1980 жылдардың ортасында бұл елді жойылып кетеді деп ешкім ойламаса керек. КСРО планета құрлығының алтыдан бірін алып жатты, бірінші болып ғарышқа аяқ басты, сондықтан да мызғымас ел болып көрінетін. Бірақ күтпеген жерден, бірер жылдың ішінде ыдырап тынды. Басқа империялардың жойылуы ғасырларға жалғасса, Кеңес Одағы бір сәтте дерлік құлай салғандай болды. Qalam-ға берген сұхбатында Гарвард университетінің тарихшысы Марк Крамер КСРО-ның қалай құрылғанын және оның жүйесі неліктен әлсіз болып шыққанын түсіндіреді.
КСРО — империя ма, әлде қандай да бір айрықша жүйе ме?
Екеуі де деуге болады. Оның жауабы «империя» немесе «жүйе» дегенді қалай анықтайтынымызға байланысты, дегенмен негізгі критерийлер бойынша КСРО Ресей империясының тікелей мұрагері екені даусыз.
Марк Крамер / researchgate.net
1917 жылы большевиктер билікті басып алғаннан кейін дүрбелең кезеңі басталды: империя иеліктерінің тағдыры бұлыңғырланып, Орталық Азияда, Украина мен Кавказда шайқастар жүрді. Уақыт өте келе большевиктер бұл аймақтарға, соның ішінде, Ресей империясының құрамында бола тұра отары санаған Орталық Азияға қайтадан бақылау орнатты. Кейіннен Совет өкіметі кезінде жекелеген одақтық республикаларға айналған бұл аймақ, заң жүзінде болмаса да көбіне отар ретінде қабылданды.
Николай Терпсихоров. «Алғашқы ұран». 1924 жыл / Wikimedia Commons
Мұны жергілікті шындықпен санаспаған большевиктік марксизм-ленинизм, қанды қуғын-сүргін, сталиндік репрессиялар сияқты совет жүйесінің әрекеттері тайға таңба басқандай дәлелдеп шықты. Әсіресе Қазақстан айрықша зардап шегіп, қазақ жеріндегі әр жылдардағы ашаршылық халықтың орасан бөлігінің өмірін жалмады.
Республикалардың шекарасын кім сызды: Мәскеу ме, әлде жергілікті элита ма?
Жергілікті элита үлесін қосқанымен, түпкі шешім Мәскеуде қабылданатын. Совет этнографтары тарих пен этнографияға сүйене отырып, «логикаға сай» шекаралар сызды. Дегенмен практикада олардың тарих пен жергілікті жағдайларға қатысты түсініктері үнемі дұрыс болып шықпайтын. Сондықтан Қазақстанда аймақ тұрғындарының пікірлері де есепке алынатын. Олардың бәрі өз ісінің білгірі болмаса да, келтірген уәждері орынды шығып жататын.
Қазақ Орталық Атқару Комитеті Президиумының мәжілісі. 1924 жылдың қыркүйегі мен 1925 жылдың сәуір аралығы / Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві қорынан
Уақыт өте процедура регламенттелген сипат тапты: қазақ шенеуніктері мен этнографтары туындаған шекаралық мәселелерді шешуге белсене араласты. Әсіресе Қазақстанның солтүстігінде орыстілді және этникалық орыс азаматтарының саны көп болғандықтан, осы өңірдегі мәселе шетін сипатта жүрді. Сол мәселелер жаңғырығындай, совет дәуірінің соңында да Ресейде Қазақстан солтүстігінің бір бөлігін берсін деген үндеулер айтылды. Бұл талапты, әрине, көптеген қазақтар түсінікті себеппен жылы қабылдай қоймады.
Британияның Үндістанды бөлуі мен советтік шекара сызу: араларында ұқсастық болып па еді?
Британия теңіз арқылы басқарылатын отарлық империя болды, сол тұрғыда большевиктерге мұра болып қалған Ресей империясының құрылымынан айтарлықтай ерекшеленді. Кеңес Одағы болса, құрлықтық империя болды. Дегенмен осы жағдай советтерге шекаралар мен әкімшілік құрылымды кезең-кезеңімен түзетіп, қайта жасақтап отыруға мүмкіндік берді. Орталық Азияда алғашқы онжылдықтарда Совет өкіметі барынша мызғымас саяси құрылым жасауға ұмтылып, мұндай өзгертулердің бірнешеуін жасады. Мұны іске алғысыз болды дей алмаймыз, бірақ әрдайым уақыт пен күш салып отыруды талап етті.
Фрэнсис Хейман. Роберт Клайв пен Мир Джафар Пласси шайқасынан кейін. 1757 жыл / Wikimedia Commons
Британия жағдайына келсек, Лондон Оңтүстік Азиядан кету туралы маңызды шешім қабылдасымен, оған Үндістан мен Пәкістанды құрып, шекараны сызуға және одан әрі оқиғалардың өз еркімен өрбуіне мүмкіндік беруден басқа амалы қалмады. Британдар Үндістанды тастап шыққан соң жаппай қырғын басталды, бірақ Лондон дағдарысты реттеу үшін кері бұрылмады. Сол себепті Үндістан мен Пәкістан арасындағы араздық әлі күнге жалғасып келе жатыр.
Британ империясының Үндістаннан басқа отар аймақтарынан кетуі дәл осы шекара сызудай қанды қырғынға сеп бола қоймағанымен, әдетте теңіз арқылы басқарылатын империялар өзінен кейін жиі даулы аймақтар қалдырады. Кейде халық сол шекараны күшпен қорғауға дайын екенін көрсетеді. Оңтүстік Азияда ыдырау тым ауыр болды. Шекаралар асығыс сызылған еді, мәселенің түйіні осында жатыр. Бүгінге дейін бірнеше провинция даулы күйде қалып келеді.
Неліктен Қазақстан КСРО-ның ең ауқымды жобаларының полигонына айналды?
Бұл жерде негізгі фактор география мен демография болды. Қазақстан өте ауқымды ел және салыстырмалы түрде, соның ішінде Үндістан, Пәкістан және Қытаймен салыстырсақ, халық аз қоныстанған. Демек, көп жерлерін орталықтың қажеттігіне алу керек деген түсінік болды. Бұған Семей ядролық сынақ полигонын мысал етеміз. Одан бөлек, Қазақстанда Сары-Шаған және көптеген басқа да сынақ алаңдары мен маңызды советтік әскери нысандар орналасты. Мұндай шешімге түрлі факторлар әсер етуімен қатар, халық тығыздығының төмендігі басты рөл атқарды.
Экономиканы да естен шығаруға болмайды: орталық Қазақстандағы ірі энергетикалық ресурстар мен пайдалы қазбаларды пайдалануға ұмтылды. Сонымен қатар этникалық және тілдік құрамы аралас келгендіктен, жергілікті тілдерді білмесе де, келген адамдарға өмір сүру және жұмыс істеу оңай тиетін. Мүдделер барынша прагматикалық болды. Бұл жобалар қазақтарға арналмағанымен, кей тұстарда жергілікті халықтың қажетіне жарап жататын.
Семей ядролық полигонында кеңестік тұңғыш сутегі бомбасының сыналуы. 1953 жыл, 12 тамыз / Alamy
Әдетте, мұндай жобаларға қатысты шешімдер Мәскеуде қабылданды. Жергілікті халықтың сөзін тыңдайтын кездер де болды, бірақ халыққа құлақ асып, қабылданып қойған шешімді өзгерткен жағдайлар жоқтың қасы. Дегенмен ережеден тыс бір жағдай болып еді.
Семей сынақ полигоны «төмен жақтың» ешқандай қатысуынсыз құрылып, пайдаланылған еді. Алайда совет дәуірінің соңында Қазақстанның «Невада – Семей» антиядролық қозғалысы пайда болды: онда саясаткерлер емес, жазушылар АҚШ-тағы Невада полигонының белсенділерімен бірікті. Қозғалыстың өзі бәрін шешпесе де, сынақтарды тоқтатуға әсер еткен факторлардың біріне айналды. Бұл — жергілікті бастаманың оқиғалар барысын қалай өзгерткенінің тамаша мысалы.
КСРО неге жылдам ыдырады?
Факторлар көп болды. Апаттар, күтпеген оқиғалар секілді кездейсоқ жағдайлар да әсер етті. Бірақ, әрине, бұлармен шектелмеді. Одақтың ыдырауы тым жылдам болды, империялар әдетте бұлай күрт құлай қоймайтын. Себебі мемлекеттер мен империялардың құлдырауына көп уақыт кетеді. Осман және Габсбург секілді империялар ондаған жылдар бойы ыдыраса, Одақ төрт-бес жыл ішінде шашырап кетті.
Л.Васаускас. «Балтық жолы» суреті, Moteris журналы. 23 тамыз, 1989 жыл / Wikimedia Commons
Оған жекелеген тұлғалардың шешімдері де әсер етті. Бірақ бәрінің астарында қарапайым шындық жатты: КСРО ғылымда, технологияда және экономикада Батыстан артта қалды. Абсолютті мәнде демесек те, салыстырмалы түрде алшақтық үнемі ұлғая берді. Әрі совет азаматтарының көпшілігі мұны түсіне бастады.
Содан кейін жариялылық жетті. 1986 жылдан бастап, Горбачёв тұсында, халыққа көп жылдар бойы цензура жаныштаған ой-көзқарасын айтуға рұқсат берілді. Көп адам бұл мүмкіндікті қалт жібермегендіктен, бұл да режимнің легитимділігін одан әрі әлсіретіп жіберді.
1986 жылы желтоқсанда ереуілге шыққандар, Алматы / Wikimedia commons
Өзгерістер тым жылдам жүріп жатқандықтан, оларды бақылауда ұстау өте қиын соқты. Негізгі проблема да осында еді. Михаил Горбачёв 1990–1991 жылдары бұл процесті тежеуге тырысты, бірақ қатаң бақылауды жаппай зорлық-зомбылықсыз қайтару мүмкін болмады. Горбачёвтің кемшіліктері көп, бір жақсы қасиеті де бар: ол өзінен бұрынғылар секілді совет билігін сақтау үшін жаппай күш қолданбады. Репрессияға жүгінген Лениннен, әсіресе Сталиннен айырмашылығы, Горбачёв «империяны құтқару үшін күш» зорлық-зомбылыққа жүгінуден бас тартты. Қайғылы оқиғалар болмады емес, болды (1990 жылдың қаңтарында Бакуде және одан бұрын Грузияда), бірақ ол жаппай қантөгістен айналып өтті. Осындай ұстанымы үшін оған тіпті Одақтың ыдырағанына өкінетіндер де алғыс айтса болады.
Ленин ескерткішін бұзу. Шығыс Берлин, 1991 жылдың қарашасы / AFP PHOTO / DPA / BERND SETTNIK / Flickr