Бір уыс тары / Qalam
Бұл күні тары қосылған шай ішеді, десерт ретінде жейді. Оны тіпті сәнді мейрамханалардың мәзірінен де ұшырастыруға болады. Алайда жүз жылға жетер-жетпес уақыт бұрын тары — аспаздар пісіретін дәмді тағамның бір бөлігі ғана емес, жан сақтайтын жалғыз тіршілік көзіне айналды. БҰҰ Бас Ассамблеясының 2023 жылды Халықаралық тары жылы деп жариялағаны да бекер емес. Оған тарының қуаңшылыққа төзімді және оған климаттың өзгеруі әсер етпейтіні себеп еді. Философия ғылымдарының кандидаты Үмбетқан Сәрсембин аштық жылдарындағы қиын-қыстау күндері тарының қазақтарды қалай аман алып қалғаны туралы баяндайды.
Кенесары хан және егіншілік
Қазақ халқы тарыны хандар заманында да өсірген. Кенесары кезіндеi
Бұл туралы тарихшы Ермұқан Бекмаханов былай жазады:
«Кенесарының шаруашылық саласындағы шаралары ерекше көңіл қоюға тұрарлық. Ол қазақтар арасында егіншілікті таратуға тырысты. Отырықшылық пен егіншілікке көшу идеясы шын мәнінде Абылай ханнан қалған еді. Атасының ісін немересі Кенесары жалғастырғысы келген. Әскери қимылдардың басталуына байланысты Кенесарының қол астындағы қазақтар енді бұрынғыдай шекара маңындағы орыс тұрғындардан немесе Қоқан мен Хиуадан астық сатып ала алмайды. Кенесары үшін тұйықтан шығудың бірі ғана жолы — қазақтардың егіншілігін кеңейту болды...»i
Торғай, Ырғыз өңірінде Кенесары ауылдары алты жылдай отырды. Ханның әскері, оған келіп қосылған ауылдар да, мал саны да көбейді. Ырғыздағы Тәуіп пен Торғайдың арасында Кенесарының көктемде мал төлдететін, егін салатын жерлері болған.
Кенесары хан ескерткіші. Астана, Қазақстан / Alamy
Ырғыз ауданындағы ауылдардың 1925 жылға дейін тары еккені жайлы ресми кеңес құжаттарынан білеміз. Революциядан кейін 1925 жылдардан бастап Кеңес үкіметі қазақ ауылдарына сырттай зерттеу жүргізе бастайды. Осыған байланысты тарихи құжаттарда қазақ ауылдарының тұрмысы, рулардың бір-бірімен байланысы, адам саны, соның ішінде діни тұлғалар мен байлардың үлесі, халықтың шаруашылығы, жайлау мен қыстауы туралы мәліметтер, тіпті сауда жасайтын орындарға дейін жазылған. Мәселен, Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағатының дерегіне сәйкес, Ырғыз ауданына қатысты мәліметтер беріліп, онда 1925 жылға дейін бұл аймақтағы ауылдардың тары еккені айтылады.
Қандықол саясаттан тарыға дейін
Бұл жиналған мәліметтер кеңес билігінің бүкіл ел бойынша жүргізген ауқымды саяси-экономикалық кампаниясы алдындағы барлау деуге келеді.
Қазан басындағы әйелдер. Қазақстан, 20-ғасыр басы / ҚР ОКҚ ФДМ
1928 жылы Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы Ф.Голощекиннің басшылығымен құлақтарға қарсы бүкілодақтық күрес аясында байларды қудалау басталды. Бір жылдан кейін тағы бір жаңа бағдарлама іске қосылды. Ол көшпенді халықты колхоздар мен совхоздарға күштеп кіргізіп, еркінен тыс отырықшылыққа үйретуді мақсат етті.
1930 жылы 5 қаңтарда Голощекиннің атынан Ақтөбе округтік комитетіне (Актюбинск окружком ВКП(б) жеделхат жолдағаны туралы дерек мұрағат қорларында сақталған:
«Ауылшаруашылық кооперациясы жүйесін қайта құруға байланысты қарапайым кооператив бірлестіктерінің ауылдық өндірістік бірлестік түрі — байлар мен құлақтарды қатаң түрде оқшаулау, олардың колхоздың бірінші сатысы болып есептелетін кооператив бірлестіктерге қосылуына түбегейлі тыйым салу»i
1931–1933 жылдардағы ашаршылық кезінде де, одан кейін де үкімет халыққа талонмен берілетін көмек түрінде көбінесе тары таратты. 1930 жылы қыста ел осы науқанға қарсы көтеріліс ұйымдастырғанда Ақтөбе қаласында округтік комитетінің жабық түрде өткізген отырыстарының бірінде мынадай шешім қабылданған:
«Қолда бар мәліметтерге сай Табын ауданының батырақ-бай тобы, шамамен 1000 шаруашылық, Ембі өзенінің төңірегіне қоныс тепкен және азық-түліктің жоқтығынан аш қалды, оларға өлкені іштей қамтудың есебінен екі вагон тары жіберуді қажет деп тану, жолдас Хухаревке аталған шаруашылықтардың нақты орнын, санын және азық-түлікті көлік-арбамен жеткізу мүмкіндігі бар-жоғын анықтауды тапсыру»i
Бір уыс тары үшін қамалғандар
1930 жылдардың басында, яғни аштық жайлаған кезде шыдамы таусылған жандардың арасында сотталғандар аз емес. Ол заманда қайғы әкелген «Үш масақ заңы» белгілі еді. Мемлекеттік кәсіпорындардың, колхоздардың және кооперациялардың мүлкін қорғау, сондай-ақ қоғамдық (социалистік) меншікті нығайту туралы КСРО Орталық атқарушы комитеті мен Халық комиссарлары кеңесінің 1932 жылғы қаулысын халық осылай атап кеткен еді. Жүйе астық жиналған соң бір уыс тарыны етегіне салып әкеткен ананы да, кәрілерді де, қысқасы ешкімді аяған жоқ.
Тары / Шығанақ Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейі
«Үш масақ заңы» шықпай тұрып-ақ астық сұрап, оны ала алмаған көп адам «кеңес билігіне қарсылық танытқаны үшін» түрмеге қамалған болатын. 70 жастан асқандарды бес жылдың орнына 2,5 жылға соттау туралы үкім шығарылып отырды. Ақтөбе облысының мемлекеттік мұрағатында осындай ондаған егде адам туралы мәліметтер кездеседі.
1931 жылы ашаршылық болғанда Ақтөбенің шалғай аудандарына көмек жетпеген. 1933 жылы 25 наурызда ОГПУi
«Азық-түлік тапшылығы әсіресе Ақтөбе облысының Ойыл, Торғай, Батбаққара, Темір, Табын, Шалқар аудандарында, сондай-ақ ішінара басқа аудандарда қатты сезілуде. Біздің аудандық бөлімшелер мен аудандық аппараттар жинаған азық-түлік тапшылығы жайлаған аймақтар туралы жеткіліксіз мәліметтің өзі көрсетілген аудандардағы жағдайдың аса ауыр екенінен хабар береді»i
Сонымен қатар бұл дереккөздерде 1931 жылы көктемде Торғайдан 2000-нан астам қожалықтың Сыр өңіріне, Шалқарға, Әйтеке биге қарай шыққаны жазылған. Осы кезде де жолда көп адам өлген.
Тары және ашаршылық
Астық дайындау науқаны басталғанда халық тарының арқасында жан сақтап қалды. Ырғыз, Шалқар, Торғай, Байғанин аудандарында бидай өспейтін. Күннің ыстық болуы, қуаңшылықтың жиі қайталануы өңірде басқа астық түрлерін егуге кедергі келтіргендіктен тек қана тары егетін. Сондықтан да тарының Ақтөбе аумағындағы халықтың санасында ерекше орнығып қалуын ашаршылық кездегі қиындықпен байланыстырған дұрыс.
Астық жинау. «Фотосуреттердегі Қызылорда облысы» альбомынан. 1940 жыл / ҚР ОКҚ ФДМ
Шыны керек, тары сол кезде қиындықтан қажыған халықтың үміт артқан жалғыз азығына айналды. Сол уақытты ауылдағы үлкен кісілер былай деп еске алатын:
«Тарыны жақсы көргеннен пайдаланбадық. Халықтың қолында тұтынатын басқа ештеңе болған жоқ. Анамыз қолына түскен азғантай етті асқанда, шүберекке түйіп тарыны суға немесе сорпаға салып пісіретін. Соны жейміз. Бидай не қазіргідей тағам түрі көп болса, бейнеттеніп несі бар. Халық амалсыздан қолданды ғой».
Сол жылдары дүниеге келген балалар кезінде қиналған жұрттың қуырылған тарының қауызын да пайдаланғанын айтады.
Рекордтық өнім жинау
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында, яғни егіншілік науқаны стратегиялық мәнге ие болғанда, тарыдан алынған мол өнім басқа аймақтарға жөнелтіле бастады.
Шығанақ Берсиев / Wikimedia Commons
Дәл осы уақытта күллі қазақ жерінде, тіпті елден тыс өңірлерде Шығанақ Берсиевтің есімі дүркіреп шықты. Ол шөлөйт жерде сапалы тары сортын өсіріп, тіпті соғысқа дейін және соғыс жылдарында (1941–1943) рекордтық өнім жинады. Даңқты диқанның өмірі туралы Ғ. Мұстафин «Шығанақ» атты роман жазды.
Егіннің түсімі рекордтық межеден асқанымен тұрғылықты қарапайым халықтың қолы тарыға жете бермейтін. Тарихшы Қадірбай Жолдасовтың айтуынша, соғыс жылдарында ауылдарда күніне 4 адамға қос уыс көлемінде — 500 грамм шамасында дән берілген көрінеді.
Тары / Шығанақ Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейі
Жолдасовтың сөзінше, мемлекеттен берілетін мұндай көмек халық арасында «норма» деп аталған. Соны күнде кешкілік қоймадан әкеліп, тамақ қылып, талғажау ететін. Қазанында қайнап жатқан ештеңесі жоқ халық келесі күні де әлгі көмекті асыға күтетін. Тіпті жан сақтаудың амалын іздеген кейбірі ұра жасап, тарыны соған тығып сақтаған. Халық осылай тарыны жасыру арқылы бойындағы қорқынышын сейілтетін. Себебі көмген тарының ізі байқалса, өзіне жала болып жабысатын. Ал «астықты үйінде жасырды» деп айыпталған талай адамның түрмеге қамалғаны сол кездегі газет беттерінде жазылған.
Тарымен жалғасқан тіршілік
Астық даярлауға қатысты халықты қысымға ұшырату құлақтарды қудалаумен қатар, яғни 1920 жылдардың аяғында басталды. Мәселен, 1929 жылы «Степная правда» газетінің №87 (294) санында «Бай мен құлақтар — ауыл мен поселкелердің өрмекшілері» деген айдармен осы мәселеден хабар беретін бірнеше материал шыққан. «Құлақтар кепілдемесі» деп аталатын шағын мақалада былай жазылған:
«Успеновский атты құлақтар поселкесі жағалай кепілдік негізіндегі нан дайындау жоспарын орындамай жатыр. Жоспар бойынша 68022 пұт берілуі керек еді, ал 20 желтоқсанда поселке тек 18587 пұт қана берді. Поселкенің басшылығы 53662 пұт жеткізбей берді. Жоспарды орындауға 72 сағат мерзім берілді. Жоспар орындалмаса, бойкот жариялап, жерге ие болу құқығынан айыру».
Осы арада дәулеті тасып, шалқып өмір сүрген, алайда аштық жылдары бір кездері өзі көмектескен жандардан бір уыс тары сұрауға мәжбүр болған адамдардың тағдырына тоқтала кеткен жөн. Мәселен, 1930 жылдардың аяғында Тепсеңдегі Жолдас ақсақалдың үйіне туысы Қабылбай мен Қартпай деген кісілер келіп қоныпты. Ақтөбеден Ырғызға бет алған, түрмеден шығып келе жатқан кездері екен. Бұл кісілер — 1928 жылы мал-мүлкі тәркіленіп, отбасымен Қарқаралыға жер аударылған қазақтың ірі байларының бірі.
Ас-ауқат тарату. 20-ғасырдың бірінші жартысы / ҚР ОКҚ ФДМ
Екеуі де 1918–1919 жылдары Алаш әскерін қолдап әскерге адам жинаған, мал берген. 1919 жылы Ырғызда ас беріп, Алаштың милициясын қолдауды ұйымдастырған. Қабылбайдың туысы тергеушіге берген жауабында 300-ден астам ағаш үй тігіліп, әр үйге жылқыдан басқа бір қойдан сойылғанын, асқа жер-жерден байлардың, басқа да кісілердің келгенін, Алаш милициясының қатысқанын айтыпты. Сол үшін Қабылбайды үкімет қайта-қайта қудалап, соттап тынады.
1928 жылы Қабылбай Қарқаралыға, одан кейін Омбы қаласына жер аударылады. Көзкөргендердің айтуынша, айдаудан қайтқан екеуінің де жағдайы нашар болыпты: әбден шаршаған, қамауда жүріп, денсаулығынан айырылған.
Келі-келсап және диірмен түрлері / Шығанақ Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейі
Таңертең екеуі ерте тұрып, Ырғызға қарай жаяу жолға шығады. Үйден шығып бара жатып Қабылбай жайып қойған тарыны көріп: «Келін, мына тарыдан қалтама салып алайыншы», – деп сұрайды. Сонда келіні: «Қайнаға, бұл не дегенің, мына тарының барлығы сіздікі», – деп бір-екі келі тарыны шүберекке түйіп, қолына ұстатады. Үш мың жылқы өсіріп, талайға көмегін аямаған байдың балалары осылай бір уыс тарыға мұқтаж болған.
Балалар еңбегі
Сол жылдары тарыны жерге себу, өсіру, жинау, өңдеу қиын деген адам жоқ болды. Алайда тек ересектер емес, балалар да ауыр еңбекпен айналысты. Екінші-үшінші сыныпта оқитын оқушылар да колхоздың егісін торғайдан күзетті. Мәселен, 1930 жылы «Степная правда» газетінің №7 санында «Оқушылар — егіс науқанына (үндеуден)» деген тақырыпта жазылған мақала жарияланған.
Астық жинау. «Фотосуреттердегі Қызылорда облысы» альбомынан. 1940 жыл / ҚР ОКҚ ФДМ
Сонда егіс алқабына апарылған оқушыларға оны құстан қорғауға тапсырма берілген:
«Тұқымды тазалауды және оны дәрілеуді ұйымдастырыңдар, зиянкестерге қарсы күресетін мектептік екпінді бригадалар құрыңдар, колхоздар туралы халық арасында, оның ішінде бірінші кезекте туыстарың мен таныстарыңа үгіт-насихат жүргізіңдер, спектакльдер мен демонстрациялар өткізіңдер, ұрандар мен үнпарақ таратыңдар. Мектептің болсын, жалпы ауылдық болсын, қабырға газеттерін шығарыңдар, мектеп аумағындағы жерлерге егін салыңдар. Егіс науқаны кампаниясын ең жақсы өткізген мектептер радиоаппараттармен, кітапханалармен және тағы басқамен марапатталады».
Тарыны қалай тұтынған?
Тары шығуы мен өсімі күй талғамайтын астық болғанымен жинауы, өңдеп, дайындауы үлкен еңбекті, төзімді қажет етеді. Тарыны техникамен жинағаннан, қолмен жинаған тиімді. Бірақ бұл өте қиын: адам үнемі еңкейіп жүріп жұмыс істеуі керек. Шалғымен оруға тағы келмейді, масақтың дәні шашылып, жерге түсіп қалады.
Астық жинау. «Фотосуреттердегі Қызылорда облысы» альбомынан. 1940 жыл / ҚР ОКҚ ФДМ
1930 жылдары үкіметке астық дайындау науқаны кезінде аудандарда басшылар тиімді болсын деп, қурату үшін тарыны көктей шауып жинатқан. Оны шалғымен орғысы келгендер тағы қудаланды. Архив қорларында мұндай жағдайға қатысты деректер көп кездеседі:
«Ырғыз ауданы: №22 ауылда 30 гектардан тек 7 гектар егіс жиналды, қалғаны күйіп кетті. 7 гектардан 3 цент. 40 келі жиналды. Егілген тұқым 22 цент. 50 келі болатын. №4 серіктестік төрағасы Аяпов, байдың ұлы, жылғаларда шіріген жасыл тарыны орып тастауға бұйрық берген (Аяпов жауапқа тартылды)»i
Содан кейін амал жоқ, пісіп-жетілген тарының басын түбінен сындырып жинаған.
Анна Гилберт. Тары / Alamy
Тарының бір ерекшелігі — жер құнарлы, топырақта ылғал жеткілікті болса, аз жердің өзінен мол өнім аласың. Екінші ескеретін нәрсе — тары сақтауға өте қолайлы. Көшпелі тұрмыста мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқы жайлау мен қыстауға көшкенде, жерге көміп сақтауға ыңғайлы деп, осы астық түрін көп қолданған. Сондай-ақ көктемде немесе күзде отыратын жерге егіп кететін.
Ескендір Тынышпаев. Тары түю. Этнографиялық фотоэтюд. Алматы облысы, 1960 жыл / ҚР ОКҚ ФДМ
Тары астық күйінде ұзақ сақталғанымен, қуырылған түрде шектеулі уақыт сақталады, әрі кетсе екі-үш апта ұстауға болады.
Тары қолмен жиналғандықтан, дайындау кезінде оның дәнін қауызынан алу үшін сол күйінде қазанға салып, бір қалыппен қайнатады. Содан кейін қайтадан үлкен қазанға қуырады. Бұрын қазақтарда тары қолдан-қолға жүрмеді, әр үй өзі әзірлейтін және қолмен түйетін.
Қиын уақыт барлығы есептеулі, сондықтан үйде ет асқанда балалар аш қалмасын деп, әсіресе үлкендеулеріне еттің сорпасына тары бөктіріп береді екен.
Қазіргі кезде тарыны аспаздар дәстүрлі қазақ тағамдарының бір элементі ретінде қолданады. Алайда оның тарихи рөлі әлдеқайда салмақты. 1930 жылдардағы ашаршылық, күштеп ұжымдастыру және қуғын-сүргін кезінде тары тек тамақ емес, мәдени һәм әлеуметтік құбылыс болды. Сондықтан оның маңызы гастрономиямен шектелмейді, себебі тары адамның тірі қалу-қалмауы бір уыс дәнге байланған замандағы табандылық пен шыдамның, бүкіл халыққа ортақ жадының символына айналды.
Ақзел Бейсембай. Тары мен талқан. Көк базар, Алматы / Qalam
НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ
1. Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20–40 жылдарында. — Алматы, 1994. 416 бет.
2. Протоколы закрытых заседании бюро и секретариата Актюбинского окружного комитета ВКП (б) / Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты. – 9 қор, 1 тізбе, 446 іс. 43 пп.
3. Сәрсембина Қ.Қ. Сәрсембин Ү.Қ. Рухани болмысты күйрету және дін өкілдерін қудалау саясаты (1918–1938 жж). Монография. — Ақтөбе, 2024. 272 б.
4. Спецсводки о состоянии общественного питания и рабочего снабжения / Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты 13-қор, 2-тізбе, 282-іс. 24 пп.
5. Спецзаписка о состояний откочевочного движения в области / Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты 13-қор, 2-тізбе, 458-іс. 26 пп.