Кореяның тұрмыстық ырымдары

Торай неге түске кіреді, іш киім өртеудің не қажеті бар?

Оңтүстік Кореядағы Жаңа жылды тойлау/Photo by Chung Sung-Jun/Getty Images

Жалпы алғанда Оңтүстік Кореяны діндар, тақуа жандардың елі деп атауға келмейді. Корейлердің көбі түрлі дінде кездесетін салт-ғұрыпқа да, өз отбасындағы және ата-бабасынан жеткен дәстүрге де жылы қарайды, құрметтейді. Бірақ қоғам өмірінде дін айтарлықтай маңызды рөл ойнамайды. Бұл — әсіресе жастар арасында анық байқалады.

Алайда жоғарыда айтылған сөз корейлер мистикаға, тылсым күштерге және тұрмыста кездесетін түрлі жайтты түсіндіруге болатын құпияға сенбейді дегенді білдірмесе керек. Керісінше, бұл мәселеге келгенде корейлердің арасында қандай да бір құбылысқа күмән-күдікпен қарайтын адам аз. Елде ырым-тыйымға өте қатты мән береді. Осы орайда сіздерге күнделікті өмірде ең көп таралған жиырма ырымның тізімін ұсынып отырмыз. Оның бәрі корейлер үшін «екі жердегі екі — төрт» деген секілді айдан анық дүние. Ыңғайсыз жағдайға тап болмаймын десе, Оңтүстік Кореяға барғалы жүрген шетелдікке бұл ырымдардың кейбірін жақсылап біліп алған абзал. Мәселен, корей досыңызды әлдебір мейраммен құттықтап ашық хат бергенде, ішіндегі тілегіңізді қызыл сиямен жазып қойсаңыз, оны қуантудың орнына шошытып алуыңыз әбден мүмкін.

1. Орындықта отырып, аяқты алай-бұлай бұлғауға болмайды — бұл сәтсіздік әкеледі.

2. Түнде біреуді атымен атап шақырмаңыз — абайсызда рухтың аттасын шақырып алуыңыз мүмкін, кейін оны шығара алмайсыз. Оны үйішілік лақап атпен шақыруға рұқсат етіледі.

3. Түн ортасында ысқыруға мүлдем болмайды. Себебі ысқыру — рухтар тілдесетін әдіс, яғни байқамай қара ниетті күштерді шақырып қоюыңыз мүмкін.

Корей соғысы кезінде адамдар тотемдердің алдында дұға оқуда/Alamy

4. Табалдырықты басуға болмайды. Адам тұратын үйге кіре алмайтын, тірілердің өмір күшін жалмағысы келіп, тағаты таусылған түрлі жаман рух есіктің көзінде жүреді. Табалдырықты бассаңыз, солардың бірінің көрінбейтін басын мыжып кетуіңіз мүмкін, сәйкесінше ол ашуланып, кек алудың жолын іздеуге көшеді.

5. Корейге ешқашан ешқандай жағдайда беторамал сыйламаңыз. Мейлі, мың жерден қымбат әрі сәнді болса да. Тіпті қағаз майлықты да өзі сұрап тұрса ғана қол жалғап алып беріп жібере аласыз. Себебі корейлер адамның басына мың сан қайғы жамап, күні-түні жылатып қойғысы келген жан дуалау үшін осындай орамал сыйлайды деген ырымға сенеді.

6. Шошқа туралы түс көру — байлыққа кенелтеді.

7. Түнде тырнақ алуға болмайды. Егер алған болсаңыз, оларды көшеге лақтырмаңыз және еденге қалдырмаңыз. Тышқандар тырнақты жеп, сіздің кейпіңізге еніп, жаныңызды ұрлап алады!

Тау жолындағы ойылған бағананың қасында дәстүрлі киім киген корейлер. Бағаналар жындардан қорғану үшін ойылған. Шамамен 1920-1924 жылдар/HUM Images/Universal Images Group via Getty Images

8. Еденде жатқан баланың үстінен аттамаңыз, өйтсеңіз баланың өсуі тоқтайды.

9. Еденде жатқан ересек адамның басынан аттамаңыз — бұл өлімге әкеледі.

10. Өз атыңызды қызыл түспен жазбаңыз — мұныңыз өлімді ерте шақыру болмақ.

11. Құттықтау хаттарын да қызыл қаламмен жазуға болмайды — бұл бақытсыздық әкеледі.

12. Емтихан алдында теңіз өнімдерін, әсіресе балдыр тағамдарын жеуге болмайды. Қиын сұрақтарға тап болып, «тұншығасыз».

13. Емтихан алдында жуынуға болмайды — барлық жауаптар басыңыздан «жуылып кетеді».

14. Жеңілдіктер мен сатылымдарды қуалап жүретін адам таз болады! (Таздықты ашкөздіктің белгісі деп санайды.)

Сеулдегі кеш. Дүкендер/SongJoon Cho/Bloomberg via Getty Images

15. Бөлмеде ашық қолшатыр ұстамаңыз — бұл ажал шақырады.

16. Жаңа үйге көшер алдында зұлым рухтар кіріп кетпеуі үшін дұрыс күндерді таңдаңыз: арнайы күнтізбелерді корей тасымалдау компанияларының сайттарынан табуға болады. Сондай-ақ көшерден бұрын үйді жинамаңыз, сонда рухтар сіздің көшуді жоспарлап жүргеніңізді білмей қалады.

17. Сүйіктіңізге аяқ киім сыйласаңыз, ол сізден қашып кетеді.

Корейдің дәстүрлі киіміндегі ханбоктағы жұп/Alamy

18. Мысықтардың құйрығына зұлым рухтар еріп жүруі мүмкін.

19. Көбелекті ұстаған қолыңызды көзіңізге тигізер болсаңыз, көзіңіз көрмей қалады.

20. Әр тоғыз жыл сайын өміріңізде үш жылға созылатын қара кезең болады. Сол уақытта сәтсіздікті азайту үшін іш киіміңізді храмға апарып өртеңіз.

Мариам Новикова

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Анау-мынау

Адамның сұлулығы, мәдениеті және дүниетанымы туралы қызықты деректер

Тағы

Көшірілді