ҚАЗАҚ ДАЛАСЫ: РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНАН КЕҢЕСТІК УТОПИЯҒА ДЕЙІН

5 дәріс. Темірмен және қанмен

В. Птюхин. Азамат соғысы

Тарихшы Сұлтан Әкімбеков өз дәрістерінде екі революция, Азаматтық соғыс пен кеңес «модернизациясын» бастан кешіріп, араны ашылған Ресей империясы жаулап алып, талан-таражға түскен қазақ жерінің қалай біртұтас елге айналғаны туралы баяндайды. Бесінші дәріс азамат соғысының аяқталуы мен далада большевиктік биліктің орнауына арналған.

1918 жылдың аяғында Колчак үкіметі біріктірген ақтар, барлық ескертпеге қарамай, біртұтас және бөлінбейтін Ресейді қалпына келтіруді жақтап шықты, бұл бұрынғы империяның этникалық қоғамдастықтарының большевиктердің федералистік риторикасына назарын аудартты. 1919 жылдың ақпанында башқұрттар бірінші болып басқа жаққа өту туралы шешім қабылдады. Шамасы, «орыс армиясының офицерлері үстемдік ететін саяси болашақтан» гөрі барлық халықтардың өз тағдырын өзі шешетініне уәде берген большевиктердің сөзі башқұрт ұлтшылдарына жағымдырақ болса керек.

Большевиктер бірден Башқұрт автономиясын санкцияланы, өйткені Заки Валидидің айтуы бойынша, олардың 27 мың адамнан тұратын әскери құрамаларының Мәскеу үшін маңызы зор болды. Көп ұзамай олар Харьков маңында Деникинмен, Петроград түбінде Юденичпен шайқасты.

Заки Валиди большевиктер жағына өтуден сәл ғана бұрын Ленинге «Қырғыз» және Башқұрт республикаларын біріктіруді ұсынған болатын. Алашорда ақтар диктатура орнатқан үмітсіз жағдайға қалғанда, Валиди шынымен де мұндай одаққа сенім артып еді. Алайда Мәскеу үшін мұндай біріккен республика тым үлкен және басқару қиын болып көрінді. 1919 жылы Башқұртстан дербестігінің жоғары дәрежесін және Валидидің орасан зор беделін ескере отырып, Пестковский оны ирониялық түрде «пайғамбар» деп атап,iОсы сипаттаманы кеңестік Қазақстанның алғашқы басшысы Станислав Пестковский берген. бұл ұсынысты қабылдау мұндай дербестікті басқа аумақтарға да беруді білдіретінін айтқан. Оның үстіне, бұл Алашорда өкілдерінің билік жүргізуіне мүмкіндік берер еді. Мәскеудің Валиди идеясын қабылдамауы заңдылық.

В. Н. Денисов. Адмирал Колчак. 1919 жыл / Wikimedia Commons

АҚТАРДЫҢ КӨЛЕҢКЕСІНДЕ: КОЛЧАКТАН ДЕНИКИНГЕ ДЕЙІН

Башқұрттарға қарағанда Семейде де, Жымпитыда да, қазақ саясаткерлерінің айла-шарғы жасауға онша мүмкіндігі болмады. Сібір және Орал казак әскерінің әскери күш-қуатына қарсы Қазақ даласының шығысы мен батысындағы саны аз қарулы қазақ жасақтарының ештеңе істей алмайтындары түсінікті еді. Оның үстіне олар оперативті түрде казактарға бағынышты болды. Сондықтан Алашорда қайраткерлері қызыл әскерлер олардың жеріне тікелей жақындаған кезге дейін Колчактың жағында болды.

Осы уақытта Колчак үкіметі ұлттық аумақтарды басқарудың революцияға дейінгі тәжірибесін біртіндеп қалпына келтіріп жатты. Айталық, 1918 жылдың аяғында жаңа үкімет тағайындаған Семей облыстық комиссары Самойлов революцияға дейінгі ауылдық басқару жүйесін қалпына келтіру және земстволарды жою туралы өкім шығарды. 19 ақпанда Омбы үкіметінің өкімімен Семейде Алашорданың облыстық Кеңесінің қызметі тоқтатылды.

Алашордалықтар бұған қарсы уәж айта алмады. Ақ диктатураға наразылық тек жекелеген сипатта ғана болды. Мәселен, Орынбордағы Колчакқа қарсы сәтсіз ұйымдастырылған қастандықтың идеологы Мұстафа Шоқаев эмиграцияға кетті, ал 1919 жылғы наурызда Алашорданың көрнекті өкілі Ахмет Байтұрсынов большевиктер жағына өтіп кетті. Ол қазақ саяси қозғалысының ең маңызды тұлғаларының бірі еді. Ахмет Байтұрсынов Әлихан Бөкейхановпен және Міржақып Дулатовпен бірге қазақ қоғамындағы саяси сананы белсендіруде орасан зор рөл атқарған «Қазақ» газетінің негізін қалауышылардың бірі болды. 1919 жылдың басында большевиктерді қолдайтын санаулы қазақтың арасында мұндай ауқымдағы бірде-бір қайраткер болмаған.

Ахмет Байтұрсыновтың ешбір шарт қоймай Мәскеу жағына өтуі большевиктер үшін ерекше маңызды болды. Шын мәнінде, бұл маңызды прецедент еді. Мәскеу Алашорданың жекелеген өкілдерінің құнды дара қасиеттерін пайдалануға мүмкіндік алды, бірақ ешбір жағдайда ұйымның өзімен келіссөзге келуге ұмтылмады.

1919 жылғы наурыздың басында Колчак армиясы бүкіл майдан бойынша қызылдарға шабуыл жасады, бірқатар шайқаста жеңіске жеткеннен кейін ақтар сәуір айында Еділге жақындап келді. 25 сәуірде Орал казактары Оралды қоршауға алды. Қаланы қоршау 1919 жылдың шілдесіне дейін жалғасып, казак әскерінің негізгі күштерін бұғаттап тастады. Тиісінше, Орал казактары осы уақыт ішінде Колчактың жалпы шабуылына іс жүзінде қатысқан жоқ. Сондықтан бұл аймақтағы саны аз Алашорда жасақтары қызылдарға қарсы соғыс қимылына тартылмаған еді.

И. А. Владимиров. Ақ казак әскерінің шаруаларға қару қолдану. 1926 жыл / Alamy

Ал осы уақытта Колчак үкіметінің бақылауындағы аумақта реквизиция мен әскерге шақырудың себебімен айтарлықтай шаруа көтерілістері басталып кетті. Соның салдарынан қазақ даласының солтүстік және шығыс бөлігінде шаруалар мен казактар арасында кескілескен қақтығыстар болды. «Үкіметтің іс-әрекетіне (адмирал Колчактың Омбы үкіметі, Автордың ескертпесі) жаңа қоныстанған шаруалардың берген жауабы: саботаж, толқу, бүлік шығару мен көтеріліс болды. Осы орайда билікке деген дұшпандық іс жүзінде өзінің таптық жағдайына байланысты шаруалар табына қатысты мемлекеттік саясаттың құралы болған барлық казактарға бағытталды».

Өзара текетірес көп жағдайда шектен шығуға ұласты. Мысалы, 1919 жылдың мамыр айында Атбасар өңірінде жаңа қоныс аударып келген шаруалардың көтерілісі болып, оны казактар аяусыз басып тастады. Тек бір ғана Мариновка ауылының маңындағы шайқаста 1–2 мың шаруа қаза тапты және көтеріліс басылғаннан кейін атып тасталды.

Ең ірі көтерілістің бірі 1919 жылдың сәуір айының басында Торғай облысының Қостанай уезінде болды. Ол басылғаннан кейін, көтерілісшілердің бір бөлігі оңтүстікке, Торғай қаласына қарай бет алды. Большевиктер билік басына келген бұл қалада 1916 жылғы көтеріліс басшыларының бірі Амангелді Иманов әскери комиссар болды. Алайда 20 сәуірде қаланы Алашорданың Торғай бөлімшесінің әскері басып алып, мұндағы большевиктердің билігін құлатты. 23 сәуірде алашордалықтар Қостанай көтерілісшілерінің отрядын талқандап, оның қолбасшысы Лаврентий Таранды тұтқынға алды. Қостанайдан шыққан шаруа көтерілісшілерінің тағы бір жасағы Торғайға шабуыл жасаған кезде Иманов пен Таранды атып тастады.

Бұл оқиға Амангелді Имановтың тұлғасын дәріптеп, Алашорданың беделін түсіру саясатына байланысты кейінгі кеңестік эпоста кеңінен тарап кетті. Дегенмен Ресейдегі Азамат соғысының ауқымында алғанда, бұл оған тән эпизодтардың бірі ғана болды.

1919 жылғы маусымда қызыл әскер Колчак әскеріне қарсы шабуылға шығып, оны талқандап, Шығысқа шегінуге мәжбүр етті. Ақтардың жеңілуінің негізгі себебі, олардың тылы әлсіз болды: көтеріліс саны еселене түсіп, соған байланысты мобилизацияланған жауынгерлердің сенімсіздігі артты.

Өз кезегінде, бұл көп жағынан 1918 жылғы 18 қарашада билікке адмирал Колчакты әкелген оңшылдардың төңкеріс жасауының тікелей салдары болды. Ақтар енді большевиктерге қарсы қозғалыстың басындағыдай, шаруалар мен жұмысшылардың қалың бұқарасына арқа сүйей алмай қалды. Керісінше, ақтар олардың белсенді қарсылығына тап болды. Жалпы алғанда большевиктерге қарсы күрестің сәтсіз аяқталуына ақтардың ұстамды социалистерден ат құйрығын кесуі қатты әсер етті, бірақ, әлбетте, 1918 жылдың қарашасында жағдай олай болып көрінбеген. Сібірдегі оңшылдар ұстамды социалистердің аморфты басқару жүйесіне қарсы қатал билікті қарсы қоямыз деп ойлады және ақырында кең қоғамның қолдауынан мүлдем айырылып қалды.

1919 жылдың шілдесінде қызыл әскер Оралдың блокадасын алып тастады. Тамыздың аяғында Орынбордағы қызылдар тобы Орскіні, 2 қыргүйекте Ақтөбені алды, ал 13 қыргүйекте Түркістан республикасының әскеріне қосылды. Ақтөбені басып алғаннан кейін, Ресейдің орталық өңірлері мен кеңестік Түркістан арасында байланыс орнатылды. Негізгі ақ әскер шығысқа қарай шегіне бастады, ал Орал казактары әскерінің жолы бөгеліп қалды. Алашорданың батыстағы үкіметінің құрылымдары олармен осында бірге болды.

Еріктілер армиясының  командалық құрам: генералдары А. П. Богаевский, А. И. Деникин, П. Н. Краснов.  Чир бекеті. 1918 жыл/Wikimedia Commons

Орал казактарының ахуалы өте мүшкіл еді. Алайда қызылдар өздерінің Шығыс майданында жеңіске жетіп жатқан кезде, Оңтүстік майданда олар, керісінше, Антон Деникиннің ақ армиясынан жеңіліске ұшырай бастады. 1919 жылғы 30 маусымда Кавказдағы ақтардың әскері Еділ бойындағы Царицын қаласына басып кірді. Осылайша Орал казактары Деникин әскерімен өзара әрекеттестік орнатты. 1919 жылдың шілде айының ортасынан бастап, олар Деникиннің жедел басқаруына өтті. Қызылдар Астраханды сақтап қалғанымен, Еділ мен Жайық бойындағы ақтың әскерлері арасындағы тікелей байланыстың өз шектеуі болды. 1919 жылдың 4 шілдесінде Царицында Деникин Мәскеуге қарсы жорыққа шығатынын жариялады.

Осылайша 1919 жылдың жазында Азамат соғысы майдандарындағы стратегиялық ахуал әлі де белгісіз еді. Тактикалық тұрғыдан алғанда, Деникиннің Мәскеуге қарсы шабуылының нәтижесінде Орал казактары Колчак армиясының шегінгеніне қарамастан, Жайық өзенінің төменгі ағысындағы өзінің позицияларын сақтап қалды. Тиісінше Алашорданың Батыс бөлімшесінің казактармен одағын сақтаудан басқа амалы қалмады. Оның үстіне Алашорданың Батыс бөлімшесінің астанасы Жымпиты әлі Орал казактарының тікелей тылында болды.

Қалай болғанда да, 1919 жылдың тамыз-қазан айларында Орал казактары майданды өз қолдарында ұстап тұрды.11Оқиға1919 жылғы 5 қыркүйекте Орал казактары қазіргі Қазақстанның батысындағы Лбищенская станицасындағы 25-дивизияның штабын талқандап, осы дивизияның командирі Василий Чапаев қаза тапты. Чапаевтің Самара губерниясы шаруаларының басшыларының бірі болғанын және 1918 жылдың көктемінен бастап Орал казактарына қарсы соғысқанын ескерсек, оның өлімі шаруалар мен казактардың арасындағы араздықтың шиеленісуіне ықпал еткен факторлардың бірі болды. Әрине, мұның салдары да болған-ды. Оңтүстік майдандағы Деникинге қарсы, сондай-ақ Шығыс майданды Колчакқа қарсы шабуыл жасалуы қызыл әскерге Азамат соғысының бұл біршама оқшауланған майданын жоюға ұзақ уақыт бойы мүмкіндік бермеді. 1919 жылғы 16 қарашада қызыл әскердің соққысына душар болған Омбы берілді. 1919 жылғы 18 қарашада Орел-Кромская операциясында Деникин әскері жеңіліске ұшырап, содан кейін оңтүстікке шегіне бастады.

КАЗАК ӘСКЕРЛЕРІНІҢ АҚЫРЫ

Николай Самокиш. Ту үшін талас. 1929 жыл / Wikimedia Commons

Ақтардың жеңілуінің тікелей салдарынан көп адам босып-қашып жатты, бұл Азамат соғысы кезінде болған қақтығыстың жойқындығын ескерсек, таңғаларлық нәрсе емес. Олардың ішінде Қазақ даласының солтүстік шегарасында тарихи түрде орын тепкен Орынбор, Сібір және Орал казактарының әскерінен қашқандар да болды. Ақтар билеген кезде казактар мен шаруалар арасында болған қақтығыстың ауқымы мен ауырлығы оларды қашуға мәжбүр етті.

1919 жылдың қараша-желтоқсан айларында Орынбор казактары көптеген азаматтық босқынмен бірге Қазақ даласының орталық бөлігі арқылы, Қарқаралы арқылы Жетісу бағытында шегінді. 700 шақырымға созылған бұл жолда шегінген казактар мен босқындардың едәуір бөлігі қаза тапты. «Жетісуға барар жолда әскер әскер болуын тоқтатып, қалың жаяу адамдар мен салт аттылар тобырына айналды. Іш сүзегі өршіді. Партизандар маза бермеді. Адамдар аштықтан, аяздан және аурудан көптеп қырылып жатты. Бұл бүкіл азамат соғысы кезінде болған ең қайғылы шегіністің біреуі болды».

Сонымен бірге желтоқсанда Сібір казактарының бір бөлігі ақ армияның қалған құрамаларымен Транссібір темір жолының бойымен шығысқа, басқалары Алтай тауы арқылы Моңғолияға кетті. Бірталай адам аяз бен эпидемиядан қайтыс болып жатты. Сібір казактарының жағдайы жергілікті шаруалардан құрылған көптеген партизан отрядының әрекеті кесірінен қиындады. «Кәрі партизандар казактардан кек алуға аттанды және сезімін жасырмады да. Қызылдар станица тұрғындарын «бірін қалдырмай қырып жатыр» деген қауесет казактар тобырын кетуге мәжбүрледі».

Өз кезегінде Орал казактары кейіннен теңіз арқылы эвакуациялану үшін Маңғышлақ түбегіне қарай кетті. Қысқы кезеңде Гурьевтен Форт-Александровский елді мекеніне дейінгі 1000 шақырым қашықтыққа көшу кезінде босқындардың едәуір бөлігі қаза тапты. Жалпы алғанда 19191920 жылдың қысында казактар көп қырылды. Шындығында, дәл осы кезде Орынбор, Сібір және Орал казактарының әскері Ресей империясының тарихында үлкен рөл атқарған тарихи әрі әлеуметтік феномен ретінде қызметін тоқтатты.22Орал казактарының тағдыры.Атап айтқанда, Азамат соғысы кезіндегі Орал казактары әскеріндегі адам шығынының деңгейін статистика деректеріне қарап ішінара есептеуге болады. 1917 жылы Орал облысында 336,3 мың орыс болған. Ал 1920 жылы 173,3 мыңы қалды. Салыстыратын болсақ, Бірінші Дүниежүзілік соғыстың бүткіл уақытында Орал казактары әскеріндн 335 казак өлтіріліп, 92-сі хабарсыз кеткен болатын.

Д. Шмарин. Азамат соғысы. 1919 жылғы казактардың құқығынан айыру. 1995-2000 жж.

АЛАШОРДАНЫҢ СОҢҒЫ АЙЛАРЫ

Осы кезде большевиктер 1919 жылдың ортасында Ресейдің азиялық халықтарымен, соның ішінде қазақтармен болашақ қарым-қатынасқа дайындықты белсенді түрде бастады. Олардың мүддесі ішкі құрылыс мәселесімен де, алға қойылған дүниежүзілік революция міндетімен де байланысты болды. 1919 жылғы 23 қазанда Түркістан майданының қолбасшысы Михаил Фрунзе: «Қызыл Армия осы уақытқа дейін орыс империализмі мен самодержавиесінің езгісін көрген әлсіз халықтар: сарт, қырғыз және т.б. қоныстанған аймақтарға кірді. Дүниежүзілік революция өзіне жүктеген міндетті және Ресей революциясының тікелей мүддесін орындап отырған Қызыл армия Азияның барлық аз халықтарын осы уақытқа дейін өмір сүрген ғасырлық езгіден азат етуші болып табылады» деген бұйрық шығарды.iФрунзе М. Избранные произведения. М., 1957. 256 бет. Башқұрт пен қазақтың тағдыры Азияның басқа халықтары үшін большевик саясатының іске асуының өзіндік үлгісі, Азиядағы дүниежүзілік революцияның бастау нүктесі болуға тиіс еді.

1919 жылғы 10 шілдеде резиденциясы Орынборда орналасқан Қырғыз өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет (Қырревком) құрылды. Қырревком тек Дала өлкесін және Бөкей Ордасы сияқты іргелес аумақтарды ғана бақылайды деп болжанған. Большевиктерді қолдаған жергілікті Кеңестер билікті сақтап қалған Жетісу мен Түркістан жаңа әкімшілік бірліктен тыс қалды.

Қырревкомның бірінші басшысы поляк Станислав Пестковский (18821937), Сталиннің Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатындағы орынбасары болды, ревком құрамына Ленин 1918 жылы Қазақстандағы Кеңестер съезін дайындауды сеніп тапсырған Мұхамедияр Тұнғашин, 1916 жылғы көтеріліске қатысушы және Дала өлкесінің большевик комиссары Әліби Жангелдин, бұрынғы Алашорда қайраткері Ахмет Байтұрсынов, төре тұқымы және большевиктер партиясына өткен кадет Бақытжан Қаратаев, большевиктер партиясынан Орынборда мұғалім болған Сейітқали Меңдешев, Жетісудан кәсіби революционер Вадим Лукашев кірді. Айта кету керек, бұл орган басынан бастап мүшелері арасындағы қатты қайшылықтарға байланысты онша пәрменді емес еді. Қазақстанның бірінші басшысы қазақ немесе орыс емес, поляк болғаны осы жағдайға байланысты болса керек.

Содан бергі кадр тапшылығы жаңа үкіметтің басты мәселелерінің біріне айналды. Қазақ даласында біршама сауатты адамдардың барлығы дерлік алашордалықтар болатын. Демек қазақ халқының арасынан жаңа, адал кадрлар даярланғанға дейін басқару аппаратының жұмысын оларсыз ұйымдастыру өте қиын болды. Бұл жағдайда большевиктер Кеңес өкіметіне қарсы шыққандарға рақымшылық жасаудан басқа артық ештеңе істей алмайтын. 1919 жылғы 4 қарашада Түркістан майданының Революциялық әскери кеңесі «Алаш» ұйымының мүшелеріне қатысты рақымшылық жасау туралы қаулы қабылдады.


Бірақ кейбір алашордалықтар сол кездің өзінде де большевиктермен белгілі бір шарттарды келісу әрекетінен бас тартқан жоқ. Алашорданың орталығы Жымпитыда орналасқан Батыс бөлімшесінің жетекшілері Жаһанша және Халел Досмұхамедовтер 1919 жылдың күзінен бастап Қызыл армияның әскери өкілдерімен белсенді түрде келіссөз жүргізіп, тіпті Орал казактарына қарсы соғыс қимылдарын бастап жіберді де 1919 жылғы 27 желтоқсанда Қызылқоға ауылында оларға соққы берді. Алайда Түркістан майданының қолбасшысы Михаил Фрунзе: «Біз ешқанда да Алашорда үкіметін білмейміз және мойындамаймыз, онымен ешқандай келісім жасай алмаймыз»iРоссия и Центральная Азия. Конец XIX – начало XX века.: Сб. док. и мат. М., 2017. 307 бет. деп мәлімдеді. Бірақ Ленинге жолдаған жеделхатында Фрунзе: «Алашордалықтардың әскери маңызы шамалы ғана, бірақ олардың берілуі саяси және экономикалық жағынан маңызды, өйткені бұдан біз Каспий теңізінің жағалауына дейін бүкіл дала өлкесінде орнығып аламыз»iФрунзе М. Избранные произведения. М., 1957. 276 бет. деп түсіндірді.

Н. Нурмухамедов. М. В. Фрунзенің Самарқанда халық жасағы алдында сөз сөйлеу сәті. 1968 жыл / ҚР мемлекеттік Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайы

Большевиктердің орталық басшылығы үшін Алашорданың берілуі дәл саяси тұрғыдан өте маңызды болды. Онсыз Қырревкомды және қазақ қоғамындағы болашақ мемлекеттік құрылымдарды заңдастыру ісін қамтамасыз ету өте қиынға соғар еді. Сайып келгенде 1919 жылдың аяғына қарай Алашорданың Семейдегі де, Жымпитыдағы де бөлімшелері большевиктердің билігін мойындады. 1920 жылдың басында Қырревком Алашорданы таратып, қарусыздандыру туралы шешім қабылдады. Сталиннің, Омбы Директориясы мен Колчактың бірнеше мәрте жасаған талпынысынан кейін бұл жолы шешім түпкілікті болып шықты.

Сұлтан Әкімбеков

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді