Энгельс адамды адам еткен еңбек деп есептеді. Алайда қазіргі ғалымдар біздің түрдің қалыптасуына махаббат, балалық таңырқау сезіміміз бен ұзақ қашыққа жүгіруіміз еңбектен де зор ықпал етті деп санайды. Палеонтолог Александр Марков Qalam-ға арналған жаңа лекциялар курсында саналы адамның қалайша және неліктен пайда болғаны жайында баяндайды.
Адам эволюциясының даму жолы мен механизмі туралы гипотезаның басым көпшілігі дәстүрлі түрде адамның екі ерекшелігінің айналасында шоғырланған: үлкен ми және күрделі құралдарды қолдану дағдылары. Алайда кейбір жетекші ғалымдар, олардың ішіндегі ең танымалы Оуэн Лавджой, шығу тегімізді түсінудің кілті үлкейген мида немесе тас құралдарында емес деп есептейді (бұл белгілер гоминидтердің эволюциясында салыстырмалы түрде кеш пайда болған), керісінше, «адамзаттың» эволюция жолының жыныстық мінез-құлық, отбасылық қарым-қатынас пен әлеуметтік ұйымдасумен байланысты басқа ерекше қасиеттерінде жатыр. Лавджой бұл көзқарасты 1980 жылдардың басында қолдаған. Сол кезде ол гоминидтердің ерте эволюциясындағы басты оқиға моногамияға көшу, яғни тұрақты неке жұптарының қалыптасуы болғанын болжаған. Бұл болжам содан бері бірнеше рет сынға алынып, қайта қаралып, расталып және қайта теріске шығарылып келеді.
Ардипитекке қатысты жаңа мәліметтер осы идеяның дәлелдерін нығайта түсті. Ардипитекті зерттеу нәтижелері шимпанзе мен горилланың ата-бабамыздың ойлау қабілеті мен мінез-құлқы қандай болғанын реконструкциялау ісінде соншалық жақсы ориентир бола алмайтынын көрсетті. Жақсы зерттелген ең көне гоминид Люси болып қала бергенде, адам мен шимпанзенің соңғы ортақ ата-бабасы шимпанзеге ұқсас болды дейтін болжамға табан тіреуге болар еді. Алайда, Арди бұл жағдайды түбегейлі өзгертті. Шимпанзе мен горилланың көптеген ерекшеліктері осы реликтілі приматтардың жақында пайда болған салыстырмалы түрде ерекше белгілері екені анықталды. Адамның ата-бабасында мұндай белгілер болмаған. Егер бұл айтқанымыз аяқ, қол және тіс құрылымына қатысты дейтін болсақ, онда мінез-құлық пен отбасылық қарым-қатынастарға да дәл сондай қатысты болуы бек мүмкін. Сондықтан, ата-бабаларымыздың әлеуметтік өмірі қазіргі шимпанзелерге ұқсас болды деген түсініктен бас тартуымыз керек. Шимпанзені бір шетке ысырып қойып, қазба материалдары ұсынған ақпаратқа ден қойған жөн.
ТІС ПЕН МЕЙІРІМ
Маңыздысы — ардипитек еркектерінде, жоғарыда айтылғандай, басқа маймылдар секілді қару немесе еркек бәсекелесін қорқыту құралы ретінде қолданатын үлкен азу тістері болмаған. Кейінгі гоминидтерде — австралопитектер мен адамдарда азу тістердің кішіреюін бұрындары молярлардың (үлкен азу тіс) өсуінің жанама нәтижесі немесе тас құралдарының дамуының салдары деп түсіндіріп келдік, себебі бұл табиғи қару ендігі қажетсіз болып еді. Алайда соңғы онжылдықтардағы табылған деректер азу тістердің кішіреюі тас құралдарын өндіру басталмай тұрып және австралопитектерде молярлар үлкейгенге дейін-ақ пайда болғанын көрсетті (бұл, мүмкін, олардың саваннаға шығуы мен тамыры қаттырақ өсімдіктердің рационға қосылуымен байланысты болды). Сондықтан азу тістің кішіреюінің әлеуметтік себептері туралы гипотеза сенімдірек бола бастады. Приматтардың еркектеріндегі үлкен азу тіс түрішілік агрессияның сенімді көрсеткіші бола алады. Сондықтан ерте гоминидтерде олардың кішіреюі, ең алдымен, еркектер арасындағы қарым-қатынастың әлдеқайда төзімді бола бастағанын көрсетеді. Олар топ ішіндегі үстемдік пен аналықтар үшін бір-бірімен аз қақтығыса бастады.
Адамтектес маймылдарда репродуктив табыс (жыныстық жетілуге жеткен ұрпақ санын білдіреді, «Дарвиннің бейімделу» ұғымына жақын мағынада) ұрпақтың көптігіне ғана емес, аман қалуына байланысты өрбиді. Адамтектес маймылдарда балалық кезең ұзақ, ал әрбір баланы өсіруге аналық маймыл өте көп күш пен уақыт жұмсайды. Баланы емізіп жүргенде, ұрықтану қабілетінен айырылады. Сондықтан еркек маймылдар үнемі ұрықтандыруға дайын аналықтардың жетіспеушілігі мәселесімен бетпе-бет келетін еді. Шимпанзе мен горилла бұл мәселені күшпен шешеді. Шимпанзе еркектері әскери топтарға бірігіп, көрші топтардың аумағына шабуыл жасап, иеліктерін кеңейтуге және жаңа аналықтарға қол жеткізуге тырысады. Горилла еркектері бәсекелестерді отбасынан қуып шығып, гаремнің жалғыз басшысы болуға ұмтылады. Олардың екеуінде де үлкен азу тіс — жай ғана сән емес, көбірек ұрпақ қалдыру құралы. Ал ерте кезеңдегі гоминидтер не себепті бұдан бас тартты?
Көптеген приматтардың репродуктив стратегиясының тағы бір маңызды элементі — «ұрықтық соғыстар». Аналық бірнеше еркекпен қатарынан жұптасқанда, олардың сперматозоидтары оның жұмыртқа жасушасын ұрықтандыру үшін бәсекеге түседі, бұл еркектерде бейімделудің қажет түрлерінің дамуына әкеледі. Ұрықтық соғыстар көп еркек пен аналықтан құралатын топтарда еркін жыныстық қатынасты іске асыратын түрлерге тән. Спермалық соғыстардың сенімді көрсеткіші — үлкен ұрық бездері. Горилланың қатаң қорғалған гаремдерінде, жеке-дара өмір сүретін, бірақ көп аналықтан бас тартпаған орангутандарда (аналықтары бір топқа бірігіп өмір сүрмесе де) ұрық бездері адамдардағыдай кішкентай. Ал жыныстық жағынан ашық шимпанзелерде ұрық бездері өте үлкен. Маңызды көрсеткішке бұған қоса сперматозоидтарды өндіру жылдамдығын, спермадағы сперматозоидтардың концентрациясы мен оның құрамындағы бөтен сперматозоидтарға кедергі келтіретін арнайы ақуыздардың болуын жатқызамыз. Осы белгілердің барлығын ескере отырып, адамның эволюциялық тарихында бір кездері спермалық соғыстар болғанын, бірақ қазір олардың маңызды рөл атқармайтынын айта аламыз.
Егер ерте гоминид еркектер аналықтары үшін бір-бірімен таласпаған болса әрі спермалық соғыстарға қатыспаса, онда олар репродуктив табысқа қол жеткізудің басқа жолын тапқан болуы қажет. Мұндай жол белгілі, дегенмен бұл тәсіл біршама ерекше — оны сүтқоректілердің тек шамамен 5%-ы ғана қолданады. Бұл — моногамия, яғни тұрақты отбасылық жұптардың қалыптасуы. Моногам түрлердің еркектері әдетте ұрпақтарына белсенді қамқорлық жасайды.
ТАМАҚҚА АЙЫРБАСТАЛАТЫН СЕКС
Лавджой моногамия кейбір приматтарда кездесетін, оның ішінде шимпанзелер де бар, мінез-құлық негізінде дамуы мүмкін деп есептейді. «Тамаққа айырбасталатын секс» қағидасына негізделген еркек пен ұрғашы арасындағы өзара «тиімді ынтымақтастық» жайын айтып отырмыз. Мұндай мінез-құлық ерте гоминидтерде олардың диетасының ерекшелігіне байланысты дами алған. Ардипитектер бәрін жейтін жануар болған, олар тамақты ағаштан да, жерден де тауып, шимпанзе мен гориллаға қарағанда әлдеқайда алуан түрлі диетаны ұстанған. Айта кету керек, приматтардың бәрін жей беретіні тамақта талғамсыз дегеннің синонимы емес — керісінше, бұл жоғары талғампаздықты, тамаққа деген қалаудың жоғары деңгейін және сирек әрі құнды тағам ресурстарының тартымдылығының артуын білдіреді. Жапырақ және жемістермен қоректенетін горилла күн сайын бар жоғы бірнеше жүз метр ғана жер жүріп, орманда баяу қыдырып-ақ қарын тойдыратын. Ал бәрін жейтін ардипитектер керісінше, әлдеқайда белсенді болуы керек еді әрі дәмді нәрсе табу үшін едәуір ұзақ қашықты еңсеруге мәжбүр болған. Бұл кезде жыртқыштардың қолына түсу қаупі де артты. Әсіресе балалары бар ұрғашыларға қиын болатын.
Осындай жағдайда «тамаққа айырбасталатын секс» стратегиясы аналық, яғни ұрғашы ардипитектер үшін өте тиімді болды. Еркектер ұрғашыларды тамақтандыра отырып репродуктив табысын арттырды, өйткені ұрпағының өмір сүру мүмкіндігі жақсара түскен-ді.
Ерте гоминид еркектер аналықтарға тамақ тасуды әдетке айналдырды десек, уақыт өте келе мұндай мінез-құлықты жеңілдететін арнайы бейімделулер пайда болуы қажет екені заңды. Көптеген ақылды жануарларда, соның ішінде маймылда, биологиялық (генетикалық) эволюцияны мәдениет бағыттап отырды. Маймылдарда қатаң мағынадағы инстинкттер жоқ (яғни, күрделі әрі толықтай туа біткен мінез-құлық түрлері). Сондықтан біз олардың жаңа мінез-құлық түрін (бұл жерде «еркектер аналықтарға тамақ тасуды әдетке айналдырды» дегенді білдіреді) меңгергенін айтқанда, мұндай мінез-құлықтың бастапқыда мәдени дәстүр ретінде қалыптасқанын меңзеп отырмыз, яғни бұл мінез-құлық генетикалық емес, мәдени мұра түрінде сақталды — ол гендер арқылы емес, әлеуметтік үйрену арқылы берілді* (жеке тәжірибеге сүйенген үйренуден айырмашылығы — бұл процесс басқа дара тұлғаның әрекеттерін көшіру арқылы білім мен дағдыларды игеруді білдірді). Жаңа дәстүр өз кезегінде индивидтер бейімделетін ортаны өзгертті, ал бұл табиғи сұрыпталу арқылы бейімделуді тудырды. Осылайша мәдениет (дәл осы жерде ұрғашыларды тамақтандыру әдеті жайын айтып отырмыз) сұрыпталудың бағытын өзгертті де, енді қоғамда еркектердің аналықтарды тамақтандыруы жақсы қабылданатын жағдай қалыптасып еркектердің ұрғашыларды тамақтандыруға бейімделген гендері артықшылыққа ие болатын бағытқа ойысты. Басқаша айтқанда, ұрғашыларды тамақтандыру дәстүрі табиғи сұрыпталу бағытының өзгеруі арқылы еркектерде дене мүшелерінің (аяқ, қол, тіс, ми....) генетикалық тұрғыда өзгеруін туғызды, бұл олардың ұрғашыларға тамақ тасу арқылы өмір сүру мен көбею қабілетін жақсартты.
Табылған дәмді дүниелерді енді алыс жерге тасымалдау керек болды. Бұл төрт аяқтап жүргенде оңай шаруа емес. Гоминидтердің ең айқын ерекшелігі саналатын төрт аяқпен жүру — ұрғашыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету әдетіне байланысты дамыған болуы мүмкін. Бұған әсер еткен қосымша дағды қарапайым құралдарды (мысалы, таяқты) қолданды, қол жетпейтін жердегі тамақты алу қажеттігі болса керек.
Өзгерген мінез-құлық топтағы әлеуметтік қатынастың сипатына да әсер етуі тиіс еді. Енді ұрғашы өз еркегінің тастап кетпеуін қалайтын болды, ал еркек — ұрғашысының оған адал болуын тіледі. Бұл екі мақсатқа жетуге примат ұрғашылардың овуляция, яғни ұрғашының ұрықтануға қабілетті кезеңін «жарнамалау» әдісі кедергі жасады. Мұндай жарнама, егер қоғам шимпанзелердегідей ұйымдастырылған болса, тиімді болар еді. Оларда тұрақты жұп жоқ және аталықтар ұрпаққа қамқорлық жасамайды, ал ұрғашы овуляция кезінде бірнеше еркекпен жұптасады. Бірақ «тамаққа айырбасталатын секс» стратегиясына негізделген тұрақты жұптық қатынас басым қоғамда ұрғашы өз еркегін ұзақ уақыт бойы ұстамды болуға итермелеуге мүдделі емес еді (ол оңбаған тамақ беруді тоқтатуы мүмкін немесе тіпті басқаға кетіп қалуы кәдік!). Оның үстіне, ұрғашыға еркектің қашан ұрықтандыру мүмкіндігі бар екенін (овуляция) білдірмеу тиімді еді. Сүтқоректінің көбі мұны иіс арқылы анықтайды, бірақ гоминидтердің табиғи сұрыпталуы олардың көптеген иіс рецепторының редукциясын туғызды. Иіс сезу қабілеті нашар еркек отбасын жақсырақ асырады — неке серіктесі ретінде қалаулы жанға айналды.
Еркек те ұрғашысының ұрықтануға дайын екенін жарнамалап, басқа еркектердің артық қызығушылығын оятуына мүдделі емес еді — әсіресе дәл сол уақытта өзі «аңшылықта» жүрген болса. Ұрықтануға дайын күйін жасыратын ұрғашылар неке адалдығын сақтауға көбірек бейім болғандықтан, еркектердің де қаттырақ қалайтын серіктесіне айналды.
Нәтижесінде гоминидтердің ұрғашысында ұрықтануға дайын (немесе дайын емес) екендігін білдіретін сыртқы белгілер жоғалды.i
ӘЙЕЛДЕР НЕЛІКТЕН ҚАМҚОР ЕРКЕКТЕРДІ ТАҢДАЙДЫ?
Жұптық байланыс нығайған сайын, ұрғашылардың таңдауы біртіндеп тым агрессив әрі үстем (доминант) еркектерден қамқор болуға көбірек көңіл бөлетіндерге қарай ауысуы тиіс еді. Еркектері отбасыға қамқорлық жасамайтын жануар түрлерінде ең «мықты» (доминант, ер мінезді) еркекті таңдау аналық үшін ең дұрыс стратегия саналады. Ал әкелік қамқорлық жағдайды түбегейлі өзгертіп жіберді. Енді ұрғашыға (және оның ұрпағына) еркектің сенімді асыраушы болуы ең маңызды дүниеге айналды. Маскулиндік пен агрессив болудың сыртқы белгілері, мысалы, үлкен азу тіс ұрғашыларды тартпайтын болды, керісінше, үркіте бастады. Үлкен тісті еркек өз репродуктив табысын көбіне басқа еркектермен төбелесу арқылы күшпен нығайтуға тырысады. Ендігі мұндай күйеу түрі сәннен шыға бастады, себебі ұрпақтың аман қалуы үшін еңбекқор және сенімді күйеу-асыраушы қажет еді. Төбелескіш күйеуді таңдаған ұрғашылар аз бала өсіреді, ал сабырлы жұмысқа жақын еркекті таңдаған ұрғашылар көбірек ұрпақ өсіреді. Нәтижесінде, ұрғашылар кішкентай тістері бар еркекті таңдай бастайды және жыныстық сұрыпталу әсерінен азу тіс тез кішірейе түседі.
Осының нәтижесінде ата-бабаларымызда ішкі топтық агрессия деңгейі төмендеген қоғам қалыптасты. Осы жағдай кооперация мен өзара көмектің дамуына алғышарттар жасады. Ұрғашылар арасындағы антагонизмнің азаюы олардың бірігіп, балаларына ортақ қамқорлық көрсетуіне мүмкіндік берді. Еркектер арасындағы антагонизмнің азаюы ортақ азық-түлік табу үшін бірлескен жорықтар ұйымдастыруды жеңілдетті. Шимпанзелер де кейде ұжымдық аңшылықпен айналысады, сондай-ақ көршілес шимпанзе топтарына қарсы ұжымдық шабуылдар жасайды. Алғашқы гоминидтерде бұл мінез-құлық айтарлықтай кеңінен дамыған болуы мүмкін. Бұл гоминидтерге жаңа экологиялық мүмкіндіктер ашты. Құнды азық-түлік ресурстарын жеке (немесе қатаң ұйымдаспаған, кез келген сәтте тарап кетуге дайын шағын топпен) табу қиын әрі өте қауіпті болған кезде, гоминид еркектерінің бір-біріне сене алатындай ұйымдасқан топтарға бірігуді үйренуінің арқасында бұл ендігі оңайлау бола түсті.
Осыдан келіп ардипитек ұрпағының мүлдем жаңа ресурс түрлерін игеруі, соның ішінде саваннада өлексемен қоректенуге көшуі — заңды нәтиже болды (бұл, сөзсіз, өте қауіпті іс еді, өйткені плейстоцен дәуіріндегі африкалық саваннада ірі жануарлардың өлекселері үшін бәсекелестік өте жоғары болатын әрі мұндай әрекет еркектердің жоғары ұйымдасуын талап етті). Бұдан кейін олар ірі аңдарға ұжымдасып аңшылық жасауға көшті.
Бұдан ары ми көлемінің ұлғаюы және тас құралдары индустриясының дамуы бұл теорияда кері әсерден туған (тіпті айтарлықтай кездейсоқ), алғашқы гоминидтердің мамандануының нәтижесі ретінде қарастырылады. Шимпанзе мен горилланың ата-бабасы да сол бастапқы мүмкіндіктерге ие болды, бірақ олардың эволюциялық бағыты басқа болды: олар некелік мәселелерді күшпен шешуге бейім болды, сол себепті олардың ішкі топтық антагонизм деңгейі жоғары болып қала берді, ал кооперация деңгейі төмен деңгейде қалды. Күрделі мәселелер, олардың шешімі тек бірлескен және үйлесімді әрекеттерді талап ететін тапсырмалар, олар үшін сол күйі қолжетпес дүние болып қалды. Нәтижесінде бұл маймылдар ақыл-ой тұрғысынан дамымады. Ал гоминидтер стандартты емес шешімді — моногамияны таңдады, бұл сүтқоректілер арасында сирек кездесетін стратегия, ақырында, олардың ақыл-ойының дамуына әкелді.
Лавджой теориясы гоминидтердің үш бірегей ерекшелігін біріктіріп қарастырады: тік жүру, кішкентай азу тіс және овуляцияны жасыру. Бұл теорияның басты ерекшелігі — осы үш бірегей қасиетті біртұтас түсіндіріп, әрқайсысына жеке себеп іздемеуінде.
Лавджой гипотезасы 40 жылдан бері өмір сүріп келеді. Оның барлық құрамдас бөлігі ғылыми әдебиетте ұзақ уақыттан бері қызу талқыланып келеді және тек қарапайым пайымдауларға ғана емес, көптеген нақты деректерге негізделеді. Ардипитек туралы жаңа деректер Лавджой теориясына жақсы үйлесіп, оның кейбір тұстарын нақтылауға мүмкіндік берді.
БАЛА СЕКІЛДІ БОЛЫҢДАР
Бұған дейін ерте гоминидтердің еркектерінің азу тісінің кішірейуін «феминизация» ретінде қарастыруға болатынын айтқан едік. Шынында да, маймылдың еркектеріне тән бір ерекшеліктің редукциясы гоминид еркектерін ұрғашыларға ұқсас ете түсті. Бұл, мүмкін, еркек жыныс гормондарының өндірілуінің азаюымен немесе кейбір тіндердің осы гормондарға сезімталдығының төмендеуімен байланысты болуы мүмкін.
Хайуанаттар паркіндегі орангутандар мен гориллаларды бақылап көріңізші. Бұл екі түрдің ұрғашыларының еркектеріне қарағанда адамға қаншалықты ұқсайтынын байқау үшін биолог болудың қажеті жоқ. Ересек еркек орангутан немесе горилла қорқынышты көрінеді, ол түгелдей еркектік пен күшті көрсететін қосалқы жыныстық белгілерден тұрады: арқасы дөңестеніп тұрады, жыртқыш көзқарасы өз алдына, керемет үлкен, дөңгелек бет сүйектері бар, кеудесінде қалың қара тері қатпарлары. Адамдық сипат оларда аз, тым аз. Ал ұрғашылары болса, айтарлықтай сүйкімді көрінеді.
Адамның эволюциясында феминизациядан басқа тағы бір маңызды тенденция болды. Бас сүйектің формасына, шаштың құрылымына, жақ пен тістердің өлшеміне қарай адам ересек маймылдарға қарағанда маймылдың балаларына көбірек ұқсайды. Көпшілігіміз ұзақ уақыт бойы әлі күнге таңырқау мен ойынқұмар қасиетімізді бойымызда сақтап келеміз — бұл сүтқоректілердің көбінде тек бала кезінде ғана байқалатын белгілер, ал ересек жануарлар әдетте томаға-тұйық әрі қызығушылық атаулыдан жұрдай болып келеді. Сондықтан антропологтар адам эволюциясында неотения немесе ювенилизацияның, яғни жануарлардың кейбір белгілерінің дамуының тежеліп, ересек кезінде балалық қасиеттерінің сақталуы маңызды рөл атқарған деп санайды.
Ювенилизация (жетілмеген мінез-құлықтардың сақталуы) моногамияға көшуде де ықпал етуі мүмкін еді. Себебі отбасылық жұптардың сирек те болса тұрақты кейіп табуы үшін, серіктестердің бір-біріне ерекше сезімдері болуы керек, олардың арасында өзара байланыс қалыптасуы тиіс. Эволюцияда жаңа белгілер сирек сипатта кездейсоқ пайда болады, әдетте бұрыннан бар белгілер белгілі бір сұрыпталу әсерінен модификацияға ұшырайды. Тұрақты жұбайлық байланыс қалыптастыруға ең қолайлы «дайын үлгі» (преадаптация) — бұл ана мен бала арасындағы эмоционал байланыс. Моногам және полигам сүтқоректі түрлерін зерттеу мықты отбасылық байланыс жүйесінің эволюция барысында бірнеше рет сатыдан өтіп барып дамығанын көрсетеді әрі бұл жүйе ана мен оның ұрпағы арасындағы ежелгі эмоционал байланысты негіз етіп барып қалыптасқан.
Балалармен қарым-қатынас жасау үшін қалыптасқан мінез-құлық мәнерін басқа да әлеуметтік серіктестерге қолдану қабілеті адамның эволюциясында маңызды рөл атқарған болуы кәдік. Ересек гоминидтердің сыртқы пішіні мен мінез-құлқының ювенилизациясы табиғи сұрыпталу арқылы қолдау тапқан болуы ғажап емес, өйткені балаларға ұқсас келетін осындай түрлерге жұбайлары нәзік сезіммен қараған болуы мүмкін. Бұл олардың репродуктив табысына ықпал еткен болуы ықтимал: әйелдер мұндай күйеулерге жұптық өмірде сирек опасыздық жасаған болса (олар, әдетте, агрессиясы аз әрі сенімді болған), ал күйеулері қорған мен қолдауға мұқтаж екенін білдіретін әйелі мен бала-шағасын сирек тастап кеткен. Бұл әзірге жәй ғана гипотеза, десек те мұны нықтай түсетін біршама жанама дәлел бар.
Егер адам ойлауы мен мінез-құлқының эволюциясында ювенилизация (балалық белгілерді сақтау) шынымен орын алған болса, онда осыған ұқсас құбылыс біздің жақын туыстарымыз — шимпанзе мен бонобоның эволюциясында да болған болуы кәдік. Бұл екі түр әрекеттері, мінез-құлқы және әлеуметтік құрылымы жағынан айтарлықтай ерекшеленеді. Шимпанзелер әдетте тұйық, агрессив әрі жауынгер келеді, ал олардың топтарында басшылықты еркектер атқарады. Боноболар болса, шимпанзелерге қарағанда, азық-түлікке бай жерлерде өмір сүреді. Мүмкін, сондықтан да олар бейқам, мейірімді, татуласуға бейім болып, олардың аналықтары жақсырақ ынтымақтаса алады және қоғамда көбірек «саяси салмаққа» ие. Сонымен қатар бонобоның бас сүйегінің құрылысында да адамдағыдай ювенилизация белгілері бар. Мүмкін, бонобо мінез-құлқынан да ұқсас белгілерді байқауға болар?
Гарвард университеті мен Дьюк университетінің америкалық антропологтары шимпанзе мен бонобоның кейбір ойлау және мінез-құлық ерекшеліктерінің дамуының хронологиясы бойынша айырмашылықтарын тексеруге бел буды. Бұл үшін шимпанзе мен бонобоны арнайы «баспаналарда» жартылай жабайы өмір сүргізе отырып бақылайтын үш сериялы эксперимент жүргізілді: шимпанзелер Конгоның солтүстік жағалауында, ал боноболар оңтүстік жағында тұрады.
Эксперименттің алғашқы сериясында маймылдарды жұппен дәмді тағам бар бөлмеге кіргізген. Жұптар шамамен бір жастағы маймылдардан құралды әрі жұптардың бірдей жынысты және әртүрлі жынысты болуына назар аударылды. Үш түрлі тағам түрі қолданылды, олардың әрқайсысын толығымен «монополизациялау» жеңілдігіне қарай айырмашылық жасалды (бірін толығымен иемдену оңай, ал басқаларын қиындау). Ғалымдар маймылдардың тамақты бірге жейтінін немесе біреуінің бәрін өзіне алып алатынын бақылап отырды.
Нәтижесінде жас шимпанзе мен бонобо тағамды жолдастарымен бөлісуге бірдей бейім екенін танытты. Алайда жас ұлғайған сайын шимпанзелер сараң болып шықты, ал бонобода бұл қасиет байқалмады. Осылайша боноболар ересек жасқа жеткенде де «балалық» ерекшелікті — сараңдықтың болмауын сақтап қалатын болып шықты.
Боноболар шимпанзелерге қарағанда жиі ойын бастайды, оның ішінде сексуалдық ойындар да бар. Екі түрдің де ойынқұмарлығы жас ұлғайған сайын төмендейді, бірақ шимпанзелерде бұл процесс боноболарға қарағанда тез жүреді. Осы тұрғыда да боноболарды шимпанзелермен салыстырғанда «балалық» мінез-құлық танытады деп айтуға болады.
Экспериментттің екінші сериясында маймылдардың әлеуметтік контекстегі мағынасыз әрекеттерден бас тарту қабілеті тексерілді. Үш адамды маймылдың алдына қатар қойып, екі шеткі адам маймылдың қолы жетпейтін контейнерден тағам алып, ортадағы адам ештеңе алмады. Содан кейін үшеуі де маймылға жұмылған жұдырықтарын созды, бірақ қайсысының қолында тағам бар екені көрінбейді. Маймыл кез келген үшеуінен тағам сұрай алады. Егер маймыл екі шеткі адамнан ғана тағам сұрап, ортадағы адамнан сұрамаса, ол тапсырманы дұрыс орындаған болып саналатын еді.
Белгілі болғандай, шимпанзелер үш жасында бұл тапсырманы жақсы орындап, өмір бойы осы қабілетін сақтайды. Ал жас боноболар, керісінше, жиі «қателесіп», үшеуінен де сұрай береді. Тек 5–6 жасқа келгенде ғана боноболар шешімді дұрыс қабылдау жиілігі бойынша шимпанзелермен теңеседі. Осылайша бұл жағдайда да боноболардың психикалық дамуының шимпанзелермен салыстырғанда кешігуі туралы байлам жасауға болады. Әрине, бұл ақыл-ойдың артта қалуы емес.
Боноболар шимпанзелерден ақымақ емес, олар тек әлеуметтік өмірде бейқамырақ әрі соншалық қатал емес.
Эксперименттің үшінші сериясында маймылдарға адамдардың мінез-құлқындағы өзгерістерге бейімделу сияқты күрделі тапсырма берілді. Олар екі экспериментатордың біреуінен тағам сұрауы керек еді. Алдын ала тестілеу кезінде екеуінің біреуі әрқашан маймылды тамақтандырып, екіншісі ешқашан тамақ бермейтін. Маймылдар бұған үйреніп, «жақсы» экспериментаторды таңдай бастайды. Содан кейін рөлдер күтпеген жерден ауыстырылды: «жақсы» экспериментатор кенеттен «сараң» болып, ал «сараң» жомарт бола бастайды. Ғалымдар маймылдардың бұл өзгерісті қаншалықты тез түсініп, өз мінез-құлқын жаңа жағдайға сәйкес қаншалықты тез өзгерте алатынын бақылап отырды. Алынған нәтижелер алдыңғы тәжірибелердегі нәтижелерге ұқсас болды. Бес жасқа толған шимпанзелер тез қайта үйреніп, дәл қазір тамақ берген экспериментаторды таңдай бастайды. Жас боноболар тапсырманы нашар орындап, 10–12 жасқа келгенде ғана шимпанзелермен теңесетінін көрсетті.
Бұл нәтижелер боноболарға шимпанзелерге қарағанда кейбір психикалық қасиеттерінің дамуының кешігуі (ювенилизация) тән деген гипотезамен жақсы үйлеседі. Бұл, мүмкін, боноболардың тіршілік агрессиясының төмен деңгейімен байланысты болуы мүмкін. Мұны өз кезегінде боноболардың азық-түлікке бай аймақтарда өмір сүретінімен және олардың арасында азық-түлік үшін бәсекелестіктің соншалықты өткір болмағандығымен түсіндіруге болады.
Қызығы, кейбір сүтқоректілерді қолға үйрету барысында агрессияның төмендеуі үшін жасалған жасанды сұрыптау олардың белгілерінің ювенилизациясына (балалық сипаттардың сақталуына) әкелген. Мысалы, Д.К. Беляев пен оның әріптестері жүргізген атақты түлкілерді қолға үйрету тәжірибелерінде жануарларды агрессиясын төмендету үшін сұрыптау жүргізілген. Нәтижесінде достық қарым-қатынастағы жануарлар пайда болды, олардың ересек кезінде де кейбір «балалық» белгілер, мысалы, салбыраңқы құлақ пен қысқа тұмсық сақталған. Достық қарым-қатынасты сұрыптау (көптеген жануарларда бұл «балалық» белгі саналады) морфология, ойлау қабілеті мен мінез-құлықтың кейбір басқа ерекшеліктерінің ювенилизациясына қосалқы әсер ретінде әкелетінге ұқсайды. Бұл белгілер өзара байланысты болуы мүмкін, мысалы, гормондық реттеу арқылы.
Әзірге ата-бабаларымызда агрессияның төмендеуі үшін сұрыптау қаншалықты маңызды болғанын және ювенил белгілерімізді (жоғары маңдай, бет сүйегінің қысқалығы, шаштың құрылымы, аңғал қызығушылық) осындай сұрыптаумен түсіндіруге болады деп кесіп айта алмаймыз. Алайда бұл болжам шындыққа жанасымды көрінеді. Топішілік агрессияның төмендеуі гоминидтердің эволюциясының алғашқы кезеңдерінде маңызды рөл атқарған болуы кәдік.
ҰЗАҚ ДИСТАНЦИЯҒА ЖҮГІРУДІҢ БҰЛ ЖЕРГЕ ҚАТЫСЫ ҚАНША?
Мәдени бейімделудің, яғни әлеуметтік үйрену арқылы берілетін пайдалы дағдылар мен мінез-құлық тәсілдерінің ата-бабаларымыздың биологиялық эволюциясына қалай әсер еткенін көрсететін тағы бір мысалды қарастырып өтелік. Бұл жерде ұзақ қашыққа жүгіру туралы сөз болады. Өйткені ата-бабаларымыз екі аяқпен жүріп қана қоймай, олармен жақсы жүгіре де бастаған еді.
Қысқа қашыққа жүгіруде адамдар көптеген сүтқоректілерден әлдеқайда артта қалады. Адамдардың ең мықты желаяқтары 20 секунд бойы 10 м/с жылдамдықпен жүгіре алады. Салыстырмалы түрде айтсақ, Томсон қарақұйрығы 26,5 м/с жылдамдыққа дейін үдейді, ал гепард — 29 м/с жылдамдықпен жүгіреді, бұл қарқын бірнеше минут бойы сақталуы мүмкін. Алайда ұзақ қашыққа жүгіруде жаттыққан адам атлеттердің нәтижесіне көптеген жануар қызғанышпен қарауы мүмкін.
Анатомиялық және физиологиялық тұрғыдан біз ұзақ жүгіруге керемет бейімделгенбіз. Атап айтқанда, адамдарда аяқ пен жамбас белдеуі бұлшықеттерінде басқа сүтқоректілерге қарағанда «баяу» бұлшықет талшықтарының пайызы жоғары, олар әлсіз және баяу жиырылады, бірақ ұзақ уақыт шаршамайды. Сонымен қатар адамдардың тер бездері рекордтық мөлшерде, олар қажет болған кезде көп мөлшерде сұйық, су тәріздес тер бөліп шығарады. Бұл бізді ұзақ физикалық күш салу кезінде дененің қатты қызып кетуінен қорғайды, ал мұны тердің булануы арқылы теріге жақсырақ салқындық беретін түктің жоқтығы да жеңілдетеді.
Көптеген сүтқоректілер біз сияқты терлей алмағандықтан, артық жылудан құтылу үшін тыныс алуды күшейтілген режимде үдете түсуге мәжбүр. Мұны өте сәтті жасалған инженерлік шешім дей алмас ек, өйткені салқындату мен тыныс алу функциялары бір-бірімен байланысып тұр әрі төрт аяқты жануарларда тыныс алу ырғағы әдетте жүгіру ырғағымен сай жүреді. Мұнысы жылдамдықты үдетуге келгенде елеулі шектеу болады: әдетте, төрт аяқты жануарлардың жүгіру кезіндегі энергия шығыны минимал деңгейде болатын оңтайлы қарқыны болады. Осыдан қандай да бір ауытқу болған сайын жүгіру әлдеқайда шығынды бола түседі. Осы тұрғыда адамдар жақсырақ жобаланған дей аламыз: адамның терлеуі тыныс алуымен байланыспаған, ал екі аяқпен жүгірген кезде тыныс алу ырғағын жүгіру ырғағы қатты шектемейді (әр қадам сайын міндетті түрде бір дем алу қажет емес).
Осы деректерге сүйене отырып, антропологтар адам эволюциясы кезінде ұзақ қашыққа жүгіруіне ыстық күн астында бейімделуі маңызды рөл атқарды деп көптен бері болжап келеді. Бәлкім, ата-бабаларымыз плейстоцен дәуіріндегі Африка саваннасында күшті әрі қарулы жыртқыштармен әрі өлексемен қоректенетін жануарлармен тиімді түрде бәсекелесу үшін осылай жүгіруді меңгеруге мәжбүр болған.
ТӨЗІМДІЛІКТІ ҚАРУ ЕТКЕН АҢШЫЛЫҚ
Ата-бабаларымыз ежелден (мүмкін, Homo erectus заманынан бері) төзімділік арқылы аңшылық (басқа атаулары: табандылықпен аңшылық, қажытуға сүйенген аңшылық) ету тәжірибесін ұштаған дейтін болжам бар. Мұндай аңшылық кезінде аңшы баяу жүгіріп, сағаттар немесе күндер бойы жүйрік олжасын шаршағанша қуалап, оны толық қалжыратады. Бұл таңғажайып (қала тұрғынының көзімен қарағанда) тамақ табу әдісі әлі күнге дейін кейбір аңшылар арасында қолданылады. Солардың ішіндегі ең танымалы — Калахари шөліндегі сан халқы (бушмендер).
Ежелгі адамдардың төзімділікті қару еткен аңшылыққа бейімделуі туралы идеяға қарсы екі уәж бар. Біріншіден, мұндай аңшылық энергия жағынан өте тиімсіз: аңшының орасан зор энергия шығынын тапқан еті ақтамайды, әсіресе әр аңшылық сәтті бола бермейтінін және алыс жерде өлтірілген олжаны аштықтан бұралып жатқан тайпаластарына жеткізу қажеттігін ескерсек. Екіншіден, мұндай аңшылықты қазіргі аңшылықпен күнелтетін санаулы қауым ғана қолданады. Бұл сирек кездесетін әрі экзотикалық құбылыс, сондықтан өткен заманда оны кең таралған тәжірибе болды деп неліктен ойлауымыз керек?
2024 жылы антрополог Эжен Морэн мен Брюс Уинтерхальдер осы қарсы уәждерге толыққанды жауап берді. Олардың зерттеуі екі бөлімнен тұрды. Біріншіден, олар әртүрлі аңшылық тәсілдерінің энергиялық теңгерімін нақтылады, қазіргі кездегі әртүрлі жылдамдықтағы жүру мен жүгіру кезіндегі энергия шығыны туралы мәліметтерді пайдаланды. Нәтижесінде, төзімділікті қару еткен аңшылық үлкен олжа болған жағдайда толығымен ақталатын шара болуы мүмкін екені анықталды. Бұл ретте жүгіріп немесе жүру мен жүгіруді алмастырып аң аулау, олжаны тек жүріп қуалаудан әлдеқайда тиімді екені белгілі болды (бұл да мүмкін, бірақ тиімді емес), себебі жүруден жүгіруге көшу кезіндегі энергия шығыны уақыттың едәуір қысқаруымен өтеледі.
Зерттеудің екінші бөлімі — этнографиялық. Ғалымдар интернетте және арнайы этнографиялық деректер базаларында аңшылардың олжаны ұзақ уақыт бойы қуалауына қатысты кез келген мәліметтерді мұқият іздеді. Зерттеудің сәтті болуына соңғы жылдары көптеген ескі қағаз құжаттарды сандық форматқа көшіру мен желіге салу процесінің белсенді іске асып жатуы септесті. Бұл құжаттарда құнды этнографиялық мәліметтер сақталған еді.
Нәтижесінде, төзімділік арқылы аңшылық ету жайында айтарлықтай көлемді мәлімет жинақталды: барлығы 391 сипаттама. Бұл осы тақырыппен айналысқан антропологтар бұрын зерттеген деректерден әлдеқайда көп. Жиналған деректер 16-ғасырдан (испан конкистадорларының жазбаларында кездесетін жергілікті америкалықтардың аңшылығы туралы хатқа түскен деректер бар) бүгінгі күнге дейінгі кезеңді қамтиды. Мысалы, Солтүстік Американың солтүстік-батысындағы кучин аңшыларын (1850-жылдар) сипаттайтын мәліметтің бірі төмендегідей:
«Бір кәрі үндіс маған былай деді: бұрын біз садақ пен найза екеуімен аң аулайтын едік. Сол кездегі жас жігіттер мықты болатын. Бұғыларды қарға арналған аяқ киіммен қуалайтынбыз, сосын қасқырлар сияқты күні бойы жүгіре алатынбыз. Қазір жастар жалқау әрі әлсіз болып кетті. Олар бұғыны күзде аулауды жөн көреді, өйткені оны өлтіру оңай. Олар ит жеккен шанамен жүреді және күні бойы жүгіруден тартынады».
Көп жағдайда төзімділікті қару етіп аңшылық жасау бір ғана сценариймен өрбиді:
1) аңшы олжаға қатты жақындай алмайды, сондықтан бар қаруын қолдануы мүмкін емес;
2) қуу басталған сәттен аңшы бірден едеуір артта жүреді;
3) олжа тоқтап, тығылатын жер іздейді не демалуға тырысады;
4) аңшы жүгіруін жалғастырады, көп ұзамай олжаны қайта қуып жетеді; аң тағы да қашады;
5) бұл цикл бірнеше рет қайталанады және әр жолы аңшы олжа жақындай түседі;
6) ақыры аңшы қуып жетіп, көбіне қарсылықсыз оны өлтіреді.
Деректер анализі көрсеткендей, 20-ғасырдың бірінші жартысына дейін бұл аңшылық тәсілі құрлық атаулының баршасындағы аңшылар арасында кеңінен қолданылған. Соңғы 70–80 жылда бұл әдіс жайындағы естеліктер күрт азайып, бүгінде ол толықтай дерлік жоғалып бара жатқан тәжірибеге айналды. Қазіргі аңшылардың төзімділікке сүйене аңшылықтан бас тартуының ықтимал себептеріне мылтықтың қолжетімді болуы, олжа санының азаюы, жылқы мен басқа да көлік құралдарының пайда болуы жатқызамыз.
Төзімділік арқылы аңшылық — бұғы, бизон, аю, антилопа, жылқы, зебра мен тіпті керіктерге жасалған. Төзімділікке сүйенген аңшылық тек ыстық елдерде ғана емес, салқын климатты аймақтарда да, тек ашық жерлерде ғана емес, ормандарда да кеңінен қолданылған. Энергия шығынының шамадан тыс көптігі туралы айтар болсақ, аңшылар бұл шығынды барынша азайту үшін көптеген айла-тәсілдерді қолданғаны анықталды. Мысалы, олжаның ұзақ уақыт жүгіруіне қиын болатын күндері аңшылыққа шығатын. Солтүстіктегі аңшылар бұлан немесе бұғының тезірек шаршауы үшін терең қарды немесе тапталған қар бар уақытты таңдайтын, есесіне аңшының өзі шаңғы немесе қарлы аяқ киім сияқты техникалық құралдарды қолданады. Африкалық аңшылар жирафты қуаламас бұрын жердің жаңбырдан кейін лай болғанын күтетін, ал құрғақ ауа райында жирафты қуалауға тырыспайтын. Көп жағдайда аңшылар қуып жету оңай болатын жануарды — әлсіз, ауру, паразиттерден титықтаған, қартайған, өте жас, әлсіреген, семіз немесе буаз жануарларды таңдайтын.
Көптеген тұяқты жануардың доға бойымен жүгіру әдеті бар, бұл аңшыларға жақсы белгілі. Аңшылар бұл білімді екі мақсатта пайдаланатын: біріншіден, өз жолын қысқарту үшін, олжа жүгірген доғаны қиып өтетін, екіншіден, барынша олжаны қуалаудың басталған жеріне жақын жерде өлтіру үшін. Бұл олжаны топтың мекеніне тасымалдауды айтарлықтай жеңілдетеді. Көп жағдайда аңшы шаршаған жартылай тірі жануарды тікелей өз үйіне айдап әкелуге де мүмкіндік алады.
Мысалы, 1860 жылғы есепте (АҚШ, Жоғарғы көл аймағы) оджибве халқының аңшылары туралы мынадай мәліметтер келтірілген: «Туземдіктерде жылқылар пайда болғанға дейін, халық арасында жүгіру жылдамдығы аса жоғары бағаланатын болса керек. Себебі олар аңның барлығын жаяу қуалап аулайтын, сондықтан «аңды шаршатып ұстау» әдеттегі іс болған; тіпті қазір де олар кейде солай істейді. Мысалы, бұл әдіс көбінесе бұланды қуу кезінде қолданылады, әсіресе қыста, бұл аң қарға батып жүре алмайтын кезде, ал үндіс қарға арналған аяқ киімімен жеңіл жүгіре береді. Жергілікті аңшы маған бұланға жасаған аңшылығы туралы мынадай оқиғаны айтып берді. Ол бұланның артынан жарты күн бойы жүгіріп, оны бірнеше рет ұстай жаздаған. Бірақ, оның айтуынша, бұланды бірден өлтіргісі келмеген, өйткені оны үйіне тасу қиын болатын. Сондықтан ол аңға біраз демалуға мүмкіндік беріп, өзі де тыныс алу үшін бірнеше рет алысырақ отырып демалған. Бірнеше минуттан кейін қайтадан қууын жалғастырып, жануарды тұрағына жақындата берген. Күн батқанда, бұлан оның тұрағына жеткілікті деңгейде жақындаған кезде жақындап барып, пышағын алып, жануарды өлтірген».
Осылайша төзімділікке сүйене аңшылық ету күні кешеге дейін бүкіл әлемдегі аңшылар арасында кең тараған тәжірибе болып келді. Аңшылықтың бұл түрі аса үлкен энергия шығынын талап етеді, сондықтан тиімсіз дейтін қалыптасқан пікір айтарлықтай әсіреленген болып көрінеді. Өркениеттің жайлы өміріне үйреніп қалған адамдарға, тіпті тәжірибелі далалық зерттеу жасаған этнографтарға да, мұндай аңшылық әдісі өте ауыр әрі орынсыз болып көрінуі мүмкін, бірақ аңшылардың мұндай ойда болмағаны анық. Тірі қалу үшін олар жақсы физикалық күйде болуға мәжбүр болған. Оған мәдениетке енген әдет-ғұрыптар, соның ішінде үлкен төзімділікті қажет ететін ритуалдық спорт жарыстары да ықпал етті. Көптеген қоғамда төзімді жүгірушілер ерекше құрметке ие болған.
Алынған нәтижелер төзімділікке сүйеніп аңшылық етудің антропогенезде маңызды рөл атқарғаны туралы гипотезамен жақсы үйлеседі. Бұл тәжірибе, ең алдымен, Африкада пайда болып, кейін әлемнің түкпір-түкпіріне таралған болуы мүмкін. Мәдени ортаға бейімделе отырып, адамдар мыңдаған жылдар бойы төзімділікке бағытталған табиғи сұрыпталуды бастан кешірген.