
«Алжир» деректі фильмінен кадр. Режиссері: А. Шәжімбаев. 1980 жыл / Алматы қаласы тарих музейінің қорынан / ҚРОМКФДЖА
Қазақстанда 31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл құрбандардың қатарында кеңес дәуірінде күштеп жер аударылғандар да, аштықтан қырылғандар да, кінәсіз болса да, сотталып және атылып кеткендер де бар. КСРО-дағы ең ірі еңбекпен түзету лагерьлерінің бірінің орнында ашылған Қарлаг музейімен бірлесе отырып, Qalam бір кездері Қазақстан аумағында ашылған концентрациялық лагерьлер жүйесінің қалай жұмыс істегені жайлы әңгімелейді.
ГУЛаг жүйесінің құрылымы
Көбінесе біз ГУЛАГ деген қысқарған атауды көреміз. Алайда ГУЛаг деп жазу дұрысырақ болар еді. Бұл «лагерьлердің бас басқармасы» (главное управление лагерей) дегенді білдіреді. Іс жүзінде ГУЛаг КСРО-да НКВДiІшкі істер халық комиссариаты мен ІІМ басқаратын «мемлекет ішіндегі мемлекет» болды.
1929 жылы И. Сталиннің жарлығымен КСРО-ның Колыма, Магадан, Воркута, Сібір, Орал секілді шалғай орналасқан, өмір сүру қиын аймақтарында еңбекпен түзету лагерьлері жүйесін құру жоспары әзірленді. Ал 1930 жылдың 7 сәуірінде осы лагерьлер туралы арнайы заң қабылданды.

Қарлаг бөлімшелеріне жіберілер алдында тұтқындар Қарабас теміржол станциясына кеп түсетін. Қарағанды облысы, 2004 жыл / Астана және Алматы епархиясының мұрағатынан / ҚРОМКФДЖА
ГУЛагқа 478 лагерь және кәмелетке толмағандарға арналған 50 колония кірді. Бұл орындарда РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабы бойынша, яғни «контрреволюциялық әрекеті» үшін сотталған саяси тұтқындар саны жағынан ең көп болатын. Ресми пропаганда оларды «халық жауы» деп атады. ГУЛаг жүйесінен миллиондаған адам өтті, оның жүздеген мыңы атылып кетті.
Қарлаг қалай пайда болды?
Қарағанды еңбекпен түзету лагері 1931 жылдың 19 желтоқсанында құрылды. Оны қысқартып «Карлаг ОГПУ»iБіріккен мемлекеттік саяси басқарма деп атады. Қарлаг тікелей Мәскеудегі ГУЛаг орталық басқармасына қарады.
Қарлагтың орталығы мен әкімшілік басқармасы Қарағандыдан 45 шақырым жердегі Долинское ауылында орналасты. Осы күні бұл — Долинка кенті. Лагерь жүйесінің басшылығы отырған ғимаратта қазір Қарлаг саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейі жұмыс істеп тұр.
1931 және 1959 жылдар аралығында, яғни Қарлаг жұмыс істеп тұрған кезде бұл лагерь арқылы 1 миллионнан астам тұтқын өтті деп саналады.
Қарлагтың негізгі аумағы солтүстіктен оңтүстікке қарай 300, ал шығыстан батысқа қарай 200 шақырымды алып жатты. Бұдан бөлек лагерь орталығынан 350 шақырым жерде орналасқан Ақмола және 650 шақырым қашықтықтағы Балқаш бөлімшелері болды.
Қарлагтың ҚазКСР аумағында ұйымдастырылуының басты себебі — Қарағанды көмір бассейні, Жезқазған және Балқаш мыс қорыту комбинаттары секілді Орталық Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан көмір-металл өнеркәсібіне қызмет көрсету қажеттілігі туды.
Қарлагтың орнында бұрын не бар еді?
Қарлагқа берілген аумақ бос жатқан жер емес-ті. Мұнда тігілген 4 мың шамасындағы киіз үйде 80 мыңдай қазақ өмір сүрді. Сонымен қатар неміс, орыс, украиндардың 1200-дей үйі болды. 1930–1931 жылдары бұл тұрғындарды НКВД әскері күштеп басқа жаққа көшіре бастады.
Немістерді, украиндарды және орыстарды негізінен Қарағанды облысындағы Тельман, Осакаров және Нұра аудандарына жіберді. Ең үлкен зардап шеккен топ — солтүстік аудандардан Қарағанды мен соның маңындағы аудандарға еріксіз қоныс аударған көшпелі қазақтар еді. Мұның бәрі құлақтардың мүлкін тәркілеу мен малды жаппай кәмпескелеу кезеңіне тап келді. Тартып алынған мал-мүлік «Гигант» совхозының арнайы құрылған «Восток – мясо» атты ұйымына беріліп отырды.
Жергілікті халық көшіп кеткен соң бос қалған аймаққа топ-топ тұтқындар орналастырылды. Олар бірден өзіне баспана ретінде барақтар, мал ұстайтын орын, әскери күзет казармасын және басшылық тұратын ғимараттар сала бастады.
Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері
«А.Л.Ж.И.Р.»iАкмолинский лагерь жен изменников родины НКВД Қарлагының бір бөлімшесі саналды. Жалпы КСРО бойынша төрт әйелдер лагері болды. Оның бірі — осы АЛЖИР, енді бірі Қырғызстанда, қалған екеуі Ресейде орналасты.
Ақмола лагері Кеңес Одағының өзге аймақтарынан келген арнайы қоныс аударушылар салған №26-кенттің орнында бой көтерді. Мұндай жандар 1929 жылдан бастап алдымен Ресейдің Саратов облысынан, кейін Беларусь, Украина және Молдовадан әкеліне бастады.

«АЛЖИР» лагерінің (Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері) сызбасы. 1938-1953 жж. / Алматы қаласының тарих музейі қорынан / ҚРОМКФДЖА
1937 жылдың тамыз айында №26-кенттің тұрғындары көшірілді, ал 1938 жылдың қаңтарында үш жасқа дейінгі баласы бар 50 әйелден тұратын алғашқы топ әкелінді.
Түрлі кезеңде АЛЖИР-де КСРО-ның түкпір-түкпірінен жиналған 18 мыңнан астам әйел қамақта болды.
Оларды «ЧСИР», яғни отанын сатқандардың отбасы мүшелеріiчлены семей изменников родины деп атады. Бұл ретте «отанын сатқандардың» қатарында қуғын-сүргінге ұшыраған саяси қайраткерлер, ғалымдар, әскерилер, дәрігерлер, инженерлер, жазушылар және ірі басшылар болғанын айта кету керек.
Қазір «Р-17» еңбекпен түзету лагерінің орнында Ақмола кенті және «АЛЖИР» мемориалды-музей кешені орналасқан.
Спасск лагері және әскери тұтқындар
1931 жылдың наурызына дейін Спасск елді мекені Қарағанды ауданының орталығы болған еді. Кейін оны Қарлагтың қарауына өткізіп, бұл жерде айрықша санатына жататын бөлек лагерь құрды. Жағдайы ауыр науқас тұтқындар осы Спасскіге жіберіліп, сонда жан тапсыратын. Сондықтан лагерьді «Айрықша лагерьлердің бүкілодақтық мүгедектік ұйымы» деп бейресми түрде атап кетті.
1941 жылы КСРО НКВД орынбасары В. Чернышевтың 24 маусымдағы жарлығы бойынша Спасскіде 22 бөлімнен тұратын және әскери тұтқындарға арналған лагерь ұйымдастырылды. Бас-аяғы он жыл жұмыс істеген бұл орында 40 мыңдай әскери тұтқын болды. Олар 20-дан астам елдің азаматтары еді.

Қарлаг тұтқындары жатқан қорым. Қарағанды облысы, 2004 жыл / Астана және Алматы епархиясының мұрағатынан / ҚРОМКФДЖА
Тұтқындағы әскерилерді шахтадағы, кірпіш және жөндеу-механика зауыттарындағы, сондай-ақ құрылыс кәсіпорындарындағы жұмысқа салды. Еңбек күні тұтқынның денсаулық жағдайына байланысты 6-дан 18 сағатқа дейін созылды.
Қазір лагерьден аман шықпаған әскери тұтқындар мен тұтқынға түскен өзге ел азаматтарыi5000-нан астам адам жерленген орында Спасск мемориалды кешені тұр.
Жезқазғанлаг және Степлаг

Сталин қайтыс болған күн. Қарлаг тұтқындары қаралы шарада. Қарағанды облысы, 1953 жыл / Алматы қаласының тарих музейі қорынан / ҚРОМКФДЖА
1946 жылға дейін Жезқазған еңбекпен түзету лагері НКВД-ға қарайтын Қарлагтың құрамында болып, «халық жауы», «отанын сатқандар», «контрреволюционерлер» секілді ерекше қауіпті қылмыскерлер отыратын айрықша лагерь санатына кірді. Кейінірек одан әкімшілік орталығы Жезқазған түбіндегі Кеңгір кентінде орналасқан Степлаг бөлініп шықты.
Тарихшылар Д.А. Шаймұханов және С.Д. Шаймұханованың «Карлаг» атты кітабында Қарлаг пен Степлагтың айырмашылығы жайлы былай делінген:
«Қарлаг патшалық Ресейге тән еңбекпен түзету колониясы ретінде салынса, Степлаг неміс концлагерьлерінің қағидасы бойынша ұйымдастырылған еді.
Тұтқындар мыс өндірумен айналысты. Бұрғылау құрғақ тәсілмен жүзеге асатын, сондықтан кеуек жыныстың шаңы қаптап, ол жылдам асқынатын силикоз және туберкулезге әкеп соғатын. 1886 жылғы заңға сәйкес, патшалық Ресейде денсаулыққа зияны бар жұмыстарға тіпті тұтқындарды да салмайтын. Ал кеңес билігі кезінде бұған жол берілді».
1954 жылдың мамыр айында ГУЛаг жүйесіндегі ең ұзаққа созылған көтерілістердің бірі басталды. Бірақ билік оны танкімен басып-жаншып тоқтатты. Осы көтерілістен соң бүкіл ГУЛаг жүйесіндегі каторгалық айрықша лагерьлер жабылды. Ал 1959 жылы ГУЛагтың өзі де жүйе ретінде жабылып тынды.
Сталиндік қуғын-сүргін жылдарында Қазақстан аумағында барлығы 20-дан астам лагерь бөлімшесі және 200-ге жуық лагерь нүктесі жұмыс істеді.

Қарлаг аумағындағы тұтқындар өмір сүрген барақтың орны. 2004 жыл / Астана және Алматы епархиясының мұрағатынан / ҚРОМКФДЖА
Qalam редакциясы материалды әзірлеуге көмек берген «Қарлаг» және «АЛЖИР» музейлеріне, сонымен қатар «Карлаг» кітабының авторлары, зерттеуші ғалымдар Д.А. Шаймұханов пен С.Д. Шаймұхановаға алғыс білдіреді.