ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ТАНЫМАЛ ДАР АҒАШЫ

Тайберннің о дүниеден ескен ызғары

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ТАНЫМАЛ ДАР АҒАШЫ

Хоуард Пайл. Тұтқынды көпшілік алдында дарға асу үшін Тайбернге жеткізу, 1700 жылдар/Alamy

600 жыл бойы Лондонның қақ ортасында адамдарды дарға асқан, әлі күнге дейін елес кезіп жүретін Тайберн ағашының сыры

Мазмұн

Бұл күндері Лондонның атақты Гайд-парк маңындағы орталығы — қаланың смартфон ұстаған сансыз туристерден көз тұнатын, бес жұлдызды қонақүйлері көз тартатын, дүкендерімен шулы Оксфорд-стрит орналасқан, Наполеонды тізе бүктірген даңқты жеңісті еске салатын еңселі Мәрмәр доғасы бар бөлігі. Сондай-ақ қызыл екіқабатты автобустар, жарқыраған жарнамалар, «Селфриджес» әмбебап дүкенінің жанында аңғал қала қонақтарын аңдыған велорикшалар каретасынан құлаққа ұратын музыка әуені де осы маңда. Бұл — шопиң патшалығы, селфи корольдігі. Лондонның ең танымал орындарының бірі. Гламур, бренд дүкендердің сәнді қағаз қапшықтарының бір қолға бірнешеуін ұстап алып, еуротур жайындағы фильмдердегідей әсер қалдыру, өмірдің ең қызық сәтін, табысты адамның өмірін TikTok, Instagram, Twitter және Facebook-те жария ету орны. Бір сөзбен айтқанда, қозғалыс, байлық, өмір!

Дегенмен әрдайым осылай болып па еді?! Ұзақ уақыт бойы қазіргі Мәрмәр доға орналасқан аумақ британдықтар үшін өліммен, ол былай тұрсын үрейлі әрі масқара өліммен ассосацияланып келді. Алты жүз жыл бойы бұл жер жазалау орны болған, шамамен 50 000 адамды осы бір шағын аумақта дарға асып келгені деректерде хатқа түскен. Бұл күндері сол маңды туристер Букингем сарайына барар жолда кесіп өтеді.

Ньюгейт түрмесі. 19 ғасыр басы/Wikimedia commons

Ньюгейт түрмесі. 19 ғасыр басы/Wikimedia commons

Өлім ағашы

Жарығы көз қарықтырар жіңішке Оксфорд-стритпен келе жатсаңыз бір жағында The Cumberland қонақ үйі мен The Frame интерактив кескіндеме мұражайы, ал екінші жағында Мәрмәр доғасы орын тепкен қиылысты кесіп өтіп келе жатып шағын жаяу жүргіншілер жолағынан өтесіз. Сол жерде кідірсеңіз аяғыңыздың астынан дөңгелек кеспе тасты байқайсыз. Сұр, аяқ астында көзге онша түсе бермейтін кеспе тастың маңына үш дарақ тігілген. Дөңгелек тасқа қашалып былай жазылған: «Тайберн ағашының орны — The site of Tyburn Tree».

Аңыз бойынша, егер оның үстіне екі аяқпен тұра қалсаң, тіпті ең ыстық күннің өзінде төменнен көтерілген ызғар суықты сезесің. Өйткені бұл «ешқашан көгермейтін өлі ағаш» (The Deadly Never Green Tree) — өлілердің ағашы болған. Осы бір атақты Король дар ағашын «Тайберн ағашы» (Tyburn Tree) деп атаған.

Тайберн мәрмәр шеңберше арка, Лондон/Alamy

Тайберн мәрмәр шеңберше арка, Лондон/Alamy

Ресми деректерге сүйенсек, бұл жерде 1196 жылдан 1783 жылға дейін өлім жазалары жүргізіліп келген. Алайда Тайберн өзені бойымен өскен қарағашқа адамдарды асып өлтіруді нормандардың 1066 жылғы жаулап алуынан көп бұрын саксондықтар бастаған болуы мүмкін деп болжанады. Гайд-парктің астынан өтетін құбырмен бұл өзеннің суы осы күні Темзаға барып құяды. 12-ғасырда корольдің бұйрығымен Тайбернде дар ағашы орнатылып, оның жанындағы ашық алаңда өлім жазасының орындалуын қызықтаушы көпшілік үлкен топ болып жинала бастайды. Тайберн ағашындағы өлім жазасы бірнеше ғасыр бойы лондондықтар үшін ең қорқынышты әрі ең танымал көңіл көтеру түріне айналған еді.

Артур А. Диксонның суреті. Перкин Уорбек (шамамен 1474 - 1499), ағылшын тағына үміткер, 1499 жылы 23 қарашада, Тайбернде сатқын ретінде өлтірілді/Hulton Archive/Getty Images

Артур А. Диксонның суреті. Перкин Уорбек (шамамен 1474 - 1499), ағылшын тағына үміткер, 1499 жылы 23 қарашада, Тайбернде сатқын ретінде өлтірілді/Hulton Archive/Getty Images

Бүгінде шопоголиктерден аяқ алып жүргісіз Оксфорд-стрит ол уақыттарда Тайберн-роуд деп аталған. Дәл осы жолмен Тауэрден немесе Нюгейт түрмесінен сотталғандарды соңғы демі таусылатын осы жерге әкелетін, ал тамашалауға жиналған жұрт айғайлап, қарғыс айтып, шуылдап жататын.

Мен түрлі жанның жиі дауласқанын естимін,

Жылына екі рет жеміс беретін ағаш туралы.

Тайбернді еске алсақ қайтеді?

Жылына он екі рет жеміс беретін.

Осыншама жеміс беруін сау ақыл қабылдай ала ма?

Тамыры құрғақ бұл ағаштың,

Жапырағы да, гүлі де, бүршігі де жоқ,

Оған жеміс дарытатын жаңбыр — қан еді ғой түбіне ағатын.

Жемісі бұл ағаштың қалай болғанда да

Пайдасыз, нәрсіз екенін білгеніміз жөн:

Адам ағзасын сойғаннан ләззат алатын

Шебер хирургтің жайы бір басқа.iДжон Тейлор ағылшын ақыны, 1580–1654

Королева I Елизавета ел басқарған кезде, кезекті дар ағашын әйдік Үштік дар ағашына ауыстырды. Бұл ғаламат құрылыстың көмегімен бірден 24 сотталушыны дарға асуға болатын еді. Бұл құрылыс Елизаветаның замандастарына, соның ішінде Шекспирге де қатты әсер етті. Шекспир оны өзінің бір пьесасында атап өткен де еді.

Ең алғашқы құрбан

Тайбернде жазбаша түрде тіркелген алғашқы өлім жазасы — 1196 жылы болды. Уильям Фицосберт есімді әлдекім (оны Сақалды Уильям деп атайтын) 1196 жылғы көктемде кедейлер көтерілісі кезінде бүлікті бастап арандатқаны үшін дарға асылды. Бұл туралы замандасы Уильям Нюбургтің Historia rerum anglicarum шығармасының «Лондонда белгілі бір Уильям есімді әлдекімнің ұйымдастырған қастандығы мен оның осы қайсарлығы үшін қалай жазаланғаны туралы» атты тарауында толыққанды әңгімеленген.

Уильям университетте білім алып, Үшінші крест жорығына қатысып, Лондонда адвокаттық кеңсе ашып үлгерген жан еді. Ол өте шешен болатын. Салықтан әбден қажыған халық Уильямның сөздерін ауыздарын ашып тыңдайтын. Қайда барса да, ол топ жинаумен болды, тіпті 52 000 адамнан асып жығылатын жақтаушыға ие болды. Оның ісін тергеушілер бай азаматтардың үйіне шабуыл жасау үшін тұтас қалаға тығылған қару-жарақ қорын тапқаны жайында айып таққан еді. Дегенмен Уильям Арыстан Жүрек І Ричард корольге ашық қарсы шығуға батылы бармады, керісінше, оған адалдығын білдіру үшін Нормандияға аттанды. Әрине, мұның соңы жақсылыққа апармады.

Тайберн. Лорд Феррерстің өлімі, антикварлық гравюра 1880 жыл/Alamy

Тайберн. Лорд Феррерстің өлімі, антикварлық гравюра 1880 жыл/Alamy

Әулие Павел соборының епископы Дичето Ральф былай деп жазды: «Уильямның қолын артқа байлап, аяғын ұзын арқанмен матап, қаланың ортасынан Тайберн маңындағы дар ағашына дейін аттың артына сүйреп апарды. Сөйтті де оны дарға асты».

Денесін бөлшектеп Лондонның әр тұсына басқа да бүлікшілерді қорқыту үшін көпшілік көретін жерлерге қойып тастаған еді. Сотталған қылмыскерді Тайбернге арнайы жасалған арбада немесе қарапайым шанамен апарып, дарға асатын, кейін суға батырып немесе ішек-қарнын шығарып, денесін төртке бөліп, әр бөлікті биік қоғамдық орындарға іліп қоятын.

Шейіт болған діндарлар мен монах әйелдер

Гайд-парктің солтүстік жағымен Бейсуотер көшесі арқылы Кенсингтон бақтарына қарай жүрер болсаңыз, оң жақтағы ғимараттардың арасынан 20-ғасырдың басында тұрғызылған Тайберн монастырын (Tyburn Convent and Church) көресіз. Тайберннің әбден қанмен суарылған осы бір жүз метр жердегі алаңқайында католик дінінің шейіт кеткен жандарының әруағына жиырма төрт монах әйел күндіз-түні дұға етумен болады.

1 / 2

Католиктер 1903 жылы монах әйелдердің осында келуін, бір күні Тайбернде Реформация шейіттерін құрметтейтін қасиетті орын пайда болады деген сәуегейліктің орындалуы деп санайды. Бұл болжамды 1585 жылы католик діндары Грегори Ганн айтқан болатын. Оның осы әңгімесін өз аузынан естіген осы сөздерін билікке жеткізген, сол себепті Ганн тұтқындалып, осы бір сәуегейлігі сот құжаттарында тіркелген.

Монастырь моласында Тайбернде дарға асылғандардың көпшілігінің қасиетті жәдігерлері сақталған, ал жергілікті шіркеуде Тайберн ағашының шағын көшірмесі қойылған. Тайберннің діни қудалауының сұрықсыз тарихын жадынан шығарғысы келмейтіндер үшін сол азап тартқан католиктердің қашан және қалай қайтыс болғанын әңгімелейтін және олардың сүйектері түсірілген фотосуреттер салынған DVD дискіні сол жерден сатып алуға мүмкіндік бар. Талай жанның шеккен азабынан құнар тапқан осы жерге сауда рухы да сіңіп кеткен.

Бұл жерде қасиетті Оливер Планкетттің, яғни иезуит діни қызметкерінің, Арма архиепископының және бүкіл Ирландияның примасының сүйегі жатыр. Ол Тайбернде 1681 жылғы 1 шілдеде азапталып өлді/Alamy

Бұл жерде қасиетті Оливер Планкетттің, яғни иезуит діни қызметкерінің, Арма архиепископының және бүкіл Ирландияның примасының сүйегі жатыр. Ол Тайбернде 1681 жылғы 1 шілдеде азапталып өлді/Alamy

Сауықты да, дарға асқанды да жаны сүйетін VIII Генрих

Мұндағы алғашқы дін жолында шейіт болғандар арасында картезиан монахтары болды. Лондондағы Чартерхаус монастырының басшысы Джон Хоутон және басқа картезиандықтар VIII Генрих король өзін ағылшын шіркеуінің жоғарғы басшысы ретінде тануды талап еткеннен соң Киелі Рухқа арналған месса өткізді. Монахтардың бірі месса кезінде «көк аспаннан жеңіл самалдың дыбысына ұқсас жағымды үнді естіп, ол құлағымызға тәтті тыныс сияқты естілді» деп жазған. Мұны Құдайдың белгісі деп түсінген Хоутон мен басқа монахтар корольға оны Шіркеудің басшысы ретінде мойындай алмайтындарын айтқан еді. Оларды 1534 жылғы 4 мамырда Тайбернде өлім жазасына кесіп, Хоутонның қолын Чартерхаус қақпасына қадап қойған еді.

Франсиско де Зурбаран. Берекелі Джон Хоутон. 17 ғасыр/Wikimedia Commons

Франсиско де Зурбаран. Берекелі Джон Хоутон. 17 ғасыр/Wikimedia Commons

16–17 ғғ., Англиядағы Реформация кезінде өлім жазасына кесілген 105 тайберндік шейіттің есімі белгілі. Олардың қатарында католик сенімінен бас тартудан және VIII Генрихтің шіркеудің басшысы деп танудан бас тартқан діни қызметкерлер де, оларға қолдау көрсеткен қарапайым діндарлар да болды. Корольдің қабылдаған заңына сәйкес, 16 ғасырдағы Англияда католик дініне адалдық мемлекеттік сатқындықпен теңестірілген-ді.

Николас Беатриз (1904 жыл). Үш картезиалық азапталушының өлімі, Тайберн, Лондон, 1535 жыл/Alamy

Николас Беатриз (1904 жыл). Үш картезиалық азапталушының өлімі, Тайберн, Лондон, 1535 жыл/Alamy

Бәріміз білетіндей, Реформация Генрихтің католик әйелі Аргондық Екатеринадан ажырасып, Анна Болейнге үйленуді ұйғарған кезінен бастау алды. Алайда корольдің Аннаға үйленгісі келген себебі махаббаттан гөрі көбірек мұрагер ретінде ұл баласының болуына қатысты тілегіне байланысты еді. Күштілердің жеке мәселесінің қарапайым халықтың өміріне әсерінің қаншалықты зор болатынын осыдан байқау қиын емес. Егер Екатерина ұл балалар туған болса, Англияда діни қудалау кезінде католиктер мен протестанттардың қолынан азап шеккен мыңдаған адамның өмірі сақталып қалар ма еді, ал ежелгі ағылшын монастырларының көпшілігі, соның ішінде Гластонбери бар, бұл күндері қиранды болып жатпас па еді?!

1 / 2

Тайберннің атақты құрбандары

Тайбернде дарға асылғандардың арасында мыналар болды:

Роджер Мортимер, Марч графы — Франциялық Изабелла королеваның көңілдесі, Англияның іс жүзіндегі билеушісі, 1330 жыл.

Перкин Уорбек — ағылшын тағына үміткер, 1496 жыл.

Элизабет Бартон, «Кенттің қасиетті қызы» — VIII Генрихке сәуегейлігі ұнамағандықтан өлім жазасына кесіліп, басы Лондон көпіріне шаншылған жалғыз әйел, 1534 жыл.

Джон Фелтон — Бэкингем герцогін өлтіргені үшін, 1628 жыл.

Клод Дюваль — әйелдерге сүйкімділігімен танылған жас француз қарақшысы, 1670 жыл.

Джек Шеппард — түрмеден қашып даңқы шыққан ұры, 1724 жыл.

Феррерс графы — ашу үстінде өз стюардын атып өлтіріп, Англияда өлім жазасына кесілген соңғы британдық пэр болған, 1760 жыл.

Миссис Браунригг — қатыгездігі мен адам өлтіру айыбы бойынша сотталған, 1767 жыл

Доктор Додд — құнды вексельді қолдан жасағаны үшін сотталған, 1777 жыл.

Джеймс Уильям Эдмунд Дойл. Сэр Роджер Мортимер және оның ғашығы Француздық Изабелланың тұтқындалуы/Historica Graphica Collection/Heritage Images/Getty Images

Джеймс Уильям Эдмунд Дойл. Сэр Роджер Мортимер және оның ғашығы Француздық Изабелланың тұтқындалуы/Historica Graphica Collection/Heritage Images/Getty Images

Өлімнен кейінгі өлім

1661 жылғы қаңтарда корольдің бұйрығымен бірнеше жыл бұрын қайтыс болғанына қарамастан Джон Брэдшоу, Генри Айртон және Оливер Кромвельдің денесі эксгумацияланып, Тайбернде дарға асылды. Кромвель тіпті Вестминстер аббаттығында үлкен салтанатпен жерленіп те қойған еді. Бұл шара олардың әкесі І Карлды өлім жазасына кесуге қатысқаны үшін жасалған «өлімнен кейінгі кек алу» әрекеті еді.

Бастары Вестминстер сарайының жанындағы 6 метрлік бағандарға шаншылып 20 жыл бойы тұрды. Соңында сүйектері қайта жерленді, бірақ осы аралықта Кромвелдің басы дауыл кезінде жоғалып та кеткен еді. Не дей аласың, барлығы мүмкін екен. XIV Людовиктің жүрегіне қатысты одан да сорақы оқиға болғаны есіңізде болар.

Джон Брэдшоудың, Генри Айртонның және Оливер Кромвеллдің өлімінен кейін өлім жазасына кесілуі. 1661 жылдың 30 қаңтары. Белгісіз суретшінің гравюрасы/Alamy

Джон Брэдшоудың, Генри Айртонның және Оливер Кромвеллдің өлімінен кейін өлім жазасына кесілуі. 1661 жылдың 30 қаңтары. Белгісіз суретшінің гравюрасы/Alamy

Гайд-парктің елестері

1909 жылы паранормал құбылыстарды зерттеуші Эллиотт О'Доннелл Гайд-парктің о дүниелік елестерге толы екенін мәлімдеді: «Тайберн дар ағашында бір кездері дарға асылғандардың рухтарынан бастап, қазіргі аштықтан азап шегуші арық, ашкөз елестерге дейін, ағаштардың арасында жынданып, бейшара, қарапайым, әлсіз адамдарды күнә жасауға азғыратын зұлым әрі күмәншіл елестерге дейін — барлығы осында».

Кэтлин Ли Хант Лондондағы Гайд-Парк-Плейс ғимаратындағы баспалдақпен көтерілгенде, оның алдында бір елес қызметші пайда болып, баспалдақтың жоғарғы жағында ғайып болады/Alamy

Кэтлин Ли Хант Лондондағы Гайд-Парк-Плейс ғимаратындағы баспалдақпен көтерілгенде, оның алдында бір елес қызметші пайда болып, баспалдақтың жоғарғы жағында ғайып болады/Alamy

Гайд-парктің қара күштерімен кездесуін ол былай сипаттаған еді:

«Бірде Мәрмәр доға мен Ланкастер-гейттің ортасындағы бір ағаштың түбіне келіп ешкімнің отырмайтынын байқадым, ал жақын маңдағы орындарға түгел жұптар жайғасып алыпты. Кешкісін ауа райы ыстық әрі қапырық болғанда, сол орынға жайғасып, қалғып кетіппін, терең ұйқыға да шомдым. Түсімде қарт кісі мен жас қыз ағаштың түбінде сыбырласып тұрғанын көрдім. Оларға көз салғаным сол еді, назарын тіктеп қатты кінәлі кейіппен қарады, сөйтсем маған емес, менің жанымдағы кеңістікке қараған екен. Мен сол жерде кішкентай баланың отырғанын байқадым. Қолында шүберек ұстап алған екеуі балаға жақындады. Шүберек төмен түсіп, үш бейне бірден ғайып болды.

Сол сәтте бір нәрсе мені ағаштың бұтақтарына көз салуға мәжбүр еткендей болды, сонда қабағы түксиген, өңменіңнен өтетін ызғарлы көздің маған ашуланып қарап тұрғанын көрдім. Қорқынышты болғаны сонша, мен тек үнсіз оған қарап отыра беріппін. Бір мезетте ағаш алып қара қол секілді өзгеріп, ызаланып, жан-жаққа шайқалып, маған қарай төменге иіліп келе жатты. Сол сәтте оянып кеттім, бірақ сол көзді қайта көргім келмей қорыққаным сонша бірнеше минут бойы көзімді тарс жұмып отырдым».

Эллиотт О'Доннелл ұзақ өмір сүрді, 93 жасқа келіп (1872–1965), өзі аңсаған тылсым құбылыстарға деген құштарлық, медиумдар мен спиритизм сеанстары дәуірін басынан кешірді. Замандастарының айтуынша, О'Доннелл елес аңшыларының королі мәртебесіне сай киінетін: алтын жиекті пенсне, қызыл астары бар плащ және күміспен көмкерілген таяқ ұстаушы еді. Оның қызметтеріне сұраныс жоғары болатын, Англия мен АҚШ-тағы байлардың үйінде елес іздеумен атағы шығып еді.

Лондондағы елес үйлері. Эллиот О'Доннелл/Alamy

Лондондағы елес үйлері. Эллиот О'Доннелл/Alamy

Тайберн ағашының соңғы жемісі

Тайберндегі соңғы өлім жазасы 1793 жылғы 3 қарашада болды, сол күні қарақшы Джон Остин дарға асылған еді.

Остин өлім жазасына күш қолданып қарақшылық жасағаны үшін кесілді, оның ішінде Кенттен шыққан жұмысшы Джон Спенсерге «қатігездікпен жарақат салу мен денесін пышақтау» айыбы да бар. Остинді Лондондағы Нюгейт түрмесінен Тайбернге дейін арбаға салып жеткізген. Ол кезде Тайберн-роудпен 2,5 миль жүру үш сағатқа дейін созылатын. Шынжырланған Остинді екі күзетші мен дін қызметкері алып жүріп еді. Жол бойында дәстүр бойынша олар бірнеше шіркеуге және екі қонақ үйге тоқтап, сотталған адамға ішімдік ұсынды. Дәл осы дәстүрден «жолға бір стақан» («one for the road») дейтін тіркес пайда болған деп есептеледі.

Тайберн және Тайберн ағашы, Лондон, I Чарльз кезінде, Англия/Universal History Archive/Universal Images Group via Getty Images

Тайберн және Тайберн ағашы, Лондон, I Чарльз кезінде, Англия/Universal History Archive/Universal Images Group via Getty Images

Тайбернге келген соң, арбаны дар ағашының жанына қойды. Сотталған адамның мойнына тұзақ кигізілді. Көпшілік тыныштала қалды. Оның соңғы сөзі былай болып еді:

«Уа, халайық, о дүниелік болатын мына шыбын жанымның құтқарылуы үшін дұға етуіңді өтінемін. Менің мына тұрқым, жүрген жолым жаман жолдан аулақ болуды үйрететіндей сіздерге сабақ болсын. Жақсы жандармен бірге болыңыздар және Құдай сөзін жадыңыздан шағырмаңыздар. Уа, Құдайым, мені жарылқай гөр. Иса Мәсіх, мені аяй гөр! Мәсіх, менің бейшара жаныма рақым ет!».

Алайда мойнына ілінген арқан тамағынан тайып кетіп, астындағы арбаны алып кеткенде, тамағына дәл түспеген арқан оның тез тұншығып өлуіне мүмкіндік бермеді. Остин шамамен 10 минуттай азапталып өлді.

Жаңа дар ағашы

Жан беру сәті ұзаққа созылған осы оқиғадан кейін билік өкілдерін мынадай ой кішкене де болса мазалай бастады: бұл «сауық» көпшілікке тым дүлей көрініс емес пе екен? Осыдан келіп өлім жазасын Нюгейт түрмесінің ішкі ауласына ауыстырды, ал Лондонның әжуакеш жұрты жаңа орынға бірден «the New Drop» («жаңа дарға кесу орны») деген атау берді.

Мариам Новикова

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ