СИҚЫРШЫЛАРДЫ ҚУДАЛАУ

Еуропадағы дүрбелеңнің тарихы

Р.Деккер. Деренбургте бақсыны өртеу. Гравюра. 1555 жж/Wikimedia Commons

Көпшіліктің айтуынша, Орта ғасырда бүкіл Еуропада сиқыршы-мыстандарды өртеп, жазалаған. Бірақ бұл толықтай шындыққа жанаспайды. Шынымен де отқа жағу рәсімдері болған, бірақ ол отқа көбіне католик дінінен шет кеткен кәпірлер, яғни дінбұзарлар түсетін. Ал сиқыршыларға қатысты сот процестері өте сирек кездесіп, тек Орта ғасырдың соңында (15 ғасыр) ғана жиіледі. Жаңа заман келген кезде сиқыршылыққа қатысты дүрбелең шарықтау шегіне жетті.

Мазмұны

16–17 ғасырда Еуропада жаппай жазалау толқыны жүріп өтті. Көбінесе сиқыршыларды неміс жерлерінде, Францияда, Швейцарияда, Шотландияда және Польшада жазаға тартқан. Италия, Англия, Скандинавия елдерінде сәл азырақ болса, ал Испания, Ирландия және Ресейде мұндай жағдай сирек кездескен. Енді сиқыршыларды қудалаудың қалай және қашан басталғанын және оның құрбандары кім болғанын қарастырайық.

Франсиско Гойя. Жын ойнақ. 1797–98/Wikimedia Commons

Сиқыршылық сенімі

Адамдар ежелден сиқыр мен тылсым күшке сеніп келген — әлемнің барлық халықтарының мифтерінде адамға көмектесе алатын немесе зиянын тигізетін сиқыршылар бар. Орта ғасырлар мен Жаңа заманның бастапқы кезеңі де бұдан тыс қалмаған. Христиандық Еуропада ресми дінге айналғанына қарамастан, шіркеулер биліктің бір тармағы ретінде қызмет еткен. Қоғамда пұтқа табынушылықтың қалдықтары жойыла қойған жоқ. Мәселен, ауыл шаруалары мереке қарсаңында оттың үстінен секіріп, әртүрлі рухтарға құрбандық шалып, сиқыр күшіне сенетін. Олар көбінесе бақсы-балгерлерге жүгінетін, себебі бұл бақсылар арнайы дұғаларды және өсімдіктердің «емдік» қасиеттерін білген. Себебі Библия латын тілінде болғандықтан, шаруалар, тіпті кейде жоғарғы тап өкілдері де оны оқи алмаған, ал діни білімді жергілікті дін қызметкерлері (кейде өзі де сауатсыз әрі христиандық мораль талаптарына сай емес) таратқан.

Қалаларда әртүрлі балгерлер кезіп жүретін. Олар құстардың қанат қағысына немесе аспанға лақтырған тастарға қарап болашақты болжайтын. Кейде олар қорқынышты тәсілдер қолданатын. Мысалы, жануарлардың ішкі ағзалары немесе тіпті адамның сүйектері (оларды қалалық баскесерлерден сатып алуға болатын) арқылы болжам жасаған.

Сиқыршылар мен шайтан. 15 ғасырдың 2 ширегі/Wikimedia commons

Сонымен қатар сауатты дәрігерлер де сиқырлы рәсімдер мен алхимияны қолдануды құптайтын. 13–17 ғасырлардағы көптеген ғалымдар мәңгілік өмір эликсирі мен барлық ауруларға шипа болар дәрі жасауды армандаған. Олар ғылыми емес, сиқырлы әдістерді — әртүрлі заттарды араластыру мен дұғаларды қолданған.

Аға Питер Брейгель. Алхимик/Wikimedia Commons

Сиқыршыларға деген, соның ішінде әсіресе сиқырлы құбылыстарға деген сенім қоғамды жайлап алған еді. Ал шіркеу ұзақ уақыт бойы сиқыршылықты жоққа шығарып келген. Мұнда саяси фактор да болды, мысалы, шіркеу пұтқа табыну сенімдерін ресми дінмен келістіруге тырысып, қоғамға қарсы қан төгіс, қақтығысқа түсуді жөн көрмеген. Инквизиция сиқырмен айналыспайтын және 14 ғасырға дейін сиқыршыларды қудаламайтын.

Мартин Ле Франс. Сыпырғы мен таяқтағы екі бақсы бейнеленген иллюстрация/Wikimedia Commons

Сирек жағдайда, сиқыршыны зайырлы соттар жазалай алатын еді — бірақ өртеп жібермей, дүре соғып немесе ауылдан қуумен шектелген. Бұл үшін оның әрекеттерінен нақты зиян келгені дәлелденуі керек болатын: мысалы, егер емші-балгер біреуді улы шөптермен улаған жағдайда жазадан аман қалмаған.

Алғашқы алау қашан тұтанды?

1324 жылы Ирландияда бір епископ Элис Кителер есімді беделді әйелге қарсы іс қозғады. Бұл әйел үш рет жесір қалған болатын — оның барлық күйеулері күмәнді жағдайларда мезгілсіз көз жұмған, ал төртінші күйеуі Элисті сиқыршы деп айыптаған. Әйелдің таныс-тамыры оған соттан қашып кетуге көмектесті, бірақ оның қызметшісі Петронилла де Митске бұндай сәттілік бұйырмады: оны сыбайласы деп тауып, азаптады. Әрине, қызметші зұлымдық жасап, басқа сиқырлық қылмыстар жасағанын мойындады, содан кейін оны отқа өртеп жазалады.

Балгерді өртеу. 14 ғасыр иллюстрациясы/Wikimedia Commons

Сиқыршыларға қатысты сот процестерінің таралуына сиқыршыларды кәпірлермен теңестіру идеясы да ықпал етті. Христиан шіркеуі Орта ғасырлар бойы дұрыс сенім үшін күресіп келді, ал 13–14 ғасырлар күпірлікке қарсы ең қатал күрес дәуіріне айналды. 1326 жылы Рим Папасы XXII Иоанн булла жариялап, онда сиқырмен айналысқандардың бәрі нағыз сенімнен ауытқитынын мәлімдеді. Осылайша инквизиция сиқыршы деп айыпталғандарға күпірлік жасаушыларға қолданылған жазаларды азаптау мен отқа жағуды қолдана бастады. Дегенмен уақыт өте келе шіркеу сиқыршылықты дербес қылмыс ретінде қарастыра бастады.

Компьенді қоршау кезінде бургундтардың Жанна д-Аркты тұтқынға алуы, 1430 жыл/Wikimedia Commons

1431 жылы Жанна д’Арк ісіне қатысты процесс бұл құбылыстың айқын мысалы болды: қызды алғашында сиқыршы деп айыптап, содан кейін оны күпірлік еткен деп өртеп жіберді; сиқыршылық пен сенімнен ауытқу өте жақын қылмыс ретінде қарастырылды. 15 ғасырда сиқыршыларды өртеп жазалау жиілей түсті.

«Сиқыршылардың балтасы» және жаппай қудалаулар

15 ғасырда кейбір инквизиторлар кәсіби сиқыршылардың ізіне түсе бастады. Олардың ең әйгілісі неміс монах әрі теолог Генрих Крамер (1430–1505) болды. Бұл адам шынайы фанатик еді және психикалық ауытқулардан зардап шеккен болуы мүмкін. Оны дінбұзарлар мен сиқыршылардың жасырын ұйымдары қастандық жасап жатыр деген ой мазалады.

Инквизитордың (және көптеген ізбасарларының) ұраны ретінде Ескі өсиеттегі «Сиқыршыларды тірі қалдырма» деген сөзді алуға болады. Крамер барлық сиқыршылардың көзін құртуға тырысты. Ол бірнеше рет сот процестерін ұйымдастырып, айыпталғандарды өзі тергеп, үкім шығарған. Оның қатал үкімдері тіпті дін қызметкері әріптестерін де таңғалдырды.

Молот Ведьм. 1669/Wikimedia Commons

1485 жылы Крамер немістің Инсбрук қаласында бірнеше әйелді отқа жағуға үкім шығарды, бірақ жергілікті епископ бұл үкіммен келіспей, тергеу барысындағы қатыгездікке наразы болды. Соның нәтижесінде әйелдер ақталып, Крамер қаладан қуылды. Дегенмен сиқыршыларды қудалаудан қайтпайтын Крамер Рим Папасын өз жағына тартып, оған сиқыршыларды іздеп, жою туралы бұйрық шығартуға көндірді. Осылайша жаппай жазалаулар басталды.

Крамердің сиқыршылықпен күрестегі басты «жетістігі» — 1490 жылы «Сиқыршылардың балтасы» атты трактатын жариялауы болды. Еңбектің бір бөлігінде әртүрлі сиқырлық қылмыстар сипатталған. Онда сиқыршылар адамдарға жын-шайтанды жіберіп, жаңа туған балаларды өлтіріп, қайнатып, мал өлімін, эпидемияларды және қуаңшылық жасауға, құдықтарды улауға, адамдарды арбау арқылы аздыруға қабілетті екені жазылған. Еңбектің басқа бөлігінде сиқыршыны қалай табу керегі және тергеп, жазалаудың ең тиімді әдістері туралы егжей-тегжейлі нұсқаулықтар берілген.

Викианадан сурет/Wikimedia Commons

«Сиқыршылардың балтасы» жазылғаннан 45 жыл бұрын баспа станогы ойлап табылғандықтан, кітаптар тез тарала бастады. Крамердің еңбегі үлкен танымалдылыққа ие болып, мол тиражбен басылып, көптеген еуропалық тілдерге аударылды. Шіркеу қызметкерлері мен судьялар «Сиқыршылардың балтасы» мен ұқсас шығармаларды неғұрлым көп оқыған сайын, теріс магияға деген қорқынышы арта түсті. Осылайша көптеген адамдар отқа өртеу жазасына кесілді.

Сұмдық жайлаған ғасырлар

16 және 17 ғасырлар — Жаңа заманның бастау кезеңі Еуропаға көптеген ауыр сынақтар әкелді. 1517 жылы Реформация басталды, бұл — шіркеуді қайта құруға бағытталған ауқымды әлеуметтік-саяси қозғалыс. Оның жақтастары протестанттар деп аталды. Олар католик шіркеуінің байлығын және Рим Папасының билігін сынға алды. Реформация көптеген толқуларға, діни соғыстарға және шаруалар көтерілісіне әкелді. Сонымен қатар кіші мұз дәуірі — әлем бойынша климаттың салқындауы басталып, оның салдарынан егін шықпай, аштық пен індеттер жайлады.

Сиқыршы деп айыпталған адамдар азапқа шыдамай, басқаларды, тіпті жақындарын да «әшкерелеуге» мәжбүр болатын. Көп жағдайда балалар өз ата-аналарын сиқыршы деп айыптап, мойындату үшін қысымға ұшыраған. 1601 жылы Германияның Оффенбург қаласында жан тебірентерлік оқиға болды: жазалаушылар он жасар Агата Гвиннерді аяусыз ұрып-соғып, оның өз анасына жала жабуына мәжбүр етті. Қызының аузынан өзіне тағылған айыптарды естіген анасы: «Әй. Байғұс бала-ай! Неге сені сәби кезіңде суға батырып жібермедім екен?» деп ашуға булығып, ышқына айқайлайды. Ал қыз болса: «Сөйтуің керек еді ғой!» деп жауап берді.

Әсіресе әсерленгіш адамдар жаппай дүрбелеңнің әсерінен өзін-өзі айыптайтынды шығарды. Мұндай оқиға 1614 жылы Наваррада испан инквизиторы Алонсо де Саласармен байланысты болды. Бірнеше әйел түнде оның жатын бөлмесіне кіріп, оны сиқырлы сусын арқылы өлтіруге тырысқандарын мәлімдеді. Саласар бұл әйелдерге күліп, өзінің денсаулығында ешқандай мәселе жоқ екенін хабарлады. Бұл әйелдер жазадан аман қалды.

Балгерді суға батыруда/Wikimedia Commons

Алайда көбінесе мұның соңы өлім жазасымен аяқталатын. Айыптауға болмашы күдік жеткілікті еді. Сиқыршыларды католиктер де, протестанттар да қудалады. 17 ғасырдың соңына дейін Еуропада сиқыршыларға арнап жаққан оттар лапылдап тұрды, ал жекелеген процестер тіпті 18 ғасырда да болды. Қазіргі бағалаулар бойынша, сиқыршыларды қудалау кезінде барлығы 50–100 мың адам жазаланған.

Сиқыршыны қалай тануға болады?

Сиқыршы деп көбінесе әйелдерді айыптаған. Тарихшылардың есебінше, сиқырлау процестерінде құрбан болғандардың тек 20%-ы ғана ер адамдар болған. Бұл Орта ғасырлар мәдениетінде әйелдерді жек көру көзқарасымен байланысты еді. Барлық әйелдер нәпсіқұмар және күнә жасауға бейім, сондықтан да сиқыршылыққа икемді келеді деп есептелген. Бұл идея Інжілдегі Хауа ана туралы аңызға негізделген — алғашқы әйелдің Сайтанға алданып, Адамды Жаратқанның тыйымын бұзуға көндіргені туралы. Крамер «Сиқыршылардың балтасы» еңбегінде:

«Барлық сиқыршылық нәпсіқұмарлықтан туындайды, ал әйелдер тойымсыз», – деп жазған.

Әйел болу — айыптау үшін жеткілікті себеп еді. Әсіресе жалғызбасты қартамыс әйелдер, жесірлер, қайта тұрмысқа шығудан бас тартқан әйелдер және емші-балгерлер күдікке жиі ілінетін. «Емдей алсаң, демек сиқыр да жасай аласың» деген сөз кең таралған еді. Жалғыз тұратын әйелдерден сақтанып жүріп, егер олардың көршілері қандай да бір келеңсіздікке тап болса, алдымен күдік көзі соларға түсетін.

Қызыл шаш сатқындықтың және Құдайдан ауытқудың белгісі болып саналған, сондықтан қызыл шаш та адамды отқа өртеп жіберуге жеткілікті себеп болған.

Томпкинс Мэттесон. Балгерді соттау/Wikimedia Commons

Тек сыртқы келбеті ғана емес, әйелдің мінез-құлқы да күдік туғызуы мүмкін еді. 16 ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген француз судьясы және демонологы Жан Боден әйелдердің қаншалықты жиі жылайтынын бақылауға кеңес берген. Егер әйел жерлеу рәсімінде немесе күнәларын мойындау кезінде жылай алмаса, оны міндетті түрде сиқыршы деп есептеген. 1692 жылы АҚШ-тың Салем қаласында Рэйчел Клинтон есімді әйелді сиқыршы деп таныған, себебі ол көршілеріне әрдайым суық қабақ танытып, үнемі күйзеліп жүретін.

Сондай-ақ, сиқыршының жанына бір жануар пішінінде көмекші-демон болуы мүмкін деп сенген. Сондықтан қара түсті тауық, ит немесе қой ұстау күдік тудыратын. Мысықтар (кез келген түстегі) Сайтан қызметшілері саналып, олардың егесі ақталып шығудан үмітін үзген.

Ағылшын заңгері және сиқыршыларды қудалаушы Майкл Далтон 1618 жылы арнайы анықтамалық шығарды, онда сиқыршылар міндетті түрде рухтардың көмегіне жүгінетінін жазған. Далтон:

«Бұл рухтар түрлі бейнеге енеді. Кейде ер адам, кейде әйел, кейде құс, жылқы, қоян, егеуқұйрық, бақа және т.б. болуы мүмкін. Рух мұрын, құлақ, ауыз немесе артқы тесік арқылы денеге еніп, сол арқылы шығады», – деп жазған.

1582 жылы ағылшын «сиқыршысы» Урсула Кемптің ісінде оның ұлы анасының үйінде ақ қозы, сұр мысық, қара мысық және қара бақа болғанын айтып куәлік берген, олардың барлығы демон қызметшілері деп саналған. Урсула оларды сыра және бәліштермен, кейде өзінің қанымен тамақтандырып отырған деседі.

Фрэнк О. Кіші Салемдегі балгерді тергеу. 1904/Wikimedia Commons

Күдіктінің үйінен ерекше заттар табылса, жағдай одан сайын ушығатын, яғни кептірілген шөптер, қоянның табандарынан жасалған амулеттер, құстардың сүйектері немесе магиялық суреттері бар қағаздар айыптаудың даусыз дәлелі саналатын. Қарапайым халықтың арасында көп наным-cенімдер таралғандықтан, әр адамда түрлі тұмарлар болатын. Осылайша айыптауға әркімнің ұшырауы мүмкін еді.

Сондай-ақ, сиқыршылар шабаштарға — шайтандық жынойнақтарға қатысады деп сенілген. Олар жындармен бірге билеп, адам етін жеп, сиқыр жасап, қарғыс айтқан. Сондықтан қараңғыда жалғыз серуендеу қауіпті саналып, көршілері мұны шабашқа бару деп ойлап, дереу билікке хабарлайтын.

Аулаушылардың сенімінше, сиқыршы шайтаннан бала көтере алатын, ал одан сиықсыз пішін және ерекше жаратылыс пайда болатын. Боденнің айтуынша, Лан қаласында бір әйел бақаны босанған — ол, әрине, сиқыршы болған.

Сиқыршыны қолға түсірген кезде, оны мұқият тексеретін. Инквизиторлар шайтанның адам денесінде ерекше белгілер қалдыратынына сенген. Бұл мең, тыртықтар, тіпті қарапайым безеулер болуы мүмкін. Англияда әйелдің бетінде сүйел болса, оған демон қара балапандай келіп, оның қанын сорып алады деп сенген. Күмәнді белгілердің барлығын ине арқылы тесіп көретін, егер қан шықпаса, бұл адамның сиқыршы екенінің белгісі деп есептеген.

«Сиқыршы No1», литография. 1892 жылдың 29 ақпаны/Wikimedia Commons

Сиқыршылықты тексерудің тағы бір тәсілі бар еді: күдіктінің қол-аяғын байлап, суға лақтыратын. Егер адам су бетіне қалқып шықса, шайтан өзінің сыбайласын құтқарды деп есептеп, оны судан шығарып алып, кепкеннен кейін өртеп жіберетін. Ал егер байғұс суға батып кетсе, оның сиқыршылыққа қатысы жоқ деп санаған. Кінәсіз адам тұншығып өлетін болса, оның жанын бірден жұмаққа алады деп есептеген.

Мыстан аулау. Түсті гравюра, Германия, шамамен 1550/Fototeca Gilardi/Getty Images

Осындай тексерулерден кейін процесс аяқталмайтын: тергеушілер айыпталушыны мойындату үшін әртүрлі азаптауларға жүгінген. Осыдан кейін ғана азапқа ұшыраған құрбанды әдетте отқа немесе дарға асу арқылы жазалайтын.

Сиқыршыларды қудалаудың ақыры

Сиқыршылыққа қатысты дүрбелеңнің шарықтау шегі 17 ғасырға сәйкес келді. Еуропа үшін бұл әлеуметтік толқулар дәуірі болды, яғни бүкіл құрлықты қамтыған революциялар, соғыстар және егіннің шықпай қалуы. Осы кезеңде сиқыршылықтан қорқу шектен шықты: енді жалғыз тұратын кедей қарт әйелдер ғана емес, кез келген адам айыпталуы мүмкін еді. Бай адамдарды да жиі өлім жазасына кесетін, бұл шіркеуге олардың мүлкін иемденуге мүмкіндік беретін. «Сиқыршылар» деп ерлерді де, әйелдерді де, тіпті балаларды да айыптаған. 1692 жылы Вюрцбург қаласының епископы сиқыршылықты қудалаудың қорқыныштарын егжей-тегжейлі сипаттады — бұл 17 ғасырдың ең соңғы кезеңі еді!

«Қалада кем дегенде 400-ге жуық сиқыршылар бар, олардың қатарында ерлер де, әйелдер де, бай да, кедей де, тіпті діни қызметкерлер де […], кем дегенде қырық студент. Бірнеше күн бұрын декан мен нотариусты тұтқындады […]. Қаланың кем дегенде үштен бірі кінәлі. Бір апта бұрын он тоғыз жастағы қызды отқа өртеді, ол қаладағы ең сұлу қыз еді […]. Мен жеті жастағы балалардың өлім жазасына кесілгенін көрдім».

17 ғасырда ұлы ғылыми жаңалықтар мен сиқыршыларды қудалаудың ең соңғы толқыны таңғаларлық түрде қатар жүрді.

Еуропада сиқыршылық процестерінің аяқталуы мәдениет, ғылым және өнердің жаңа даму кезеңі — Ағартушылық дәуіріне тұспа-тұс келді. Интеллектуалдар сиқыршылық айыптарының абсурдтығын жиі жаза бастады. Еуропада сиқыршылық үшін өлім жазасына кесілген соңғы адам 1782 жылы Швейцарияда өлім жазасына ұшыраған Анна Гёльди деп саналады (ол азаптаудан кейін сиқыршылықты мойындаған, алайда ресми түрде ол у беру айыбы бойынша өлім жазасына кесілген).

Шындығында, бүгінгі күннің өзінде әлемнің кейбір аймақтарында сиқыршылыққа заңмен тыйым салынған және кейбір адамдар сиқыр тылсымына әлі де иланады.

Алистер Кроули cиқыршы ретінде, Liber ABA. 1912/Wikimedia Commons

Көшірілді