ҚАЗАҚСТАНҒА ДЕПОРТАЦИЯЛАНҒАН ХАЛЫҚТАР

1930–1950 жылдардағы оқиғалар шежіресі

~ 11 мин оқу
ҚАЗАҚСТАНҒА ДЕПОРТАЦИЯЛАНҒАН ХАЛЫҚТАР

Коллаж / Qalam

Кеңес одағында үш миллионнан астам түрлі этнос өкілі атақонысынан күштеп көшірілді. Солардың шамамен бір миллионы Қазақ КСР аумағына орналастырылды. Елімізге қай халықтың, қашан және қандай ресми себептермен мәжбүрлі түрде жер аударылғаны туралы тарих ғылымдарының докторы Зәуреш Сақтағанова Qalam жобасымен бірлескен арнайы зерттеуінде баяндайды.

Халықтарды депортациялау — мемлекеттің өз тұрғынын я өзге ел азаматын күштеп қоныс аударту арқылы жүзеге асатын саяси қуғын-сүргіннің бір түрі.

КСРО-дағы жаппай этностық депортациялар 1930 жылдары басталып, 1950 жылдардың басына дейін жалғасты. Қазақстан Сібір мен Орал өңірлерімен қатар жер аударылғандарды ең жиі орналастырған аймақтың бірі болды. Зерттеушілер осы кезеңдегі күштеп көшіру науқанын үш негізгі кезеңге бөледі: Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі аралық, соғыс жылдары және соғыстан кейінгі уақыт.

Ас әзірлеп жатқан қоныс аударушылар. Алматы облысы, 1931 жыл / Александр Ткачевтің жеке мұрағатынан / ҚРОМКФДЖА

Ас әзірлеп жатқан қоныс аударушылар. Алматы облысы, 1931 жыл / Александр Ткачевтің жеке мұрағатынан / ҚРОМКФДЖА

ДЕПОРТАЦИЯНЫҢ БІРІНШІ КЕЗЕҢІ: 1930–1939 ЖЫЛДАР

КСРО-ның шекаралық аймақтарында тұрған көптеген халық соғысқа дейінгі кезеңнің өзінде-ақ күштеп қоныс аударылды. Көшірудің ресми себебі — олардың «сенімсіз халықтар» ретінде танылуы болса, депортацияның өзі алдын алу шарасы ретінде түсіндірілді. Осы кезеңде Қазақстанға халықтарды күштеп көшіруге байланысты бес ірі науқан жүргізілді.

1-науқан (1935 жыл): Ленинград облысындағы финдерді көшіру

Күштеп қоныс аударылған алғашқы халықтардың бірі финдер мен ингерманланд финдері болды. Олар қазіргі Ресей Федерациясының Ленинград облысы аумағында 17-ғасырдан бері өмір сүріп келген. Бұларды көшірудің алғашқы толқыны 1930–1931 жылдары жүзеге асса, 1935 жыл депортацияның ең ауқымды кезеңіне дөп келді. 1935 жылғы наурыздың басында БК(б)П Ленинград облыстық комитетінің бюросы шамамен 45 мың финді көшіру туралы шешім қабылдап, сол жылдың сәуір айында олардың 7 мыңнан астамы Қазақстанға жіберілді.

Ингерманландықтардың депортациялануына наразылық белгісі ретінде төмен түсірілген Ингерманландия, Финляндия және Шығыс Карелия тулары. Хельсинки, 1934 жыл / Wikimedia Commons

Ингерманландықтардың депортациялануына наразылық белгісі ретінде төмен түсірілген Ингерманландия, Финляндия және Шығыс Карелия тулары. Хельсинки, 1934 жыл / Wikimedia Commons

2-науқан (1936 жыл): Украина мен Беларусь жеріндегі поляктар мен немістерді көшіру

КСРО мен Польша арасындағы қарым-қатынас 1920 жылдардың өзінде-ақ, Польшада кеңестік билік орнату әрекеті сәтсіз аяқталғаннан кейін нашарлай бастаған еді. 1930 жылдардың ортасында Германиямен арадағы қатынас шиеленісіп, Кеңес басшылығы елдегі немістер мен поляктарды «саяси сенімсіз» халықтар санатына жатқызды. Сол себепті оларды мемлекеттік шекарадан алыстау ішкі өңірлерге көшіру қажет деп тапты. 1936 жылғы сәуірдің соңында Халық Комиссарлары Кеңесі поляк және неміс шаруашылықтарын қоныс аударту туралы қаулы қабылдады. Осы науқан барысында шамамен 70 мың адам күштеп көшірілді. Соның 63 976-сы Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарына орналастырылды.

«Станислав Кулаковскийдің анасы 1936 жылдың мамыр айында Украинадан ағасының отбасымен бірге жер аударылған. Украинада оның күйеу жігіті бар еді. Бір күні кешке оны «қара машина» алды да кетті. Болашақ жары әрі балаларының әкесімен ол кейін Қазақ КСР-інде танысты. Ол да күштеп қоныс аударылғандардың қатарынан болатын. Естеліктерінде Станиславтың анасы Солтүстік Қазақстан облысына қалай келгені мен Подольское ауылындағы өмірі қалай өткенін егжей-тегжейлі баяндаған» («Әйелдер көрген депортация» мақаласынан).

3-науқан (1937–1938 жылдар): Армения мен Әзербайжаннан халықтарды депортациялау

Келесі кезеңде «алдын алу шаралары» деген желеумен қазіргі Армения мен Әзербайжан аумағындағы кеңес-түрік және кеңес-иран шекараларына жақын өңірлерде жаппай «тазарту» жұмыстары жүргізілді. Бұл науқан кезінде этникалық күрдтер, хемшилдер (мұсылман армяндар), түріктер мен әзербайжандар көшірілді. 1937 жылдың соңында Армения мен Әзербайжаннан 5 889 күрд, армян және түрік Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарына күштеп қоныс аударылды.

«Тегіміз  күрд. Бізді кілең қазақтар тұратын бір ауылға әкеліпті. Қазақ отбасылары біздің ата-бабамызды паналатқан екен. Бір күні бір қазақ қариясы келеді... Оның екі сиыры бар екен. Әжемнің айтуынша, әлгі қария: «Бір сиырдың сүтін түгел осыларға беріңдер, бізге екіншісінің сүті де жетеді» депті. Өздері отбасында алты адам болса керек, ал бізді он жеті жан, бүкіл әулетімізбен жер аударған еді. Кейін сиыр сауған кезде ғана әлгі қазақ қариясы сүтті сиырын бізге бергенін түсіндік» (А.Әлиевтің естелігінен).

4-науқан (1937–1938 жылдар): Қиыр Шығыстағы корейлерді көшіру

Қиыр Шығыс корейлерін Кеңес билігі жапон тыңшылары ретінде айыптап, «сенімсіз халықтар» қатарына қосты. Бұл айыптың негізсіз болатыны, олар өздері де жапон отаршылдығы мен басқыншылық саясатының зардабын тартқан халық еді. Соған қарамастан 1937 жылғы 21 тамызда Халық Комиссарлары Кеңесі «Қиыр Шығыс өлкесінің шекаралық аудандарындағы корей халқын көшіру туралы» қаулы қабылдады. Осы шешімге сәйкес 1937 жылдың тамыз айының соңынан 1938 жылдың қаңтарына дейін корейлерді Өзбекстан мен Қазақстанға жаппай күштеп көшірді.

Қиыр Шығыстан жер аударылған совет кәрістері Өзбекстанда. 1937 жылдың күзі / Wikimedia Commons

Қиыр Шығыстан жер аударылған совет кәрістері Өзбекстанда. 1937 жылдың күзі / Wikimedia Commons

Депортацияға ұшырағандардың басым бөлігі, дәлірегі 98 454 адам Қазақ КСР-інің жеті өңірі — Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарына орналастырылды.

Осы тақырып бойынша тағы

Қазақстан

ҚАЗАҚСТАН МЕН ШЫҢЖАҢ ӨЛКЕСІ

Қос империя қыспағындағы қазақтар

5-науқан (1938 жылдың күзі): Әзербайжанның шекаралық аудандарындағы ирандықтарды көшіру

1938 жылғы қазанда КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі «Ирандықтарды шекаралық аудандардан Қазақ КСР-іне көшіру туралы» қаулы қабылдады. Сол жылдың қараша айында шамамен 6 000 адам Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарына күштеп жеткізілді.

«Қазақстанға жаңа келгендерге климатының қатаңдығы мен сүйектен өтетін аязды желі, сондай-ақ қолында барымен бөлісетін жергілікті халқының ықыласы ерекше әсер қалдырды. Олар бізді үйлеріне кіргізіп, наны, қуырылған тарысы мен талқанын ұсынды...» (Р.Ағаджанидің естелігінен)

ДЕПОРТАЦИЯНЫҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ: 1939–1945 ЖЫЛДАР

Қоныс аударылғандардың жалпы саны тұрғысынан депортациялардың ең ауқымды кезеңі Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарына тұспа-тұс келді.

Зерттеушілер Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жер аударылған этностарды «жазаланған халықтар» деп атайдыiНекрич А.М. Наказанные народы. Нью-Йорк: Хроника, 1978. 173-б..

Соғысқа дейінгі жылдардағы сияқты, бұл кезеңдегі күштеп көшіруді де Кеңес басшылығы алдын алу шарасы ретінде түсіндірді. Осыған байланысты тарихнамада «превентивті депортациялар» деген ұғым қалыптасты. Бұл — нақты жасалған әрекет үшін емес, опасыздық жасауы мүмкін деген күдікпен, тіпті белгілі бір этносқа тиесілі болғаны үшін, шетелдегі қандастарымен соғыс жүріп жатса немесе сондай соғыс ықтималдығы үшін жазалау. Осы кезеңде халықтарды Қазақ КСР-іне күштеп қоныс аударуға байланысты тоғыз ірі науқан ұйымдастырылды.

Осы тақырып бойынша тағы

КСРО-дағы қуғын-сүргін

ЖАЗАЛАНҒАН ХАЛЫҚТАР

Қазақ КСР-дегі арнаулы қоныстар жүйесі қалай жұмыс істеген?

1-науқан (1940–1941 жылдар): поляктарды депортациялау

1940–1941 жылдары Молотов–Риббентроп келісіміне сәйкес, Кеңес әскерлері Польшаның шығыс өңірлерін басып алғаннан кейін поляктарды жаппай көшіру басталды.

1939 жылғы 23 тамызда, Екінші дүниежүзілік соғыс басталуына сегіз күн қалғанда қол қойылған Молотов–Риббентроп пактісі ең алдымен «шабуыл жасаспау туралы келісім» ретінде белгілі. Сонымен бірге құжатта Шығыс Еуропаны «аумақтық-саяси тұрғыдан қайта бөлу» мәселесі де қарастырылған болатын. Осы келісімдерге сәйкес Польшаның бір бөлігі, сондай-ақ Бессарабия, Эстония, Латвия және Финляндия Кеңес одағының мүдделік аймағына енгізілді.

1940 жылғы үш депортациялық науқан мен 1941 жылғы бір науқан барысында бұрынғы Польша Республикасының аумағынан 321 мыңға жуық адам күштеп көшірілді. Соның 61 мыңнан астамы Қазақ КСР-інің алты облысына жөнелтілді.

2-науқан (1941 жылдың жазы): Балтық елдері, Бессарабия және Солтүстік Буковина халықтарын депортациялау

Бұл өңірлерден күштеп көшірілгендердің жалпы саны 380–390 мың адам шамасында болдыiПолян П. Не по своей воле… История и география принудительных миграций в СССР. М.: ОГИ — Мемориал, 2001. 1941 жылдың маусым-шілде айларында Балтық елдерінен Қазақ КСР-іне 656 адам, ал Молдовадан 9 954 адам жеткізілдіiИз истории депортации. Казахстан. 1939–1945 гг. Сб. док. Т. 3. Алматы: LEM, 2019. 28-б..

Румын босқындары. Кеңес одағы Бессарабия мен Солтүстік Буковинаны басып алғаннан кейін, 1940 жыл. Румыния ұлттық архиві / Wikimedia Commons

Румын босқындары. Кеңес одағы Бессарабия мен Солтүстік Буковинаны басып алғаннан кейін, 1940 жыл. Румыния ұлттық архиві / Wikimedia Commons

Тарихшы Павел Полянның зерттеулеріне қарағанда, депортациялар салдарынан КСРО құрамындағы жеті халық ұлттық автономиясынан айырылған. Олар — немістер, қарашайлар, қалмақтар, шешендер, ингуштер, балқарлар және Қырым татарлары.

3-науқан (1941 жылдың күзі): Еділ бойы немістерін депортациялау

1941 жылғы тамыздың соңында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Еділ бойы аудандарында тұратын немістерді көшіру туралы» Жарлығы жарияланды. Сол жылдың қыркүйегінде Еділ бойы Немістерінің Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы таратылып, Қазақстанға шамамен 420 мың адам (кейбір деректер бойынша 444 мыңнан астам адам) қоныс аударылды. Олар республиканың он екі облысына орналастырылдыiИз истории депортации. Казахстан. 1939–1945 гг. Сб. док. Т. 3. Алматы: LEM, 2019. 28-б..

«Немістер Еділ бойында II Екатерина заманынан бері өмір сүріп келген. 1917 жылғы төңкерістен кейін олар автономия алып, Еділ бойы немістерінің АКСР-ін құрған еді. Алайда 1941 жылы КСРО мен нацистік Германия арасында соғыс басталғаннан кейін оларды «сенімсіз халық» ретінде қарастыра бастады. Қыркүйек айының соңында Еділ бойындағы астық жиналып болғаннан кейін немістерді күштеп көшіру науқаны басталды. Жарты миллионға жуық неміс Сібір мен Қазақстанға жер аударылды» («Әйелдер көрген депортация» мақаласынан).

1943–1944 жылдардағы депортациялар толқыны бірнеше ірі науқаннан тұрды. Соның барысында Солтүстік Кавказ бен Қырым халықтарының 507 мыңнан астам өкілі Қазақстанға күштеп көшірілді.

Осы тақырып бойынша тағы

КСРО-дағы қуғын-сүргін

Әйелдер көрген депортация

Аштық, бит және тігін машиналары

Зерттеушілер бұл шараларды «кек алу депортациялары» деп атайды. Өйткені бұл жолғы науқандар бұрынғыдай алдын алу сипатында емес, соғыс жылдарында Кеңес мемлекетіне қарсы жасалды деп танылған не сондай күдікке ілінген әрекеттер үшін жаза ретінде жүргізілдіiПолян П. Не по своей воле… История и география принудительных миграций в СССР. М.: ОГИ — Мемориал, 2001.

«Кек алу науқандары» бойынша он халық депортацияланды. Олар — қарашайлар, қалмақтар, шешендер, ингуштер, балқарлар, қабардиндер, Қырым татарлары, месхет түріктері, күрдтер және хемшилдер.

4-науқан (1943 жылдың күзі): қарашайларды депортациялау

1943 жылғы қазанда қарашай халқын түгелдей көшіру және Қарашай автономиялық облысын тарату туралы жарлық пен қаулы қабылданды. Соның нәтижесінде 45 529 қарашай Қазақстанға қоныс аударылды. Олардың басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарына жөнелтілді.

5-науқан (1943 жылдың желтоқсаны): қалмақтарды депортациялау

1943 жылдың желтоқсан айының соңында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Қалмақ АКСР-ін тарату туралы» Жарлығы және қалмақтарды көшіру жөніндегі Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысы қабылданды. Осы науқан барысында 90 мыңнан астам адам атақоныстарынан күштеп көшірілді.

Алғашқы кезеңде қалмақ халқының негізгі бөлігі көшірілді. Бұл науқан небәрі екі күннің ішінде — 1943 жылғы 28 және 29 желтоқсанда жүргізілді. Қазақ КСР-іне 2 336 қалмақ жіберілді.

6-науқан (1944 жылдың ақпаны): шешендер мен ингуштерді депортациялау

1943 жылдың қазан-қараша айларында Кеңес билігі шешендер мен ингуштерді күштеп көшіру операциясына дайындықты бастады. Бұл науқанға «Чечевица» деген құпия атау берілді. Бұл халықтар ешқандай дәлелсіз-ақ «Кеңес өкіметі мен Қызыл Армияға қарсы террорлық қозғалысқа жаппай және белсенді қатысты» деп айыпталды.

1944 жылғы 23 ақпаннан наурыз айына дейін барлығы 478 479 адам жер аударылды. Оның 387 229-ы шешендер, 91 250-і ингуштер еді. Осы науқан барысында Шешен-Ингуш АКСР-і таратылды.

Жер аударылған шешендердің үй салып жатқан сәті. Текелі қаласы / ҚРОМКФДЖА

Жер аударылған шешендердің үй салып жатқан сәті. Текелі қаласы / ҚРОМКФДЖА

Қоныс аударылғандардың басым бөлігі Қазақстанға жіберілді. Қазақ КСР Ішкі істер халық комиссариатының есептік деректеріне сәйкес, республика аумағына шешендер мен ингуштердің 89 901 отбасы, жалпы саны 405 192 адам көшірілді.

«Мамам айтатын: оларды көшіріп жіберетін күнге дейін-ақ ауылға әскерилер келіп, үй-үйге бөлініп тұрған екен. Бәрі бір сәтте басталып, жұртты ауылдық кеңестің алдына қарай айдап апарып, иіріп қояды… Ол кезде тау жұртының әдетімен кавказ еркектеріне суық қару ұстап жүруге рұқсат етілетін, сондықтан таң алдында чекистерге қарсыласуы мүмкін-ау дегендердің бәрін тұтқындап, қаруын тартып алады. Қарсылық болмады емес, бірақ ол жер-жерде ғана жүріп, жағдайды өзгертердей ықпалды болмай шықты… Жұртқа жүгін жиюға аз-ақ уақыт берілген, тек ең керек деген заттарын алуға рұқсат етілген…» («Чечевица» операциясы» мақаласынан).

7-науқан (1944 жылдың ақпан-наурызы): балқарлар мен қабардиндерді депортациялау

«Чечевица» операциясы басталғаннан кейін үш күн өткен соң Лаврентий Берия Қабардин-Балқар АКСР-інен балқар халқын көшіру жөніндегі НКВД бұйрығына қол қойды.

Депортацияланған балқарлардың едәуір бөлігі Қазақстанға жіберілді. Республика аумағына 21 150 балқар қоныс аударылды. Ал 1944 жылдың маусым айында Қазақстанға шамамен 2 500 қабардин жер аударылды. Оларға да депортациялық науқандарға тән «немістердің белсенді қолшоқпары, сатқындар мен опасыздар» деген айып тағылды.

Балқарлар мен қабардиндер ғана емес, өзге де жер аударылған халықтар жүк тасымалдауға арналған вагондармен жеткізілді. Теміржол құрамдарын үнемдеу мақсатында вагондарға адамдарды шектен тыс көп сыйғызуға тырысатын. Қазақстанға дейінгі жол әдетте бірнеше аптадан бір айға дейін созылатын.

Жол бойы азық-түлік пен су тапшы болды. Санитарлық жағдай да өте ауыр: сүзек індеті жайлады. Бұл сапарда ең ауыр азап шеккен әйелдер, балалар мен қарттар еді. Олардың арасында жол-жөнекей көз жұмғандардың саны айрықша көп болды.

8-науқан (1944 жылдың мамыры): Қырым татарларын депортациялау

1944 жылдың мамырында Қырым татарлары «Кеңес халқына қарсы сатқындық әрекеттер жасады» деген айыппен Қырым түбегінен жаппай көшіріле бастады. Жалпы саны 191 014 Қырым татары жер аударылды. Соның 4376-сы Қазақ КСР-іне орналастырылды.

Жерлеу рәсімі. Депортацияланған Қырым татарлары. Красновишерск, Молотов облысы, РКФСР, 1944 жыл / Wikimedia Commons

Жерлеу рәсімі. Депортацияланған Қырым татарлары. Красновишерск, Молотов облысы, РКФСР, 1944 жыл / Wikimedia Commons

1944 жылдың маусым айында Қырымнан гректер, болгарлар, армяндар мен немістер де күштеп көшірілді. Олардың бір бөлігі Қазақстанның Гурьев облысына орналастырылдыiИз истории депортации. Казахстан. 1939–1945 гг. Сб. док. Т. 3. Алматы: LEM, 2019. 30-б..

1957–1958 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлықтарымен бұрын таратылған автономиялардың басым бөлігі қайта қалпына келтірілді. Сондай-ақ депортацияланған халықтарға тарихи отандарына оралуға рұқсат берілді.

Алайда Қырым Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы мен Еділ бойы немістерінің автономиялық республикасы қайта қалпына келтірілген жоқ.

9-науқан (1944 жылдың көктемі): Грузия КСР-інен месхет түріктері мен өзге этностарды депортациялау

1944 жылдың көктемінде күштеп қоныс аудару науқаны Грузия аумағында тұрған кейбір халықтарды да қамтыды. Алдымен 3 240-тан астам күрд пен әзербайжан көшірілді. Сол жылдың шілде айында Грузиядан 76 021 месхет түрігі, сондай-ақ 8 694 күрд пен 1 385 хемшил жер аударылды. Жалпы алғанда, Месхетиядағы 220 елді мекеннен Қазақстанға 28 598 адам жеткізілді.

«Белгілі бір халықтарды жер аудару туралы шешім қабылданғаннан кейін олар арнайы белгіленген өңірлерге жіберіліп, «арнайы қоныстанушы» мәртебесін алды. Осы сәттен бастап олардың жеке өмірі іс жүзінде бақылауға алынды. Қай жерде тұратынын, қайда жұмыс істейтінін және шаруашылығын қалай жүргізетінін арнайы комендатуралар шешіп отырды. Бұл Кеңес билігі «сенімсіз» немесе «жат пиғылды» деп санаған адамдарды оқшаулаудың, бағындырудың және бақылауда ұстаудың тиімді құралы болды» («Жазаланған халықтар» мақаласынан).

ДЕПОРТАЦИЯНЫҢ ҮШІНШІ КЕЗЕҢІ: 1946–1950 ЖЫЛДАР

Соғыстан кейінгі кезеңде тарихшылар «жау элементтері» санатына жатқызылған топтарды күштеп көшірудің үш негізгі науқанын бөліп көрсетеді.

1-науқан (1945–1947 жылдар): Украина мен Балтық елдерінен депортациялау

1947 жылдың соңына қарай Украина мен Балтық елдерінен шамамен 150 мың адам қоныс аударылды.

1945–1947 жылдары Қазақ КСР аумағында 7 513 оуншыiОУН мүшелері — Кеңес өкіметіне қарсы бағыт ұстанған Украин ұлтшылдары ұйымының мүшелері және 854 власовшыiВласовшылар — Германия тұтқынына түскен Кеңес әскери қызметкерлерінен жасақталған «Орыс азаттық армиясының» сарбаздары. Бұл армияны фашистер тұтқындаған кеңес армиясының генерал-лейтенанты А.Власов басқарған болған.

Жер аударылғандардың бір бөлігі, әсіресе «Отанға опасыздық жасады» деп айыпталғандар ГУЛАГ жүйесінің лагерьлеріне жіберілді. Қазақстан аумағында жиырмадан астам лагерь бөлімшесі мен екі жүзге жуық лагерь пункті жұмыс істеді. Солардың ішіндегі ең ауырларының бірі — Жезқазған маңындағы Степлаг еді. Дәл осы лагерьде 1954 жылғы 16 мамырда тұтқындардың наразылығы басталып, ол оқиға тарихқа «Кеңгір көтерілісі» деген атпен енді.

«1954 жылғы маусымдағы деректер бойынша Степлагтың барлық алты бөлімшесінде шамамен 20 мың тұтқын болған. Олардың арасында 30-дан астам ұлт өкілдері бар еді: орыстар, белорустар, поляктар, немістер, қазақтар, молдавандар, өзбектер, еврейлер, армяндар, грузиндер, татарлар, шешендер, әзербайжандар, түрікмендер, ингуштар, қытайлар, тәжіктер, корейлер, қырғыздар, жапондар, румындар, гректер, удмурттар, ирандықтар, финдер, карелдер, башқұрттар, ауғандар, түріктер мен моңғолдар. Тұтқындардың жалпы санының шамамен 46%-ын украиндар, ал 22%-ға жуығын Балтық елдерінен шыққандар құрады». («Кеңгір көтерілісі» мақаласынан) 

Осы тақырып бойынша тағы

КСРО-дағы қуғын-сүргін

Кеңгір көтерілісі

Танкімен басып-жаншылған бүлік

2-науқан (1951 жыл): Тәжікстан мен Грузиядан халықтарды депортациялау

1951 жылғы наурызда Тәжікстаннан Қазақстанның Көкшетау облысына «басмашылар» деп аталған 2 795 адам — Кеңес билігіне қарсы ұлттық-діни қозғалысқа қатысушылар мен олардың отбасы мүшелері қоныс аударылды. Сол жылы Грузия аумағында да «тазарту» науқаны жалғасты. Бұл жолы ирандықтармен қатар, ассириялықтар да көшірілді. Олар Қазақстанның Жамбыл және Алматы облыстарына орналастырылды.

3-науқан (1951 жыл): Батыс Украина, Беларусь және Литвадан халықтарды депортациялау

Күштеп қоныс аудару Кеңес одағы аннексиялаған аумақтарды да қамтыды. 1951 жылғы қаңтар-наурыз айларында қабылданған КСРО Министрлер Кеңесінің қаулылары Батыс Украина мен Батыс Беларусьтен, сондай-ақ Литвадан кулактарды отбасыларымен бірге одан әрі көшіруді көздеді.

Литвалық саяси тұтқындар Пасха мерекесі кезінде лагерьде. Воркута, Коми АКСР, 1955 жыл / Wikimedia Commons

Литвалық саяси тұтқындар Пасха мерекесі кезінде лагерьде. Воркута, Коми АКСР, 1955 жыл / Wikimedia Commons

Депортациялар көп халықтың тағдырын өзгертті: олардың оны толық қоныс аударылды. Жалпы алғанда, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары мен соғыстан кейінгі кезеңде 61 ұлттың өкілі атақоныстарынан айырылды.

Литвалық саяси тұтқындар лагерьде. Воркута, 1955 жыл / Wikimedia Commons

Литвалық саяси тұтқындар лагерьде. Воркута, 1955 жыл / Wikimedia Commons

Этностық депортациялар басталғаннан кейін арада алпыс жылға жуық уақыт өткенде ғана, 1989 жылғы 14 қарашада КСРО Жоғарғы Кеңесі «Күштеп қоныс аударуға ұшыраған халықтарға қарсы жасалған қуғын-сүргін актілерін заңсыз әрі қылмыстық деп тану және олардың құқықтарын қамтамасыз ету туралы» декларация қабылдады.

Зәуреш Сақтағанова

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ