«ЖЫР ҚҰЛАГЕРІНІҢ» ЖҰМБАҚҚА ТОЛЫ ӨМІРІ

Ұлт поэзиясының жампозы Ілияс Жансүгіровтің туғанына 130 жыл

Ілияс Жансүгіров/Qalam редакциясы

Оның өмірі аңызға толы. Небары 44 жыл өмір сүрген қаламгердің шығармашылыққа ден қоя кіріскен сәті — ғұмырының соңғы 10 жылы.

Мазмұны

Осы аралықта 15 поэма, бірнеше роман, пьеса жазған. Онан сырт мемлекеттік деңгейдегі жоғары лауазымды қызметтер атқарған. Газет-журналдарға үздіксіз мақала жазып, қазақ фольклорын, ертегі-аңыздарын, мифтерін жинауға араласқан. Оның шығармалар жинағы 20 том болып жарық көрді. Әлі де табылмаған аудармалары мен поэмалары бар. Ол бүгінгі «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің құрылуына ықпал етіп, алғашқы авторларының бірі болған. Қазақстан Жазушылар одағын құрған әрі алғашқы төрағаларының бірі. Қазақстанда баспа саласының қалыптасуына оның төккен тері бөлек. 20 ғасырдың басындағы «тұңғыштардың» ішінде есім-сойы ерек аталады. «Тұңғыш кәсіби журналист кім?» десе, алдымен Ілияс Жансүгіровтің есімін айтамыз.

Ілияс Жансүгіров/Орталық мемлекеттік архив

Ақыр соңында Советтік қызыл жүйенің құрбанына айналды. Қастандыққа ұшыраған тұлпардың (Құлагер) алапат тағдырын кестелі сөз бен өткір ойдың жалауы арқылы жеріне жеткізе жырлаған ақын Құлагердің тағдырын қайталады. Халық оны «Жыр Құлагері» дейді. Біз ақынның өмірнамасы мен шығармашылығы жайында аңыз бен ақиқат тұтасқан сәттерін еске түсіреміз.

ГИМАЛАЙ АСҚАР НЕГЕ ОЛАЙ?

1929 жылы Ілияс Жансүгіров Гималай тауына арнап ұзақ өлең жазады. Азияның бір қиырында өмір сүрген ақынның осы құрлықтың ұлы шыңы туралы толғамды өлең жазуы мені бала кезден таңғалдыратын. Гималай шыңы туралы ақпарат бізді де қызықтыратын, ол жайындағы деректерді оқуға ынтық едік. Гималай секілді алып таудың портретін емес, Азия материгінің түнекке толы саяси ахуалын астарлап, ишаралап жеткізген өлеңді әлі күнге дейін оқуға құмармын. Өлеңнің тақырыбы «Сұрау» деп аталады да, жақша ішіне «Жиһангер жайлаған Шығыс» деген анықтама, қосымша тақырып қояды. Өлеңнің бірінші бөлімінде күннен, желден, нұрдан қуат ала алмаған Гималайды аяп, «Гималай асқар неге олай?» деген сұрауын қайталап отырады (бала кезімде «Гималай алып неге олай?» деп оқыған едім). Ал екінші бөлімінде өзінің сұрағына ақын өзі жауап береді. «Гималайда қуат бар», «Гималайда ұлы от бар» деген түйіндер арқылы осы бір асқар шыңның тұман мен дерттен айығар сәтінің таяғанын айтып, үмітке толы шумақтармен аяқтайды.

Николай Рёрих. Депсанг жазығы. 1925 немесе 1926/Wikimedia Commons

Гималайдың өн-бойы тұнған аңыз. Ол әлемдегі ең биік шың болғандықтан да, оны бағындыруға талпынатындар өте көп. Альпинистердің ерен ерлігіне, өмірлерін қатерге тігіп, осы шыңның басына шығуға ынтықтықтарына әрқашан құрметпен қараймыз. Қазақ үшін Ілияс Жансүгіров — дәл сол Гималай сынды алып шың. Өйткені, ол аңызы мен өмірі тұтасқан бірегей тұлға. Өйткені, оның «Құлагер», «Күйші» атты қос поэмасы — кесек туынды, дәл сондай полотносы кең эпикалық шығарманы жазу ұлттық поэзияның жаңа деңгейі еді.

Құлагер кітабі/Ашық дереккөзден

АЛҒАШҚЫ БЕЛГІСІЗДІК — ТУҒАН КҮНІ

Оның өмірінде сұрақ белгі көп, жұмбақ жайттарға толы.

Ілияс Жансүгіров 1894 жылы қазіргі Жетісу облысы Ақсу ауданына қарасты төртінші ауылда туған деседі. Кейбір ілиястанушылар оның туған жерін «Кіндіктөбе» деген жер деп айтады. Аңыз аралас деректерде, Ілиястың атын аты күллі елге мәшһүр Молықбай қобызшы қойғаны айтылады. Ақсуда туып, Ресей империясына қарсы болғаны үшін Семей өңірінде бас сауғалап жүрген Молықбайды досы Жансүгір арнайы шақыртып, ұлына ат қойдырыпты. Бақсы қобызын аңыратып, ауылдастарына Қорқыт, Асан, Шалкиіздер туралы аңыздарды айтып, жыр-дастандарды ұзақ жырлапты деседі. Содан кейін досының ұлына ат қойыпты. Азан шақырып қойған аты «Қызырілияс» екен. Қызыр — қазақ халқы үшін өте киелі персонаж. Қызыр пайғамбар дейді. Ол тірі, ел аралап жүреді, тек пейілі түскендерге ғана көрінеді деген ұғым бар. Молықбай да өзі бақсы, емші әрі дінге берік адам болыпты. Бақсылық пен дін жолын ұстану бір-біріне керағар ұғым саналса да, ол шақта ел ішінде бірбүтіндік, Тәңіршілдік пен Исламның бітеқайнасып кеткен мезеті еді.

Ілияс пен Қадыр (Қызыр) бірге дұға етіп, «Пайғамбарлар әңгімелерінің» суреттелген қолжазба нұсқасынан бейнеленген. 427 Хижра жылы (1305)/Wikimedia commons

Молданы сыйлаған қазақ, бақсыны да еш жатсынбайтын. Оның «Мамания» мектебінде оқып жүріп жазған алғашқы балаң жырларында, өзі оқыған кітаптарда Қызырілияс аты аталғанымен, кейіннен Ілияс Жансүгіров деген есімді иемденеді. Оның атын қысқартып, Ілияс деп атауына досы, ақынның кейінгі жары Фатима Ғабитованың алғашқы күйеуі, ағартушы Біләл Сүлеевтің ықпалы болған деген де сөз бар. Ақын жайлы кейбір деректерде Қызырілиястың кіндігін көмген төбе «Кіндік төбе» аталып кеткені айтылады. Қазір ол жерде қызы Ильфаның күйеуі арнайы қойдырған белгі тас бар.

Ақынның туған жылы белгілі болғанымен, туған күні беймәлім. Өзінің айтуынша, «жазға салым» дүниеге келген. Достары ақын Сәкен Сейфуллин мен жазушы Бейімбет Майлин «Еуропалықтар туған күнін тойлайды. Сенің де нақты туған күніңді бекітейік» деп қолқа салып, оның туған күнін 1 мамыр деп белгілепті деседі. Кейбір деректерде ақынның туған күнін 14 мамыр деп жазады. Ал «Уикипедия» 5 мамыр деп көрсетіпті. Ілиястанушылар ақынның туған күнін дәл анықтау мүмкін еместігін айтады.

Салт аттылар. Ілияс Жансүгіров пен Мұхтар Әуезов/Орталық мемлекеттік архив

Сонымен, Қызырілиястың Ілиясқа айналуы, туған күнінің 1 мамыр, 5 мамыр, 14 мамыр болып әртүрлі аталуы, өзінің «жазға салым» дүние есігін аштым деуі онсыз да аңыз ғұмырдың өмірге келген сәтінен бастап белгісіз қатпары көп екенін әйгілей түседі. Атын Молықбайдай қасиетті (Молықбай — бақсы, балгер, емші ретінде танымал. Ел арасында Молықбай жайлы аңыз өте көп, оған арнап әдеби шығармалар, поэмалар жазылған. Молықбай қобыз тартқанда дүние өзге күйге ұласады, оның қобызы өзі жоқта да күй тартып, күңіреніп тұрады деседі. Молықбайдың қобызы Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров музейінде сақтаулы) адамның қоюы болашақ күйші, ақын, жазушының өмірін күңгірт иірімдерге бастайды. Ақынның «Күйші» атты поэмасының басты кейіпкерінің прототипі осы Молықбай бақсы деген болжам да ел арасында кең тараған.

Қобызшы. Бұл фотосурет Түркістан альбомының этнографиялық бөлігінен алынған. 1865 және 1872 жылдар/Wikimedia commons

ЖЕТІСУДАН — ТӘШКЕНГЕ

Ол алғаш Жетісу өңіріндегі «Мамания» мектебінен сауат ашқан. Бұл — 1914 жыл еді. Одан кейінгі білімін әкесінен алған. Жансүгір күйші әрі дастандарды жатқа айтатын, өлең-сөзге жүйрік адам болыпты. Ары қарай оқуына әкесі қарсы болған көрінеді. Шешесінен төрт жасында жетім қалған ұлын алысқа жібергісі келмеген әкесі «Ауыл молдасынан оқытуды» қалаған. Әке сөзіне Ілияс илікпеген. «Одан не білім алам? Баяғы аяттарды жаттатудан басқа не береді?» деген байлам айтады. «Мамания» мектебіндегі алғашқы ұстазы Біләл Сүлеевтің ақынның қалыптасуына ерекше ықпалы болған. Біләл Сүлеев орыс әдебиеті мен Еуропа әдебиеті туралы шәкіртіне көп мағлұмат беріп, Алаштың оқыған азаматтарымен дос болуына, әсіресе, Мұхтар Әуезовпен танысып, пікірлесуіне зор ықпал еткен.

Біләл Сүлейұлы/ Алаш Электронды кітапханасы

Қазақта «Тәшкен көрген» деген сөз бар. Ол Ташкентті көрген, білім алған, көз аясы кең деген ұғымға пара-пар. Ілияс 1920 жылы алғашқы ұстазы Біләл Сүлеевтің ұсынысымен Ташкенттегі 3 жылдық мұғалімдер курсына оқуға түсіп, білімін жетілдіреді. Орыс тілін Біләл Сүлеевтен үйренсе, Ташкентте тілді тереңдей игеріп, Орталық Азияның өзі секілді білім құмар жастарымен танысады. Ілияс 1912 жылдан бастап өлең жаза бастаған. Алғаш «Сарыарқа», «Тілек» атты өлеңдері Семейден шығатын «Сарыарқа» газетінде жарық көрген. Ташкенттегі жылдары ақынның тақырыптық аясын кеңейтіп, жаңа бағыттағы жырлар жазуына түрткі болады. Бұл коммунистік партияның Орталық Азияны тұтастай қармағына алып, саяси науқандар қызып тұрған тұс болғандықтан да, осы кезеңде жазылған ақын шығармаларында саяси сарын басым екені байқалады.

«Сары Арқа» газеті. №74. 26 наурыз 1919/Kaz.inform.kz

«САЯСИ ДАМУЫ — ОРТАША» СТУДЕНТ

Ілияс Жансүгіров үшін Мәскеудің жөні бөлек. Ол 1925 жылы Мәскеу журналистика академиясына оқуға аттанады. Егер бүгінгінің сөзімен айтар болсақ, қазақтан шыққан қолында дипломы бар тұңғыш кәсіби журналист Ілияс Жансүгіров болатын. Мәскеуде өткен үш жылы туралы толық зерттеу жоқ. Десе де, оның әлемдік геосаясат пен заманауи үрдістерді терең тануына осы жылдардың қалдырған ізі ерекше деуге болады. Осы оқуы оның орыс пен әлемнің мықты жазушыларын аударуына түрткі болды. Пушкиннің, Лермонтовтың, Некрасовтың, Горкийдің, Генрих Гейне мен Виктор Гюгоның шығармаларын қазақ тілінде тамылжыта сөйлетті.

Ақынның «Гималай асқар неге олай?» деген сұрағының мәнін осы сәттермен байланыстырған жөн шығар деген ойдамыз. Өзін көшпенді халықтың ұрпағы әрі азиялық сезінетін ақынның Батыс өркениеті мен коммунистік жүйенің айырмашылығын сезінбеуі, сол шақтағы Азия елдерінің құрсаудағы тағдыры туралы толғанбауы мүмкін емес-тін. Ол Гималай арқылы Шығыстың тілеуін тіледі. Шығыс көркейсе, Шығыс оянса, Шығыс өз еркіндігін алса, «күннен», «нұрдан», «желден» қуат алса деп тілеуі орынды еді. Гималай қанша биік болса да, басын бұлт торлап, мұз құрсанып, бұрқасын-дауыл үйіріп тұратыны несі деген сұрақты қоюы заңды еді. Ол тұтас азиялық бірегейлікті Мәскеуде жүріп терең зерделеді деген пайымның негізі жоқ емес.

Фото Жансүгіров-Жандосовтар отбасының мұрағатынан: Максим Горький, Фатима Габитова (Басқа нұсқа Бойынша Полина Кусургашева) және Ілияс Жансүгіров. Мәскеуде КСРО Жазушылар Съезінде болған кезінде М. Горькиймен оның саяжайында өткен кездесу /Wikimedia Commons

«Гималай асқар неге олай?» деген сұрақтың өткірлігі де сонда, ол алыстағы Гималай арқылы өзінің туған жерінің де тағдырын ойлаған. Әдебиеттанушылар осы пікірді аракідік айтып та қалады. Өйткені, 1930 жылы жазылған «Дала» поэмасында қазақтың Алтай мен Атырау арасындағы тау, өзен, көл, шөлін суреттей отырып, кей сәттерінде Гималайға қойған сұрағын басқа қырынан қайталағандай көрінеді. Сұлу табиғаттың сүреңсіз сәттерін, асқар тулардың бұлт торлаған кейпін, мөлдір сулардың құмдауытқа құйып, тартыларын да ұмытпайды. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тарихынан өзі өмір сүрген кезеңге дейінгі ірі оқиғаларды да сөз етеді. Демек, Гималай әлемдік геосаясатты өзек етсе, «Дала» өзінің төл тарихын негіз еткен шығармасының бірі.

Мәскеудегі журналистика институты студент Жансүгіров жайлы мінездемесінде «Саяси дамуы — орташа. Тәртіпті және ұстамды» деген баға беріпті. Осы бір ауыз сөздің өзі талай жайттан сыр аңғартса керек... «Гималай алып неге олай?». Ойлануға тұрарлық сауал!

Ілияс Жансүгіров фотода оң жақта. Пятигорск. 1936/Орталық мемлекеттік архив

МӘҢГІ МУЗА — ФАТИМА

Оның отбасылық өмірінде де белгісіздік көп. Өмірінде төрт әйелмен отау құрған. Алғашқы жары Жәмиламен некесі ұзаққа бармаған. Қалай үйленді, неге ажырасты деген сұрақтарға бірізді жауап жоқ.

Ташкенттен оралған соң Аманша Берентайқызымен үйленеді. Ілияс Мәскеуге аттанғанда, Аманша ауылында қалады. Жарының аяғы ауыр еді. Көп өтпей толғақ үстінде қайтыс болады. Жарының қайтыс болғанын Алматыға оралған соң достарынан естиді. Аманша да оқыған, көзі ашық қыз еді. Ілиясқа арнап жазған соңғы хаты сақталған. «Ілияс. Осы сақиналармен басқа да заттарды саған қалдырамын. Оларды сақта. Осы жарық әлемде мен жарқырап... өштім. Сен менің қасымда болмадың. Мен сені көре алмадым. Қош!» деген шағын хат ғашық жардың соңғы жазбасы еді.

Фатима Ғабитова/Ашық дереккөзден

Мәскеуден оралған соң сол кездегі ел астанасы Қызылордаға барған Ілияс Жансүгіров үшінші жары Фатима (Бәтима) Төребаевамен некелеседі. 1930 жылы 21 ақпанда ұлдары Саят, бір жылдан кейін қыздары Сайра өмірге келеді. Фатима алты айлық қызын алып Мәскеуге оқуға аттанады. Шешесі жоқ кезде оқыстан Сайра жазым болады. Ұлы Саяттың айтуына қарағанда, әкесі мен шешесінің арасының сууына Сайраның өлімі себеп болған. Ілияс Фатиманы кінәлап, некесін үзуге шешім қабылдаған.

Ал төртінші жары — қазақтың үш алыбының, үш достың Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезовтің музасына айналған, жары болған — Фатима Ғабитова.

Ілияс Жансүгіровтің өмірінде Біләл Сүлеевтің алар орны ерекше. Оның алғашқы ұстазы, ақылшысы, Ташкентте оқуына мұрындық болған досы әрі қамқоршысы Біләл Сүлеев болатын. 1932 жылы Ілияс досының әйеліне үйленді. Бұл кезде Біләл Сүлеев түрмеде еді. Көп өтпей, түрмеден шыққан. Ілияс пен Фатиманың некесін қалай қабылдағаны, қандай күй кешкені белгісіз, кейбір деректерде екеуін де кешірмеді, Алматыдан алысқа кетті делінеді. Оған себеп те жоқ емес...

Бізге белгілісі, Ілияс Жансүгіровтің Фатима Ғабитоваға ертеден ғашық екендігі. Оны Фатиманың Ілиясқа жазған хаттарынан білеміз. Ілияс өзінің музасына арнап жасырын өлеңдер жазып, жөнелтіп отырған. Солардың біріне Фатима былай деп жауап береді:

«Сен асқан талантты, көркем сөздің асыл күмбезін орната алатын алғыр «ақынсың»... Енді мен сенің зарлы хаттарыңның орнына еліңнің тұтас тұлғасын көрсететін жалынды жырларыңды оқуды тілеймін. Әдебиет майданында ел таңданатын табыспен көрінгенше, мен саған хат жазбаймын. Сен де маған хат жазба!».

Ілияс Жансүгіровтің отбасылық суреті/Ашық дереккөзден

ҰЛЫМ ЕТІКШІ БОЛСЫН

Фатима Ғабитовамен 5 жыл отасқан ақын Үміт, Ильфа, Болат атты үш бала сүйді. Үшеуі де өмірінің соңына дейін әкесінің мұрасын жинақтап, өзге тілдерге аударумен, дәріптеумен өтті.

Болат Ілияс Жансүгіров ұсталған соң өмірге келді. Жары Фатима Ғабитова түрмеге күн аралатып барып, Ілияспен жолығуды ойлайды. Тек бір-ақ рет жолығуға рұқсат алады. Жаңа туған сәбиі Болатты көрген Ілияс: «Ұлым-ау, шарасыздан осындай жерде кездесуге мәжбүр боп тұрмыз. Балам етікші болсын, оған етік тігуді үйрет» деп тапсырады әйеліне. Мұны естіген тергеуші Ілиясты кекетіп: «Ұлыңыз сіз секілді жазушы болатын шығар» дейді. «Жазушы боп жазықсыз жазаланғанша, етікші боп азат өмір сүрсін» депті ақын. Болат етікші болған жоқ. Танымал кинодраматург болды. Өмір бойы әке мұрасын жинап, орыс тіліне аударумен айналысты. 2004 жылы Алматыда қайтыс болды.

Болат Ғабитов/Ашық дереккөздерден

«КҮЙШІНІҢ» КҮМБІРІ

«Жуырда біздің ауылда Тойтан деген күйші қайтыс болды. Өзімен бірге жүзге жуық күйді ала кетті. Адам өлсе, қайта туады ғой. Күй өлсе, қайта жарату мүмкін емес». Бұл Ілиястың Жетісуда өзі ұйымдастырған қазақ күйлерін зерттеу жиынында сөйлеген сөзі.

Ілияс Жансүгіровтің соңғы бес жылдық ғұмыры ең шабытты шағы десек болады. Ол өміріндегі ең асыл туындыларын осы жылдары, Фатима Ғабитовамен отау көтерген соң жазды. Осы кезде оның ең кемелді, әйгілі екі поэмасы жазылды. «Күйші» (1934), «Құлагер» (1936) атты поэмалары қазақ әдебиетінің ерен үлгісі деп бағаланады. Қазақтың даңқты жазушысы Әбіш Кекілбаев екі поэманың ерен шығармалар екенін айта келіп: «Бұл ретте, аталмыш шығармалар — ұлттық әдебиетіміздің кітапханасының атақты «Абай жолы» эпопеясы тұрған ең биік сөресіне жайғасар жайсаң туындылары» деп ерекше бағалайтыны бекер емес.

Құлагер (Тризна) фильмінен көрініс/Ашық дереккөздерден

Ақын «Күйші» поэмасында 1929 жылы жазылған «Күй» поэмасын жаңадан түлетіп, жадағай тізбектеуден адам психологиясын айшықтайтын терең иірімге, жалпылықтан жалқылыққа құлаш ұрады. Ілиястың өзі де күйге құмар, домбырамен ежелгі күйлерді бабына келтіріп орындайтын өнерпаз болғанын білеміз. Оның күйді зерттеу жиынын өткізуі де тегін емес. Қазақ күйлері мен әндерін жинап, нотаға түсірген Затаевич Ілиястың күйшілігіне тәнті болғаны да бар. «Моему лучшему другу. Спасибо за помощь», – деп қолтаңба қойып, сыйлаған кітабы соның айғағы.

«Күйші» — өлеңмен жазылған симфония. Поэманы оқып отырып, ақынның күйді сөзбен суреттеуіне таңғаласыз. Жеті тараудан тұратын, төгілтіп, шалқытып шабытпен жырлайтын, кейіпкерлерінің жан дүниесін, арман-аңсарын, тән мен жан қалауын күй арқылы кестелі де шұрайлы тілмен бейнелейтін кемел шығарманы тәнті болмай оқу мүмкін емес. Күйші тартқан 99 тармақты күймен бірге тұтас дала картинасы көз алдыңызға келеді. Киіз үйдің ішіндегі қыздың жасауы, байлық пен салтанаттың көрінісі жіпке тізгендей бейнеленеді. Көшпенді өмірдің бар мән-мағынасы бірегей картиналарда тізбектеліп, көркем суретті альбомды ақтарғандай этнографиялық әлемге бас сұғып, эстетикалық тылсымдарға жан суғарасыз. Сюжеті күрделі емес.

Қазақтардың мұрағаттық суреттері/Wikimedia Commons

Кейіпкерлер саны да аз. Абылайдың ұрпағы, қазақтың соңғы ханы Кене Жетісу өңіріне келеді. Оны халық ақ боз тігіп, қуанышпен қарсы алады. Кененің қонысына Жетісудың күйшісі келіп, күй тартады. Ханның қарындасы Қарашашiтарихта Кенесарының қарындасы Бопай туралы жиі айтылады күйшіні ағасынан басы бүтін сұрап алып, өз үйінде күй тарттырады. Күйші мен Қарашаштың арбасуы, күй арқылы тілдесуі, бірінен бірі өткен сырлы иірімдерге балқыған Қарашаштың бірте-бірте күйшіге ғашық болып, тұтас денесінде діріл жүріп, алқынуы, тән қалауының бойын балқытып, күйшінің ғажап болмысына ынтықтығы ерен шабытпен суреттеледі. Күйшінің де сезімі алабұртып, өзі тартқан күймен бірге домбыраның қос ішегінде жосылады. Бұл туралы поэмада былай келтіреді:

Қыз екен! Ақ тамағын сүйер ме еді,

Алпыс жыл асығына күйер ме еді!

Көрінбей тірі жанға жүру үшін

Құс кебін перілердің киер ме еді!

Екеуі ақ төсекте әуенмен аймаласып, сексуалды құмарлықтарын қанағаттандырғандай күй кешеді. Ақын бұл сәтті күңгірт образдармен бейнелейді. Шын мәнінде, күйші мен Қарашаш тән ләззатын тойдырды ма, әлде күймен балқып, өзінің тоятын тапты ма деген сұрақ оқырман көкейінен кетпейді. Мұндағы психологиялық жүлгелерді тіпті мақала арқылы да айқындап көрсету өте қиын.

Қарашаштың сұлулығын:

Жұтқанда аспаһани шарабынан,

Көрініп жұтқан шарап тамағынан, – деп суреттейді.

Ортасында қыздың сұлулығына есі кеткен күйшінің домбыраға қолы жүрмей, күйдің әуезінен жаңылатын тұсы бар.

«Күйші» күй туралы жазылған ең үздік шығармалардың бірі десек болады. Мұндағы суреттеу, кейіптеу, шендестіру, ескі мифологиялық кейіпкерлерді Қарашашпен теңестіру тәсілдері тамсантпай тұрмайды.

Евгений Матвеевич Сидоркин. Сұлу. 1966 / РИА

«ҚҰЛАГЕРДІҢ» ӨМІРГЕ КЕЛУІ

Егер Сіз қазақ мәдениеті мен әдебиеті туралы аздап хабардар болсаңыз, Құлагер жайлы білмеуіңіз, естімеуіңіз мүмкін емес. Қазақ тарихында, эпостарында «ер қанаты» деп әспеттелген жылқы туралы көп кездеседі. Тіпті, ертегі, аңыздарында да жылқысыз батыр, жылқысыз тарихи оқиға жоқ. Тайбуырыл, Байшұбар, Бозайғыр, Қубас ат, Қарақасқа деп кете беретін хандар мен батырлардың жан серігі жылқы түлігінің қазақ әдебиетінде алар орны ерекше. Алайда, Құлагердің орны бөлек. Құлагер — эпостың кейіпкері емес, ол 19 ғасырда өмір сүрген композитор, әнші Ақан серінің әйгілі сәйгүлігі. Оның қазақ әдениетінде алар орны ерекше кейіпкер десек, қателеспейміз. Ақанның «Құлагер» атты ғажап әні бар, ол туралы бірегей поэма жазылды, аңыз-әңгіме тіптен көп. Құлагердің қасіретті тағдыры туралы деректі, көркем фильм түсіріліп, театрда қойылымдар қойылды. Әдебиетшілер Ілияс Жансүгіровты «Жыр Құлагері» дейді.

Ол өзінің өміріндегі ең үздік шығармасының бірі «Құлагерді» 1936 жылы жазды. Бұл поэмасын жазар шақта Алматыдағы әдеби орта «Ілияс Құлагер жайлы поэма жазып жатыр екен» деп дүрлігіп, оны асыға күткені айтылады. «Күйшідей» шедевр тудырған ақын енді жылқы туралы ерен шығарма жазбақ. Ақан сері мен Құлагердің аңызы бәріне таныс. «Құлагер» әнін білмейтін қазақ жоқ. Енді оны Ілияс поэмаға айналдырмақ.

Осыған дейін эпоспен өскен халық үшін поэма жаңалық еді. Ақанның Құлагерін поэмаға айналдыру үшін Көкшетауға арнайы барып, зерттеген деген дерек кездеседі.

Сағынайдың асында Батыраштың қолынанiҚұлагерді Бөрібай өлтірді деген дау да бар ажал құшқан Құлагер жайлы осыған дейін талай зерттеу жасалды. Ілиястың поэмасының жүлгесімен «Құлагер» фильмі де жарық көрген.

«Құлагер» — қазақ поэмасының 20 ғасырда жарық көрген ең үздік үлгісі, эталоны деп те айтылады.

Евгений Матвеевич Сидоркин. Бәйге. 1964 / РИА

Ақын «Күйші» мен «Құлагерде» қазақ сөзінің мәйегін барынша пайдаланған. Ол жайында Әбіш Кекілбаев: «Ана тіліміздің реалистік көркем ойға тән икемділігін шыңдауда, ұлттық материалымыздың тұрмыстық қабаттарымен шектелмей әлеуметтік, философиялық тұңғиықтарына үңілуде I. Жансүгіров көрегендік пен көсемдік танытып, артына өлмес өнеге қалдырды. Жансүгіров жаңашылдығы тек қана бір ақынның шоқтығын аспандатып қоймай, бүкіл ұлттық поэзияны жаңа тарихи белеске көтерді», – деген кесімді ойын алға тартады.

Кекілбаевтың пайымынша, Пушкин мен Лермонтов орыс тілін сүзгіден өткізіп, әдеби айналымға түсіріп, қандай жаңа леп әкелсе, Ілияс та осы поэмалары арқылы қазақтың бай тіліне өзгеше қуат сыйлаған.

Шындығында, Ілияс Жансүгіров — эпостық поэтиканы жаңа заман поэзиясына ыңғайлап, суреттеудегі ескі мен жаңаны бірдей қамтыған, сол арқылы ұлттық поэзияға өзіне ғана тән бояу әкелген суреткер.

Құлагер (Тризна) фильмінен көрініс/Ашық дереккөздерден

ҚҰЛАГЕРДІҢ МЕРТ БОЛУЫ

1937 жылы тамызда Ілиясты НКВД тұтқындайды. Оған «Жапон тыңшысы» деген айып тағылып, 1938 жылы 26 ақпанда Алматыда ату жазасына кесіледі. Бір күнде атылған 36 адаммен бірге қазіргі Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылында жерленген.

Оның ажалына сол кездегі басқа да азаматтардікі секілді астыртын жазылған арыздар себепкер болды. Алғаш тергеуге шақырту келгенде жары Фатима Ғабитова Алатау асып, Ыстықкөлге қашып кетуін сұраған. Алайда, Ілияс өзінің қылмысы жоқ екенін айтып, НКВД-дан қашпаймын деп барады. Сол бойы тұтқындалып, қайта келмейді.

Қызы Ильфаның естелігінде НКВД жендеттері түн ортасында үйге келіп, ақынның түгел архивін, кітаптарын, қолжазбаларын алып кеткен. Тек киіздерге оралып, шкафтың ішінде қалған жазбалары аман қалған. Оны Фатима Ғабитова НКВД-да істейтін туысы Оспан Жылқыбаев деген кісіге тапсырады. Ол Ілияс Жансүгіров ақталған соң әкеп береді. Дегенмен, оның көптеген шығармалары сол күйі табылмаған. Солардың қатарында «Құлагер» де бар еді. Ақын 1957 жылы ақталған соң Мұхтар Әуезов «Ілиястың «Құлагерін» табуымыз керек. Ол ұлы поэма» деп жан-жаққа сұрау салады. «Социалистік Қазақстан» газетінің төрт нөмірінде жарық көрген поэманы түгел архивтен таппайды. Бәрін қиып алған. Кітапханалардың ешбірінде болмай шығады. Шығарманы сақтап қалған белгілі балалар жазушысы Сапарғали Бегалин болатын. Ол 20 жыл бойы газеттен қиып алып, өзінің құс жастығының ішінде сақтап келген. «Құлагер» табылды дегенді естігенде, ақынның замандастары мен тілеулестері ерек қуанып, арнайы атап өткен деседі.

Ілияс Жансүгіровтың ІІХК-ң (НКВД) тұтқындау кезінде түсірілген суреті/Ашық дереккөздерден

СОҢҒЫ БЕЛГІСІЗДІК: «ІЛИЯС ӨЛМЕПТІ, ТІРІ ЕКЕН»

Халық өзінің сүйікті перзентін ажалға қимайды. Алаштықтарға қатысты аңыз әлі күнге дейін айтылады. «Мағжан Жұмабаевты Бауыржан Момышұлы Магаданнан көріпті», «Міржақып Дулатов Моңғолияда өмір сүріпті» деген қауесет әлі айтылады. Мұндай аңыз Ілиясқа да телінеді. Оған себеп, Фатима Ғабитованың Ілияс ұсталған соң күн-түн демей жарын іздеуі еді.

Алматыдағы НКВД түрмесіне хат жазып, күйеуіне іздеу салған Фатимаға түрме қызметкерінің бірі: «Күйеуің алысқа кетті. Сібірге айдалды» деп жауап беріпті.

Ильфа Ілиясқызының естелігінде 1955 жылы белгісіз адам іздеп келіп, «күйеуің тірі, онымен түрмеде бірге болдым. Көп ұзамай келеді», – дегені айтылады. Бұл хабарды естіген олар асты-үстіне түсіп күтіп, киім алып беріп, бар жағдайын жасайды. Бірер күннен кейін төрде ілулі тұрған Ілияс Жансүгіров пен Біләл Сүлеевтің суретін көрсетіп: «Түрмеде кіммен бірге болдың?» деп сұрағанда, Сүлеевті нұсқайды. Белгісіз адамға сенімсіздік ұялап, оны қуып жібереді. Бұл аңыз Ілиястың туған ауылына да жетеді. Ағасы Бимағзұм «Ілияс өлмепті, тірі екен» деп сүйінші сұрағандарға астындағы атын түсіп беріпті.

Билял Сулеев/Электронная библиотека Алаш

Ілияс Жансүгіров мұражайында ақынның өлімі туралы екі анықтама бар. Біріншісі, 1938 жылы 26 ақпанда қайтыс болғаны туралы. Оны 1957 жылы 12 сәуірде Кеңес Одағының Жоғарғы Соты әскери коллегиясы берген. Дәл сондай екінші анықтама да сақталған. Оны 1957 жылы 29 мамырда Алматы қаласы №2 бөлімшесінің халық соты берген. Онда Ілияс Жансүгіров 1949 жылы 29 сәуірде қайтыс болды делінген. Ілиястың балаларын осы екі ақпарат әңкі-тәңкі етеді. Оның үстіне, Сібірден келдім деген «белгісіз жанның» да айтқаны бар. Ілиястанушылар Алматы соты қателескенін Мәскеуден келген анықтама арқылы әзер ажыратқан. Десе де, Фатима ханым көз жұмғанша Ілиястың тірі екеніне сеніп өткен көрінеді.

Аңызға айналған ғұмыр иесі 1957 жылы қылмысы болмағаны үшін ақталды. Оны ақтауға кезінде үстінен арыз жазғандар да белсене кіріскені мәлім...

Ақын, жазушы, аудармашы, драматург, қоғам және мемлекет қайраткерінің тұтас шығармашылығын қамту мүмкін емес. Оның балаларға арналған шығармаларының өзі бір төбе. Ал қазақ күйі мен әнін, фолькорын жинауға жасаған еңбегі орасан. Біз қаламгер өмірінің маңызды тұстарына ғана тоқталдық.

Іліас Жансүгіров/Ашық дереккөздерден

Тоқтарәлі Таңжарық

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді