«КӨШПЕЛІЛЕР ОЙЫНЫНДАҒЫ» САДАҚ АТУ САЙЫСЫ

Тиіндер, бас бармақ және өзін-өзі ұстай білу

«КӨШПЕЛІЛЕР ОЙЫНЫНДАҒЫ» САДАҚ АТУ САЙЫСЫ

Садақ — ат үстіндегі көшпелі жауынгерге ең қажетті қару. Садақпен олар аң мен құсты атып алған. Сондай-ақ ілкіде көшпелі жұрт садақпен үйір-үйір жылқысын екі аяқты ұры-қары мен төрт аяқты жыртқыштардан қорғаған. Садақ тартқан жауынгерлер жерлерді жаулап, туған өлкесін жаудан қорғаған. Дала төсінде қолына садақ ұстаған салт атты жауынгер ең шапшаң әрі ең қатерлі күш саналған. Сондықтан көшпелі халықтар баласы тәй-тәй басқанда қолына кішкентай садақ ұстатқан. Тіпті қайтыс болған адамды садағымен бірге жерлейтін болған.

 

Аталған мақаланы жазуға көмек қолын созғаны үшін Алматы қаласында орналасқан «ErZhurek» дәстүрлі садақ ату клубының негізін салушы Ғайни Асуат ханымға редакциямыздың атынан алғыс айтамыз.

Көшпенділер ойынында көрермен садақ ату сайыстарын зор ықыласпен тамашалайды. Ойындарда орнында тұрып нысана атумен қатар «жамбы ату» (ат үстінде садақ тарту) сайысы да өтеді. Екі сайыста да табиғи материалдардан жасалған, кәсіби садақтардан айрықшаланатын дәстүрлі садақтар қолданылатын болады. Мұнда пластиктен жасалған садаққа рұқсат жоқ. Садақ тек ағаш пен сүйектен жасалуы тиіс.

Ойындардағы нысана да айрықшаланады. Айталық, жетпіс қадам қашықта тұрып садақ тартатын сайысқа қатысушылар түріктердің «путу» деп аталатын тұлып пішіндес нысанасын көздейді. Нысанаға дөп тиген әр оқ үшін мергенге 1 ұпай беріледі. Әр қатысушы бір тұрыста тоғыз оқ атады. Садақшыларға осындай жеті мүмкіндіктен беріледі. Сонда әр садақшы бас аяғы алпыс үш оқ атқан соң іріктеу жүреді: келесі кезеңге 16 үздік садақшы өтеді. Әрмен қарай іріктелген 16 қатысушы 8 жұпқа бөлініп жарысады. Осылайша ширек, жартылай және финалда өнер көрсететін мергендер сұрыпталып шығып, жеңімпаз анықталады.

Садақ ату сайысы. Бурсада (Түркия) өткен  IV Дүниежүзілік көшпелілер ойыны. 2022 жылғы 1 қазаны/Photo by Emin Sansar/Anadolu Agency via Getty Images

Садақ ату сайысы. Бурсада (Түркия) өткен IV Дүниежүзілік көшпелілер ойыны. 2022 жылғы 1 қазаны/Photo by Emin Sansar/Anadolu Agency via Getty Images

Ал 60 қадамнан садақ ататын сайысқа сауыт (қалқан) формасындағы өзгеше бір нысана қолданылады. Аталған қашықтықта да садақшыға жеті мүмкіндік беріледі. Бірақ бұл жолы бір тұрыста тоғыз емес, жеті оқ атады.

Сондай-ақ қазақтың дәстүрлі нысанасы «жамбы атудан» бөлек сайыс өтеді. Ерте кезеңдерде алтын, күміс, қымбат бұйымдар мен түрлі бағалы тастар салынған жамбыны биікке жылқының қылынан жасалған жіпке байлап іліп қоятын болған. Атпен шауып келе жатып мерген бір оқпен жамбыны емес, қыл арқанды үзіп түсіруге тиіс болған. Қазір жамбыны атпен емес, жай тұрып та ата береді. Ал жамбының өзі алтын түстес жабынмен қапталған домалақ затқа ұқсайды. Сайыс ережесі бойынша садақшы енді қыл арқанды емес, жамбының өзін дәл көздеуі керек. Сайысқа қатысқан мергенге бес мүмкіндік беріледі. Әр тұрыс сайын қорамсағына бес оқ салынады. Садақшы нысанаға дөп тиген сайын ол әрлі-берлі тербеліп, жағдайды қиындата түседі.

Садақ ату сайысы. Бурсада (Түркия) өткен  IV Дүниежүзілік көшпелілер ойыны. 2022 жылғы 1 қазаны/Photo by Emin Sansar/Anadolu Agency via Getty Images

Садақ ату сайысы. Бурсада (Түркия) өткен IV Дүниежүзілік көшпелілер ойыны. 2022 жылғы 1 қазаны/Photo by Emin Sansar/Anadolu Agency via Getty Images

Сондай-ақ «жамбыны» бас-аяғы бес садақшы (3 ер, 2 әйел) қатысатын командалық сайысқа да нысана ретінде қолданады. Әйелдердің сайысында да жоғарыда атап өткен 3 түрлі нысана қолданылғанымен, ату қашықтығы қысқарады.

Кей сайыстар кезінде садақ атудың «3D» деп аталатын айрықша форматы да қолданылады. Аталған сайыс көбіне ағашы көп, тегіс емес алаңда өтеді. Мұнда түрлі аңдардың бейнесіндегі нысана ретсіз орналастырылады. Айталық «тиін» ағаштың басында, ал «түлкі» діңгегінде, «қоян» болса, төбеде тұрады. Садақшы бұл сайыста биік пен аласада орналастырылған нысаналарды дәл көздеп, шеберлігін паш етуге тиіс.

Садақ ату (3D). Қырғызстан/Photo by: Martin Zwick/REDA&CO/Universal Images Group via Getty Images

Садақ ату (3D). Қырғызстан/Photo by: Martin Zwick/REDA&CO/Universal Images Group via Getty Images

Көшпелі халықтардың садақ атуы, еуропалықтардың дәстүрлі атысынан айрықшаланады. Айталық Еуропалықтар садақты үш саусағымен тартады. Өйткені ілкідегі Еуропалықтардың садақшылары жаяу жүргендіктен, оларға дәл осы ату мәнері қол болған. Ал көшпелі жауынгерлер садақты ат үстінде тартқандықтан, олар оқты кіріске сол жағынан емес, оң жағынан салып, кірісті бас бармағына таққан «сақинасымен» өзгеше тартатын болған. Тіпті бас бармағын жоғары көтеріп көрсететін «лайк» таңбасы Азиядан шыққан дейтін аңыз да бар: ертеде тұтқынға түскен жауынгерлерді дәрменсіз күйге түсіріп, ұрысқа жарамайтын жарадар ету үшін бас бармағын шауып тастайтын болған. Сондықтан ұрыстан аман қайтқан жауынгерлер алыстан бас бармағын жоғары көтеріп: «Біз жеңдік, бас бармағым аман!» деп саулығын білдірген көрінеді. Дәл осылай еуропалықтардың жеңісті ишарасы болған «виктория» таңбасы да, садақшылардың саусағы аман қалғанын көрсетеді-мыс. Аталған аңыз тарихи тұрғыдан күмәнді болғанымен, бірақ бас бармақты жоғары көтеру заманауи садақшылардың арасында кең қолданылады.

Еуропалық, шертпе және моңғолдық әдіс/Wikimedia commons

Еуропалық, шертпе және моңғолдық әдіс/Wikimedia commons

Әр халықтың өзіне тән айрықша садағы болған. Айталық Корейлер бойы қысқа, кішкентай болғанымен, салмағы өте ауыр садақты ұстаған. Ал Жапондар керісінше, өте ұзын (екі метрге дейін жетеді) садақ қолданған. Өздерінің ұзын садақтарымен ағылшындар мен валлиліктердің де аты шыққан. Дегенмен ұзын садақты тек жаяу әскер ғана қолдана алған. Мұндай садақты қамалдың қабырғасына я жерге тіреп қойып ату ыңғайлы болғанымен, ат үстіндегі жауынгерге мүлдем қолайсыз болған. Ал қазақтың шағын келген, жеңіл әрі қатты иілген дәстүрлі садағына келер болсақ, ғылымда оны «қырым-татарлық» формадағы садақ деп атайды.

Жапон садақшысы/Wikimedia commons

Жапон садақшысы/Wikimedia commons

Дәстүрлі садақ тарту — бұл барынша түйсікке иек артатын сайыс. Өйткені мұнда ешқандайда заманауи жоғары технологиялар, мәселен, күрделі көздеу құрылғылары, тепе-теңдікті сақтауға көмектесетін құралдар қолданылмайды. Тек кіріс, нысана мен садақшы ғана бар. Сондықтан спорттық садақ атумен айналысатын олимпиадаға қатысатын мергендер, дәстүрлі түрде өтететін сайыстарда елеулі жетістікке жете бермейді. Ал бала кезден дәстүрлі формадағы садақты тартып үйренген жандар, аталған сайыс түрінде артықшылыққа ие болады. Айталық қазақ садақшыларының тез бейімделуді қажет ететін «жамбы» секілді тербеліп тұратын нысаны көздейтін сайыс түрлерінде айрықша мергендімен көзге түсетіні тегін емес.

Моңғол садақшылары. 1920-жылдар/Wikimedia commons

Моңғол садақшылары. 1920-жылдар/Wikimedia commons

Жалпы алғанда садақ ату — өзіңе деген сенімді арттырып, өзіңе ден қоюды үйрететін керемет жаттығу. Бұл ермек ішкі үніңді естуге мүмкіндік береді. Әлбетте, садақ атудың бүкірлікті жойып, білек күшін жаттықтырып, денеңді игеру мен назарды бір жерге шоғырландыруға үйрететін басқа да толып жатқан пайдасы бар. Бұл іс тіпті көздің көруін де жақсартады. Дегенмен ең бастысы, садақ ату сабырлы болуға үйретеді. Айталық, алыста тұрып садақ атып, әрбір қателігіңіз үшін өзіңізді тілдейтін болсаңыз, нысанаға оқты дөп тигізе алмайсыз. Ал нысананы көздей алмау, не нәрсені бұрыс істеп жатқаныңызды түсінуге берілген мүмкіндік екенін ұқсаңыз, келесі атқанда дөп тигізетін боласыз. Өзіңе сенімді болмай, ішкі үніңе құлақ түруді үйренбей, құралайды көзге атқан мерген атана алмайсыз. Ал нысананы көздегенде тек дөп тигізсем деген қалауыңызға ғана ден қойсаңыз, онда қиыс кетеріңіз анық. Садақ ату — айрықша спорт. Егер футбол я воллейбол, жекпе-жек секілді басқа спорт түріне қарайтын болсақ, бұл сайыстың бәрінде қарсыласпен тайталасасыз. Ал садақ ату сайысында ұдайы тек өз-өзіңмен тайталасқа түсесің. Мұнда ең алдымен өзіңді жеңуің қажет. Бұл сайыс түрінде эмоцияның маңызы орасан зор, өйткені мұнда өз-өзіңді ұстай білу (қайғырып әлде қуанып тұрсың ба маңызды емес, екі күйде кедергі келтіру мүмкін) аса маңызды. Сабырлық — жеңіске жеткізетін кілт.

Дүниежүзілік көшпелілер ойыны. 2016 жылғы 6 қыркүйек. Чолпон-Ата, Қырғызстан/Photo by Nezir Aliyev/Anadolu Agency/Getty Images

Дүниежүзілік көшпелілер ойыны. 2016 жылғы 6 қыркүйек. Чолпон-Ата, Қырғызстан/Photo by Nezir Aliyev/Anadolu Agency/Getty Images

Сондықтан садақ ату Қазақстанда жастарды тәрбиелейтін маңызды спорт түрі ретінде мойындалып отыр. Өйткені аталған сайыс балаға, жас өспірімге я бой жеткен қызға физикалық саулықты ғана емес, сондай-ақ жан саулығын сақтауға көмектесіп, өзін-өзі қолға ұстауға, сабырлы болуға, қиын сәттерде сау ақыл мен дұрыс күйде болуды үйретеді.

Дәстүрлі садақ ату Федерациясы Қазақстанның барлық қаласынан мектеп пен клубтар ашып, жыл сайын жастар мен ересектер арасында сайыс ұйымдастырып келеді. Оның үстіне садақ атуға келгенде, садақшының қай жаста екені маңызды емес. Балалар 5–7 жастан бастап садақ атып үйрене алады, ал ересектер арасындағы жастық шекке келсек, ешқандай шектеу жоқ. Үлкен жарыстардың өзінде жетпістен асқан қариялар сайысқа түсіп, тіпті жеңіске жетіп жатады.

Түркияда өткен Халықаралық көшпенділер ойындарында балалар садақ атуды үйренуде/Alamy

Түркияда өткен Халықаралық көшпенділер ойындарында балалар садақ атуды үйренуде/Alamy