Орталық Азия халықтары өмірдің түрлі кезеңіне арналған ұлттық киімдерін киіп тұр. 1900 жыл / Bildagentur-online / Universal Images Group / Getty Images
Қазіргі қолданыста «шалақазақ» деген сөздің жағымсыз реңкі бардай, көбіне мысқыл, сөгіс сипатында естіледі. Қазақшасы шала не мәдени бірегейлігінен айырылып қалғандай көрінетін адамдарға солай деп жатамыз. Алайда тарихи тұрғыдан бұл сөздің мәні мүлде бөлек болған. Бұрын «шалақазақ» деп маргинал біреуді емес, екі ұлт өкілінің некесінен, екі бөлек мәдениет, тіл мен бірегейлік тоғысында әрі сол кезде жиі кездесетін жағдай — саяси мүдделер тоғысында туған адамдарды айтатын.
Ондай «аралас некелер» Қазақ хандығының іргесін нығайтатын маңызды механизм іспетті еді. Өзге ұлттан қыз алып, қызын жатқа берудің себебі де сан түрлі: салқынқанды есеп те, дипломатия ойыны да, мәжбүрлік те бар, кейде тіпті дәстүрге қайшы келсе де, адамның өз қалауы да болатын. Бұл мақала — тарихшы Аманжол Қалыштың Қазақстан аумағындағы аралас неке тарихы туралы зерттеуінің екінші бөлімі. Бұл бөлімде 15-ғасырдан 20-ғасырдың басына дейінгі кезең қамтылған.
Қалмақ қалыңдықтар
15-ғасырда Қазақ хандығы ірге көтерген тұста, сырттан қыз алысқан аралас неке көбейді. Ендігі жерде бұл төре тұқымы — көп әйел алатын хан-сұлтандар ортасындағы билеуші әулеттердің қыз алысып, қыз беріскені емес еді. Көбіне билеушілер шапқыншылықтан қолға түскен тұтқын қыздарды кіші тоқал қылып алатын. Оған негізгі себеп ретінде кейін жоңғар және қалмақ аталып кеткен ойраттарменi
Мысалы, қазақтың тоғызыншы ханы Шығайдың (1580–1582) анасы — қалмақ қызы Абайхан-бегім.
Қазақтар мен ойраттардың қақтығысы 1635 жылы Жоңғар хандығы құрылған соң ушыға түсті. 17-ғасырдың 80-жылдарының аяғына қарай жоңғарлар Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан аумағын, ал 1741 жылға қарай Орта жүз жерінің бір бөлігін басып алды. Бұл басқыншылық кейін көбіне мәжбүрлі қыз алысып, қыз берісуге алып келді.
Қалмақ ханшайымы. Л. Буланже құрастырған «Кавказ және Орталық Азия. Бейнелер мен киімдер» еңбегінен алынған иллюстрация. Париж, шамамен 1890 жыл / The Print Collector / Print Collector / Getty Images
17–18-ғасырларда Кіші жүз қазақтары Қалмақ хандығыныңi
Есім ханның (1598–1628) ұлы Салқам Жәңгірдің (1643–1652) бір әйелі — хошоуыт тайпасының билеушісі Күнделен-Ұбашыр тайшының қызы Бану ханым болған. Қазақтың «Жеті жарғысын» шығарып кеткен Әз Тәуке хан сол Бану ханымнан туған. Есім ханның енді бір ұлы Қасым сұлтанның анасы Ділшах — қалмақтардың бірінші тайшысы, 1628–1632 жылдары Ноғай ордасын талқандаған Хо-Үрліктің (Қойырлық) қызы. Қойырлықтың енді бір қызы — төре тұқымынан шыққан сібір ханы Көшімнің ұлы Есіл сұлтанға әйел болған.
Кәнизактар мен төлеңгіттер
Шапқыншылық кезінде тұтқынға түскен әйелдер әдетте әскер олжасы саналатын. Егер олар бағы жанса, тоқал не кәнизак болатын, әйтпесе күң-құма қамытын киетін.
Ақзел Бейсембай. Төлеңгіт таңбасы / Qalam
Тұтқынға түскен ерлердің тағдыры да кісі қызығарлықтай болмаған: көбіне құл-құтан болып есікте жүреді, бағы болса, хандар мен сұлтандардың қызметіне кіреді. Ондайда олар қазақ билеушілеріне қызмет ететін бөлек тап — төлеңгіттер қатарына қосылатын.
Мұндай мысалдар қазақ халық ауыз әдебиетіндегі «Жетіген батыр» эпосы мен Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасында көрініс тапқан.
Киіз үйдегі қалмақ әйелдері. Лондонда апта сайын шығып тұрған «Cassell's Illustrated Family Paper» журналынан. 1854 жыл / The Print Collector / Heritage Images / Getty Images
Хан әйелдері
Жат елден әйел алу, әсіресе Қазақ хандығының билеушісі Абылайдың (1711–1781) әулетіне айрықша тән болды. Бір нұсқада ханның өзі ойрат (қалмақ) қонтайшысының қызынан туған десе, бір нұсқада шешесі түрікменнен келген кәнизак делінеді. Ал Абылайханның 12 әйелі болған, олардан 40 қыз, 30 ұл өрген. Әйелдерінің шыққан елі мен тегі әралуан болса, солардың жетеуі — қалмақ қыздары.
Абылай ханның бесінші әйелі — Хошы-Мерген ноянның қызы Топыш ханымды оған ойрат ханы Халдан Церен өзі алып берген. Топыш ханымнан Қамбар мен Қасым сұлтандар туады. Ханның тағы бір әйелі, қарақалпақ бегі Сағындық Шуақбайдың қызы Сайман ханым Абылайға төрт ұл тауып берген. Абылайдың әйелдері арасында қашқар бегінің қызы да, орыс кәнизак та болған.
Абылай ханның үзеңгілес серіктері, қолбасшылары Қабанбай мен Малайсары да қалмақ қыздарынан туған. Қабанбайдың шешесінің аты — Күнбике, Малайсарының шешесінің аты — Мөлдір еді.
Қалмақтан қыз алу Кіші жүз хан-сұлтандарына да тән болатын.
Әбілқайыр ханның (1718–1748) бәйбішесі Бопай ханым болса, тоқалы — Шыңғыс сұлтанның шешесі, қалмақ қызы Баян ханым еді. Әбілқайырдың тұңғышы Нұралы хан (1748–1786) тұтқынға түскен қалмақ қызы Рыссты (Ырыс) алып, одан Қаратай деген ұлы туады.
Түркі тілдес халықтар
Аралас некелер Қазақ хандығының өзге түркі халықтарымен шекарасында да кең тараған. Ең алдымен, қазақтар қырғыз, башқұрт, қарақалпақ, түрікмен, ноғай, татардан қыз алып, қыз беріп келген.
Ондай құдандалық бірде бейбіт келісіммен жүрсе, кейде қазақ сұлтандары мен хандарының шапқыншылығынан болып жататын, ал кейде әсіресе Абылай хан тұсында, бүкіл Қазақстан аумағындағы көші-қон барысында жүретін.
Шоқан Уәлихановтың жазуынша, 1750 жылдардың ортасында Абылай бір шапқыншылықта жүздеген қырғыз тұтқын әкетіп, Көкшетау округінің екі — Жаңа қырғыз бен Бай қырғыз деген болыстарының аумағына қондырған екен. Кейін олар Арғынның Атығай руына сіңіп кеткен.
Осыған ұқсас Қазақстанның өзге Орталық, Оңтүстік-Шығыс, Оңтүстік және Батыс өңірлерінде де қырғыздар жергілікті қазақтардың арасына тарала қоныстанып, сіңіп жатқан.
Айталық, өз заманының атақты қайраткері, «дала Нострадамусы» атанып кеткен Мөңке Тілеуұлы (1675–1756) даңқты қолбасшы Тілеу Айтұлы мен жергілікті қырғыз батыр Ақкісі Барақұлының қызы Сұлудан туады.
Башқұрт пен қазақтың сіңісуі
Ел-елдің өзара қыз алысқанынан бөлек, қатар қонған елдер біртіндеп бір-бірімен мидай араласып кетіп жататын. Соған бір мысал — қазақтар мен башқұрттардың сіңісуі. Оған сан ғасыр қатар көшіп-қонған көршілік те, жақын ру-тайпа топтары болғаны да, ұлт-азаттық соғыстар да, сондай-ақ патша әкімшілігі екі елді бір-біріне айдап салған қасіретті кезеңдер де себеп болған. Сөйте тұра, қазақтар мен башқұрттар бір-біріне көшіп барып, сіңіп кетіп жататын.
Иван Зеленов. «Мерекелік киім киген тұрмыстағы келіншек». Башқұрт ұлттық киім элементі — иңһәлек (не елкәлек). Уфа губерниясы, Белебей уезі, Ябалаклы ауылы. 1909 жыл / Wikimedia Commons
Қазақстанның Батыс және Солтүстік-Батыс аумақтарында 1735–1740 және 1755 жылдары өткен ұлт-азаттық қозғалыстар жаншылған соң, 10 000 башқұрт өзіне туыс қазақ ру-тайпаларына бассауға іздеп барып, пана тапқан.
Орынбор шекара комиссиясының 1799–1815 жылдардағы материалдарына сүйенсек, 4-, 6- және 9-кантондардағы түрлі ауылдардағы «башқұрттар» қатарына 1 226 қазақ (863 ер мен 363 әйел) кірген екен. Олардың көбі Кіші жүздің жағалбайлы, тама, табын, шекті тайпаларынан, сондай-ақ көбі түрлі жылдары шапқыншылықтан келген башқұрт қыздарды алған Орта жүз қыпшақтарынан да болған.
Башқұрт арасында әлі күнге дейін «қазақ» аталатын ру-этнос топтары бар. Қазақ арасында да қазақ-башқұрт некесінен туған ұрпақ жетерлік. Айталық, Батыс Қазақстанда «естек» аталатын ру-этнос топтары бар.
Қазақ пен түрікменнің қыз алысқаны
Қазақ және түрікмен ру-тайпаларының тығыз қарым-қатынасын айғақтайтын мысал жетерлік. Екі елдің аралас-құраласы 1505 жылы шайбанилер Хорезм мемлекетін жаулап алған соң айтарлықтай күшейе түскен.
Маңғыстау адайларының бір көсемі, батыр, Хақназар ханның (1538–1580) кеңесшісі болған Ер Қосай Құдайкеұлы (1507–1594) түрікмен қызынан туған, өзі де түрікмен көсемі Ер Сарының қызы Оғұлмеңліні алған. «Түрікмен адайлар» солардың ұрпағынан тарайды.
Хиуа хандығы мен Қазақ хандығы қатар жасаған 17–19-ғасырлардағы әскери-саяси оқиғалар тұсында түрікмен қыздары әйел, кәнизак, құма болса, ойраттар сияқты, түрікмен ерлері де қазақ сұлтандарына төлеңгіт болып кеткен. Енді біреулері қазақтармен құдандалы болып, жергілікті ру-тайпаларға сіңіп, өздерін Кіші жүздің Әлімұлы немесе Ұлы жүздің жалайыр ұрпақтары деп танып жүр.
Сергей Прокудин-Горский. Дәстүрлі киімдегі әшекей таққан түрікмен әйел. Түркістан, шамамен 1905–1915 / Heritage Images / Getty Images
Қазақ пен ноғай құдандалығы
Қазақ пен ноғайдың тұрақты қарым-қатынасы 15–16-ғасырларда, Қазақ хандығы мен Ноғай ордасы бар кезден қалыптасып, этностық тарихы жақындығы, тіл, мәдениет, дәстүр мен ғұрып, ауыз әдебиеті ұқсастығы сеп болып, 17–18-ғасырларда жалғаса берген.
Дәстүрлі киімдегі ноғай қыздары. 20-ғасырдың басы / Wikimedia Commons
Шалкиіз жырау (1465–1560), Доспамбет-жырау (1490–1523), Қазтуған-жырауi
Қырғыз әйелдері. Қырғызстан, 1910 жылдар / Romanov empire
Қазақтардың, әсіресе Кіші жүз қазақтарының көбі орта ғасырда ноғайдан тараған. Мысалы, Жетіруда — жағалбайлы, телеу, Әлімұлы — шеркеш, каракесек, Байұлы — алтын, жаппас, бериште, Орта жүзде қоңырат арасынан ноғай-қазақ деген рулар ұшырасады. 19-ғасырдың аяғы мен 20-ғасырдың басына қарай ондай аралас рулар Батыс Қазақстан ғана емес, Солтүстік (Көкшетау, Қостанай уездері), Шығыс (Семей уезі), Оңтүстік-Шығыс (Лепсі уезі) және Оңтүстік Қазақстан (Шымкент уезі) аумағында тарала қоныстанған.
Татарлармен қыз алысып, қыз беріскен
Қазақ пен татардың қыз алысуына орта ғасырдан тамыр тартатын этномәдени және діни факторлар негіз болған.
Бар қазақ атын білетін ақын, ойшыл, жырау, Алтын Орда ханы әрі Қазан хандығының негізін қалаған төре тұқымы Ұлық Мұхамедтің (1405–1445) кеңесшісі болған Асан Қайғы Сәбитұлын (1370–1465) қазақ та, татар да өзінікі дейді. Асан қайғының анасы Сәбира — Ұлық Мұхамедтің қарындасы болған.
19-ғасырда сондай некеге бір мысал — Бөкей ордасының ақырғы ханы Жәңгір Бөкейұлының (1801–1845) отбасы. Оның жары Фатима ханым — Орынбордың атақты мүфтиі Мұхамеджан Құсайыновтың қызы.
Баймұхамбет Қосшығұлов/ vechastana / cyclowiki
Біздің дәуірге таяй түскен бір ұлтаралық неке — Ақмола облысы Қараөткел өңірінен шыққан ірі көпес, меценат Баймұхамбет Қосшығұловтың (1848–1916) некесі. Ол жетім кезінде өзін асырап, тәрбиелеп өсірген татар көпестің қызы Мәдина Мақсұтованы алған.
Қазақ әйелдер
Қазақстанның түрлі өңірлерінде қазақтар өзге елден қыз алып қана қоймай, өзге, негізінен түркі халықтарына да қыз берген. 18-ғасырдан 20-ғасырдың басына дейін қазақ қыздары татар, башқұрт, қарақалпақ, түрікмен, өзбек, қырғыз, ұйғырлар мен алтайлықтарға тиіп жататын.
Мысалы, Ақмолада көпес, сол заманның атақты ағартушысы, татар Уәли Халфин (1834–1894) мыңғырған мал айдаған қазақ байының қызы Тәуірбала Балқымбайқызын алып, екеуінен алты ұл туылған.
Сондай-ақ қазақ қыздары сарт (тәжік), орыс, казак, украин, қалмақ, дүңген және өзге де ұлт өкілдерімен тұрмыс құратын. «Шалақазақ» деп бұрын сондай, яғни бөтен әке мен қазақ шешеден туған ұрпақты атайтын.
Самуил Дудин. «Семей облысының қазақтары» альбомынан. 1899 / Romanov Empire
Прототүркі кезеңінен бергі тарихи деректерді зерделеп қарасақ, Қазақстан аумағында екі мың жылдан бері өзге ұлттармен қыз алысып, қыз беріскен жағдайлар аз емес.
Қырғызстан адамдары. 1894 / Romanov empire
Аралас неке билеуші тап ішінде де, олардың төңірегінде, жақын-жұрағатында, ақсүйектер — билер, батырлар, өзге де билік өкілдері арасында кең тараған. Олар әдетте көп әйел алып, кәнизак ұстап, сол көп әйел мен кәнизактың берісі біреуі, тіпті бірнешеуі өзге елден болатын. Ондай аралас некенің басты себебі де, мақсаты да — елдер арасындағы саяси одақты нығайту еді.
Қара халық ішінде бөтенмен қыз алысып қыз берісу анағұрлым аз кездесетін. Әдетте қойы қоралас, елі аралас, қатар көшіп-қонып, бір жерді жайлап жүрген көрші тайпа, елдер құдаласып жататын. Кей жағдайда шапқыншылықтан келген құма босаға аттап, некелі қатын атанғаны бар.
Астрахан түбіндегі Ноғай даласында тұрған киіз үй. 1894 / Romanov empire
Бұл мақала — тарихшы Аманжол Қалыштың қазіргі Қазақстан аумағындағы ұлтаралық неке туралы зерттеуінің екінші бөлімі. Біздің заманымызға дейінгі 3-ғасырдан біздің заманымыздың 15-ғасырға дейінгі кезеңдегі аралас неке тарихы туралы мақаланы мына жерден оқуға болады.
НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ
- Акылбаев М.И., Найманбаев Б.Р., Отеуов Н.Н. Казахские и ойратские (калмак, джунгар) родственные отнеошения // Социально-экономический и гуманитарный журнал. – 2022. – № 2. С. 189–197 (с. 192–193).
- Бахтин А.Г. Образование Казанского и Касимовского ханств. – Йошкар-Ола: МарГУ, 2008. – 251 с.
- Боранғалиұлы Т. Жәңгір хан. – Алматы: Абзал-ай, 2014. – 528 б.
- Добросмыслов А.И. Тургайская область. Исторический очерк // Известия Оренбургского отделения ИРГО. – Оренбург, 1901. – Вып. 16. С. 125–272.
- Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик. Изд. 3-е, испр., доп. – Алматы: Дайк-пресс, 2007. – 456 с.
- Иванов П.П. Очерки истории Средней Азии (XVІ – середина ХІХ в.). – М.: Изд-во Вост. лит-ры, 1958. – 251 с.
- Илиуф Х.Ш. О происхождении этнической категории «чала-казак» // Этнография Алтая и сопредельных территорий: Материалы международной научной конференции. – Вып. 8. – Барнаул: АлтГПА, 2011. С. 22–27.
- Калыш А.Б., Бекесова А.Т. Туркмены Казахстана. – Алматы-Москва: EDP Hub, 2024. – 230 с. (с. 21–27).
- Калыш А.Б., Раймбекова М. Қазақстан қырғыздары. – Астана: «InDesign studio»: ЖШC, 2016. – 232 б.
- Құл-Мұхаммед М. Мөңке би. Тарих, тұлға, уақыт. – Алматы: Аруна, 2006. – 92 б.
- Маңғыстау энциклопедиясы / Бас ред. Б.Ғ. Аяған. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2008. – 630 б.
- Мойсеев В.А. Джунгарское ханство и казахи (XVІІ–XVІІІ вв.). – Алма-Ата: Ғылым, 1991. – 238 с.
- Ногай-казахи // Инкорпорированные и внежузовые группы в составе казахов (XVIІІ – начало ХХ вв.). / Абиль Е.А., Исин А.И., Калыш А.Б.; ред. Смагулов Б.К. – Алматы: Изд-во ИП «Базарбаева», 2020. – С. 195–217.
- Нуржанова А.М. Башкиры Казахстана. – Алматы: Қазақ университеті, 2018. – 177 с. (с. 15–16).
- Озғанбай Ө. Ер Қосай // Озғанбай Ө. Замана көшінде. – Ақтау: Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы, 2013. – 16–26 бб.
- Почекаев Р.Ю. Цари ордынские. Биографии ханов и правителей Золотой Орды. – СПб.: Евразия, 2012. – 464 с.
- Прохоров И. Династия Халфиных // Казахстанская правда. – 2020. – 31 января; Аден А. Казахи и татары: дети одной семьи // https://e-history.kz/ru/news/show/4633 (23.01.2020).
- Таймасов С.У. Башкирско-казахские отношения в XVІІІ в. – М.: Наука, 2009. – 344 с.
- Тепкеев В.Т. Хан Аюка: Первые годы правления // Вестник КИГИ. – 2011. – № 1. – С. 35-42.
- Хасан С. Ғазиз аналар – қалмақ қыздары // Айқын. – 2017. – 17 ақпан.
- Хафизова К.Ш. Степные властители и их дипломатия в ХVIII–ХIХ веках. Монография. – Нур-Султан: КИСИ при Президенте РК, 2019. – 476 с.
- Черемин А.А. Брест. История приграничного города (Х-ХХІ века). – М.: Первый том, 2017. – 383 с.
- Шала-казахи // Инкорпорированные и внежузовые группы в составе казахов (XVIІІ – начало ХХ вв.). / Абиль Е.А., Исин А.И., Калыш А.Б.; ред. Смагулов Б.К. – Алматы: Изд-во ИП «Базарбаева», 2020. – 218-238.
- Шарип А. Образ Асан кайгы в культуре тюркских народов // Turkic Studies Journal. – 2020. – № 2 (T. 2). – С. 79-96.
- Эрдниев У.Э. Калмыки: историко-этнографические очерки. 3-е изд., перераб. и доп. – Элиста: Калм. кн. изд-во, 1985. – 282 с.
- Grousset R. The Empire of the Steppes: A History of Central Asia. – New Jersey: Rutgers University Press, 1970. – 687 р.