СОВЕТ НЕМІСТЕРІ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАШАН ЖӘНЕ НЕГЕ ЖЕР АУЫП КЕЛГЕН?

Совет одағындағы ең ірі депортацияның 85 жылдығына орай

~ 12 мин оқу
СОВЕТ НЕМІСТЕРІ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАШАН ЖӘНЕ НЕГЕ ЖЕР АУЫП КЕЛГЕН?

Коллаж / Qalam

1941 жылғы 28 тамызда, фашистік Германия басқыншылығы үдеп тұрған тұста ССРО өкіметі «Поволжье аудандарында тұратын немістерді жер аудару» туралы жарлық шығарады. Сол құжат бүкіл елдегі немістерді Орталық Азия мен Сібірге күштеп көшірудің басы болды. Жалпы саны миллиондай адам депортацияланса, соның төрт жүз мыңдайы Қазақстан жеріне келген екен. Сол зұлматтың себептері мен егжей-тегжейін совет немістері тарихын зерттеп жүрген жетекші маман Альфред Айсфельд баяндайды.

Немістер шпион ба?

ССРО басшылығының немістерге жағымсыз көзқарасы 1930 жылдары біртіндеп өрши берді. Оған бір себеп — Германияда өкімет басына Адольф Гитлер бастаған национал-социалистер келіп, соның кесірінен екі елдің идеологиялық қарсылығы басталғаны еді. Нацистер коммунистер идеологиясын бүкіл дүниежүзіне үстемдік етпек еврей-большевик пиғылының көрінісі деп жек көретін. Гитлер басқарып отырған Германияда коммунистер де, өзге солшыл қозғалыстардың өкілдері де түрлі репрессияға ұшырап жатты.

1938 жылғы «Хрусталь түні» оқиғасынан кейін қираған синагоганың ішкі көрінісі. Фазаненштрассе, Берлин, 1938 жыл / Wikimedia Commons

1938 жылғы «Хрусталь түні» оқиғасынан кейін қираған синагоганың ішкі көрінісі. Фазаненштрассе, Берлин, 1938 жыл / Wikimedia Commons

Ал большевиктер идеологиясы, керісінше, антифашизм мен антинацизмді тірек қылып, дүниежүзіндегі пролетариаттың құқықтары жолындағы ұлттық күресті соған қарсы қоятын. Оның үстіне, екі елдің де сыртқы саясат бағдары Шығыс Еуропа елдерін басып алуды көздейтін.

Тақырыпқа орай

Қазақстан

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫ: ҮЛКЕН ҮМІТ

3-дәріс.

Шын мәнінде, ССРО мен Германия ол кезде «бірі өлмей біріне күн жоқ» екі тоталитар саяси жүйе болатын. Осы жағдай бар, жалпы халықаралық ахуал шиеленісіп тұрғаны бар, Еуропада жаңа үлкен соғыс өрті тұтанады-ау деген қауіп ССРО ішінде шпион іздеу науқаны мен германофобияны үдете түсті.

Поволжье немістері АССР картасы, 1922 жыл / Жеке коллекция, Wikimedia Commons

Поволжье немістері АССР картасы, 1922 жыл / Жеке коллекция, Wikimedia Commons

Алайда Гитлер саясат сахнасына шықпай тұрғанда-ақ, 1920 жылдары совет арнаулы қызметтері өз баяндамаларында немістерге былай деп баға берген:

«Саны көп, әлеуметтік құрамы (кулак) мен саяси ұмтылысы (фашистік-ұлттық) жағынан да коммунизмге де, ССРО-ға да жау халық топтары ретінде бәрінен көп қауіп төндіреді».

Сталиннің «халық жауларын» түп-тамырымен құртуды көздеген ішкі саяси бағдары 1934 жылы Ленинград партия ұйымының басшысы (қазіргі тілмен айтқанда, қала «әкімі») Сергей Киров кісі қолынан өлгеннен кейін күрт күшейді. КСРО ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) апыл-ғұпыл контрреволюциялық және антисоветтік пиғылы бар деп танылған немістерді аңдуға кірісті. Мәскеуден түскен бұйрықтар негізінде жер-жерде «шпиондар мен диверсанттар» топтары мен ұйымдары «әшкереленіп» жатты, сөйтсе жергілікті НКВД бұл нұсқаухаттар келгенге дейін олардың бар екенін білмейді екен.

Неге дәл Қазақстанға айдалды?

Совет өкіметі Қазақстан мен Сібірді шикізат базасы деп білетін. Өздері «иен жатқан» деп санаған жерлерге қосымша жұмыс күші керек болды. Сондықтан 1925 жылғы 22 тамызда совет өкіметі «Еділ бойы, Сібір және Қиыр Шығыс облысы аудандарына жоспарлы қоныс аударуды бастау туралы» қаулы қабылдады. Алғашында жұрт өз еркімен көшсе деді. Қоныс аударып барғандарға жер беріп, қажетінше көмек көрсетеміз деп уәде етті. Алайда көшіп барған жұртты жайғастыруға дайындық жеткіліксіз болғандықтан, алғашқы жылдары олардың саны жоспарланғаннан әлдеқайда аз болып шықты.

Поволжьеден шыққан неміс шаруа жұбы. Шнейдемюле (қазіргі Польшадағы Пила) босқындар лагері, шамамен 1920–1925 жылдар / Bundesarchiv, Wikimedia Commons

Поволжьеден шыққан неміс шаруа жұбы. Шнейдемюле (қазіргі Польшадағы Пила) босқындар лагері, шамамен 1920–1925 жылдар / Bundesarchiv, Wikimedia Commons

Депортация ісіндегі бетбұрыс 1928 жылы халық шаруашылығын дамытудың бірінші бесжылдық жоспары қабылданғаннан кейін басталды. ССРО-ның Еуропа бөлігіндегі «кулак» деп танылып, мал-мүлкі тәркіленген жеке-дара шаруалар Қазақстан мен Сібірге күштеп «қоныстандырылды». Олардың арасында Еділ бойынан келген 25 мыңға жуық неміс те бар еді. Алайда «қоныстандыру» жоспары бұдан әлдеқайда ауқымды болатын. 1933 жылы Біріккен мемлекеттік саяси басқарма (ОГПУ)i1923–1934 жылдары жұмыс істеген ССРО мемлекеттік қауіпсіздік органы Қазақстан мен Батыс Сібірге екі миллион адам көшіруді ұсынған.

Сол жоспарларды іске асыру үшін НКВД құрамынан арнайы Қоныс аудару бөлімі құрылып, 1936–1939 жылдары осы іспен айналысты. Осы кезеңде Украинадан поляктар мен немістерді, Қиыр Шығыстан кәрістерді депортациялағанмен, Қазақстанға осылай жеткізілген жұмыс күші — шамамен 170 мың адам — жоспардың 20 пайызына да жетпеген.

Тақырыпқа орай

Шығыс

КҮРІШ ӨРКЕНИЕТІ

1-ДӘРІС. Конфуцийден коммунизмге дейін

Бұдан кейін өкімет «астық шаруашылығын жандандыру үшін» Қазақстанға адам көшіруді жеделдетуді жоспарлады. Жоспар 1941 жылға дейін егжей-тегжей жасалып қойған еді, алайда 22 маусымда Германия ССРО-ға басып кірген соң, өкімет енді бұдан да маңызды міндетке — бүкіл неміс халқын депортациялауға көшті. Бұл жолы экономикалық себептен гөрі саяси себеп басым түсті.

Халық алмасу

Идеологиялық және геосаяси текетіреске қарамастан, 1939 жылғы 23 тамызда Германия мен ССРО үкіметтері Шығыс Еуропаны өз ықпалы жүретін аймақтар қылып бөліп алу туралы келісімге қол қойды. Бұл шарт тарихқа «Молотов — Риббентроп пакті» деген атпен енді. ССРО өкіметі оны өзара шабуыл жасамау туралы шарт деп атағанымен, іс жүзінде онда Шығыс Еуропаны бөліп алу және соғыстан кейін екі елдің ықпалы жүретін аймақтар ауқымы туралы құпия хаттамалар болған. Бұған қоса, тараптар ССРО ықпалы жүріп тұрған аймақтарда тұратын немістерді Германияға қарайтын провинцияларға, ал Германияға қарайтын жерлердегі украиндар мен белорустарды ССРО-ға көшіретін болып келісті.

Тақырыпқа орай

Қазақстан

ҚАЗАҚСТАНҒА ДЕПОРТАЦИЯЛАНҒАН ХАЛЫҚТАР

1930–1950 жылдардағы оқиғалар шежіресі

Немістер Германияға көшірілгеннен кейін, 1940 жылдың аяғынан бастап совет басшылығы ССРО-ның әр тұсында елден көшіп кеткісі келетіндер көбейіп кете ме деп қауіптене бастады. Оның үстіне НКВД ешқандай диверсиялық не көтерілісшіл топтарды «таба» алмады. 1941 жылғы маусымда, соғыс басталардан бірнеше күн бұрын Мемлекеттік қауіпсіздік халық комиссариаты (НКГБ) «Немістер мен олардың байланыстары бойынша агентуралық-жедел жұмысты күшейту туралы» бағдархатында неміс агенттерін, диверсанттар мен нацистер режиміне іш тартатын адамдарды тағы да табуды, тұтқындалуға тиісті азаматтардың тізімін жасауды талап етті. Мұндай бұйрықтар бұған дейін де, соғыстың алғашқы айларында да шығып жатқанымен, жау іздеген әрекеті көбіне нәтижесіз қалып жатты.

Роберт Зеннеке. ССРО-дан қашқан неміс босқындары Свинемюнде портына (қазіргі Польшадағы Свиноуйсьце) түсіп жатыр, 1929 жылғы 2 желтоқсан / Bundesarchiv, Wikimedia Commons

Роберт Зеннеке. ССРО-дан қашқан неміс босқындары Свинемюнде портына (қазіргі Польшадағы Свиноуйсьце) түсіп жатыр, 1929 жылғы 2 желтоқсан / Bundesarchiv, Wikimedia Commons

Соғыс басталған соң не өзгерді?

Соғыстың алғашқы кезеңінде Қызыл армия шегініп жатқанда неміс халқын тұтқындап, депортациялау ісін НКВД мен НКГБ күштері бірлесіп жүргізді. 22 маусымдағы НКГБ директивасына сәйкес, қылмыс жасамақ ниеті бар деген күдіктің өзі тұтқындауға негіз болды. Тамыздың басынан бастап бірінен соң бірі шыққан жарлықтар мен қаулылар негізінде ССРО-ның батыс аудандарынан ондаған мың неміс Қазақстанға жер аударылды.

Герман тылына жөнелтілген тұтқындағы қызыл армия колоннасы мен жол жиегінде жылап тұрған совет әйелдері. 1941 жылғы 1 қараша / Bettmann / Getty Images

Герман тылына жөнелтілген тұтқындағы қызыл армия колоннасы мен жол жиегінде жылап тұрған совет әйелдері. 1941 жылғы 1 қараша / Bettmann / Getty Images

Алайда бұл іс бойынша негізгі құжат деп 1941 жылғы 28 тамызда шыққан ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығы саналады. Ол республикалық және Поволжье немістері АССР аудандық газеттерінде неміс және орыс тілдерінде жарияланды. Жарлық аймақтағы неміс жұртын жаппай Отанға опасыздық жасады деген айыптаудан басталады:

«Әскери билік орындары алған сенімді деректерге қарағанда, Поволжье аудандарында тұратын немістер арасында Германиядан белгі түскенде Поволжьедегі немістер қоныстанған аудандарда жарылыс жасауға тиіс мыңдаған, он мыңдаған диверсант пен шпион бар. Поволжье немістері арасында осыншама көп диверсант пен шпион бары жөнінде онда тұратын немістердің ешбірі совет өкіметіне хабар бермеген, демек, Поволжье аудандарындағы неміс халқы өз арасында совет халқы мен Совет өкіметінің жауларын жасырып отыр».

Президиум «қантөгістің алдын алу үшін» неміс халқының бәрін басқа аудандарға көшіруге шешім қабылдайды, жаңа мекенде оларға жер беріліп, онда жайғасуға мемлекет көмектесетін болды. Жаңа қоныс ретінде Батыс Сібір мен Қазақстан аталды. Бұл Отанға опасыздық жасағандарға дәл мұндай «жаза» қолданудың тарихтағы тұңғыш мысалы еді.

«Большевик» газетінде жарияланған Поволжье немістерін қоныс аудару туралы жарлық, 1941 жылғы 28 тамыз / Wikimedia Commons

«Большевик» газетінде жарияланған Поволжье немістерін қоныс аудару туралы жарлық, 1941 жылғы 28 тамыз / Wikimedia Commons

1941 жылғы 3–20 қыркүйек аралығында Поволжье немістері АССР-інде, Саратов және Сталинград облыстарында тұратын немістердің бәрі депортацияланды. Олардың арасында БКП(б) мен БЛКЖО (ВЛКСМ) мүшелері, Қызыл армия қатарындағы және басшы құрамындағы әскер қызметкерлерінің отбасы мүшелері де болды.

Поволжье немістерін бірін қалдырмай депортациялаудың тағы бір себебін ССРО өкіметінің бұл өңірге жау басып алу қаупі төнген облыстардан эвакуацияланғандарды орналастыру үшін жер босату қажет деп санағанынан көруге болады. Мәселен, Саратовқа жеті орталық архив, Мәскеудегі жоғары оқу орындарының бірқатары, РСФСР халық комиссариаттары, сондай-ақ көптеген өнеркәсіп кәсіпорны көшірілді. Ал 15 қазанда астананы Мәскеуден Куйбышевке ресми көшіру басталады.

Сөйтіп, өкімет бұл өңірді өзі «артық» деп білген халықтан біртіндеп тазартып отырды. Поволжьені немістерден «тазарту» 1941 жылғы қарашаға қарай аяқталды. Сонымен қатар өзге республикалар мен облыстарда сол кезде есепте тұрған тағы 302 288 неміс депортацияланды.

Депортация қалай жүрді?

Көшіру туралы хабарланбай тұрып, немістер тұратын елді мекендер сыртқы дүниеден оқшауланды. Депортацияны милиция, армия және НКВД әскері жүргізді: операцияларға осы құрылымдардың мыңдаған қызметкері қатысты.

Жиналуға екі күнге дейін уақыт берілді, оның өзі Қазақстанға немесе Сібірге таситын жүк вагондары не баржалар қашан берілетініне қарай белгіленетін. Бір пойызға жүгімен қоса екі мыңнан астам адам тиелді. Нұсқаулық бойынша әр адамға 200 келіге дейін жүк алуға рұқсат етілді.

Поволжье немістері АССР атынан ССРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болған Екатерина Граубергер 1988 жылы Мәскеуде неміс тілінде шығатын «Нойес Лебен» газетінің бетінде «Большевик» колхозынан қалай депортацияланғанын былай еске алған:

«...Бір түні ауылдағы коммунистердің бәрін басқармаға шұғыл шақырғаны есімде. Төрағаның кабинетіне кірсек, қабағы салбырап кеткен, ауру адамша бүрісіп қалған, темекісін бірінен кейін бірін тұтатып тартып отыр екен. Бәріміз жиналғанда, артық қантөгістің алдын алу үшін Поволжье немістері автономиялық республикасынан немістердің бәрін жер аудару керек деп жазылған әлдебір құжатты дауыстап оқи бастады. Мен одан: «Майдан алыста ғой, бізді неге жер аударады?» деп сұрадым. Ол жауап қатпай, тек: «Ең қажет дегенді ғана алыңдар. Өзге дүние-мүлік, жиһаз, мал — бәрін тастап кетіңдер...» деді».

Граубергер әңгімесін былай жалғайды:

«Сөйтіп, келесі күні жұрттың бәрін солдаттар күзетіп отырып жүк көліктеріне тиеп, Безымянная станциясына жөнелтті. Немістерден колхозда жалғыз мен қалдым, өйткені ферма басқаратынмын. Сауыншылар жоқ, сиырларды солдаттар сауды, мен көрсетіп, қадағалап жүрдім. Ал астық сол күйі рәсуа болды — орып алатын адам қалмаған еді. Кейін Энгельстен студент қыздарды әкелді, ал ферманы колхозымыздың бақташысына өткізіп бердім. Ұлты қазақ еді, оған тиіскен жоқ.

Мен ССРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған соң, дүние-мүлкімізді тиеуге жеке теміржол вагонын берді. Ал өзгелерді вагондарға қалбырға салған майшабақтай қылып тығыздап тиеді. Мен, әрине, дүние-мүлкімді тастап кеттім. Ештеңе алмай, біздің вагонға кішкентай балалары бар әйелдерді отырғыздым...»

Жолда эшелондағыларға тәулігіне бір рет ыстық ас, екі рет ыстық су берілуге тиіс еді, алайда бұл талап көбіне орындалмайтын, өйткені пойыз жүріп кеткеннен кейін де оның бағыты мен баратын станциясы өзгеріп кете беретін. Күз түсіп, күн суыта бастағанда, жылытатын пеші жоқ вагондарда жағдай күрт қиындады.

Ас әзірлеп жатқан қоныс аударушылар. Алматы облысы, 1931 жыл / Александр Ткачёвтің жеке мұрағатынан / ҚРОМ КФДЖА

Ас әзірлеп жатқан қоныс аударушылар. Алматы облысы, 1931 жыл / Александр Ткачёвтің жеке мұрағатынан / ҚРОМ КФДЖА

Әр пойызда тоңып, іші ауырып өлгендер болды. Ең алдымен кішкентай балалар мен қарттар қырылды. Көзімен көргендер өлгендердің сүйегі мен ауыр науқастарды станцияларда пойыздан түсіріп тастап кететін деп еске алған. Олардың одан кейінгі тағдыры белгісіз.

Ер адамдарды көбіне бірінші кезекте әкетті: тұтқындап, лагерьлерге жөнелтті я құрылыс жұмыстарына мобилизациялады. Әйел, бала-шаға мен қарттарды кейін алып кетеміз деп уәде бергенімен, майдан шебі таяп келген сайын оларды тағдыр тәлкегіне тастап кететін жағдай жиілей берді.

Соған бір мысал — Запорожье облысында болған оқиға. Токмак станциясының маңында 25 мың неміс әйел мен бала Шығысқа жөнелтілетін болып, кезегін күтіп жатқан. Майдан шебі жылдам жақындап, пойыз берілмеген, НКВД қоршауы мен милиция ғайып болған, сөйтіп, депортация жүрмей қалған.

Екатерина Граубергер / Wikimedia Commons

Екатерина Граубергер / Wikimedia Commons

Грузин ССР-інен депортацияланғандардың басына түскен зұлмат туралы арада ондаған жыл өткен соң Социалистік Еңбек Ері атанған Яков Геринг былай еске алған:

«Баратын жерімізге 45 күн дегенде жеттік. Әуелі күзетпен, бомбаның астында, жұпыны жүк вагондарына тиеп, Тбилисиден Бакуге теміржолмен апарды, одан Красноводскіге теңізбен, Красноводскіден Семейге пойызбен жеткізді. Мұнда үш эшелон болып келген депортацияланғандарды баржаларға тиеп, Ертіс бойымен Павлодарға жөнелтті. Қазанның аяғы болып қалған. Күн суық, жел өңменіңнен өтеді. Ұзақ жол мен көрген азаптан әбден қалжыраған адамдар аштық пен сүзектен өліп жатты. Белогорье маңында өзеннің суы қата бастады да, Герингтер отбасы отырған баржаны сүйреп келе жатқан буксир командасы мұз құрсауында қаламыз деп қорықты. Сөйтті де, депортацияланғандарды тағдыр тәлкегіне тастап кете барды:  киерге қалың киімі, ішерге азығы жоқ ондаған адам өзеннің ортасында, өлім аузында қалды. Буксир Павлодарға тартты. Баржада қалғандарға жергілікті тұрғындар — жақын маңдағы ауылдың қазақтары көмектеспек болған, алайда мұз әлі тұтасып үлгермеген, оның үстімен баржаға жету мүмкін емес болды. Ақыры жетудің амалын тапқанда, тірі қалғандардың саны Семейден шыққандардың жартысынан да аз еді. Күзетшілер мәйіттерді суға тастап, тірі қалғандарды арқанмен жағаға тартып шығарып, кейін арбаларға отырғызып, ауылдарға таратып әкетті».  

1941 жылғы қыркүйектің басынан жылдың аяғына дейін 779 459 неміс депортацияланды. 1942 жылғы 5 қаңтарға дейін түрлі деректе Қазақстанға 374 901 немесе 390 112 неміс жеткізілген делінеді.

Депортацияланған халықты не күтіп тұр еді?

НКВД депортацияланған халықты бөліп жайғастырып, «қоныстандыру» жоспарын көбіне орындай алмай жататын. Оларды қабылдап алған колхоздар мен кәсіпорындарда тұруға жарайтын баспана өте аз еді, сондықтан жер аударылғандар жергілікті халықтың үйлеріне тығыздап жайғастырылды. Бір бөлмеге 10–15 адамнан кіргізетін кездер аз болған жоқ. Кейбірін құрылысы бітпеген үйлерге, адам тұруға жарамайтын қоймаларға, қамбаларға, жылуы да, жарығы да жоқ сиыр қораларға тұрғызды.

Тақырыпқа орай

КСРО-дағы қуғын-сүргін

«ЧЕЧЕВИЦА» ОПЕРАЦИЯСЫ

КСРО-дағы ең қаһарлы депортация тарихы

Немістер астық жиналып болған соң келгендіктен, колхозға түскен соң нан алуға жарайтын еңбеккүн табуға мүмкіндігі болған жоқ. Депортация алдында өкімет органдарына өткізген ауыл шаруашылығы өнімдері мен малы үшін өтемақы алуға тиіс екенін растайтын қолхат санаулы адамның ғана қолында бар еді. Оның үстіне, немістер қоныстандырылған облыстарға азық-түлікке қосымша лимит бөлінбейтін.

Жер-жерде жағдай тым қиын болды: нан сыбағасын депортацияланғандардың ішінен жұмысқа тұрғандар ғана алды, ал еңбекке жарамайтын қарттарға, науқастар мен балаларға ешқандай азық-түлік берілмеді. Тазалығы жоқ жерде тұрып, ашыққан жұрт арасында індет (қызылша, скарлатина) тарап, балалар мен науқастар көп өле бастады. Аман қалу үшін жұрт қолында қалған азын-аулақ дүниесін сатып не нанға айырбастап, жергілікті жұрттан жұмыс сұрап, қайыр тілеп кетті. Арада жылдар өткенде баспанасыз қалған балалардың қайыр сұрап жүргені, ал өздері де бірде бар, бірде жоқ күн кешіп отырған, балалардың тілін түсінбейтін қазақтардың оларға нанынан бөліп беріп, кейбірін тіпті үйіне кіргізіп алғаны жайлы жан тебірентер әңгімелерді жиі еститінбіз.

Павлодар–Ақмола теміржолының құрылысы. Павлодар облысы, 1940 жыл / ҚРОМ КФДЖА

Павлодар–Ақмола теміржолының құрылысы. Павлодар облысы, 1940 жыл / ҚРОМ КФДЖА

Қазақстандағы арнаулы қонысқа отбасымен келген немістің ер-азаматтары үйінде ұзақ тұрмайтын. 1942 жылғы 10 қаңтарда МҚК Қазақстан мен Сібірге жер ауып барған немістердің 17–50 жастағы әскерге шақырылатын ер адамдарының 120 мыңын соғыс біткенше жұмыс колонналарына мобилизациялау туралы қаулы шығарды. Олардың көбі Оралға ағаш кесіп, зауыт салуға жіберілді. Қазақстанда қара жұмысқа алынғандар Ақмола–Қарталы және Ақмола–Павлодар теміржолдарын салуға жұмсалды.

Мобилизацияға аяғы ауыр және үш жасқа толмаған баласы бар әйелдерден өзге әйелдер де ілінді: Гурьев (қазіргі Атырау) облысындағы мұнай кәсіпшіліктеріне, Қарағандының көмір өнеркәсібіне және кәсіпорындар құрылысына жіберді. Арнаулы қоныста еңбекке жарамайтындар мен науқастар қалды, ата-анасыз қалған балаларды бағу сияқты атқаруы қиын міндет солардың мойнына түсті.

Депортацияланғандардың бір бөлігі арнаулы қонысқа емес, бірден лагерьге түсті. Мәселен, 1941 жылғы қыркүйекте 2 мыңнан астам ер адам Кимперсайдағы НКВД лагеріне жеткізілді. Сол лагерьде бұрын отырғандардың естелігіне қарағанда, олар тиеліп барған көліктерден тікенек сым, бағандар, қайла, күрек, сүймен және шатырлар түсірілген. Барғандар лагерь аумағын өз қолымен тікенек сым тартып қоршап, жаппа-қалқа тігіп, барак салатын шұңқырларды да өздері қазған.

Барған жерінен қайтпайтындар

Жазықсыз екеніне сенген Поволжье немістері соғыс біткен соң туған жерімізге қайтамыз деп үміт қылды. Қазақстанның әр облысынан олардың мәртебесі туралы түскен сұрақтарға ССРО НКВД Арнаулы қоныстандыру бөлімінің бастығы Иванов 1942 жылғы қаңтарда былай деп түсіндіреді:

«Сіздер... немістердің бәріне олар біржола көшірілгенін және бұрынғы тұрған жеріне қайтпайтынын ұғындырып, қатаң ескертулеріңіз керек. Оның үстіне, немістер арнайы рұқсат алмай басқа жерге барып тұра алмайды, қақысы жоқ. ...Сондықтан немістерді жаңа қоныстанған жеріне біржола тұрақтандырып, жұмысқа тұрғызып, шаруасын түзеу үшін бар амалды жасау керек».

Немістер қоныстанған жерінен рұқсатсыз кетсе, паспорт режимін бұзды деп жауапқа тартылатын. Кейін арнаулы қоныстағыларды аңду тәртібі одан бетер күшейді: НКВД агенттері мен тыңшылар желісі кеңейтіліп, арнаулы қоныстағылардың өз арасынан он үйге жауаптылар тағайындалды, ал қоныстанған жерінен рұқсатсыз кеткені (қашқаны) үшін берілетін жаза мерзімі ұзартылды. Соғыс біткеннен кейін екi жыл өткенде қоныстанған жерінен қашқандарға берілетін жаза үш жылға дейін, ал жұмыс колонналарына мобилизацияланғандарға 5–8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Депортацияланған халықтар үшін «қоныстану режимін күшейту мақсатында» ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1948 жылғы 26 қарашадағы жарлығымен 20 жыл каторга жұмысы жаза болып белгіленді. Қашқандарды жасырған адамдар бес жылға бас бостандығынан айырылатын болды.

Тақырыпқа орай

КСРО-дағы қуғын-сүргін

ЖАЗАЛАНҒАН ХАЛЫҚТАР

Қазақ КСР-дегі арнаулы қоныстар жүйесі қалай жұмыс істеген?

1950 жылы Арнаулы қоныстандыру бөлімі Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігіне (МҚМ) беріліп, арнаулы қоныстағы режимі одан бетер қатайды. ССРО МҚМ 1950 жылғы 16 қарашадағы бұйрығында жергілікті органдардан:

«жер аударылғандар мен күштеп көшірілгендерді ғана емес, арнаулы қоныстағыларды да жұмыс күші деп емес, ең алдымен чекистер ұдайы қадағалап жүруге тиіс адамдар деп қарауды» талап етті.

Арнаулы қоныстағы режим алғаш 1954 жылы босаңси бастады, ал оны жою туралы шешім ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1955 жылғы 13 желтоқсандағы жарлығында шықты. 16 жастан асқан арнаулы қоныстанушының әрбірінен қолхат алу арқылы соғысқа дейін тұрған облысына қайтуға тыйым салынатыны хабарланып, депортация кезінде тәркіленген дүние-мүлкі қайтарылмайтын болды.

Жұмыс колонналарына мобилизацияланған ерлер мен әйелдердің тағдыры көп жыл бойы жеке әңгімелерде ғана айтылатын. Баспасөзде олар туралы алғашқы сөз 1960 жылдардың екінші жартысында айтыла бастады. Онда еңбек армиясына алынған немістер өз еңбегімен герман фашизмін жеңуге үлес қосты деп қана қысқа қайырылатын. Толық реабилитация мен Поволжье немістері АССР-ін қалпына келтіру жолындағы қозғалыс белсенділері осы әңгімені алға тартып, СОКП мен ССРО басшылығын неміс халқын тең құқықты совет азаматтары деп танып, жасалған әділетсіздікті түзетуге көндірмек болды. ССРО ыдырап, НКВД мен ГУЛАГ лагерьлерінің архивтері ашылғаннан кейін «еңбек майданы» лагерьлерінің тікенек сым қоршауының арғы жағында болған жағдайлардың мән-жайы біртіндеп анықтала бастады.

Альфред Айсфельд

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ