Бітпейтін дұға
Адоранттар дегеніміз кім және оларды неліктен әлемнің барлық халықтары бейнелеген
Алматы облысындағы Зайсан Алатауының етегіндегі аты жоқ тау сілімдерінде орналасқан Аюке мен Жолбарыс петроглифтер шоғыры мен Киевтегі 11-ғасырдан қалған София соборынан табылған әлемге әйгілі Оранта бейнесінің қандай ортақтығы бар?
Шынтуайтында екі бейненің ортақ тұстары жетерлік.
Оранта — қолын көкке жайған Мәриям бейнесін салу үшін қолданылатын негізгі иконографиялық канондарының бірі. «Оранта» сөзін латын тілінен аударғанда «Дұға етуші» деген мағынаны білдіреді. Аталған бейне Палеолит дәуірінен бері кең тараған Тәңір-ана культіне негізделген. Археологтар қолын көкке жайған культтік бейненің мүсіндерін қазба жұмыстары кезінде көп ұшырастырады. Отбасының бақыты үшін дұға ететін аналардың бейнелері түрлі материалдардан (сүйектен, тастан, саздан) жасалған. Ыдыс-аяқ сыртында, әшекейлерге салынған суреттері де жетерлік. Сондай-ақ үңгір қабырғалары мен жартастарға қашалған Тәңір-ана бейнесі де көп кездеседі.
Ежелгі адамдар құлшылық жасауында тек Тәңір-ананы ғана бейнелемеген. Қолын көкке жайған адамдардың суреті дүниежүзі бойынша ең кең тараған бейне саналады.
Бетін мүк басқан тас бетіне қолын көкке көтерген адамның бейнесі Аюке мен Жолбарыстан да табылып отыр. Аталған сурет 4 мың жыл бұрын, ерте қола дәуірінде қашалған. Ал Аюке мен Жолбарыстың жанындағы жартастарда осыған ұқсас бейнелердің бірнешеуі қашалған. Олардың бірінде тіпті дұға етушілердің тобы бейнеленген.
Археология ғылымында мұндай бейнелерді адоранттар деп атайды (латын тілінде «жалбарыну», «қадірлеу» деген мағынаны білдіреді). Аталған бейнелерге қатысты бір қызықты жайтты атап өтпеске болмайды. Ежелгі Қосөзенде мұндай пұттарды қажылыққа келген жандар арнайы жасатып, өзге келушілер дұға етсін деген мақсатта ғибадатханаға қоятын болған.
Аюке мен Жолбарыс жартастарында бақсы-суретшілер қашап салған кейіпкерлер арқылы не айтқысы келгені белгісіз. Бәлкім, бұл Құдайдан әлдене сұраған нақты адамдардың портреттері де болуы мүмкін немесе қандай да бір діни қызметті атқарған, жоралғыны орындаушылардың бірі болуы да ғажап емес. Қалай болмасын, Аюке мен Жолбарыстағы кішкентай адам 4000 жылдан бері «әрқашан күн сөнбесін, жаңбыр жаусын, мал өсіп, балалар көбейсін!» деп біздің саулығымыз бен игілігімізді Құдайдан сұрап тұр. Сондықтан осы бір дұға жер басып жүрген жандарды бәле-жаладан желеп-жебеп жүр дегенге иланғымыз келеді.