Тағдыр аллегориясы

Георг Шёбель (1898 ж.)

Георг Шёбель. Тағдыр аллегориясы. 1898 / Wikimedia Commons

Сурет жеке адамның топтамасында

Неміс суретшісінің осы туындысы — әлемдік көркем сурет өнерінің біртуар жауһары санала ма? Жауап — олай саналмайды. Шёбель қылқаламның танымал шебері атанған, оның суреттері көп сатылатын, бірақ одан жоғарырақ атаққа үміткер саналмайды. Ол кітапты тәп-тәуір безендіретін, оның үстіне, белгілі кескіндемеші болды, негізінен, өнерде соғыс көріністері мен тарихи суреттердің нақышына келтіріп бейнелейтін, олардың біразы әлі күнге дейін бәссаудада саудаланады. Ал осы туындысының әлемге әйгілі болуы, ең алдымен, туындының сюжетіне байланысты болса керек, себебі бұрын бұл автор әжуа мен мысқылға көп мойын бұра бермейтін. Бір жағынан оған көз тастап, зерттеудің өте қызық.

Туындының сол жағында біз ата-ананың кезекті өтінішін ойлана ұстап тұрған дегелекті көреміз. Әлбетте, барлық ата-аналар Қасиетті Үштік ұғымымен байланыстырып, бірнеше балалы болғысы келеді, сондықтан бірінші тұрған сәбилердің астында хат үйіліп жатыр.

Бірінші сәби — тәж киген, асатаяқ пен держава ұстаған, демек билік қолында. Бір қырынан қарасаңыз, көз алдыңа Наполеон елестейтіндей, демек автор болашақ әміршіні порфира жамылғы кимейтін, қарапайым жандар да сұрай алатыны жөнінде емеурін білдіреді. Балақайдың байсалдылығы сонша, пешенесіне жазылған ерекше «жазмышына» да қуанар емес, өз тағдыры емес, әлем тағдырын ойланып қалған.

Тағдыр қалаулыларының ішіндегі екінші сәби — музалар сүйіктісі, шығармашылықтың адамы — қолында бояу, этюд салатын кенеп және кітаптар. Өзін болашақта бақыт пен атақ-даңққа жетелейтін дегелекке қарап, мәз-мәйрам болып тұр.

Үшінші бала да суретші сияқты көңілді әрі бақытты, бірақ ол Күш иесі. Өмірсүйгіш, бірақ темірдей тәртіпке бағынышты кішкентай офицердің қолында қылышы, қол астында сарбаздары, монокль бар және шашына бриолин жағып, тарап қойған. Зайырлы салондардың болашақ жұлдызы, қыз-қырқынның көзайымы, түрлі марапат иесі.

Келесі үштікті Заңға қызмет етуші ашады. Мойнына белгі беретін керней іліп алған, қарауында түнгі күзетшінің қолшамы, айбалтасы мен қолында зынданның кілті бар және болашақ қылмыскердің мысын басып, қолын иығына қойып алған. Келесі балақай алдындағы шөлмегінен сүтке мүлде ұқсамайтын сусын ішіп отыр және бір мезетте көршісінің сүтін де бірге ұрттап үлгеруде. Бұл балақайдың өмір тарихы түсінікті және қарапайым — студент-бурштың кітаптары мен семсері бар, ал карта және ішімдіктің арты насырға шабатыны айдан аян.

Суреттегі жалғыз қыз бүлдіршіннің қуыршақтары, гүлі, желпуіші мен басында күнқағары бар. Оның қамсыз өмір сүретіні тиындар тола әмиян салынған қапшықтарынан-ақ көрініп тұр, дегенмен бұл сылқым алаяқтарға оп-оңай жем болып, талай рет көзінен сорасы ағатыны анық.

Соңғы екеуі — егіздер. Егіздің бірінші сыңары — Император соты мүшесінің қалпағын киіп алған, екі қолына түрлі заңдар мен ережелер жазылған қалың кітап ұстай отырып, қарнының үстіне қойып алыпты. Іші бос сот таразысына қарай қисайған егіздің екінші сыңарының болашағын қатардағы жұмысшының қарапайым бас киімінен-ақ байқауға болады. Тағдыр бұл баланың маңдайынан сипай қоймайды, ол сіңірі шыққан кедей, етжеңді сыңары оны ортақ жөргектен ығыстырып шығармақ, сондықтан кембағал пақыр қасында іліп тұрған көрші қыздың ақша салынған қалтасына қол жүгіртпек болып ыңғайланып тұр.

«Тағдыр аллегория», тағы қайталаймыз, әлемдік көркем сурет өнерінің жауһары болып саналмайды, бірақ оның налалы әжуасы мен бірден көңілді жаулап алатын тартымдылығына байланысты автор туындыларының ішіндегі ең танымалы болып есептеледі.

Георг Шёбель. Тағдыр аллегориясы. 1898 / Wikimedia Commons

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы

Көшірілді