" кітабы туралы ойлары

"Уолл-стрит қасқыры" фильмінен көрініс. 2013 жыл/Alamy

Жазушы һәм көсемсөзші Юрий Сапрыкин екі аптада бір рет бізді қоршаған әлемді түсіну үшін маңызды бір сөзді таңдап, оның шынайы мәнінің реңкін талдайды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын менің бір танысым жақсы редакциядан қуылды. Қалайша қуылды? Келісімшарт ұзартылмады: қазіргі күнде еңбек қатынастарын еш себепсіз тоқтатуға мүмкіндік беретін осындай ыңғайлы тәртіп бар. Танысым редакцияда көп жыл істеп, абырой, бедел жинап, бар күшін осы іске жұмсады, бірақ басшылық беймәлім бір себептермен бұл қызметке басқа кісі лайық деп шешті. Танысыма ештеңе түсіндірмей, алғыс білдірмей, әріптестерімен қоштасуға мұрсат бермей — жай ғана заттарын жинап, жұмыс орнын босатуды сұрады.

Ресми түрде жұмыс берушілер осылай істеуге әбден құқылы, олардың тұрғысынан қарасақ, бұл өте ыңғайлы рәсім: барынша аз күш салып нәтиже алуға болады. Бірақ танысым кейіндері өзінің сол шақта басынан қатты соққы алып құлағандай сезінгенін айтып отыратын. Сондағы мәселе сүйікті жұмысынан шеттетілу немесе тіршілікке қажетті қаржыдан айрылуда емес еді — басты соққы бұл шараның техникалық суыққандылықпен атқарылғандығы. Олар танысыма мұның не үшін қажет екенін түсіндіруге де тырыспады. Бұл редакцияға қыруар күш-жігер, ынта, адалдық, білім және басқа да нәрселер жұмсалып, күш салғандығын ешкім елемеді, бұл — өмірдің зор әрі маңызды бөлігі еді. Оған адам ретінде емес, бір шерткенде тақтадан түскен шахмат фигурасы не бір зат ретінде қарады. Олар оған айғайламады, дөрекі сөйлемеді, оны қорламады, бірақ бұл оның адамдық қадір-қасиетіне, арына аса қатты соққы болды, бұл — айғайдан немесе тіпті оң хуктан да ауыр тиюі мүмкін.

Ар — бұл біздің ішкі «Менді» ұстап тұратын және оның ыдырауы мен құлдырауына жол бермейтін қаңқа

Ар дегеніміз не, мұндай сәттерде оған не болады және оны соққыдан қалай қорғауға болады? Бұл туралы швейцариялық философ Питер Бири өзінің «Өмір таңдауы» кітабында талқылайды. (Петер Бири «Жизненный выбор». СПб.: издательство Ивана Лимбаха, 2018).

Бұл кітаптың жөнін түсіндіру, ардың анықтамасын беру сияқты оңай дүние емес: бұл аздап философиялық трактат, аздап кеңейтілген эссе, белгілі деңгейдегі рөлдік ойын, ұшқыштар жаттығатын авиасимулятор іспетті. Мұнда абстрактылы категориялардың орнына өмірден мысалдар, Кантқа жүгіну психотерапияға жүгінгеннен гөрі сирек кездеседі, зерттеу материалы ретінде, атап айтқанда, Артур Миллердің «Сатушының өлімі» пьесасы және Клод Сотенің «Макс және қаңылтыршылар» фильмі пайдаланылады. Философиялық энциклопедияда ар туралы не жазылса да, ардың аяқ асты болуын бәріміз жақсы сезінеміз, ал оған ештеңе қауіп төндірмегенде — Бири осы жағдайлардың жалпы заңдылықтарын табуға тырысып, олардан каталог сияқты нәрсені құрастырады. Ал бұл жай ғана абстрактілі ақыл ойыны емес; Бири бойынша, зерттеу тақырыбының маңызы зор: ар — бұл біздің ішкі «Менді» ұстап тұратын және оның ыдырауы мен құлдырауына жол бермейтін қаңқа. Бұл бекіткіштің беріктігі, біз өмірімізді қалай өткізіп жатқанымызға әсер етеді.

Петер Биридің "Өмірлік таңдау" кітабы / Ашық дереккөзден алынған

Петер Биридің "Өмірлік таңдау" кітабы / Ашық дереккөзден алынған

Бири тағы бірнеше көрнекі бейнелерді ұсынады: ар — сырық тәрізді нәрсе, оның көмегімен даршы тепе-теңдікті сақтайды (сәл оңға еңкейсе, құлайды, құриды) немесе бұл бекініс қабырғалары, ішкі тұтастықты әртүрлі қауіптерден қорғайтын сауыт. Ар агенттілік пен субъектілік ұғымдары тұрғысынан бұл менің таңдау жасауда еркін болуыма, мен үшін ненің маңызды екенін анықтай алуыма, мен үшін маңызды құндылықтарға сүйене алатыныма байланысты. Дәл бұл жерде Бири Кантқа жақындайды: екеуі үшін де адам — тіпті «ішіміздегі адамгершілік заң» және басқа категориялық императивтер болған жағдайда да, ең алдымен, өзі үшін заңдарды белгілейтін автономды субъект; өзіңізге өзіңіз қожайын екеніңізді және «болашақ сізге байланысты» екенін түсіну ішкі тепе-теңдік үшін маңызы орасан зор.

Бірақ ардың жағдайы «Анна Каренинадағы» отбасылардағыдай: бақытты отбасы біткен бір-біріне ұқсас та, әрбір бақытсыз отбасы өзінше бақытсыз, ал мінсіз күй іс жүзінде қолжетімсіз. Бізді елемейді, ескермейді, бізге жеткілікті құрмет көрсетілмейді, ал бұл бәленің басы ғана. Бізге кейде өзімізге қымбат нәрседен безуге, өзімізді жиіркендіретін нәрселерді жасауға немесе ойымыздан өз еркімізбен бас тартуға, партиялық бағытты ұстануға немесе жалпы қабылданған пікірлерге қосылуға тура келеді. Адамдар өздерінің арын тіпті байқамай таптайды, өйткені «бұл тиімді» немесе «солай болуға тиіс»: «Біреу Холокост туралы арзан фильмдер арқылы байлық жасап жатыр. Арзанқолды баспасөзге үнемі шабуыл жасайтын біреу кенеттен жарнамалай бастайды. Нәсілшілдікке қарсы үнемі күресіп келген біреу кенеттен апартеидті қолдайтын саясаткердің спикері бола қалады... Бұл жағдайда өз-өзіне деген құрмет жоғалатыны анық емес пе? Объективті түрде дәл солай емес пе?». Бұл ойдан шығарылған рейтингтің ең түбінде өз күшіне масаттанып, адамның түгін қалдырмай, демонстративті түрде қорлау жатқан шығар.

Мұны кімнің істеп жатқаны, тоталитарлық үкіметтің бе немесе көшедегі бұзақының ба, маңызды емес: қандай масштаб пен себептер болса да, оған төзу айтарлықтай қиын, бұзақы немесе тиран қаншалықты масайрағанымен, оның өзі де адами келбетін сол сәтте жоғалтады. Бири бұл мысал үшін тосын бейне табады: «Ельцин бір кездегі күшті Горбачевті ел алдында масқаралады, оны ол ешқашан көрмеген мәтінді оқуға мәжбүр етті... Жиіркенішті ғой, адам өзінің моральдық қадір-қасиетін қорлаумен айналысады». Егер осы жағдайлардың барлығынан бір түйін жасасақ, біз қайтадан Канттың тұжырымына келеміз, яғни адам мақсат ретінде емес, құрал ретінде пайдаланылады немесе адамды бос орын ретінде көреді. Әйтпесе, оны толығымен аяқ асты қылады. Қанша үйреншікті естілсе де, адамды адам ретінде көрмегенде ар-намысқа қауіп төнеді.

Дамдар өздерінің арын тіпті байқамай таптайды, өйткені «бұл тиімді» немесе «солай болуға тиіс»

Мақсат пен оған жету жолының айырмашылығын Бири ергежейлілерді лақтыру жарысының мысалында түсіндіреді: тірі және ойлы пендені мұнда спорттық снаряд ретінде пайдаланады, оған қоса оның дене-тұрқының кемшілігін көпшіліктің көңілін көтеру үшін көрсетеді. Бұл үш есе қорлау екені анық, бірақ Бири шын ергежейліге жанашырлықпен барғанда, ол қарсылық көрсете бастайды: бұл — менің таңдауым, менің ұстанымым, басқаша істей алмаймын дейді. Ардың динамикасында көптеген нюанстар бар, шын мәнінде, кітаптың көп бөлігі оларды талдауға арналған. Сіз өз еркіңізге қарсы бірдеңені сізді мәжбүрлегеннен, қорқытқаннан, қызықтырғаннан немесе азғырғаннан жасай аласыз, ал бұл, айталық, өзіңізді жоғалтудың әртүрлі сатылары. Сіз мызғымас ұстанымдарыңыздың арқасында да, ақымақ қыңырлығыңыздың арқасында да өз дегеніңізде тұра аласыз, ал егер екінші жағдайда батылдығыңызды жинап, қателескеніңізді мойындасаңыз, бұл ар-абыройдан айрылуды білдірмейді, қайта керісінше. Кей жерде арды сақтау үшін өзін көпшілікке жариялау маңызды болса, басқа жерде керісінше, көзден жасырыну маңызды. Ергежейлінің мысалы көрсеткендей, сырттан субъектіліктің толық жоғалуы сияқты көрінетін дүниені саналы таңдаудың нәтижесі ретінде қайта қарастыруға болады. Жалпы, әлеуметтік желідегі профильдерде жазылғандай, бәрі күрделі.

Бири қалай арды сақтап өмір сүру жайлы нақты кеңес бермейді; жалпы, оның түсіндірмесіндегі ар — уайымдау немесе сезім емес, ол анықталуы қиын өмірлік диспозиция, ақыл-ой сызбасы сияқты нәрсе; оның параметрлерін орнатуға болады. Кез келген классицизмдегідей оның басты қасиеті тепе-теңдік пен пропорциялардың үйлесімділігі шығар. Ар еркіндігіңіздің шегін түсінген кезде пайда болады, бірақ сіз осы шек ішінде толық дербестікті сақтайсыз. Сіз елге танылып, тартымды болып, құрметке бөленесіз, бірақ адам кіре алмайтын жеке кеңістікті қорғайсыз. Ненің маңызды екенін, нені елемеуге болатынын түсініп, осының негізінде өмірлік стратегияны құрасыз. Ар вакуумда пайда болмайды: оған екі жақ бір-бірінің сезімдері мен құндылықтарын қабылдайтын Басқамен кездесу маңызды. Ар мәселесінде шектен шығудан басқаның бәрі жақсы, әр нәрсенің өз орны мен шегарасы болуы керек; Бири үшін ар мен абырой идеалы өмірлік байсалдылық пен тепе-теңдіктің үлгісі, сонымен бірге арды жаттықтырудың нағыз философиялық практикасы — стоицизмге табынған Рим императоры Марк Аврелий болуы мүмкін деп болжауға болады.

Алайда император мен біздің айырмашылығымыз жер мен көктей. Биридің кітабы 2013 жылы жарық көрді, егер сіз оның максималарын бүгін қолданып көрсеңіз, біз идеалға жақындай алмадық деген көңіл көншітпес тұжырым жасайсыз. Әрине, соғыс, қуғын-сүргін, саяси айла-шарғы дүниежүзілік тарих ауқымында жаңалық емес, ал Бири келтірген «1984» немесе «Софи таңдауы» романындағы эпизодтар — бұл етене таныс, бұрыннан келе жатқан ерікті басу әрекеті саналады (әйтсе де, адамгершілікті толығымен талқандау тұрғысынан бұның жойқындық пен жойғыштығына тең келерлік ештеңе жоқ).

"1984" фильмінің жарнамасы. "Үлкен аға қарап жатыр" постері / Alamy

"1984" фильмінің жарнамасы. "Үлкен аға қарап жатыр" постері / Alamy

Егер тіпті өмірдің әскери-саяси тұсын есепке алмасақ та, бейбіт күннің өзінде-ақ, қазіргі заман арды үнемі соққыға жығатын орта тудырады. Бұл қатарда бұқаралық эмоцияларды, қорқыныш пен өшпенділікті өршітудің құралына айналған әлеуметтік желілер бар. Жақтаушылардан кез келген сыннан бас тартып, белгілі бір көпшілікпен бас қосуды талап ететін саяси популизм. Жаппай дигиталдық ашықтық, ішіндегі бізді жан-жақтан көруге болатын «әйнек үй» және біз жайлы деректердің біздің келісімінсіз пайдаланылуы. Өмірдегі ең ауыр оқиғаларды көпшілікпен бөлісуді талап ететін «жарақат мәдениеті». Мұның бәрі тепе-теңдікті толықтырмайды және қорғаныш қабырғаларын нығайтпайды, керісінше, біздің ішкі «Менді» ұжымдық эмоциялардың құйындары құлатып әкетеді, ол көзге көрініп тұрады және барлығы оған саусағын шошайтады. «Сатушының өлімі» жақсы-ақ, бірақ ар-намысты шірітіп жіберетін орта кітап шыққаннан кейін ғана қалыптасты және бізге осы жерде және дәл қазір аман шығуға қол ұшын соза алатын тың өмір сабақтарын қалаймыз... Бірақ Бири 2023 жылдың маусымында өмірден өтті, енді сауал жолдайтын ешкім де қалған жоқ.

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы