ҮРЕЙЛІ ЛОНДОН

Елестер мен қара иттер

ҮРЕЙЛІ ЛОНДОН

Лондон көпірінің көрінісі, 1616 жыл/Print Collector/Heritage Images via Getty Images

Ескі қалалардың әрбірі қорқынышты елеске толы. Тарих ізі көшелердің атауларында, мақал-мәтел мен сөз тіркестерінде сақталып қалады. Кейде бұл іздер денедегі тыртыққа ұқсайды: көзге көрінер-көрінбес болып баяғыда жазылып кетсе де, қолмен сипасаң сезілетіндей. Шынайы оқиғалар аңызға айналады. Оқиғалар фантастикалық сюжетпен толықтырылып, кейіпкерлердің есімі ұмыт болады. Дегенмен бір нәрсе — әженің ертегісі, қаланың хикаясы, ерекше ескерткіш — ғасырларды артқа тастап, болған оқиғаны бәрібір еске салып тұрады.

Мазмұны

Екі мың жыл тарихы бар Лондон — бұған жарқын мысал. Тіпті оның ең беделді аудандарының өзінен қорқынышты өткеннің іздерін әлі күнге дейін табуға болады.

Нюгейттің қара иті

Amen Court, City of London, EC4M 7BU

Бүгінде Сити — Лондонның іскерлік ауданы. Қазіргі заманғы қалалардың ішіндегі қымбат кеңсе костюмдерін киген адамдар тобырын көруге болатын сирек кездесетін кварталдардың бірі. Мұнда әлемге әйгілі зәулім ғимараттар бой көтерген, ал жұма күндері пабтарда жұмыс аптасынан кейін дәстүрлі пинта сырасын ішуге жиналған қаржы компанияларының табысты қызметкерлерінен аяқ алып жүргісіз. Осы жерде заңгерлік кеңселер, Оулд-Бейли орталық қылмыстық соты және көптеген адвокаттық кеңселер орналасқан.

Сонымен қатар, бұл — 16 ғасырдан бері, аңыз бойынша, біреуге өлім қаупі төнген сайын қара иттің елесі пайда болатын жер. Аңыз 700 жылдан астам уақыт бойы жергілікті көрініске әр беріп, Әулие Павел соборымен бірге Ситидегі ең ірі ғимараттардың бірі болып келген құрылыспен байланысты. Бұл ғимарат — қазіргі Оулд-Бейли орналасқан жерде тұрған аты шулы Нюгейт түрмесі.

Ньюгейт түрмесі/Wikimedia Commons

Ньюгейт түрмесі/Wikimedia Commons

12 ғасырда король II Генрихтің бұйрығымен тұрғызылған түрме 1902 жылға дейін жұмыс істеді. Түрме ғимараты бастапқыда Лондонды қоршаған ескі римдік қабырғадағы қақпаға кіріктіріліп салынған еді (осыдан «жаңа қақпа» деген атау шыққан). Түрменің артында батпақты алқап — moors созылып жатты, алқаптың атауы жақын маңдағы Moorgate метро стансасында сақталып қалған. Түрмені тарихта бірнеше рет, соның бірі 1666 жылғы Ұлы Лондон өртінен кейін қайта салған. Осының барлығына қарамастан, бір нәрсе өзгеріссіз қалды: тұтқындардың адам төзгісіз жағдайы.

Түрменің лас болғаны сонша, тіпті ол жерде жүрудің өзі қиын еді. Бит, бүрге және қандаланың көптігінен еден «қытырлап» қалатын. Жүздеген адам, соның ішінде ер адамдар ғана емес, әйелдер де, осы түрмеде бірге қамалып, тозған киім, кейде есінен адасқан, кейде кісендеулі, қолында баласы бар күйде ортақ залда жаншылған күйде ұсталатын еді. 19 ғасырдың басында атақты филантроп Элизабет Фрай (1780–1845) Ньюгейт түрмесіндегі әйелдер мен балалардың жағдайын көріп, қатты күйзелгені соншалық, арнайы есеп дайындап Қауымдар палатасын дүр сілкіндірді. Осыдан кейін үлкен залдарды жеке камераға бөлу туралы шешім қабылданды.

Гюстав Доре гравюрасы (түрлі-түсті нұсқасы), «Лондон, қажылық»‎.  Викториан кезеңіндегі Лондон, Нюгейт түрмесі. Серуендеп жүргеен тұтқындар/Alamy

Гюстав Доре гравюрасы (түрлі-түсті нұсқасы), «Лондон, қажылық»‎. Викториан кезеңіндегі Лондон, Нюгейт түрмесі. Серуендеп жүргеен тұтқындар/Alamy

Нюгейт түрмесіндегі Қара ит туралы аңыз бір бейшара ғалымның тағдырымен байланыстырылады. Шамасы бұл оқиға ашаршылық жайлаған 1258 жылы король III Генрих заманында не 1315–1317 жылдары ІІ Эдвард билік еткен үлкен аштық кезінде немесе, тіпті, 17 ғасырдың басында, бақсылықпен күреске белсене кіріскен король І Яков дәуірінде болған деседі.

Аңыз бойынша, аты белгісіз бір ғалымды сиқыршылық жасады деп айыптап, сотқа дейін Нюгейт түрмесіне қамайды.

Алайда түрмедегі жағдай тым нашар, аштық заманы болатын, сондықтан күзетшілер тұтқындарға тамақ бермей, өздері аман қалудың қамын жасаған. Аштықтан әбден ашынған қылмыскерлер бейшара ғалымды сотқа жетпей-ақ өлтіріп, жеп қояды.

Нюгейттегі қара иттің суреті. 1638 жылы жарияланған «Нюгейттің қара иті деп аталатын Құбыжық туралы жаңалық» кітабынан/Wikimedia Commons

Нюгейттегі қара иттің суреті. 1638 жылы жарияланған «Нюгейттің қара иті деп аталатын Құбыжық туралы жаңалық» кітабынан/Wikimedia Commons

Сол кезде қап-қара, көзі шоқтай қызыл алып ит пайда болып, ғалымның етін жеген жандарды жей бастайды. Қатты шошынған қылмыскерлер күзетшілерді өлтіріп, қашып кетуге тырысады, бірақ олардың ешқайсысы құтыла алмайды.

Нюгейттің Қара иті туралы алғашқы жазбаша хабар 17 ғасырдың басында шыққан. Кейінірек, бірнеше ғасыр бойы, тұтқындар өлім жазасы қарсаңында Қара итті көргендерін айтатын болған.

 Нюгейт түрмесіндегі Дебтор (борышкер) есігінің алдында дарға асу. Лондон, 1809 жылғы 1 желтоқсан/Photo by Hulton Archive/Getty Images

Нюгейт түрмесіндегі Дебтор (борышкер) есігінің алдында дарға асу. Лондон, 1809 жылғы 1 желтоқсан/Photo by Hulton Archive/Getty Images

Қазіргі аңыздарға сенсек, Ситидегі пабтарда сыраға сәл артық қызып алсаңыз, осы Қара иттің елесі бұл күндері де Амен-Корттың маңында пайда болуы бек мүмкін. 1904 жылы бұзылған түрменің бір бөлігі бұл жерде әлі де сақталған. Итті көрген куәгерлер оны қабырғаларды бойлап қозғалып, сасық иіс шығарады, үйлерге жапсарлас тұрған бақтың ішіне сіңіп кететін құбылғыш қарасұр бейне түрінде сипаттайды.

Амен-Корт — бөгде адамдарға жабық көше, бірақ қақпадан көшеге сығалай қарасаңыз, алыстан сұр тас қабырғаны көре аласыз. Бір кездері бұл қабырға Нюгейт түрмесінің ішкі зиратын бөліп тұратын болған, сол жерде жаны тыныштық таппаған жандардың әруағы кезіп жүреді делінеді.

Нюгейт түрмесінің ауласы/Alamy

Нюгейт түрмесінің ауласы/Alamy

Кроссбоунс мазарының елестері

Crossbones Graveyard & Garden of Remembrance, Union St, London SE1 1TA

Темза өзенінің оңтүстік жағалауында, Саутуарк ауданында, London Bridge станциясының жанында, Лондонның ең көне әрі бір кездері ең лас және кедей аудандарының бірінде «Айқасқан сүйектер зираты» — Crossbones Graveyard орналасқан. Бұрын бұл жер «жалғызбасты әйелдер зираты» ретінде танылған. Мұнда есімі жазылмаған қабірлерде жезөкшелер мен қайыршылардың мәйіті жерленген, олардың жерлеу шығынын ешкім өтемеген. Кедейлерді бұл жерде, кем дегенде, 14 ғасырдан 1853 жылға дейін жерлеп келген.

«Кросс-Боунс» зиратының қақпасы, Саутуарк, Лондон/Wikimedia Commons

«Кросс-Боунс» зиратының қақпасы, Саутуарк, Лондон/Wikimedia Commons

Ирониясы сол, орта ғасырларда осы жерде жерленген жезөкшелер Бэнксайдтағы Liberty of the Clink ауданындағы борделдерде жұмыс істеу үшін 1161 жылы Томас Беккет қол қойған жарлыққа сәйкес Винчестер епископынан арнайы рұқсат алуға тиіс еді. Бұл аудан бастапқыда Лондонның құрамына кірмейтін, өйткені Лондонға тек өзеннің солтүстік жағалауындағы қала қабырғасының ішіндегі бөлігі жататын. Liberty of the Clink Суррейге тиесілі еді және корольдің емес, беделді Винчестер епископтарының билігінде болды. Бұқа мен аю аулау немесе бордел ұстау секілді Лондонда тыйым салынған бизнес түрлеріне мұнда рұқсат етілген еді. Осы себепті жезөкшелерді иронияға толы кейіпте «Винчестер қаздары» — Winchester Geese деп атап кеткен-ді. Әрі олар шіркеуге пайда әкеліп тұрған жағдайда белгілі бір деңгейде қорғалатын да еді. Алайда Винчестер епископының қосымша табыс көзі болып келген әйелдер қайтыс болғанда, оларды христиандық дәстүрмен жерлеуге рұқсат етілмейтін. Ал бұл әйелдердің балаларын, керісінше, сөз жүзінде болса да «христиан» ретінде қабылдап, осында жерлеуге рұқсат беретін, бірақ олардың өмірі ұзаққа созылмайтын: Лондондағы эпидемия мен аналарының кедей тұрмысы сәбилердің өміріне қауіп төндіретін еді.

Оңтүстік Лондондағы «Кросс-Боунс» зиратындағы Винчестер қаздарына арналған “Төрт қаздың” ескерткіші/Alamy

Оңтүстік Лондондағы «Кросс-Боунс» зиратындағы Винчестер қаздарына арналған “Төрт қаздың” ескерткіші/Alamy

19 ғасырдың ортасында «өліктердің шамадан тыс көп болуынан» зиратты жауып тастады. Осы уақытқа дейін мұнда шамамен 15 000 адам, оның ішінде көбінесе балалар жерленіп келген еді.

Қайтыс болған нәрестелер мен балалардың елесі әлі де бұрынғы зираттың аумағын кезіп, мезгілсіз өлімін жоқтаумен болады. Түнде бұл жерден алыстан шыққан айқай мен жылаған дауыстар естіліп, зираттың маңындағы мемориалға жақындаған кез келген адамды жан дүнесін мұңды сезім билеп алады. Осы маңда мұңды сезімнің жан-дүниеңді билеп алатынына мақала авторы да қосылады. Дегенмен жан ауыртар осы сезімнің — елестердің әсерінен бе, әлде жерленген адамдардың қайғылы тағдырын еске алудан ба, қайдан пайда болғанын өзі де нақты білмейді.

 «Кросс-Боунс» зираты және мемориалдық бақ – Саутварктағы Редкросс-Уэй бойындағы пайдаланылмаған ортағасырлық зират, Лондон, Ұлыбритания/Alamy

«Кросс-Боунс» зираты және мемориалдық бақ – Саутварктағы Редкросс-Уэй бойындағы пайдаланылмаған ортағасырлық зират, Лондон, Ұлыбритания/Alamy

Қорқынышты әулие

8 Hart St, London EC3R 7NA

Барлығы Лондон көпірі үшін шайқастан басталды. Кем дегенде, осындай аңыз бар. Бұл шайқас 1014 жылы ағылшын-норвег армиясы мен дат королі Ұлы Кнут патшаның әкесі әрі Bluetoothiбұл сымсыз желілік байланыс атауы сөзбе-сөз «көк тіс» дегенді білдіреді, швед компаниясы шынымен де өнертабысын Харальдтың құрметіне осылай атағанлақабы берілген Көк тісті І Харальдтің ұлы Свейн Вилобородыйдың флоттары арасында болып еді. Норвег королі ІІ Олаф саксон королі Ақылсыз Этельред жағында шайқасқа қатысты (Этельред, бұған қоса, бауырын өлтіру арқылы король тағын иеленуімен танымал). ІІ Олаф пен Этельред екеуі христиан дінін ұстанса, даттар сол кездері әлі де пұтқа табынатын.

Шайқас барысында Олаф — ол кезде әлі әулие емес, жай ғана әскери жасақтың қолбасшысы болатын — Лондон көпірін қиратып тастады.

Стэмфорд-Бридж шайқасы, Мэттью Паристің « Король Тәу етуші Эдуардтың өмірінен». 13 ғасыр. Кембридж, Кембридж университетінің кітапханасы/Wikimedia Commons

Стэмфорд-Бридж шайқасы, Мэттью Паристің « Король Тәу етуші Эдуардтың өмірінен». 13 ғасыр. Кембридж, Кембридж университетінің кітапханасы/Wikimedia Commons

Темза — өте қауіпті толқынды өзен, оны қайықсыз жүзіп өту мүмкін емес. Суы мұздай, ағысы күшті, тереңдігі 7 метрге дейін жетеді әрі тереңіне тартып әкетеді. Суға құлаған кез келген адамды тез арада тұңғиыққа сүйреп кетеді. Бетінде бір минуттан артық қалқып тұруға сирек шыдайды. Сондықтан бұл күндері Темза полициясы оқиға орнына 60 секунд ішінде жетуге дайын. Рим дәуірінде бұл өзен іс жүзінде еңсеру мүмкін емес табиғи кедергі саналатын. Лондонды — Лондиниум — б.з. I ғасырдың екінші жартысында римдіктер өзен жеткілікті деңгейде тарылып, көпір салуға болатын жалғыз орынға салған еді.

Дәстүрлі түрде ирланд ақыны әрі саясаткер Снорри Стурлусонға тиесілі саналатын Әулие Олаф жайындағы дастан Лондон көпірінің құлауын егжей-тегжейімен сипаттайды.

«Король Олаф пен оның норвег әскері тіке көпір доғаларының астына жүзіп жетіп, доғаларды ұстап тұрған бағандарға шынжыр лақтырды. Шынжырды бекіткен соң, кеменің барлығын төмен қарай барынша тартып, ағыспен жүзді. Бағандар су түбіне сүйретіліп, доғаларға жалғанған бекітпелерінен босатылғанша шайқалды».iӘулие Олаф туралы дастан, 13 ғасыр Снорри Стурлусон

Норвегия королі Олафтың Стикластадир шайқасында қайтыс болуы. Тронделагтағы шіркеудің құрбандық үстелінің суреті. 14 ғасырдың бірінші жартысы/Wikimedia Commons

Норвегия королі Олафтың Стикластадир шайқасында қайтыс болуы. Тронделагтағы шіркеудің құрбандық үстелінің суреті. 14 ғасырдың бірінші жартысы/Wikimedia Commons

Тіреу бағандары шайқалған соң, көпір дат қорғаныс әскері мен шабуылды тойтару үшін жинаған алып тастарының салмағынан құлады, нәтижеде дат жасағының көбі өзенге құлап, суға батып кетті. Осы сәтті әрекет Этельред әскеріннің Лондонды даттардан қайта тартып алуға мүмкіндік берді.

Тарихшылардың бір бөлігі бұл оқиғаны «Лондон көпірі құлап жатыр» (London Bridge is Falling Down) деген танымал балалар әнінің тууына себеп болған дейді, дегенмен ән туралы алғаш рет 17 ғасырдың басында айтылады, ал оның ең бірінші жарияланған нұсқасы 18 ғасырға жатады.

Клод де Йонг. Лондон көпірінің көрінісі/Google Art Project

Клод де Йонг. Лондон көпірінің көрінісі/Google Art Project

Әрине, Лондон көпірі қайтадан салынды. 18 ғасырдың ортасына дейін ол қала ішіндегі Темзадан өтетін жалғыз көпір болып қала берді. Көпір тар болған әрі оны жиі жөндеуге тура келетін. Жаңа, кеңірек Лондон көпірі 1831 жылы ашылып, 1970 жылдардың басына дейін қызмет етті. Оның орнына қазіргі бетон көпір салынды, ежелгі келбетін жоғалтып алғандықтан, туристерді аса тамсандырған емес. Ал 1831 жылғы көпір бөлшектеліп, АҚШ-қа жеткізілді. Аризона штатындағы Лейк-Хавасу-Сити қаласында қайта құрастырылды (ол кезде америкалықтар Ескі Құрлықтағы ірі дүниелерді тасымалдағанды жақсы көретін еді. Мысалы, бір кездері Эйфель мұнарасындағы мейрамхана қазір Луизианадағы Жаңа Орлеан қаласының бір көшесінде тұр). Ежелгі әйгілі Лондон көпірі қазіргі іш пыстыратын құрылыс тұрған жерден шамамен жүз метр шығысқа қарай орналасқан болатын.

Эдуард Уилям Кук. Ескі және жаңа Лондон көпірі/Wikimedia Commons

Эдуард Уилям Кук. Ескі және жаңа Лондон көпірі/Wikimedia Commons

Король Олаф 1030 жылы қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай өз елінің қамқоршысы ретінде мойындалып, заңдастырылды. Ризашылық танытқан лондондықтар 11 ғасырдың ортасында оған бірнеше шіркеуді арнады, олардың бірі – Харт-стритте әлі күнге дейін сақталған.

Харт-стриттегі Әулие Олаф шіркеуінің негізі 1056 жылы қаланды деп есептеледі. Бұл дата шындыққа жақын болуы керек, себебі сол кезеңде ағылшындар Олафты ерекше құрметпен еске алатын. Норвегияға деген көзқарас біраз уақыт өткен соң нашарлады: 1066 жылы норвегтер Қатал Харальдтың қолбасшылығымен Англияға сәтсіз басып кіруге тырысты, бұл нормандардың жеңісті шабуылынан бірнеше күн бұрын болған жағдай еді.

Бастапқыда, Әулие Олаф шіркеуі ағаштан салынған болуы кәдік, ал 13 ғасырда тастан қайта салынды. Ежелгі шіркеулердегідей бұған да, кейінгі ғасырларда көптеген қосымша әрлеу жұмыстары жасалды.

1658 жылы шіркеу зиратына жаңа қақпа салынды. Қақпа сол замандағы үрдіске сай, шіркеу келушілеріне Memento Moriiлат «өлімді ұмытпа!»қағидасын еске салатын сұсты стильдегі тастан жасалған бас сүйектермен безендірілді. Кейін бұл бас сүйектер Чарльз Диккенске эссе жазуға шабыт берді, онда ол шіркеу мен зиратты «Әулие Қорқытушының мекені» (St Ghastly Grim) деп атаған.

Уильям Арчер Кларк. Сент-Олаф шіркеуі, Гейтуей, Харт-стрит көшесі, Лондон Сити, Үлкен Лондон басқармасы, 1910-1950/Historic England Archive/Heritage Images via Getty Images

Уильям Арчер Кларк. Сент-Олаф шіркеуі, Гейтуей, Харт-стрит көшесі, Лондон Сити, Үлкен Лондон басқармасы, 1910-1950/Historic England Archive/Heritage Images via Getty Images

«Өзім ерекше жақсы көретін зираттардың бірін мен Әулие Қорқытушының мекені деп атаймын. Оның шын атауын білмеймін. Бұл зират Ситидің қақ ортасында орналасқан, оның тыныштығын күн сайын Блэкуолл темір жолының паровоздарының шырылдаған дыбысы бұзады. Бұл кішкентай ғана зират түрме тәрізді тікенек темір қабырғамен қоршалған. Қақпаға табиғаттан тыс үлкен бас сүйектер мен айқасқан сүйектерден жасалған тас оюлар қойылған. Оған қоса, Әулие Қорқытушының миына бас сүйектердің төбесіне, олар қазыққа қадалғандай әсер қалдыру үшін, темір шошақтарды орнату ойы келген. Нәтижесінде, бас сүйектерді темір қазықтар шаншып өтіп, олар сұмдық жымиып тұрғандай көрінеді.

Әулие Қорқытушының сүйкімсіз сұстылығы мені өзіне тартады, сондықтан оны бірнеше рет күндізгі жарықта және ымыртта тамашалағаннан кейін, бір күні менде бұл зиратты найзағай ойнаған түн ортасында көруге деген құмарлық пайда болды. «Неге көрмеске? – деп өзімді ақтауға тырыстым. – Колизейді ай жарығында көрдім ғой, енді Әулие Қорқытушыны найзағай жарығында көрудің одан несі кем?» Мен кэбке мініп, зиратқа аттандым, сонда бас сүйектердің шынымен де айбынды әсер қалдыратынын байқадым. Найзағай жарқылында, көпшілік алдында орындалған жазалау жүзеге асқандай, қазықтарға шаншылған бас сүйектер ауырсынған күйі күлімсіреп, қыржиып тұрғандай көрінді.

Риза көңілімді бөлісер ешкім жоқ еді, сондықтан әсерімді көшірмен (кучер) бөліскім келді. Ол менің түйгендеріммен мүлдем келіспей, әдетте байқай бермейтін кейпін (табиғатынан қызыл шырайлы, бірақ ішімдікке әуестігінің арқасында мұрны көгеріп жүреді) – танытты әрі қайтар жолда кэбтің кішкентай терезесінен қайта-қайта маған қарап қойып отырды. Ол мені, шындығында, дәу де болса орны Әулие Қорқытушының зиратында болуы тиіс адамдай көріп, ақымды төлемей қайтадан мекеніне тайып тұрады деп қорыққандай көрінді».iЧарльз Диккенс, «Саудамен ісі жоқ саяхатшы», 1860

1665 жылғы Ұлы оба індетінің шамамен 300 құрбаны, оның ішінде ауруды астанаға әкелді деп айыпталған әйел де бар, осы шіркеу зиратына жерленді. Шіркеу кітабында оба құрбандарының есімдері «p» әрпімен белгіленген.

1666 жылы Ұлы Лондон өрті кезінде жалын Әулие Олаф шіркеуіне шамамен 30 метрге дейін жақындады, бірақ содан кейін жел өрттің бағытын өзгертті. Шіркеуді, бәлкім, оның ең танымал қауымдастық мүшесі – 17 ғасырда өмір сүрген, Адмирал теңіз флотында қызмет еткен және әйгілі күнделік жүргізуші Сэмюэль Пипс сақтап қалған болуы мүмкін, өйткені ол өрт шыққанда алдын ала шіркеу маңындағы ағаш құрылысты бұзып үлгерген еді.

Филипп Джеймс де Лутербург. Лондондағы ұлы өрт. Шамамен 1797 жыл/Wikimedia Commons

Филипп Джеймс де Лутербург. Лондондағы ұлы өрт. Шамамен 1797 жыл/Wikimedia Commons

Пипс күнделігінде Әулие Олаф шіркеуінде болған оқиғаларды жиі тіркеп отырған. Оған қыс ортасында шіркеуге бару ұнайтын, өйткені қабірлерді қар басқанда шіркеу ауласынан қорықпай өте беретін. Пипс қайтыс болғанда, оның денесін әйелі Элизабетпен бірге жерлеу үшін Әулие Олаф шіркеуіне жеткізген еді. Осы күндері ол өлген күні (26 мамыр) жыл сайын шіркеу мен Сэмюэль Пипс клубы оған арнап еске алу рәсімін өткізеді, сөз ұстаған біреу оның ерліктерін еске алады.

Шіркеу ІІ Дүниежүзілік соғыс кезінде бомбалаудан зардап шегіп, 1950 жылдары қалпына келтірілді. Қайта киесін табу рәсіміне Норвегия королі VII Хокон қатысып, 900 жыл бұрын Лондон көпірін қиратқан Әулие Олафтың рухына құрмет көрсетті.

Бүгінде «Әулие Қорқытушы» шіркеуі – туристер арасында танымал «Лондонның қорқынышты жерлері» маршрутының міндетті, көбінесе соңғы нүктесі.

Мариам Новикова

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ