АЛЖИР:

Сталиндік лагерьдегі әйелдердің ауыр тағдыры

~ 10 мин оқу
АЛЖИР:

Коллажда оңнан солға қарай: Елизавета (Зейнеп-Қанипа) Сәдуақасова, Гүләндам Қожанова, Әзиза Рысқұлова, Дәмеш Жүргенова, Гүлжамал Майлина / Qalam

«Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері» — АЛЖИР-де 20 мыңнан астам әйел «этапта» болды, бұдан бөлек 8 мыңнан көп тұтқын жаза мерзімін бастан-аяқ осы лагерьде өтеді. КСРО-ның түкпір-түкпірінен жеткізілген әйелдердің АЛЖИР-дегі өмірі қалай өрбіді? Олар нендей зорлық-зомбылыққа ұшырады? Қазақ зиялыларының жарлары мен жақындарының тағдыры қандай еді? Qalam-ға берген сұхбатында АЛЖИР мемориалды-мұражай кешенінің қызметкері Бекжамал Жалғасова осы және басқа сұрақтарға жауап берді.

АЛЖИР-ге кімдер қамалды?

Әйелдерді АЛЖИР лагеріне Мәскеу мен Ленинградтан бастап Кавказ, Украина мен Орталық Азияға дейінгі түрлі аймақтан — Совет Одағының түкпір-түкпірінен әкеліп жатты. Олардың бар «кінәсі» — қоғам және мемлекет қайраткерлерінің, өнер мен әдебиеттегі көрнекті тұлғалардың жары, анасы, баласы болғаны ғана еді. Сол үшін ұлтына да, жасына да қарамастан, 3–5–8–10 жылға бас бостандығынан айырылды. АЛЖИР-ге қамалған әйелдердің дені оқыған, сауатты, бір емес, бірнеше жоғарғы оқу орнын тәмәмдаған білікті, білімді мамандар болды.

 Бекжамал Жалғасова  / Qalam

Бекжамал Жалғасова / Qalam

1937 жылы 15 тамызда КСРО Ішкі істер халық комиссариятының (НКВД) №00486 «Отанын сатқандардың әйелдері мен балаларын репрессиялау операциясы» атты жедел бұйрығы шығады. Осыдан соң әйелдер мен балаларды тұтқындау басталды. Бұл бұйрық адамдарды кінәсін дәлелдеп жатпай-ақ, бірнеше жылға қамап тастауға мүмкіндік беретін.

АЛЖИР-ге ең алғашқы тұтқындар легі 1938 жылдың 6 қаңтарында жеткізілді: Мәскеудегі атақты Бутырка түрмесінен арнайы эшелонмен 1600 әйел әкелінді. Олардың арасында КСРО-ның түкпір-түкпірінен жеткізілген, жалпы есеп бойынша, 62 ұлт өкілі отырды. Жекелей алғанда, 4390-ы орыс ұлтынан, еврейлер — 855, беларустар — 740, грузиндер — 146 болған. Венгрлер, корейлер, поляктар, әзербайжандар, татарлар мен армяндар да бар. Құжаттарда нақты ұлты көрсетілмеген 20 шақты әйел де тіркелген. Қазақ әйелдерінің саны — 87.

«Әйелдерді алдап тұтқындаған...»

Ең әуелі «Отанын сатты» деген ерлерді «Жұмыс бабымен іссапарға барасың» деп шақыртып алып, тұтқындаған екен. Осыдан соң «Жолдасыңызбен жүздесе аласыз» деп әйелдерді алдап алдыртқан. Ер азаматымен кездесуді күткен жұбайлары сәнді киініп, әдеміленіп, шақыртуда көрсетілген арнайы мекемеге барған. Ол жерде адам қамайтын камерасы бар жертөлелер орналасқан еді. Әйелдер барған соң, сол камераға жауып, «аз уақыттан кейін жолығасыз» деп алдарқатып, түрлі сылтаумен уақыт созған. Алайда көп ұзамай оларды тергеп, сол жертөледе тұтқындап, үш айдан алты айға дейін қамауда ұстаған жағдайлар кездескен. Кейін ресми бұйрықпен әйелдерді бірнеше жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарып, арнайы түбіртекпен үйлеріне қайтарып жіберіп отырған. Осыдан соң оларға дайындалуға уақыт берілген. Бірнеше баласы бар аналарға «қай балаңды өзіңмен алып кетесің, қайсысын қалдырасың» деп таңдау қойыпты. Мысалы, бір әйелдің төрт жастағы қызы және алты жарым айлық ұлы болған. Не істерін білмей абдыраған ол кіші баласын ғана өзімен бірге алып кеткен. Ал үш жастан асқан балалар әдетте балалар үйіне жөнелтілетін. Кейбір ана баласын күтушісіне уақытша қалдырып кеткен, алайда кейін олардан ешқандай хабар ала алмаған.

Баланың анасына жазған хаты. «АЛЖИР» мұражайы / Qalam

Баланың анасына жазған хаты. «АЛЖИР» мұражайы / Qalam

Бұл әйелдер айдалуға кеткен соң хат-хабар алған жоқ. Балалар үйінде немесе басқа жерде қалған ұл-қызының жағдайын, күйеуінің қайда екенін, тіпті жарының атылғанын білмеді.

АЛЖИР-ге апаратын азапты сапар

АЛЖИР-ге апаратын теміржол кейінірек салынды. Алғашқы жылдары тұтқын әйелдер пойызбен ұзақ жол жүріп, белгілі бір бекетке дейін жеткізілетін. Сосын іріктеуден өткен соң лагерьге дейінгі 33 шақырымды жаяу жүріп барған.

Жүк таситын әр вагонға жетпіске жуық әйелді тиеп тасыған. Іші тар, ауа жетпейтін бұл «жәшіктегі сапар» екі айға дейін созылатын. Ішінде темір пеш (буржуйка), оны қыздыруға отын берілмейтін. Санитарлық жағдай мүлде жасалмаған, тек еденнің ортасындағы тесік әжетхана қызметін атқарған. Олар вагон ішінде ағаштан жасалған екі қабатты тар кереуетте ұйықтайтын, ал терезесі — темір тор болған. Сығылысқан тұтқындар біріне-бірі сүйеніп, тізіліп, тіпті кезектесіп ұйықтап амалдапты.

«Қайтарма» көркем фильмінен көрініс. Режиссер: Ахтем Сейтаблаев. Тұтқындалған әйелдерді осындай вагондармен тасымалдаған еді / ATR телеарнасы / Youtube

«Қайтарма» көркем фильмінен көрініс. Режиссер: Ахтем Сейтаблаев. Тұтқындалған әйелдерді осындай вагондармен тасымалдаған еді / ATR телеарнасы / Youtube

Қазақстанға бет алғанын білгенімен, әйелдер нақты қай жерде кетіп бара жатқанынан хабарсыз болған. Азапты сапар, әсіресе нәрестелі әйелдер мен аяғы ауыр келіншектерге ауыр тиді. Қарны ашқан, сүтке жарымаған сәбилер суық пен әлсіздіктен титықтап, шетінеп кетіп отырған. Олардың мүрдесін жолай тоқтаған бекеттің маңында көміп кететін. Бірақ анасы моланың қай өңір, қай ауылда қалғанын, мұнда қайтып келетін-келмейтінін білмей әрі қарай кете барған.

Жол азабын әйелдер тек қыс пен күзде емес, жазда да көрді. Аптап ыстықта оларға қарапайым су татырмайтын. Тек тоқтаған кезде күзетшілер шлангіні алып, тұтқын әйелдердің үстіне шашады екен.

Әйелдер салған барақтар

1938 жылдың қаңтарында лагерьге ең бірінші боп жеткізілген әйелдер қайда келгенін түсінбей есеңгіреп қалады. Ол кезде аумақта небәрі екі барақ бар еді. Әрқайсына шамамен үш жүз әйелден орналастырылады.

Қаңтардың қақаған аязында барақтардың іші салқын болды — 6–7 градустан аспайды екен. Мұнда да буржуйка пеш тұрғанымен, көмір берілмеді. Әйелдер барақты жылыту үшін мұз қатқан Жалаңашкөлге барып, қарлы суды кешіп жүріп қамыс жинады. Оны жағуын жаққанмен, түк жылымайтын, сондықтан отты үздіксіз жағатын. Кейбірі бұған шыдамай алғашқы қыста-ақ қайтыс болып кеткен.

Ағылып келіп жатқан әйелдерге барақ жетпегендіктен, оны өздеріне салдыртты. Арасында мықты сәулетшілер бар. Солардың білігін қолданып, құрылысқа жекті. Тұтқындар қамыс жинап, оны саз балшықпен араластырып, жалаң аяқ илеп, салмағы 5 келіден 15–20 килограмға дейін тартатын кірпіш құйды.

«АЛЖИР» мұражайы аумағындағы барақ үлгісі / Qalam

«АЛЖИР» мұражайы аумағындағы барақ үлгісі / Qalam

Осылай 26 барақ салынды. Әрқайсысында 300 әйелден отырды. Олар барақ ішінде ағаштан құрастыра салған қарапайым сәкілердің үстінде жатты. Жамылғы, көрпе секілді жабдықтар мүлде болмады, ал төсеніштің орнына қамыс төселді. Сөйтіп тұтқындағы әйелдер қамысты барақ тұрғызуға да, отынға да, ұйықтауға да пайдаланды.

Ал жазда, керісінше, барақ іші қапырық болып, ауа жетпей кететін.

Күн тәртібі және ауыр еңбек

Барақ — тек жатын орын емес, тұтқындардың күнделікті өмірінің негізгі кеңістігіне айналды. Осы жерде ұйықтады, осы жерде тамақтанды.

Таңғы сағат төрт-бесте оянған әйелдерге таңғы ас орнына бір ожау ботқа ғана берілген. Оны жегендері жеді, жемегендері аштықтан бұратылып ауыр жұмысқа кететін. Жылдар бойы бір ожау ботқадан басқа ештеңе бұйырмайтын. Соның кесірінен әйелдердің денсаулығы күрт нашарлап, ағза әлсіреп, түрлі ауруға шалдыққан. Күн сайынғы ауыр еңбек пен жеткіліксіз тамақ салдарынан көптеген тұтқын көз жұмды.

Лагерьдегі тәртіп өте қатаң еді. Таңғы астан соң тұтқындар Жалаңашкөлге қамыс шабуға жіберілетін. Бұдан бөлек ағаш цехтарында жұмыс істеді. Кейбірі үскірік аяз бен ақтүтек боранда мал бақты. Жер өңдеп, бау-бақша екті. Тұтқындар арасындағы мықты агрономдар қауын-қарбыздан бастап, жүзімге дейін өсірген. Таңқурай, қарақат, құлпынай — барлығы молынан шықты. Тіпті осы Ақмол ауылының бұрынғы «Малиновка» атауы да бір жағынан әйелдердің сол еңбегімен тығыз байланысты. Тұтқындар отырғызған алма ағаштары әлі жеміс беріп тұр.

Артём Чурсинов. «АЛЖИР» мұражайындағы экспозиция / museum-alzhir.kz

Артём Чурсинов. «АЛЖИР» мұражайындағы экспозиция / museum-alzhir.kz

Осындай қиын еңбектен соң бәрі кешке топ-тобымен тізіліп бараққа оралып, сөйлеуге де мұршасы келмей, ұйқыға жататын. «Істемеймін» немесе «істей алмаймын» дегендер қатаң жазаланды. Күзетшілердің қырына іліккендердің жазасы үш жылдан бес жылға, бес жылдан сегіз жылға, ал сегіз жыл он жылға ұласатын.

Қара жұмыстың тағы бір түрі — тігін цехы еді. Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде мұнда Ленинград пен басқа қалалардан әскери тапсырыстар ағылған. Бастапқыда жалғыз көйлекпен келген тұтқын әйелдер өздеріне бір қабат жылы киім тігіп алған соң, майданға қажетті әскери киімдер дайындаған және киімдердің астарына «Сіздер жеңесіздер!», «Отан сенеді!» деген секілді рух беретін сөздерді кестелеп жазып қояды екен.

Тігін цехтары барақтардың ішінде тұрған. Жалғыз май шамның жарығымен күніне 14 сағаттан киім тіккен әйелдердің көру қабілеті нашарлап, денсаулығы сыр бере бастапты. Қатты қиналғаны сонша, кейбірі тіпті ақыл-есін де жоғалтты. Бірақ осындай қиындыққа қарамастан, әйелдер тігіннен де, кестеден де үміт іздеді.

«Кесте бізді аман алып қалғандай, үміт сыйлағандай, жүрегімізге тыныштық бергендей» деп естелік қалдырғандар бар. 

Әйелдерге жасалған зорлық-зомбылық

Лагерьде қит еткенді қатаң жазалайтын. Мәселен, совет дәуірінің танымал әншісі, «Катюша» әнінің алғашқы орындаушысы Лидия Руслановадан «Сен әншісің ғой, ән айт» деп талап етеді. Сол кезде ол «Бұлбұл торда ән салмайды» деп жауап бергені үшін тағы да Владимир түрмесіне айдалып кеткен.

Тұтқындағы әйелдерді ұрып-соғу қалыпты құбылысқа айналады. Әйелдердің көбі соққыға жығылды, оларды баласынан айырды. Лагерьдегі ит ертіп, мылтық асынған НКВД күзетшілері тұтқындарды барақ маңынан бір қадам алыстатпайды екен. Бір күні құлағы естімейтін тұтқын әйел барақ маңынан әудем жерге кетіп қалады. Күзетші оны бірнеше рет шақырғанымен, естімеген. Сонда әлгі әйелді ешқандай тергеусіз, сотсыз атып тастапты.

Артём Чурсинов. «АЛЖИР» мұражайындағы экспозиция / museum-alzhir.kz

Артём Чурсинов. «АЛЖИР» мұражайындағы экспозиция / museum-alzhir.kz

Тұтқындарға қойылған талаптардың қиындығы бірінен бірі асатын. Мал баққан әйелдерге «жан керек болса, алдарыңдағы малды аман сақтап қалыңдар» дейді екен. Бірде қатты аязда екі әйел суық қорадағы бұзауды аман алып қалу үшін барын салып, үстін қолында бар затпен жауып, өздері шаршаған, тоңған күйде бір-бірін құшақтап ұйықтап қалыпты. Бірақ аязға шыдамай бұзау өліп қалғанда, күзетші екеуін «малды құртты» деп, әй-шайға қарамай атып тастаған. Олардың денесі өлексенің жанында көмілместен жатқаны айтылады. Бұл — өзгелерге «сабақ болсын» деген мақсатта жасалған әрекет еді.

Лагерьде туған 1507 бала

АЛЖИР-дің ең ауыр әрі жүрек ауыртар тақырыбының бірі — сол жерде дүниеге келген балалар. Ресми дерек бойынша, 1507 сәби лагерьде дүниеге келген. Көбі зорлық-зомбылықтан туған балалар еді. Әкесі кім екені белгісіз. Туу туралы куәлігінде тек анасының аты-жөні көрсетілген, ал «әкесі» деген жол бос қалған. Себебі бұл балалардың әкелері — лагерьдегі күзетшілер, НКВД қызметкерлері.

Есейіп, бой жете бастағанда олар «әкем кім?», «қайда жүр?» деп шешелеріне сұрақ қояды. Көп жағдайда аналар бұл сұраққа жауап бермеген. Кейбірі: «Әкең қайтыс болып кеткен» немесе «Айтқым келмейді» деп жалтарады екен. Бір оқиғада анасының құрбысы баланың: «Неге сіздер менің әкем туралы айтпайсыздар?» – деген сұрағына, – «Сенің әкең жаман адам болған», – деп жауап берген. Бұған ашынған жасөспірім: «Қандай болса да, әкем ғой. Аты-жөні бар шығар?» – деген. Сол кезде анасы шыдамай: «Әкең мені зорлады. Сен сол зорлық-зомбылықтан тудың», – деп айтыпты.

Артём Чурсинов. «АЛЖИР» мұражайындағы экспозиция / museum-alzhir.kz

Артём Чурсинов. «АЛЖИР» мұражайындағы экспозиция / museum-alzhir.kz

АЛЖИР мұражайы ашылғаннан кейін балалардың кейбірі келіп, естелігін бөлісіп жүрді. Қазір дені қайтыс болып кетті.

АЛЖИР-дегі қазақ зиялыларының әйелдері

Қазақ зиялылары қуғын-сүргінге ұшыраған жылдары олардың жақындары да жазықсыз жазаға тартылды. Солардың бірі — Бейімбет Майлиннің жары Гүлжамал Майлина. Ол кісі Алматы түрмесінен АЛЖИР лагеріне айдалып келді. Артында бес бірдей баласы қалды. Үлкен ұлы Әукен соғысқа кетіп, оралмады. Еділ, Рәзия, Мерекесі — Семей балалар үйінде тәрбиеленді. Кенжесі Гүлсім — Осакаров балалар үйінде өскен.

Гүлжамал Майлина  / museum-alzhir.kz

Гүлжамал Майлина / museum-alzhir.kz

Гүлжамал Майлина бес жылға бас бостандығынан айырылды. Оның төрт жылын АЛЖИР-де, бір жылын Қарағандыда өтеген. Лагерьде мал баққан. Қыстың қақаған аязында, боранды күндерде де қой соңында жүрді. Әдейі ауа райы бұзылған кезде осы шаруаға салады екен. Бір күні боранда алдындағы 50 қойынан адасып қалады. Күзетшіге жағдайын айтқанда, «малды түгел таппасаң, мерзіміңді ұзартамыз және балаларыңды құртып жібереміз» деген сөздер естиді. Амалы қалмаған соң қой іздеп кері кетеді. Адасып жүріп Киров ауданына кетіп қалады. Сол жолда кездескен ауылға тоқтап, үйлердің есігін қағып, елге қойын таба алмай жүргенін айтады. Жөн сұрасып, кім екенін, кімнің жары екенін білген ақсақалдар үйге кіргізіп, ыстық шайын беріп, нанын бөліседі. Сөйтіп өзара ақылдасып, жабылып жүріп қойды табады. Боранда ыққан қойлар ауыл маңындағы бұтаның арасында жатыр екен. Оны айдап әкеліп, Гүлжамал Майлинаның қасына екі азаматты қосып, АЛЖИР-ге жіберіпті.

Тұрар Рысқұловтың жары Әзиза Рысқұлова да сегіз жылға сотталып, Бутырка түрмесінен АЛЖИР-ге әкелінген. Әзизаның анасы Әрипа Есенқұлова да «күйеу баласы үшін тыңшылық жасады» деген айыппен осында қамалған. Ол кісі ақталуына бірнеше күн қалғанда миына қан құйылып, қайтыс болады. Ал Әзиза Рысқұлованың өзі мал дәрігері еді. Лагерьге бір айлық қызы Ридамен түскен, бірақ ол үшке толғанда, Осакаровтағы балалар үйіне жөнелтіледі. Ал үлкен қызы Сәулені де анасынан сұрап жатпай бірден Одесса маңындағы балалар үйіне жіберіпті. Лагерьде Әзиза Рысқұлова қатты ашығады екен. Бір үзім нанға зар болған. Аман қалу үшін ауру малдың етін жасырып, тұтқын әйелдерге берген. Әйелдер солай күнелткен.

Әзиза және Тұрар Рысқұловтар / e-history.kz

Әзиза және Тұрар Рысқұловтар / e-history.kz

АЛЖИР-де Сейітқали Меңдешовтің жары Рәзия Меңдешова, Жанайдар Сәдуақасовтың жары Елизавета Сәдуақасова, Сұлтанбек Қожановтың жары Гүләндам Қожанова, Темірбек Жүргеновтің жары Дәмеш Жүргенова да қамауда отырған. Барлығы ауыр жұмыспен мерзімін өтеген.

Бұл кісілер 1956 жылдан бастап біртіндеп ақтала бастады. Содан кейін ғана жұмысқа тұруға мүмкіндік туады. Бірақ бойындағы қорқыныш сол күйі сейілмеді. Киім-кешегін әзірлеп, түйіншегін дайындап қоятын ол үйге бөтен кісі кіріп келсе, «мені қайта алып кетеді» деп қатты үрейленетін болған.

АЛЖИР шындығы қашан жария болды?

1956 жылдан кейін КСРО бойынша саяси қуғын-сүргінге ұшыраған бірқатар қоғам және мемлекет қайраткері ресми түрде ақталды. Сол жылы олардың жазықсыз сотталғаны туралы жарлықтар жарияланып, моральдық өтемақы төлеу туралы шешімдер қабылданды. Ақталғандардың қатарында Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов сынды тұлғалар болды. Бірақ бұл процесс толық әрі бір мезетте бәріне қатысты жүргізілген жоқ. Кейбір азаматтар кейінірек ақталды.

АЛЖИР-дің өзі жайлы ақпарат та бірден жария болмады. 1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін де лагерь екі жылдай жұмыс істеп тұрды. Тұтқындар жалдамалы жұмысшы ретінде еңбек етті. Кейінірек аумағы тегістеліп, ешқандай лагерь болмағандай тып-типыл етіліп, барлық барақ қиратылды. Дегенмен шындықты білетін, сол маңда тұрақтап қалған бұрынғы тұтқындар мен күзетшілер бар еді. Алайда олар да ұзақ уақыт бойы бұл туралы ешкімге тіс жарған жоқ. Себебі олар шындықты жария етуге қорқатын.

«АЛЖИР» лагерінің (Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері) сызбасы. 1938—1953 жж. / Алматы қаласының тарих музейі қорынан / ҚРОМКФДЖА

«АЛЖИР» лагерінің (Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері) сызбасы. 1938—1953 жж. / Алматы қаласының тарих музейі қорынан / ҚРОМКФДЖА

1989 жылы Қазақстан егемендік алардың алдында «Известия» газетінің тілшісі Олег Стефашин Ақмол ауылында (бұрынғы Малиновка) әйелдер лагері болғаны туралы мақала жариялады. Соның негізінде зерттеу басталды. Жалаңашкөл маңында қазба жұмыстары жүргізіліп, көптеген бас сүйек табылды. Зерттеу нәтижесінде оның бәрі әйелдерге тиесілі екені анықталды. Адам төзгісіз жағдайда жан тапсырған тұтқындарды арнайы көмбеген. Қыста мәйіттер ашық жатқан, ал көктемде үлкен ор қазып, сонда лақтырып, үйіп, бетін топырақпен жаба салған.

Бұл — АЛЖИР туралы әзірлеген үлкен сұхбатымыздың бір бөлігі ғана. Толық нұсқасын Qalam Tarih атты YouTube-арнамыздан қарай аласыз.

Qalam редакциясы «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінің әкімшілігіне серіктестік танытқаны үшін алғыс білдіреді.