ЕУРАЗИЯ ХАЛЫҚТАРЫ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫ

Түріктердің шығу тарихы

ЕУРАЗИЯ ХАЛЫҚТАРЫ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫ

Н. К. Рерих «Ол жақтан». 1936. Н. К.Рерих мұражайы, Нью-Йорк/Wikimedia Commons

Бұл әлемде көп нәрсе еуропалық шындық негізінде жасалған терминдер арқылы сипатталады. Этнос, ұлт, кімдік осы ұғымдардың барлығы Азияны да қамтиды. Әлемдегі ең көрнекті түркологтардың бірі Питер Голден аталған мәселені талқылауға тырысады. 

Этносқа тиістілік — әлеуметтанушылар мен тарихшылар кеңінен талқылайтын тақырып. Олардың ұлттың қалыптасуына қатысты ұғым-терминологиялық базасы көбіне еуропалық тәжірибеден туындайды.

Тұжырым бойынша этникалық топтардың ортақ атауы, ортақ түп-тамыры туралы мифі, ортақ тарихи жады (және соған сәйкес мерекелері), ортақ мәдениеті (тіл, әдет-ғұрып, дін), ортақ аумағы/Отаны немесе ең болмағанда ортақ (көбінесе көршілер даулайтын) Отаны туралы жады және сайып келгенде белгілі бір деңгейде бірлік сезімі болуы керек. Ерте кездегі түсініктерде қазіргі мемлекеттердің қалыптасуындағы бұл байланыстар биологиялық саналды, яғни этникалық топтың барлық мүшелері бір атадан тараған деп есептелді. Бұл белгілі бір жағдайларда кенет ұлтшылдық пен нәсілшілдікке ұласатын «примордиал»iiЛатын тілінде primordia, яғни «қайнар көз». көзқарас. Мұндай идеялар 1920 ғасырларда Еуропада және басқа аймақтарда қалыптасып келе жатқан ұлттық мемлекеттердің ұлттық нарративтерімен қоса жүрген.

Уақыт өте келе тарихшылар мен әлеуметтанушылар қазіргі заманғы мемлекеттіліктің қалыптасуына да, бұрынғы дәуірдегі этногенезге де саяси келіссөздер жүргізу тән болғанын байқады. Ұлттар «қиялдағы қоғамдастықтар» ретінде қалыптаса бастаған. Олар табиғи түрде алғашқы қауымдық этникалық негізден пайда болған жоқ, оларды негізінен саяси мақсаттары немесе үкіметтері бар жергілікті халықтардың зиялылар қауымы «қалыптастырған». Көбіне ұлттық білім беру жүйелері шеңберінде адамдарға олардың кім екенін үйретуге тура келді. Әрине, мұның бәрі бұқаралық білім беру және бұқаралық ақпарат құралдары пайда болғанда ғана мүмкін болды. Бұл салыстырмалы түрде жақында болған құбылыс. «Примордиалистер», «конструктивистер» және олардың қайшылықтарын ашып көрсететіндердің арасындағы шайқасқа қатысудың еш қажеті жоқ. Қайта керісінше, олар түйісу нүктесін көп іздейтінін атап өткен жөн. Кейбір ұлттардың, расында, шығу тегі тереңде жатыр, бірақ олардың заманауи кімдігінің қалыптасуында ерте кезеңдерде жүзеге асқан саяси манипуляцияға да көз жұмып қарауға болмайды. ДНҚ зерттеу нәтижелері қолжетімді деректер қорын кеңейтіп жатыр, бірақ этностарды анықтау үшін әлі де қосымша дәлелдеме қажет.

ӘСКЕРЛЕР МАРШТА МА?

Мұндай тәсілді Еуразияда қоныс тепкен дала халықтарына қолдануға қатысты түйіні шешілмеген мәселе көп. Тайпалар мен тайпалық құрылымдар (әлеуметтанушылар арасында көп дау тудыратын терминдер) және айрықша жағдайда ғана мемлекет болып ұйымдасқан біздің көшпенділерге нақты анықтама беру қиын. Олар көсемдіктен, күрделі көсемдіктен ертедегі мемлекетке, империялық типтегі құрылымдарды бақылаған ксенократияға iГрек тілінде «бөтен біреудің билеп-төстеуі, бөтеннің үстемдігі».оңай көшті, содан кейін басқару нысанын қайтадан өзгертті.

Көшпелілер кең аумақтарда шашыраңқы өмір сүрді және мезгіл сайын жаңа жайылым іздеп, көшуге мәжбүр болды. Күшті мемлекеттердің/империялардың шегарасында орналасқан тайпалар аса икемді саяси және этникалық бейілдігімен ерекшеленді. Расында, көп жағдайда тайпалар империялардың перифериясында қалыптасады және аталған империялар оларды кейде өз мақсатына жету үшін құрады. Кейбір жағдайда көбінесе мемлекет біріктіретін немесе мемлекеттің іс-әрекетіне жауап ретінде конфедерацияларға бірігетін тайпалық топтар саяси басым топтың атауына байланысты жалпы атауды қабылдап, өздерінің этногониялық мифтерін саяси жағынан басым тайпаның шығу тегі туралы мифке сәйкес қайта қарайды, бұл «дәстүр ядросының» моделі деп аталады.

Кейбіреулер бұл халықтар емес, саяси бейілдігі осал, этникалық ағайындық туралы өзгермелі түсінікке ие «марштағы әскер» болған деп есептейді. Тайпалық одақтар ыдыраған кезде келесі одақ құрылғанға дейін ескі дәстүрлер мен атаулардың орнына жаңасы келеді, ал жаңа одақ көбіне бұрынғымен бірдей құрамдас бөліктерден тұрады, бірақ бұл жолы атауы басқаша болады. Калейдоскоптың құбылуы сияқты осы құбылысты Рим империясынан Қытайға дейінгі шегаралық аймақтардан байқаймыз. Тайпалық қоғам үнемі өзгеріп отырды.

Alua Tebenova. Taiqazan, 2021

Alua Tebenova. Taiqazan, 2021

Қарапайым адамдар үшін саяси және этникалық бейілдіктің маңызы анау айтқандай зор болмаған болуы мүмкін. Кімнің кім екенін анықтау оңай болған жоқ.

Соңғы есепке сәйкес, б.з. I мыңжылдығында Қытай дереккөздерінде Орталық Еуразияны мекендеген 59-ға жуық жеке халықтың атауы бар, бірақ олардың тек 18-нің ғана қай тілде сөйлегені туралы ақпарат берілуі мүмкін және осы 18 халықтың үшеуінің ғана сенімді түрде кім екенін табуға болады. Тиісті жерде жазбаша құжаттар болмаған жағдайда археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған заттар көмектеспейді, өйткені әртүрлі этнолингвистикалық топтардың ортақ археологиялық мәдениеті болуы мүмкін (мысалы, алан және бұлғар тайпалары Хазария аумағындағы салтов-маяц мәдениеті кезеңіне жатады).

Ортақ тарихи жадыға келетін болсақ, отырықшы көршілері үнемі «варвар» деп атаған олардың ортақ тарихи естеліктері болған, бірақ сирек қағазға түскен деген болжам жасауға болады. Кейбірі ауызша сақталған, сондықтан өзгеріске ұшыраған болуы мүмкін. Тікелей «варварлардан» бізге жеткен жазбаша деректер өте аз. Біз білетін деректердің көп бөлігі «варварларды» ұнатпаған, олардан қорыққан және мүлдем түсінбеген, сондықтан оларды басқаруға ұмтылған немесе төл шегарасын қорғауға тырысқан отырықшы империялық көршілерден жетті. Олар мүмкіндігінше «варварларды» топтарға ұйымдастыруға тырысты, өйткені олар үшін мұның мәні бар еді, қала берді олардың империялық мақсаттарына сәйкес келді. Бұл ешқандай жаңалық емес, империялар мыңдаған жылдар бойы өздерінің шегаралық аумақтарында осындай саясат жүргізді.

АНЫҒЫНДА ХАЛЫҚТАРДЫ НЕ БАЙЛАНЫСТЫРДЫ?

Ортағасырлық дала көшпелі халықтарын ортақ этноним, шығу тегі туралы миф, тіл шын мәнінде байланыстырмағанын атап өту маңызды, бірақ дәуірлер қойнауына көз жүгірте отырып, кейбір ұқсас элементтердің болғанын байқай аламыз. Мысалы, көпшілігі өздеріне ортақ түркі тілдерінің бірнеше нұсқасында сөйлеген. Бұл көшпелі малшылықтың жалпы мәдениеті мен жоғары саяси мәдениеттің вариациялары, яғни даланың империялық дәстүрі қалыптастырған бейнесі болған шығар. Олар ортақ бір атадан тарағаны туралы шындықты жасап, өздерінің саяси байланыстарын биологиялық мағынада білдірді. Генеалогиямен манипуляция жасады. Бұл белгілі бір мәнінде «бағытталған» немесе тіпті «ойдан шығарылған» примордиализм еді. Мұндай ресми образ олардың отырықшы көршілері арасында кең таралған мемлекеттілік туралы ежелгі және ортағасырлық түсініктерге сәйкес келді.

Расында мұндай «ұлттар» немесе «халықтар» басым түсетін харизмаға ие (табысты) руға/тайпаға қосылып, оның идеологиясын, саяси дәстүрін және атауын өз еркімен немесе күштеумен қабылдаған көптілді конгломерациялар болды. Осындай құбылмалы популяцияда этникалық кімдіктің қалыптасуы өте саясиланған процесс болды және бұл процеске тартылған халықтар оның жалғыз қатысушысы болған жоқ. Бұдан бөлек, көршілердің әсерімен этникалық кімдік бірнеше деңгейде қалыптасуы мүмкін: 1) ұқсас болмау — «біз» және «сіз» деген базалық салыстыру. Адамның «сен кімсің?» деген сұраққа беретін жауабы көбіне сұрақты кім және не үшін қойғанына байланысты болды және бұл ретте «ситуативтік этнос» пайда болды; 2) тайпалардың аумағында олардың істеріне үнемі араласып отырған көршілес империялардың саяси мақсаттары. Ортақ Отан туралы тарихи жадыға келетін болсақ, оны үнемі қозғалыста болатын, саны көп, өзгеріп отыратын Отаны бар қоғамда сақтау өте қиын. Дегенмен Моңғолиядағы Орхон мен Селенга өзендерінің айналасындағы киелі жерлер, Шыңғыс хан ұрпақтары билеген дәуірдегі бірқатар мемлекеттің саяси және рухани орталықтары өздерінің аңыздарын сақтап отыр. Осы орайда мұндай «естеліктерді» көбіне басқа тарап немесе бөтен тұлғалар жазып отырған.

Махмұд Қашқаридің түркі әлемінің картасы

Махмұд Қашқаридің түркі әлемінің картасы

ТҮРКІЛЕРДІҢ АТАЖҰРТЫ

Прототүркілік атажұрт Сібірдің оңтүстік жағында Байқал көлінен Шығыс Моңғолияға дейін созылып жатқан болса керек, бірақ ол осы аймақтан батысқа қарай орналасуы мүмкін екендігі туралы дәлелдер келтірілді. Урхейматты іздеу кейбір ғылыми ортада анау айтқандай танымал дүние емес. Шындығында, шығу тегі әртүрлі, бірақ азды-көпті ортақ тілде сөйлейтін адамдар тобы белгілі бір уақытта және белгілі бір жерде айтарлықтай ұзақ уақыт бойы лингвомәдени қоғамдастық ретінде өмір сүрді деген болжам бар. Өздерінің оңтүстік сібір-моңғол «атажұртында» өмір сүрген «прототүркілер» шығыс Иран (скиф-сақ, соның ішінде Моңғолия аумағында), орал және палеосібір тілдерінде сөйлейтін халықтармен байланыста болды.

Түркі тілі дәстүрлі түрде алтай тілдері тармағына жатады. Оған сондай-ақ моңғол тілдік тобы (өзінің әртүрлі формасында — тарихи және қазіргі заманғы, соның ішінде парамоңғол немесе кидань тілдері, яғни туыстас тілдер тобы, негізінен ертеде бір атадан тараған, бірақ моңғол тілінен алшақтығы бар тілдер тобы), сондай-ақ мәнжүр-тунгус және одан да алшақ жатуы ықтимал корей, жапон тілдері жатады деп есептеледі. Түркі тілінен басқа, бұл тілдік туыстықтың басқа өкілдері ежелде Мәнжүрияда мекендеген, ал батысында түркі тілдес халықтармен тікелей көрші болған.

Алтай тілдеріне «генетикалық» көзқарас (яғни, олар бір атадан тарайды деген пікір) бұрыннан сынға ұшырап жүр; қазір көптеген ғалымдар лексика, фонологияның ортақ элементтерін және кейбір грамматикалық формаларды ғасырлар бойы басқа тілдерден алу мен өзара әрекеттесудің нәтижесі деп қарастырады. Кейбір лингвист ғалымдар не генетикалық, не аралас болсын, алтай тілдері тармағы мүлде жоқ, тек ғасырлар бойы бір-бірінен кірме сөз кірген әртүрлі тілдер тобы бар деген қорытындыға келді. Әзірге бұл академиялық пікірталас мәресіне жеткен жоқ, ал мұндай тіл мәселелері академиядан алшақ. Соңғы кезде «алтай тілдері туыстығы» терминінің орнына тілдер диапазоны әлдеқайда кең, анағұрлым бейтарап «трансеуразиялық тіл туыстығы» термині қолданылып жүр. Жоғарыда атап өтілгендей, қазіргі уақытта тіл — этникалық тиістіліктің негізгі маркерлерінің бірі, десе де бұдан ерте уақытта ұлт кімдігінде ол маңызды орын алмаған.

Түркі немесе «прототүркі» тілінде сөйлейтін халықтарды тура және ауыспалы мағынада Сібір ормандарынан басқа жерге көшіріп көрейік. Менің «түркі», «түркі тілінде сөйлейтін халықтар» деген терминдерді мұқият қолданатынымды байқаған боларсыздар. Себебі біз б.з.д. 3–2 мыңжылдық туралы әңгімелеп отырмыз, ал өзін түркі деп атайтын халық ресми түрде б.з. 6 ғасырдың ортасында пайда болған.

Қазіргі түркі халықтарының қалыптасуы төрт кезеңнен тұрады. Алғашқы үш кезең дала империяларының (немесе ксенократиялардың) өрлеуі мен құлдырауының және орта ғасырда осындай әр оқиғаның салдарынан туындаған көші-қон нәтижесі болды. Соңғы кезең әлдеқайда кейінірек, 20 ғасырда басталды және қазіргі заманғы мемлекеттердегі әлеуметтік/этникалық инженериямен байланысты. Түркі халықтары туралы ең ертедегі мәліметтер б.з.д. 200 жылдар шамасында негізінен Моңғолия аумағында пайда болған, біраз уақыт Қытайдың мазасын алған және кейін б.з. 2 ғасырдың ортасына қарай ыдыраған көшпенділердің қуатты империясы хунну халқымен байланысты. Хунну халқының этнолингвистикалық туыстығы жұмбақ күйінде қалып отыр. Хунну бірқатар тайпалық топқа үстемдік еткені белгілі, ал олардың кейінірек түркі тілінде сөйлегені анық және болжам бойынша олар бұрын да түркі тілдес болған. Қытайлық хунну ежелгі қытай тілінде *hoŋ-nâ деп аталған болуы мүмкін және бұл ғұн сөзінің алғашқы атауы.

59

Орталық Азияның көптеген халқы біздің заманымыздың бірінші мыңжылдығында Қытай деректерінде атап көрсетіледі. Бірақ олардың он сегізінің ғана қандай тілде сөйлегені белгілі. Ал он сегіздің тек үшеуін ғана сенімділікпен нақты анықтауға болады. 

Alua Tebenova. Baiterek, 2020

Кейінірек, шамамен б.з. 350 жылы Еділ (орыс. Волга) бойында пайда болған ғұндардың Қытаймен шегаралас аймақтардағы хунн/ғұндармен немесе олардың саяси басқаруындағы халықтармен біршама байланысы бар. Иран, үнді және грек-рим дереккөздерінде бұл атаудың белгілі бір формасымен аталған көшпелі тайпалардың пайда болуы және мұның соңғы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған дүниелермен, қала берді бертінде ДНҚ деректерімен де расталуы соңғы 50 жыл бойы ғылыми ортада қызу талқыға түскен мұндай байланыстың ақылға қонымды, десе де әлі жанама негіздемесі барын білдіреді. Атау мәселесі өте қиын. Уақыт өте келе византиялықтар Батыс Еуразия даласын қоныстанған әр халық тобын «ғұндар» (немесе «скифтер») деп атайтын болды.

Ғұндар кезең-кезеңімен ыдырады, сондай-ақ әр дағдарыс халықты, соның ішінде түркі тілдес тайпаларды батысқа қарай ығысуға итермеледі. Хунну халқы біздің заманымыздың 4 ғасырының ортасында батысқа бір рет қана көші-қон жасаған деген кейінде сөз етіліп жүрген деректер бар. 375 жылдан кейін құрылған еуропалық ғұндардың мемлекеті этнолингвистикалық қоспа іспетті, осы орайда ғұн элитасының қандай тілде сөйлегені әлі күнге дейін жұмбақ.

453 жылы Еділ11Еділ немесе Аттила434–453 жж. түркі, герман және басқа тайпалардың басын қосып, Рейннен Еділге дейін созылған мемлекет құрған ғұндардың көсемі. Ғұндардың көсемі туралы естелік ежелгі герман эпосында сақталған. қаза тапқаннан кейін шамамен он жыл өткен соң, оңтүстік орыс-украин даласына сенімді түрде түркі тілдес деп айтуға болатын халықтар келді. Бұлар архаикалық (батыс көне түркі) түркі тілінде сөйлеген оногурлар еді, олар біз түркі деп атап жүрген (шығыс көне түркі тілінен тараған) тілдерден мүлдем өзгеше болған. Огурларға бұлғар деп аталатын халық та жататын, олардың кейбіреулері кейінірек (7 ғасырдың аяғында) Балқанға келіп, онда кейбір славян тайпаларына билік етті. Кейінірек олар славян халықтарына айналды, христиан дінін қабылдады және қазіргі болгар халқы болып қайта дүниеге келген этностардың бірін құрады. Басқалары Орта Еділге қоныс аударып, 20 ғасырдың басында мұсылман болды, өзге түркі халықтарымен және жергілікті финн-угор топтарымен араласып кетті. Ал 14 ғасырда огур тілінен қыпшақ/түркі тіліне өтті. Олар — қазіргі Еділ татарлары. Ал іргелес аумақтарда өмір сүрген және бертінге дейін пұтқа табынып жүрген үшіншілері өздерінің бастапқы тілін сақтап қалды, қазір ол жергілікті Еділ финн тілімен араласқан — бұл қазіргі чуваштар, огур (батыс көне түркі) тілін ішінара сақтап қалған түркілердің жалғыз тірі лингвистикалық ұрпақтары.

ҚАСҚЫРДЫҢ ҚАНШЫҒЫ ЖӘНЕ ОДАН ӨРБІГЕН ҰРПАҚТАР

8 ғасырдың басындағы Орхон жазба ескерткіштерінен бізге жеткен түркі аңыздарында Бумын мен Иштемидің (немесе Истеми) жер мен адамзатты жаратқаннан кейін адамзатқа үстемдік ететін қаған болғандары және түркі елін құрғаны ғана болмаса, түркілердің шығу тегі туралы ештеңе айтылмайды. Бірінші Түркі империясы құлағанға дейін немесе одан кейін көп ұзамай (Шығыста 552–630 жылдар, Батыста 659 жыл) аяқталған 7 ғасырдағы Қытай династиялық жылнамаларында (Чжоу-шу, Суй-шу және Бэй-ши) этногоникалық аңыздар туралы деректер бар.iДеректер 突厥 туцзюэ, ертедегі орта қытай тілінде dwǝt khuat = тюркют [тюрюкют] немесе соғдылар арқылы тюркит туралы мәлімет келтіріледі.

Бұл аңыздар түркілердің тікелей өздерінен немесе түркілердің Қытаймен қарым-қатынасында көп жағдайда делдал болған соғдылардан жетті. Аталған аңыздарда түркілер (мұнда басқа түркі этникалық топтары емес, тек түркілердің өздері туралы айтып отырмыз) бұрын «Батыс теңізінің» айналасында (дәл анықталмаған, бірақ Шығыс Түркістанда, Моңғолияда немесе Ганьсуда болуы мүмкін) өмір сүрген хуннулардың тәуелсіз тармағы болған. Оларды көрші мемлекет толығымен жойды. Жау қатты жаралап, батпаққа тастап кеткен бір баланы қасқырдың қаншығы бауырында басып (батысқа қарай Римге дейін созылып жатқан аумақтардағы еуразиялық этногоникалық аңыздардағы дәстүрлі кейіпкер), соның арқасында аман қалады.

Кейінірек жас жігіт қасқырдың қаншығына үйленіп, оны жүкті етті. Дұшпандар оның әлі тірі екенін біліп, өлтіруге келгенде, қасқыр солтүстікке Шығыс Түркістандағы тауға қарай қашып құтылды. Сол жердегі бір үңгірде ол он ұл туды, олардың біреуі Ашина деген әулеттің негізін қалады. Халыққа көсем болған ол анасы жағынан шыққан тегін көрсету үшін өзінің байрағына қасқырдың басының бейнесін салды. Олар жергілікті әйелдерге үйленіп, қатарлары көбейді және бірнеше ұрпақтан кейін үңгірді тастап, жужань/азиялық аварлардың үстемдігін мойындап, оларға темір өңдеумен айналысты. Бұл кезде олар Алтайдың баурайында өмір сүрді. Жужаньдардың шығу тегі «моңғол» деп жиі айтылады және мұны айғақтайтын дәлелдер бар.

Басқа бір әңгімеде Чжоу-шуда, яғни олардың Отаны — хуннудан солтүстікке қарай Суо/Со 索 жерінде орналасқан. Көп балалы отбасында 17 (немесе 70) ағайындының ішінде қасқырдан туған біреуі ғана көсем болды. Оның кейіннен Түрк деген ат қойылған үлкен ұлы қолбасшыға айналды. Әкесі қайтыс болғаннан кейін Түрктің күңнен туған Ашина деген ұлы секіруден жарыста жеңіске жетіп, көсем болып сайланды. Оның немересі Бумын — тұңғыш түркі қағаны, ақиқатында тарихта болған тұлға.

Бұл әртүрлі хикаялар, бірақ екеуінде де шығу тегі тотемдік әйел жынысты ата-бабадан, яғни қаншық қасқырдан тарағаны туралы айтылады. Ашина — түркілердің көсемі саналатын әулеттің ру атауы. Сонымен қатар хуннулармен болған одақ туралы да айтылады. Бұл кереғар аңыздар шығу тегінің аралас екенін көрсетсе керек.

Суй-шу хроникасы күрделілігі жағынан кем түспейтін тарихи әңгіме ұсынады. Онда түркілердің Ашина руының атауымен аталғаны және Ганьсу аймағынан шыққан «аралас ху варварларынан» тарағаны айтылады. Ашина түркілерінің Қытай шегаралық аймақтарында алғаш қашан пайда болғаны нақты белгісіз. Мүмкін, бұл біздің заманымыздан 265 жылдан кейін, Оңтүстік Сібір мен оның іргесіндегі аймақтардан хунну және басқа тайпалар жаппай қоныс аударған кезеңде болған шығар. 439 жылы шегаралық аймақта болған толқу барысында Ашина руына жататын 500-ге жуық отбасы Шыңжаңға қоныс аударды, ал 460 жылға қарай Оңтүстік Алтайға көшіп, Моңғолияда үстемдік еткен жужань/азиялық аварлардың билігіне мойынсұнды. Олар осында қоныс теуіп, темір өңдеумен және т.б. айналысқан деген дерек бар.

Түркілер мен Ашина руының қарым-қатынасы қандай болғаны айқын емес. Ашина руы жай ғана рулық қауым болды ма? Әлде олар үстемдік құрған жат ру ма? Біз мұны білмейміз. Ашина деген ат түркінің есімі емес. Ол шығыс иран тілінен, мүмкін, хотан-сақ тіліндегі âṣṣeina/âššena — «көк» деген сөзден шыққан болуы мүмкін. Ежелгі түркі (Орхон) жазба ескерткіштерінде (Күлтегін, Е, 3/Білге-қаған, Е, 4) Кёк Тюрк (Kök Türk) — «көк түрк» атауы кездеседі, ал Кёк (Kök) Ашина сөзінің аудармасы болуы мүмкін деген пікір бар. Ашина — тохар тіліндегі *Aršilaš «асыл патшалар» теген термин немесе тохар тіліндегі arši «әулие адам» ұғымымен байланысты (санскриттегі ṛşi сөзімен салыст.) деген түсіндірме де ұсынылды. Бұрын «көшпенділерді» атау үшін қолданылған қытайдың «ху» термині бұл кезде ирандықтарға (атап айтқанда, соғдыларды) бағытталып айтылған. Аралас ху варварлары туралы сөз болуы ашина руының ирандықтар мен түркі тілдес топтардың қоспасынан тұрғанын білдірсе керек — таным көкжиегін кеңейту мақсатында бұл қатарда тохарлардың да бір тобы болған шығар. Сонымен қатар шығыс ирандық тайпалар мен тохар аймақтарының Шығыс Түркістанмен және Ганьсумен байланысы маңызға ие. Ашина түркілері темір өңдеуді далада жүріп үйренді деу ақылға сыймайды. Расында, түркі тіліндегі «темір» (temür) сөзі көне қытай тілінен келген кірме сөз болса керек.

Бұғұт жазба ескерткіші/Richard Mortel/Flickr

Бұғұт жазба ескерткіші/Richard Mortel/Flickr

Қытай дереккөздерінде «түркі» сөзі «дулыға» деген мағынаны білдірген. Түркі тілдерінде «түрк» сөзінің әртүрлі мағынасы бар, бірақ мына мағынаға сәйкес келмейді. Болжам бойынша, бұл сөз хотан-сақ тілінен шыққан,i«Қақпақ» дегенді білдіретін Tturakä сөзімен салыстырыңыз. Бірақ бұл анық емес, өйткені түркілер хотан-сақ құжаттарында Ttūrka немесе Ttrūka деп көрсетілген. Көне түркі тілінде иран және тохар тілінен келген кірме сөз көп. Тағы бір айта кетерлігі, ертедегі түркі билеушілерінің бәрінің дерлік есімі түркітектес есімдер емес. Осылайша тарихи сахнаға шыққан кезде Түрк деп аталған халықтар түрлі этностардың күрделі қоспасы болған. Олардан бізге жеткен алғашқы ресми жазба ескерткіш (Бұғұт жазбасы, 582 жыл), әрине, Жібек жолындағы қатынас тілі — соғды тілінде жазылған, ара-арасында кейбір жері үндінің Брахми буын жүйелі жазуымен көне моңғол (жужань/авар) тілінде жазылған.

540 жылдарға қарай Ашина түркілері Солтүстік Қытаймен тікелей байланыс орнатты, ол заманда бұл елді бір-бірімен қарсылас Шығыс және Батыс Вэй әулеттері басқаратын (шығу тегі жат жерлік сяньбий-китань, парамоңғол). Олардың әрқайсысы өздерінің ата-бабасы мекендеген жердің шегаралық аймақтарынан одақтас іздеді. Жужаньдардың/Азия аварларының қағаны, түркілердің әміршісі Анагуй да (520–552) өзінің тағы үшін күресіп, өзіне одақтас іздеді. Шығыс Вэй империясы Анагуймен одақ құрғанда, Батыс Вэй 545 жылы Ашина түркілерінің билеушісі және Анагуйдың қол астындағы Бумынмен одақ құрды. Аварлар патша әулетіне жататын авар қызын Бумынға қалыңдық етіп бермей қойғанда (оның жужань тайпалық конфедерациясының билігіндегі тағы бір тайпа — теле халқына қарсы көмегіне айырбас ретінде бермек болған) Батыс Вэй оған қуана-қуана вэй қалыңдығын жіберді, ал Бумын дереу көтеріліс жасап, 552 жылы жужань/азиялық аварлар мемлекетін жойды. Осылайша түркі мемлекеті өзінің сюзерен мемлекетінің дағдарысқа ұшырап, көршілес империялар айла-шарғы жасауды қолға алған дәуірде дүниеге келді. Оның пайда болуында Қытайдың да үлесі бар. Түркі мемлекетінің дүниеге келуі оңайға соққан жоқ, әрі өмірге келген бұл сәби айтарлықтай ауыртпалық алып келді.

Түркілер Еуразия даласындағы тайпаларды тез жаулап алып, Қара теңізден Мәнжүрияға дейін ұлаңғайыр алқапты алып, түркі, моңғол, иран және басқа халықтарды өзіне бағындырған алып империя құрды. Олардың барлығы саяси тұрғыдан алғанда «түркі» болды. Сонымен қатар түркілер Жібек жолының көп бөлігіне өз бақылауын орнатты. Суй, одан кейін Тан династиясы тұсында қайта жанданған түркі-византиялық қарым-қатынастың және Қытаймен өзара әрекеттестіктің қиын тұстарына тоқталмай-ақ қояйық. Тан империясының 630 жылы шығыс қағандарын жаулап алғанын,i6 ғасырдың соңғы ширегі — 7 ғасырдың басында түркілер әкімшілік мақсатта шығыс және батыс қағанаттарға бөлінді ал батыс қағанаты 659 жылы жеңіске жетті.

Шығыс түркілері қытайлардың тікелей билігіне өтіп, Қытайға қоныс аударылып, шегарада күзет отрядтары қызметін атқарды, ал олардың ақсүйектері Тан әулетінің космополиттік сенімді адамдар табына қабылданды. 682 жылы шығыс түркілері көтеріліс жасап, шығыста және батыстың басым бөлігінде өз империясын қалпына келтірді, бірақ ішкі талас-тартыстан және өздеріне бағынышты тайпалармен үздіксіз соғыстан қажыған шығыс түркілері 742–743 жылдары ыдырап, олардың орнына ұйғырлар келді (744–840).

Бұл халық та оларға бағынышты болған және әлдеқайда ауқымды теле тайпалық одағындағы тоғыз-оғыз конфедерациясының құрамына кірген. Бұл кезде батыс түркілері де бытыраңқы еді, бір-бірімен, қала берді арабтарға қарсы да соғысып, 766 жылға қарай жойылды. Осындай сілкініс кезінде түркі тайпаларының екінші толқыны Моңғолия мен оның маңындағы аймақтарды тастап, батысқа — Орталық Еуразия даласына қоныс аударып, ғұн дәуірінен бері осы аймаққа келіп жатқан басқа түркі тайпаларымен, сондай-ақ иран және фин-угор халықтарымен бірікті. Олар мемлекет құрмағанымен, қағанатқа бағыну деңгейінде болса да, Түркі империясының саяси дәстүрін сақтап отырды. Түркілік сана-сезім рухы, ең азы, мәдени деңгейде сақталып отырды.

Мәселен, ұйғырлар жасаған (олардың негізгі дәстүрден ерекшеленетін төл дәстүрлері болған) және 11 ғасырда өздері «түркі» тілі деп атаған, сондай-ақ 1070 жылдары еңбектерін жазған Махмұд әл-Қашқаридің дерегінше, түркілердің ізбасарлары Қараханидтер түркі тілі деп атаған тілде жазылған әдебиетте көрініс тапты. Алайда тайпалық конфедерациялар өз этнонимдерін (қарлұқтар, оғыздар, қимақтар және т.б.) пайдаланды.

Alua Tebenova «Horseman», 2019

Alua Tebenova «Horseman», 2019

ЕУРАЗИЯНЫҢ ТҮРКІЛЕНУІ

Бұл түркі халықтарының басым көбі бақсы болған, бірақ олар діни ілімдердің әртүрлі нұсқаларын: зороастризмiiОтқа табыну б.д.д. 7–6 ғасырларда Шығыста кең тараған ежелгі дін., манихейлікi762 жылы ұйғырлардың мемлекеттік діні ретінде қабылданған., иудаизмiХазар империясы 8 ғасырдың аяғынан бастап 9 ғасырдың ортасына дейін кезең-кезеңімен қабылдаған. және несториандық христиан дінінi5 ғ. дін маманы Несторий негізін салған христиандық ағым. уағыздайтын қауымдармен байланыста болды. Енді Орталық Еуразияда олар 8 ғасырдың ортасына қарай көп уақыт араб-мұсылман билігінде болған аумақтармен тікелей байланыс жасады, бұл алдымен үнемі әскери қақтығыс болуына, ал 10 ғасырға қарай әртүрлі түркі халықтарының бірте-бірте ислам дінін қабылдауына әкелді және бұл әскери іс-қимылдан гөрі бейбіт сауда мен мәдени өзара әрекеттестіктің нәтижесі еді. Арабтар әртүрлі түркі тайпалары мен конфедерациялары туралы хабардар болғанымен, оларды арабтардың өздері сияқты, әл-Атрак яғни бір халықтың, нақты айтқанда «түркілердің» бір-біріне түсінікті тілдерде сөйлейтін тармақтары деп есептеді. Араб-түркі өзара байланысы және ислам дінін қабылдауы түркілердің жаңа санасының қалыптасуында маңызды рөл атқарды.

Арабтар (мен византиялықтар) арасында «түркілер» термині Еуразияның далалық көшпенділерін білдіретін ортақ терминге айналды. Ислам дінін қабылдаған алғашқы түркілер, атап айтқанда оғыздар мен қарлұқтардың тайпалық одақтарын олардың пұтқа табынушы туыстарынан ажырату үшін түрікмендер деп атаған. Түркі топтары 11 ғасырға қарай (кейбірін есепке алмағанда) мейлінше ислам дініне мойын бұрып, Орталық Еуразияда өздерінің түркі-ислам мемлекеттерін құра бастағандықтан, түрікмен атауы негізінен ислам дініндегі Орталық Еуразияға ең жақын тұрған және иран-мұсылман мәдениетінің әсері ең қатты білінген түркілердің бір тобына — оғыздарға қолданыла бастады (бірақ оларға ғана емес).

Селжұқтар әулеті бастаған исламданған оғыздардың бір тобы 1040 және 1055 жылдарда орталық халифаттың көп бөлігіне үстемдік етті. 1071 жылы олар византиялықтарды жеңіп, Анадолыны жаулап алуды бастады, сайып келгенде (және кейінірек бірнеше империядан кейін) қазіргі Түркияны құрды. Жалпы бұл халықтардың «түркі» атауының орнығуына дәл осы ислам-түркі қарым-қатынасы ықпал етті.

Этнонимдер әртүрлі жағдайда, айталық, «иесінің» ортасында да, сол сияқты «маңызға ие басқаның», көбіне көршілес жатқан үлкен мемлекеттің ортасында да қалыптасады және бұл, сөз жоқ, түркі әлеміне де қатысты жағдай. Ел ішінде олар төл диалекті, мәдениеті мен түркіленуіндегі ерекшеліктерін жақсы білген, бірақ сыртқы әлем үшін бәрі «түркі» аталған және олар бұл кімдікті мұсылман әлемінде де қабылдады.

Бұл бізді келесі кезеңге бастайды. 13 ғасырдың басында моңғол шапқыншылығы далада кезекті көші-қонның жүруіне түрткі болды. Шыңғыс хан түркі империясының моделін жақсы білген және көшпелі тайпаларды басқарудың қиындығынан хабардар еді. Осы жүйені ұтымды пайдалана отырып, ол ескі тайпалық құрылымды бұза бастады. Тайпалар өзара бөлініп, оның ұлдарына арнап құрылған әртүрлі жеке әскер болып қайта жасақталды. Тұтас Еуразия тайпалары әлемінде дүрбелең орнады. Тайпаластар өздерінің шашыраңқы тайпасын басқаратын көсемге емес, Шыңғыс ұрпақтарының Алтын руы — Алтан урагқа жан қиярлығын білдіруге тиіс болды. Бүгінгі таңда Орталық Еуразиядағы (және Таяу Шығыстағы) түркі халықтарының көпшілігі осылай ыдырап, қайта бөлінудің бір көрінісін көрсетіп отыр.

Орталық Еуразияда түркі тілдес халықтардың саны аймақта қалған аз ғана моңғолдардың санынан асып кетті және түркі тілі белгілі бір дәрежеде қарым-қатынас тіліне айналды. Осылайша моңғолдардың жаулап алуы нәтижесінде орталық Еуразияның көп бөлігі түркіленіп, мәресіне жетті. Шыңғыс хан ұрпақтарына тиесілі әртүрлі мемлекеттері бір-бірімен қақтығысып, бөлінді, конфигурациясын өзгертті, т.б. Түркі әлемінің негізгі бөлігі қазіргі заманға Алтан урагтардың белгілі бір ұрпағының жол бастауымен жетті. Бірақ олардан айтарлықтай ерекше мемлекет бар, бұл — Осман империясы.

Николай Рерих «Қылыш соғу. Нибелунгдар»

Николай Рерих «Қылыш соғу. Нибелунгдар»

ИМПЕРИЯДАҒЫ ҰЛТТАРДЫҢ ҚҰРЫЛУЫ

Оның тарихы 14 ғасырда Шыңғыс ұрпақтарының империясы жұмыс істету мақсатында тартқан шегаралық жер үлесі ретінде басталғанын айту керек. 16–19 ғасырларда Батыс және Орталық Еуразия мен Сібірде қоныс тепкен әртүрлі түркі халықтары Ресей билігінде болды. Патша үкіметі сол кездегі басқа империялар сияқты, шенеуніктердің өздерімен істес болуы үшін бұратаналар картасын жасай бастады, оларға ресми атаулар беруді қолға алды, ал мұның оңай шаруа емес екені анық. Бұл халықтың бір бөлігі әлі де негізінен көшпелі өмір салтын ұстанды. Кейбіреулерінің бірнеше аты болған; ал басқаларына жалпы атау жетіспеді. Көптеген адам үшін, әсіресе, «бұратаналармен» қарым-қатынас жасағанда, дін кімдіктің ең маңызды құралы еді.

Исламға терең кіріккен түркілерден бастап, исламға мойын бұрған бақсыларға дейінгі түркі халықтарының басым бөлігі мұсылман болды. Бүгінде біртұтас халық болып есептелетін адамдардың көбі сол заманда өздерін біртұтаспыз деп санамаса керек. Шамамен 1500 жылы Өзбекстанды жаулап алған нағыз «өзбектер» бүгінде негізінен өздерімен аттас елдің солтүстік аймақтарында тұрады және ресми өзбек тілінен гөрі (түркі немесе оңтүстік-шығыс түркі тілі) қазақ тіліне (қыпшақ, солтүстік-батыс түркі тілі) әлдеқайда жақын түркі тілінде сөйлейді.

Ресми өзбек тілі моңғолдар мен Тимуридтердің ықпалымен қалыптасқан көне шағатай тілінің парсыланған диалектілерінен шыққан. Ертеде өзбектер сарттарды — отырықшы өмір салтын ұстанған түркі тектес халықты немесе түркіленген, бірақ қазір ресми түрде «өзбек» атанып, өздерін 1500 жылға дейін өмір сүрген шағатай ұлысынан, қарлұқтардан және басқа да түркі тайпаларының тұқымынан бөлек деп есептейтін отырықшы тәжіктерді аса жақтыра қоймаған. Қалаларда қостілділік кең тараған (тәжік және өзбек тілі).

Олардың батыстағы көршілері — түрікмендер 19 ғасырда бес түрлі саяси құрылымға бытырап бөлінген: кейбіреулері айтарлықтай ұзақ уақыт бойы Бұхара әмірлерінің «боданында» болса, басқалары Хиуа хандарына, үшіншілері орыс және парсы билеушілеріне бағынды. Олар басқыншылық жасап, шетінен бәрін тонайтын. Шегара сызығы бұлдыр еді. Кейбір түрікмендер өздерін өзбек деп те атайтын. Кейде олар мемлекеттік қызметшілердің немесе этнографтардың қай этносқа жататыны туралы сұрақтарына жауап бермей қоятын. Кей тайпалық топтардың атауы бірдей болған, бірақ олардың тілі де, әдет-ғұрпы да әртүрлі еді, десе де олар өздерін бір тайпа деп атап, басқаларға бір тайпаның мүшесі ретінде қарайтын. Дегенмен дәл осындай атауға ие басқа тайпалар бір тайпаға жатпайтын. Қазақтарды — қырғыз, ал қырғыздарды — қара-қырғыз деп атаған. Кеңес үкіметі де кімнің кім болатынын шешті, бұл да оңай шаруа болған жоқ. Сондықтан әртүрлі түркі-ислам халықтары Түркістан мемлекетіне бірігеді деген қорқыныш иектеген олардың төл саяси күн тәртібі болды.

1921 жылы бір топ шығыс түркістандық зиялы қауым өкілі бұрыннан ұмытылып кеткен (16 ғасырдан бері пайдаланылмаған) ұйғыр атауын қайта жаңғыртуды ұйғарып, бұл атауды осы уақытқа дейін өз кімдігінің өздерінің тұрғылықты жерімен байланыстырған Шыңжаңның түркі тілдес отырықшы халқына (түркі, иран және тохар тегімен аралас) қолданды. Осылайша ұйғырлар «қайта дүниеге келді». Ресейдегі 1917 жылғы Революциядан кейін орыстар Абакан немесе Минусинск татарлары деп атаған (және жалпы атауы болмаған) әртүрлі түркі руларының өкілдерінен тұрған Сібір зиялыларының бір тобы өз халқы хақас деп аталатынын айтып, оны жариялауға шешім қабылдады (оларға автономиялық облыс бөлінді, сондықтан олардың өз атауы болуы керек еді).

Н. К. Рерих «Ойрат. Ақ Бұрханның хабаршысы», 1903/Wikimedia Commons

Н. К. Рерих «Ойрат. Ақ Бұрханның хабаршысы», 1903/Wikimedia Commons

Әлдекім Орталық Еуразия туралы Қытай дереккөздерінің Бичурин2i2Иакинф Бичурин (1777–1853)Архимандрит, шығыстанушы және саяхатшы. Еуропалық атаққа ие болған, орыс синологиясының (қытайтанудың) негізін салушылардың бірі. жасаған орысша аудармасын оқып отырып, ХагясiОрысша транскрипциясы Xia-jia-si/Ся-цзя-си, қытай транскрипциясы Qïrghïz/Кыргыз. деген атауды кездестіріпті. Олар бір аймақта өмір сүрген екен, сондықтан хақастар бұл халықтың шын атауы болуы керек деген ойға келді. Осылайша қате ғылыми түсіндірмеге негізделген жаңа атау пайда болды. Шындығында, хақастардың біраз бөлігі ертеректе батысқа қоныс аударып, қазіргі қырғыз/киргиз халқын құрған ежелгі халықпен, яғни Енисей қырғыздарымен біршама байланысы бар.

Осындай көп мысал келтіруге болады. Бір сөзбен айтқанда, Орталық Еуразияның қазіргі заманғы түркі халықтары айтарлықтай дәрежеде кеңес дәуірінің жемісі, олардың қалыптасуы идеология мен саяси қажеттілікке байланысты болды, бірақ кейбір жағдайда тамыры әлдеқайда тереңде жатыр. Ағылшындар мен француздардың Таяу Шығыс пен Африкаға жасағанындай, Кеңес дәуірінде де кейде әртүрлі, бірақ азды-көпті туысқан топтарды біріктіріп, оларды бір халық деп жариялаған. Әдеби тілдер жасалды, бұл ретте кейде көршілес тілдерден ең қатты ерекшеленетін диалект қасақана таңдалды. Паңтүркішілдікке қатысты үрей әлі де бар еді.

Этногенез аяқталған жоқ. Ақиқатында бұл ешқашан болмайды. Орталық Еуразиядағы түркі халықтары бүгінде өздерінің жаңа кімдігін қалыптастырып, бірде ескі дәстүрін жаңғыртады, бірде кеңестік дәуірде жасалған «дәстүрді» сақтайды, ал бірде жаңа дәстүрін жасайды. Әрі этносқа тиістілікті қалыптастыру кезінде болатындай, тарихты пайдаланады және тарихты әсіре сілтейтіні де жасырын емес.