Басты кейіпкер 1926 жылдың 20 қарашасында Кюсю университетінің психиатриялық клиникасындағы №7 палатада оянады. Өзінің кім екені және бұл жерге қалай тап болғаны есінде жоқ. Оның міндеті — өткен өмірін еске түсіру. Көрші палатада өзін кейіпкердің қайтыс болған қалыңдығымын деп айтатын әйел бар. Ал университетте кейіпкерге психиатриялық эксперимент жүргізіп, жадыны қалпына келтіру әдістерін зерттеп жүрген доктор Вакабаяси жұмыс істейді.
«Догра Магра» — жұмбаққа толы, шиеленіскен роман және жапон андеграунд әдебиетінің ең маңызды туындыларының бірі. Шығарма 1935 жылы, Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында, Жапонияда қарқынды милитаризация жүріп жатқан шақта жарық көрген. «Догра Магра» оқырманды үнемі шатастырып, сюжеті әр бет сайын күрделене түседі. Бұл роман туралы кейіпкерлердің бірі дәл анықтама бергендей:
«Шынтуайынта бұл шығарманың өзі шектен тыс біртүрлі! Оның мазмұны есіңді шығарады, ал композициясынан миың қайнайды! Ғылымға деген құштарлық пен қатігездік, нәзік сезім мен детективтік құмарлық, мистика мен абсурдтың бәрі бар…»
Бұл таңғажайып кітап сол кезеңде көршілерін жаулап алуға тырысқан елде қалай пайда болды?
Жапондық модернизм
1920–1930-жылдардағы Жапониядағы соғысаралық кезеңде өзіндік ерекшелігі бар модернистік мәдениет қалыптаса бастады. Жаңа авторлар мен жаңа бағыттар пайда болды. Соның бірі — «эро-гуро-нонсенсу», яғни эротика, гротеск және нонсенс. Бұл бұқаралық мәдениет бағыты қарапайым жапондықтарға «жоғары мәдениеттен» алыстап, өз ойларын еркін білдіруге мүмкіндік берді. Жанр аясында секс, каннибализм, дене мүшелерін бөлшектеу және азғындықтар туралы жазылды. Бұл жаңа қалалық мәдениеттің дәуірі — дәстүрлі Жапониядан алшақ, жат және таңсық нәрселер кезеңінің бастауы еді.
Сол уақытта «Синсейнэн» («Жаңашыл жастар») журналы ашылған еді, онда алғашында шетелдік әдебиет жарияланып, кейіннен жас жапон жазушыларының шығармалары да шыға бастады. Бір қызығы, мистикалық және гротесктік проза танымал бола бастады. Жаңа детективтік жанр — тантэй сёсэцу (тікелей аударғанда «детективтік проза») пайда болды. Юмэно Кюсаку деген бүркеншік атпен жазатын жазушы осы журналда 1926 жылы «Жан түршігерлік барабан» әңгімесімен дебют жасап, уақыт өте келе танымалдыққа ие болды.
Әскери, монах және тілші
Юмэно Кюсаку 1889 жылы 4 қаңтарда Фукуока қаласында дүниеге келген. Шын есімі — Сугияма Наоки. Ол атасының тәрбиесінде болған, атасы балаға жапон дәстүрлі Но театрына деген сүйіспеншілікті дарытты. Мектеп бітірген соң, 1908 жылы, Сугияма Императорлық гвардияның Бірінші полкында қызмет етуге аттанып, әскери тәжірибесі оның дүниетанымына қатты әсер етті, бұл оның шығармаларында айқын көрінеді. Әскерден кейін болашақ жазушы Кэйо университетінде тарихты зерттеген, бірақ оқуын аяқтамай, туған жері Фукуокқа оралған.
Әкесі Сугиямаға ферма басқар деп талап қойғанымен, дегеніне жете қоймады. Жігіт тегін өзгертіп, Сугияма Тайдо атанып, Токио қаласындағы Кифуку-дзи ғибадатханасында монах болуға аттанды. Дзен-буддизм идеялары да оның прозасының сюжеттеріне айтарлықтай әсер етті. Ғибадатханада ол Хоэн деген монахтық есімге ие болды.
Екі жыл ғибадатханада қызмет еткеннен кейін Сугияма тағы да үйіне оралып, бұл жолы корреспонденттік мансабын бастады, мақалалар мен эсселер жаза бастады. 1923 жылы ол Кантоi
1926 жылдың мамыр айында Сугияма жазушылық мансабын бастап кетті. Ол өзіне Юмэно Кюсаку деген бүркеншік есім алды және мистикалық әрі детективтік әңгімелерді бірінен соң бірін жаза бастады. Кюсю диалектінде «Юмэ-но кюсаку» «қияли» деген мағына білдіреді — әкесі ұлының прозасын оқығаннан кейін оны осылай атап кеткен.
1935 жылы оның «Догра Магра» романы жарық көрді. Автордың айтуынша, ол бұл шығарманы 20 жыл жазған: он жылын ойластыруға, ал тағы он жылын жазуға жұмсаған. Роман жазып жүріп Юмэно Кюсаку Кюсю Императорлық университетінің психиатрия кафедрасына барып, сол кездегі ғылыми зерттеулер мен психоанализдің жаңа идеяларынан шабыт алды.
1935 жылы жазушының әкесі қайтыс болды. 1936 жылы Сугияма отбасылық жұмыстармен Токиоға келді, бірақ бір айдан кейін қонақ күтіп жатқанда инсульттен көз жұмды.
Естен тандыратын роман
«Догра Магра» — бұл шатастыру өнері. Бұл тіркестің нақты аудармасы жоқ, әрі оның этимологиясы Жапонияда да белгісіз. Тікелей аударғанда — «шырғалаңға түсіру». Бірақ бұл тіркес «фокус-покус» немесе «ақалай-мақалай» деген мағынаға ұқсас. Роман осы принципке сәйкес келеді: оның сюжеті шырғалаңға түсіреді, оқырманды үнемі шатастырып отырады. Бұл кітап Жапонияның үш «ұлы таңғажайып кітаптарының» қатарына кіреді — бұл кездейсоқ емес.i
Романның құрылымы сюжетке тікелей әсер етеді. Кітап бірнеше бөлікке бөлінген және әр бөлік — басты кейіпкердің оқып отырған құжаты. Бірақ бір сәтте «Догра Маграның» өзі де сюжет үшін маңызды құжаттардың бірі болып шыға келеді.
Формальды түрде «Догра Магра» — детектив жанрындағы шығарма. Алайда бұл қарапайым анықтама романды бір ғана жанрмен шектеуге мүмкіндік бермейді. Сюжетті қарастырайық.
Бас кейіпкер оқып отырған әр құжат оның жадының қалпына келуіне және оқырманға кітаптың жұмбағын шешуге көмектесуі керек. Бірінші құжат — басты кейіпкердің емдеуші дәрігері жазған еретикалық сутра. Оның мазмұны — жазалау психиатриясына қарсы сын және қазіргі әлемдегі психикалық ауруы бар адамдардың трагедиялық тағдыры туралы баяндау.
Келесі құжат — сол дәрігермен сұхбат. Онда дәрігер Жер планетасының үлкен психиатриялық клиника екенін және адамдардың барлығы науқас екенін, бірақ олардың кейбіреулері ғана шынайы клиникаларға түскенін, қалғандары қалыпты өмір сүретінін мәлімдейді.
Интервьюден кейін біз басты кейіпкермен бірге «Эмбрионның түсі» деген жалған ғылыми жұмысты оқимыз. Бұл жұмыста дәрігер адамның өміріне тікелей әсер ететін түстердің жүктілік кезінде басталатынын дәлелдеуге тырысады. Тіпті жаман түстер туа біткен кемшіліктерге әкелуі мүмкін. Егер бала қорқынышты түс керсе, оның өмірі де трагедияға ұласуы мүмкін. Сонымен қатар бұл жерде дзен-буддизмге және романға да маңызды уақыттың сағымдай ағымы көрсетіледі. Кітаптың оқиғасы бір күнге сыйып кеткендей көрінеді, бірақ олай емес.
Кейін басты кейіпкер оралған қағазды оқиды, онда Итиро Курэ деген бір жас жігіттің тағдыры сипатталған. Ол да оралған қағазды тауып алған да, оқығаннан кейін либидо немесе «кармикалық» психикалық мұрасы оянады. Бұл энергия оны үйлену қарсаңында қалыңдығын өлтіруге мәжбүр етеді.
Құжаттарды оқығаннан кейін кейіпкер өзін Итиро Курэмін деп болжайды. Барлық осы оқиғалар оның өмірінде бірнеше рет қайталанған, бірнеше рет есін жоғалтқан және оны қайта есін қайтаратындай тәжірибиелерге де қатысқан. Оның басынан өткен нәрсенің бәрі — бұл доктор Вакабаясидің тәжірибесінің шеңберінде болған психиатриялық эксперимент шеңберінде қайталанатын күндердің бірі ғана.
Мүмкін бұл 1926 жылдың 20 қарашасы емес шығар. Мүмкін ол бұл клиникадан ешқашан шықпайды немесе бұл тек жарыққа келуді күтіп отырған эмбрионның түсі болуы да мүмкін. Барлық осы идеяларды түсіну және интерпретациялау үшін романды қайтадан оқып, мәтіндегі іздерді табу керек. Романның соңы оқырманның оны қалай түсінгеніне тікелей байланысты деп айтуға болады.
«Догра Маграның» негізгі интерпретацияларының бірі — бұл тексті дзен-буддизм, сансараның дөңгелегі және шексіз циклден шығу туралы роман ретінде қарастырады. Бұл бірнеше тақырып пен сюжетте көрінеді.
Біріншіден, өзіндік «меннің» сағымы. Кейіпкер үнемі өзін еске түсіруге тырысады, бірақ соңында өзінің кім екенін және нақ «өзі» бар ма, жоқ па түсінбейді.
Екіншіден, шындықтың сағымдануы: әрі кейіпкер үшін, әрі оқырман үшін барлық оқиғалардың нақты болып жатқаны белгісіз — бұл эмбрионның түстері немесе кейіпкердің галлюцинациялары болуы мүмкін. Кейіпкер романда тек өз аты мен өткенін ашуға тырысып жатқан жоқ. Ол «сатори», яғни ішкі жарықтану тәжірибесін іздейді. Ол не болып жатқанын түсінуге және бұл шексіз эксперименттің қайталануына қалай нүкте қоюға болатынын білуге тырысады.
Романды эмбрионның түстері ретінде қарастырғанда, оқырманды тағы бір буддизмнің тақырыбына — реинкарнацияға әкеледі. Себебі бұл жағдайда кейіпкерге тек туып, шындықты түсіну үшін жаңа циклды бастау керек болады.
Мүмкін, жергілікті психиатриялық клиника — бұл адамдар сотты күтіп, қайта тууды және азап циклін жалғастыруды күтетін тозақ шығар.
Қайта туу және мұрагерлік
Ең қызығы, роман да қайта туу циклінен өтті. Публикациядан кейін оған тез ұмытылды: сол уақытта жапон-қытай соғысы және кейінгі Екінші дүниежүзілік соғыс барлығының басты алаңдаушылығы болды. Бірақ 1962 жылы мәдениеттанушы Сюнсукэ Цуруми «Догра Маграның әлемі» атты мақаласын жариялап, мәтінді қайта ашты. 1960-жылдардағы саяси белсенді жапон студенттері кітапты оқып, ол культтік мәртебеге ие болды.
Қазіргі Жапония үшін бұл андеграунд классикасы ретінде саналады. «Догра Магра» ешқашан жоғары әдебиет ретінде саналмаған, жапон түсінігінше, ол беллетристика, бірақ культтік мәртебеге ие болып, автордың өлімінен кейін тарихта орнықты.
1988 жылы роман Тосио Мацумотоның экранизациясында көрініс тапты — ол Стэнли Кубрикті «A Clockwork Orange» фильмін түсіруге шабыттандырған әйгілі режиссер. Кейіннен сол атауда манга шықты. Осакода романның құрметіне бардың аты қойылды, ал оның сілтемелері танымал аниме мен видеоойындарда үнемі кездеседі.
Жапонияда бұл романды оқыған адамды естен тандырады деген қала аңызы бар. Юмэно Кюсаку бұрын Жапонияда ешкімнің ессіздігін осындай шынайы түрде сипаттаған жоқ. Оқырман өзі циклге түсу, есінен тану және басты кейіпкер сияқты есінен тану тәуекеліне ұшырайды. Бұл романды шексіз қайталап оқуға болады немесе оны түсініп, шексіз қайталаулар циклының шеңберін бұзуға тырысуға болады.
НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ?
Юмэно Кюсаку. Догра Магра / Пер. с яп. А. Слащевой. — СПб.: Изд-во книжного магазина «Желтый двор», 2023. — 544 с.