Түркілер деген кім, олар Византия шегарасында қашан және қалай пайда болды? Византияның дүниежүзі картасында қандай орынды иеленді? Міне, осының барлығы византиятанушы, ирантанушы және түркі танушы Рустам Шукуровтың «Өркениет күйреуінің тәжірибесі» курсының екінші дәрісінде айтылады.
Византиялықтар мен түркілердің арасындағы алғашқы байланыс ерте ортағасыр дәуірінен басталады. Бұл байланыстардың тарихы Халықтардың ұлы қоныс аударуынан басталады. Грек-римдіктер прототүркі тайпаларымен алғаш рет Дунайда, Солтүстік Қара теңіз маңы аймағында және Күнгей Кавказда кездесті. Көптеген ғасыр бойы солтүстік аймақтардан Балқанға және империяның Кавказдағы иеліктеріне Шығыс Еуразияның түкпірінен Батысқа қоныс аударған түркі тайпалары кіріп жатты. Мәселен, 4–5 ғасырларда прототүркілер ғұндар империямен байланысқа түссе; 6 ғасырда империяның солтүстік шегарасына бірқатар көшпелі халықтар — утригурлар, кутригурлар, бұлғарлар, сабирлар шықты; 6–7 ғасырларда византиялықтар Балқандағы аварлармен ауыр күрес жүргізді, ал 7 ғасырдың екінші жартысынан бастап болгарлардың жаулап алуы басталды.
Түрік атауы
Уақыт өте келе византиялықтар христиандық Жерорта теңізі аймағында бірінші болып туысқан тайпалар мен халықтардың тұтас бір қатарын белгілейтін ортақ жалпы атау ретінде «түркілер» квази-этникалық концептін тұжырымдады. Византиялықтар Түркой (Τοῦρκοι) этниконын алғаш рет 6 ғасырда Түркі қағандығының боданындағы халықтарға қолданып, оларды «скифтер» мен «ғұндардың» бір түрі деп жіктеді.
«Түрік» атауы (яғни «күшті», «құдіретті») гок-түріктердің ақсүйектер элитасының құрметті атауы ретінде пайда болды.
6 ғасырдың ортасында қағандықтың негізін қалаушы және көк түркілердің көсемі Ашина руынан шыққан Бумын хан Қытайдан солтүстікке қарай жатқан даладағы көшпенді түркілердің Жужан мемлекетінен бөлініп шықты. Көк түркі хандары батысқа қарай жылжып, 6 ғасырдың ортасына қарай Арал теңізіне, ал бірнеше жылдан кейін Еділге жетеді, бірақ олар өзеннің арғы бетіне өтпеген. Көк түркілер Қытайдан Каспий теңізіне дейінгі ұлан-ғайыр далаға өзінің билігін орнатып, Орта Азиядағы шығыс ирандықтардың (соғды, хорезмдіктер және т.б.) қала мәдениетін жаулап алды. Алғаш рет дәл осы тайпалар өздерін түркі деп атай бастады. Дұрысында, «түркі» (яғни «күшті», «құдіретті») атауы көк түркілердің ақсүйек басшыларының құрметті атауы ретінде пайда болған сияқты. Сәйкесінше, сол кезден бастап «түркі» атауы пехлеви,1
Көп ұзамай түркілер Сасанидтік Иранмен2
Зимарх бастаған Византия елшілерін ханның қабылдауы
«Хақан шатырдың ішінде, екі дөңгелегі бар алтын орындықта отырды, керек болған кезде оны бір ат сүйрейтін… [Хақан және Византия елшілері] күні бойы сол шатырда отырып, думандатып той тойлады. Ол түрлі түсті бояумен шебер өрнектелген жібек матадан жасалған еді. Олар шарап ішті, бірақ онысы бізде жүзімнен сығып алынатын шарап сияқты емес. Олардың ішетін сусыны варварлық бірдеңе. Түркілердің жерінде жүзім өспейді; оларда бұл өсімдік атымен жоқ. Содан кейін римдіктер өздеріне арналған орынға кетті. Келесі күні оларды басқа үйге апарды, оның қабырғалары да шұбар жібек матамен қапталып, әшекейленген. Бұл жерде бейнесі әртүрлі пұттар тұрды. Дизавул алтыннан жасалған төсекте отырды. Бұл бөлменің ортасында сауыттар, су бүркетін құтылар мен бөшкелер тұрды, ол да алтыннан жасалған. Олар тағы да той тойлап, ішімдік ішіп, маңызды әңгіме-дүкен құрып, тарап кетті. Келесі күні олар басқа бөлмеге келді, онда алтынмен қапталған ағаш бағаналар, сондай-ақ алтыннан жасалған төрт тауыстың мүсіні тіреген алтын жалатылған төсек тұрды. Бөлменің алдындағы үлкен кеңістікте ұзын-сонар етіп арбалар қойылып, олар көп күміс, табақтар мен себеттер және бізде жасалатыннан еш кем түспейтін төртаяқты жануарлардың күмістен жасалған кескіндерімен толтырылған. Түркі князінің сән-салтанаты осындай».i
Одан кейінгі жылдарда елшілік алмасу жалғасты. Менандр түркілерге жіберілген елшіліктер мен император елшілерінің тізімін келтірді. Елшіліктер әдетте теңіз арқылы Синоптан Херсонға жүзіп барып, содан соң Таман түбегіне және одан әрі дала арқылы көк түркілердің иелігіне жететін.
Алайда көп ұзамай қағандық екі мемлекетке: Шығыс Түркі қағандығы мен Батыс Түркі қағандығы болып ыдырап кетті. Көк түркілердің соңғы елшілігі 598 жылы Батыс қағанынан Маврикий императоры тұсында Константинопольге келіп, қағандықтың империяға одақтас екенін растады. Түркілермен одақ құру Ираклий парсы соғыстарын жүргізген заманда византиялықтарға шынымен де пайдалы болды. 627 жылы сол кезде көк түркілердің қол астында болған хазарлар Кавказ Албаниясына шабуыл жасап, Византияның Тифлисті жаулап алуына қатысты. I Ираклий өзінің қызы Эпифанияны түркі ханы Тун-Ябгуға әйелдікке жіберді, бірақ ол үйленбей тұрып қайтыс болып кетті, сөйтіп императордың қызы Константинопольге оралды.
Ғұндар мен германдықтар
Ерте орта ғасырлар бойы Византия түркі халықтарымен үздіксіз әрі өте қарқынды байланыста болды деп айтуға болады. Алайда көп жағдайда византиялықтардың түркі тектес және түркілерге жатпайтын солтүстіктегі көшпенділермен және жартылай көшпенділермен қарым-қатынасының жалпы ағымында бұл байланыстың қандай да бір ерекшелігін бөліп көрсету айтарлықтай қиын. Төменде біз византиялықтар мен түркілердің ерте кезеңдегі қарым-қатынасындағы ең маңызды оқиғалар туралы сөз қозғаймыз, бірақ мұны өзіміз атап өткен ескертпелермен түсіндіру керек: түркі тайпаларының атауы іс жүзінде әрқашан әртүрлі этностан шыққан халық конгломераттарына таралды. Осыған орай, егер 5 және 6 ғасырларда бұл конфедерацияларда германдықтар басым болса, 6 ғасырдың аяғынан бастап славяндар басымдыққа ие болды.
Грек-рим географы және астрономы Клавдий Птолемей 2 ғасырдың өзінде Танаис, яғни Дон өзенінде ғұндардың бар болғанын жазған. «Ғұндар» деген атауда Орталық Еуразияның ұлан-ғайыр кеңістігін мекендеген, шығу тегі әртүрлі (алтайлық, тунгус, үндіеуропалық) көшпелі және жартылай көшпелі тайпалардың конфедерациясы қамтылды. Бұл тайпалар конгломератының ұйықтысы саналатын олардың ақсүйектері түркі (прототүркі) немесе түркі-моңғол болуы мүмкін. Ғұн тайпаларының құрамына қытай дереккөздерінен белгілі көшпелі хунну тайпалары кірді. Біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырларында олар Орталық немесе Шығыс Еуразиядан Қара теңізге қарай қоныс аударып, Солтүстік Кавказ бен Солтүстік Қара теңіз аймағындағы аландарды, сондай-ақ Қара теңіз маңындағы готтарды бағындырды. Ғұндар батысқа қарай жылжыған сайын олардың ортасында көшпелі үндіеуропалық (скиф-сақ) элементінің, ал Солтүстік Қара теңіз аймағында, әсіресе, герман элементінің үлесі арта түсті.
Грек-римдіктердің ғұндармен тікелей байланысы кейінірек, 4 ғасырдың соңында, олар Солтүстік Қара теңіз аймағына басып кіргенде және сол жерде тұрған готтардың бір бөлігі (оларды вестготтар деп атайды) 370 жылдардың аяғында Фракияға қоныс аударғанда болды. Готтардың империяға жасаған шабуылдарына ғұндар да қатысты, бірақ көп ұзамай олар Дунайдың арғы жағына қарай кетті. 4 және 5 ғасырлар тоғысында ғұндар империяға бірден екі жақтан қауіп төндірді. Алдымен олар Кавказда Дербентті басып өтіп, Сириядағы Антиохияға жетті. Батыста 5 ғасырдың басында ғұндар Паннонияғаi
Одан кейінгі жылдарда ғұндар саяси күш ретінде тарихи сахнадан кетті, бірақ Византия әдебиетінде өздері туралы ғасырлар бойы сақталған жарқын естелік қалдырды. Одан кейін де дереккөздерде ғұндар туралы айтылады. Әр жылдарда Фракияда тұтқын ретінде және өз еркімен келіп қоныстанған ғұндар көп болды. Олар сол сияқты Дунай шегарасынан тыс жерде жүрген ғұндар туралы 5 және 6 ғасырда, императорлар Анастасий мен I Юстиниан билеген тұста империяда болған ішкі саяси күреске қатысушылар ретінде мезгіл-мезгіл айтылады. Бірақ бұл дәуірде ғұндар дегенде Солтүстік Қара теңіз аймағының түркі көшпенділері мен жартылай көшпенділерін меңзеген болу керек, сонымен қатар дереккөздерде олар болжам бойынша бұрын көшпелі ғұн мемлекетінің құрамына кірген утригурлар, кутригурлар, бұлғарлар деп те аталады. Кутригурлар мен утригурлардың нақты қай түркі тармағына жататынын айту қиын. 6 ғасырдың ортасында кутригурлар Днепр мен Дон өзендерінің арасында, утригурлар Доннан шығысқа қарай жатқан жерде көшіп-қонып жүрді. Айта кететіні, бұл тайпалар германдықтармен, мысалы, германдықтардың гепид тайпасымен одақтасып империяға шапқыншылық жасап тұрды.
890 кг алтын
Бұл 620 жылы Византия аварларға төлеуге келіскен жыл сайынғы алым мөлшері
Аварлар мен славяндар
6 ғасырдың ортасынан бастап Византия мен Дунай маңы аймағының солтүстік халықтары арасындағы қарым-қатынаста аварлар алдыңғы орынға шығып, Паннония мен Солтүстік Қара теңіз маңы аймағындағы халықтарды өзіне бағындырды. Мүмкін, аварлар бастапқыда Түркі қағандығының кеңеюінен батысқа қарай ығыстырылған Орта Азияның огур түркілерімен байланысты түркі тектес тайпалар болған шығар. Дегенмен ғұндардағы сияқты авар мемлекеті де түркі элементі мүлде басым болмаған полиэтникалық организм болды. Византияның аварлармен қарым-қатынасы бастапқыда бейбіт түрде дамыды. 6 ғасырдың ортасында империяның Кавказ шегарасында қоныстанған аварлар Константинопольге көп адамнан құралған елшілік жіберді. Византия императоры I Юстиниан елшілерге жомарттық танытып сыйлық берді, сөйтіп аварлармен одақ құрды. Юстинианмен келісім бойынша аварлар өздеріне ұшырасқан сабыр, утригур, кутригур түркі тайпаларын талқандады. 6 ғасырдың 60 жылдарында жаңа хан Баян бастаған аварлар Дунай маңындағы аумақ арқылы батысқа қарай жылжып, Тюрингияда франктермен қақтығысты.
Көп ұзамай аварлар Византияның құрамындағы Балқанға шапқыншылық жасай бастады, бірақ алғашқыда Константинополь оларға көп алтын ақша беріп құтылып жүрді. Осы уақытта Паннонияда жаңа күш — Дунайдың оң жағалауына тонаушылық жорық жасай бастаған славян тайпалары пайда болды. Әуелде византиялықтар аварлардан көмек сұрап, олар славяндарға қарсы бірнеше жорық жасады. Шамасы, 6 ғасырдың 70 жылдарының өзінде славяндар аварлардың жоғарғы билігін4
Византия билігінің дәрменсіздігін 617 жылдың маусым айындағы оқиға айқын көрсетеді, ол кезде аварлардың ханымен бітімгершілік келісімнің құрметіне ханның император Ираклиймен жеке кездесуі және Константинополь маңында ойын ұйымдастыру жоспарланған болатын. Ал шындығында аварлар императорды тұзаққа түсірмек болған, бірақ ол абырой болғанда, одан құтылып, әрең дегенде Константинопольге оралды. Алай-түлейде аварлар бірнеше күн бойы Константинопольдің төңірегін тонап, қаланың кейбір аудандарына кірді. Аварлардың осынау бұрын-соңды болмаған опасыздығы да жазасыз қалды, 620 жылы оларға елшілік жіберіліп, бейбіт келісім жаңартылды. Ираклийдің мақсаты — барлық күшін Иранмен соғысқа салу үшін қайткен күнде де аварлармен бейбітшілікті сақтау болды, өйткені ол үшін Иран әлдеқайда қауіпті қарсылас болып саналды. Ираклий жыл сайынғы алым-салықты 200000 номисмаға дейін ұлғайтуға келісті, бұл аз да емес, көп те емес 890 кг, яғни бір тоннаға жуық алтын болатын және аварларға ақсүйек адамдарды, соның ішінде өзінің туыстарын кепіл ретінде жіберді.
Византия-авар қатынастарында біршама оғаш саяси конфигурация қалыптасты. Бір жағынан, авар ханы Византия императорының символдық үстемдігін мойындады: император ханды ұлым десе, ол императорды әке деп атады. Оның үстіне, шығысқа жолға аттанған Ираклий аварлардың ханын Константинопольде қалған өзінің ұлы Константиннің қамқоршысы етіп тағайындады. Екінші жағынан, аварлардың адалдығы тек символдық ишаратпен ғана шектелген сияқты: олар империяның аумақтарына шабуыл жасап жүрген славяндардың бетін қайтармақ түгіл, өздері де қарақшылық жасаудан жиренбеген. Ираклий шығысқа кеткеннен кейін, хан империяның Балқандағы жерлеріне славяндардың қарақшы жасақтарын жіберуді жалғастырды.
Византия-авар текетіресінің шарықтау шегі Константинопольді аварлар мен парсылар бір мезгілде қоршауға алған 626 жылғы оқиға болды. Иран қолбасшысы Шахрбараз бүкіл Кіші Азияны басып өтіп, Халкидондыi
626 жылдың 7 тамызында аварлар қалаға жаппай шабуыл жасады. Олар Алтын Мүйіздің солтүстік бөлігінде суға түсірілген көп қайықтан тұратын славян флотына үлкен үміт артты. Алтын Мүйіз жағында қаланың теңіздегі дуалы құрлықтағы үш қатарлы бекіністерімен салыстырғанда оншалықты мықты емес еді, сондықтан аварлардың Алтын Мүйіз жақтан сәтті шабуыл жасаймыз деген есебі өте қисынды болды. Алайда Византия флоты славяндардың қайықтарын оп-оңай суға батырды, ал жерге түскен булгар және славян отрядтары толығымен жойылды. Қорғаушылар қаланың қақпасынан шығып, аварларға тап берді. Жауды тіпті әйелдер мен балалар да қуды. Аварлардың шығыны орасан зор болды. Аварлар шегінді. Қаланы қорғаушылар Константинопольдің құтқарылуын ғажайып санап, оны Құдай ананың шапағатымен байланыстырды.
Бірінші Болгар патшалығы
626 жылы Константинополь маңындағы жеңіліс аварлардың билігіне нұқсан келтірді. Авар қағандығында өзара тартыс басталды. Алдымен Дунай маңы аймағында бөлініп шыққан славяндармен ауыр соғыс басталып, кейін Паннонияда бұлғарлар көтеріліске шықты. Көп ұзамай балалық шағын Константинопольде кепіл тұтқын ретінде өткізген бұлғар ханы Құбрат бастаған түркі тайпалары аварлардан бөлініп шықты. Ол император Ираклиймен одақ құрып, патрицийi
7 ғасырдың 60 жылдарында Солтүстік Қара теңіз маңындағы аймақтарды хазарлардың жаулап алуы хан Аспарух бастаған бірқатар түркі бұлғар тайпаларын батысқа қарай ығыстырды. Келесі онжылдықтарда бұлғарлар жергілікті славяндармен одақтасып, Балқанның солтүстік-шығысында орнықты және ол жерде Бірінші Болгар патшалығы деп аталатын өз мемлекетін құрды. Аспарух Варнаны бекітті және мүмкін Варна Болгарияның алғашқы астанасы болған шығар. Сонымен қатар бұлғарлар батысқа қарай жылжып, аварлардан Дунайдың оңтүстік жағалауындағы жерлерді тартып алды. Константинопольдің бұлғарлардың басып алған жерлерге құқығын мойындаудан және жыл сайынғы алым-салық төлеуге келісуден басқа амалы қалмады.
Дала өркениеттен қарыз алып, ұзын атты қылыш пен үзеңгіні қолдану сияқты әдіс-тәсілдерді өзгертіп, қайта әкелді.
Бұлғарлар — көптеген зерттеушінің ортақ пікірінше түркі тектес халық. Мүмкін, олар Қара теңіз бен Кавказдан солтүстікке қарай көсіліп жатқан далада көшіп-қонып жүрген уногундур, кутригур және утигурлармен байланысты болған шығар. Дегенмен бұлғарлардың және олармен байланысты тайпалардың түркілермен сәйкестігі даусыз емес: олардың ортасында ирандық сармат-алаң этномәдени элементі басым болған деген болжам бар. Протобұлғарлар археологиясының деректері оңтүстік орыс және украин даласында пайда болғанға дейін протобұлғарлар, тіпті олар бастапқыда түркі болса да, ирандық көшпенділердің тарапынан айтарлықтай ассимиляцияға ұшырады деп ойлауға мүмкіндік береді. Ғұндар мен аварлардың жағдайындағыдай, Дунайға келген бұлғарлар халықтар мен тайпалардың полиэтникалық қауымдастығын біріктірді, оларда этникалық жағынан, біздің терминдермен айтқанда, үндіеуропалықтар басым болды.
Хазарлар
Тілі бойынша хазарлар түркі тайпаларына, шамасы оғыз тобына6
Византия мен хазарлардың арасындағы қарым-қатынас негізінен достық сипатта болды. Хазарлардың Қара теңіз маңы аймағына шығуының нәтижесінде бір кездері олардың империядағы ішкі күреске қатысуына тура келді. Тақтан тайдырылған император II Юстиниан Херсонға жер аударылды. Шамамен 705 жылы ол хазар қағаны Ибузир Главаннан көмек сұрады. Қаған көмектесуге келісіп, қызын ІІ Юстинианға күйеуге беріп одақты нығайтты. Алайда билеуші Византия императоры бұл одақты бұзды. Қаған Юстинианды өлтіруге бұйрық берді. Юстиниан болгарларға қашып, олардың көмегімен тақты өзіне қайтарды. Бірақ көп ұзамай II Юстиниан хазарлардың араласуымен қайтадан тақтан тайдырылды.
Византия мен Хазар қағандығы арасындағы жақсы қарым-қатынас одан әрі жалғасты. 8 ғасырдың бірінші жартысында император V Константин Вирхор қағанның қызы Чичак есімді хазар қызға (есімі «гүл» деп аударылады) үйленді, шоқынған кезде ол өзіне Ирина деген есімді қабылдады. Олардың ұлы Лев, болашақ император IV Лев анасы жағынан қанында хазардың қаны болғаны үшін Хазарин деген лақап атқа ие болды.
Византия өзінің хазар одақтастарына 9 ғасырдың ортасында Ұлы далада қайтадан көшпенділердің кең ауқымды қоныс аударуы орын алғанда, ал Ресейде варягтардың ықпалымен жаңа мемлекеттік құрылымдар пайда болған кезде айтарлықтай көмектесті. Шамамен 834 жылы император Феофил Дон өзенінің сол жағалауында Саркел қамалын салуға көмектесті, ол аймақтағы негізгі стратегиялық бекініске айналды. Шамасы, хазарлар византиялықтардың көмегімен Донның тармақтарында бекіністер мен қамалдар тізбегін тұрғызды.
Алайда 9 ғасырдың екінші жартысында Византияның солтүстіктегі басымдықтары өзгерді. Византия дипломатияның күшімен хазарлардың билігіне нұқсан келтіруге тырысты. Империя хазарларға қарсы дала түркілерінің одағын: печенегтерді, қара бұлғарларды және басқа тайпаларды жіберді. Хазарлар аландардың арқасында ғана көшпенділерді жеңді. Әйтсе де Византия көп ұзамай хазар-алан одағын бұза алды. 10 ғасырдың басында гректер рустарды хазарларға қарсы айдап салды.
Ежелгі орыс мемлекеті Хазар қағандығын жойды. 965 жылы Киев князі Святослав хазар әскерін талқандап, Саркелді жаулап алды. Одан кейінгі жылдары рустар көшпелі түркілермен одақтаса отырып, хазарлардың Итиль және Семендер қалаларын күйретті. Хазар қағандығының дербес мемлекет ретіндегі тарихы осымен аяқталды. Бірақ хазарлар кейін де біршама ықпалын сақтап қалды. Рустардан жеңіліс тапқаннан кейін хазарлар мұсылман патшаларына тәуелді болды, ал хазарлардың ақсүйек басшылары мұсылман дінін қабылдады. Хазар қауымдары туралы мәлімет 11 ғасырдағы дереккөздерде әлі де мезгіл-мезгіл кездеседі.
Венгрлер
Хазар қағандығының болуы Еуразия даласының қойнауынан Еуропаға жаңа көшпенділердің ағылуын біршама дәрежеде тежеп отырды. Қағандықтың әлсіреуімен қатар оған көшпелі тайпалардың қысымы күшейе түсті. Бірінші жаппай көші-қон легінде Оралдан шығысқа қарай жатқан аумақтарда өмір сүрген венгрлердің угор тайпалары болды. Венгрлер хазарлардың үстемдігін мойындады, олардың көшбасшысы Леведия ақсүйек хазар әйеліне үйленген болатын. 9 ғасырдың 30 жылдарында венгрлер Солтүстік Қара теңіз маңы аумағында, содан кейін Дунайда пайда болды, сол кезде олардың әскері византиялықтармен түйісті, оларды болгарлар Дунайдағы Византия тұтқындарының көтерілісін басу үшін одақтас ретінде шақырды, бірақ Византия флоты олардың шабуылына тойтарыс берді. Содан кейін олар біресе болгарлардың жағында соғысады, біресе болгарға қарсы империяға көмектеседі. 896 жылы венгрлердің жеті тайпасы мен каварлардың үш хазар руы Трансильвания мен Паннонияға көшті. Оларды Ұлы даладан ығыстырып шығарған түркі-печенегтер еді, олар оғыздардың жаулап алуынан, ал оғыздар өз кезегінде половецтерден қашқан. Венгрлермен бірге ирандық көшпенділер аландардың сансыз көп топтары да батысқа қарай жылжып, Венгрияның ортағасырлық және қазіргі топонимикасында, сондай-ақ венгр тілінде айтарлықтай із қалдырды. 10 ғасырдың 40 жылдарында венгрлердің бірнеше көсемі Константинопольде шоқынып, сол ғасырдың ортасында византиялықтар Венгрияға епископты тағайындады.
Византияның христиан діні проримдік бағытты таңдаған король I Иштван билік құрған заманға дейін (1000–1038) Венгрияның шығыс және оңтүстік бөліктерінде ықпалды болды. Дегенмен Венгрияның діни өмірінде гректердің болғаны 13 ғасырдың басына дейін жазба деректерде айтылған.
Ерте байланыстардың ерекшеліктері
Солтүстік халықтармен байланыс византиялықтардың өмірінде көптеген із қалдырды. Солтүстік халықтардың өкілдері, жеке адамдар да, олардың азды-көпті топтары да империяға қоныс аударып, Рим азаматтары болды. Варварлық элита өзінің балаларын византиялықтарға ұзақ жылдарға кепілге жіберіп, олар грек дәстүрінде тәрбиеленді. Түркілер қолданған өзіндік соғыс жүргізу әдістерін, олардың киімі мен жабдығын византиялық қолбасшылар қабыл алып, әскери трактаттарда өз әскерінің киімі мен жабдығы ретінде жазып қойған. Тіпті түркілерде кең таралған киім үлгісі, шаш қою үлгісі, мата түрлері жергілікті халық арасында сәнге айналды.
Алайда көп жағдайда византиялықтар мен солтүстік көшпенділер арасындағы қарым-қатынастың жалпы ағымында қандай да бір «түркілік» ерекшелікті бөліп көрсету оңай емес. Византия мәдениетінің бір саласында ғана сол кездегі грек тілінде анық түркі элементтерін кездестіруге болады. Византиялықтар түркизмдердің шағын қабатын көшпенділерге тән терминдер ретінде тіркеді, оларға ақсүйектердің өмірінен, шаруашылық және әскери тұрмыстан алынған сөздер, кісі аттары мен тайпа атаулары кірді. Бұл түркі тілдік элементтердің көп бөлігін көрнекті венгр ғалымы Дьюла Моравчик жинаған.i
Сонымен бірге Византия мен солтүстік халықтар арасындағы өзара қарым-қатынастың бүкіл аясын грек-римдіктердің түркі әлемімен кездесуі деп сипаттауға талпыныс бірқатар әдіснамалық қиындықтарға тап болып отыр. Мәселе мынада: этникалық бірегейлік туралы қазіргі заманғы түсініктер ежелгі ұғымдардан түбегейлі ерекшеленеді.
Дереккөздерде атап көрсетілген «түркі» халықтарына тек түркілер ғана емес және көбіне-көп түркілер емес, түркілердің ақсүйек басшылары біріктірген үндіеуропалық тайпалар кірді. Қазіргі заманғы зерттеулер бойынша, ерте орта ғасырларда Солтүстік Қара теңіз маңы аймағында және кеңірек алғанда бүкіл Ішкі Еуразияда біздің көріп отырғанымыз тайпалардың полиэтникалық конгломераттары, олардың құрамына шығу тегі алтайлық (түркі-моңғол) және үндіеуропалық (ирандық аландар, германдықтар, славяндар) көптеген көшпелі және жартылай көшпелі халықтар кірген. Отырықшы мәдениеттердің жазба деректеріндегі «готтар», «ғұндар», «славяндар», «аварлар» және «солтүстік халықтарының» басқа да атаулары еш уақытта қазіргі мағынадағы этникалық белгілеу болған жоқ, бірақ оларда этникалық жағынан алуан түрлі болған әлдебір протомемлекеттік немесе квазимемлекеттік құрылымдар бүркемеленген. Айта кететіні, бұл құрылымдарға белгілі бір шамада латын, грек, фригия, иллирий және басқа да автохтонды элементтер кірді. Осы тайпа конгломераттары оларда үстемдік құрған халықтың атауымен аталды және әдетте ол адам саны жағынан басым болмайтын.
Бұл тұрғыда 4–6 ғасырларда Еуразия даласынан Еуропа мен Бергі Азияға бағытталған жаулап алушылардың көші-қонында үнемі саны жағынан көп және мәдени жағынан ықпалды элемент болған ирандық көшпенділер аландардың феномені өте көрнекі.
Бұл қоғамдардың атап көрсетілген гибридтілігі олардың рухани және материалдық мәдениетінде айқын көрініс берді. Қазіргі заманғы ғылым соңғы онжылдықтарда күрделі және қарама-қайшылыққа толы дала әлемін сәйкесінше сипаттауға талпыныс жасай отырып, елеулі фактілік және талдампаздық материал жинақтады. Еуразия даласында гибридті, негізінен иран-түркі мәдени кеңістігі қалыптасты, онда «этникалық» үндіеуропалық нәрсені «этникалық» алтайлық дүниеден ажырату қиын болды, мұның шаруашылық тәжірибеге де, әлеуметтік жағынан ұйымдастырылуға да, материалдық мәдениетке де, діни түсініктер мен жораларға да қатысы бар.
Дегенмен әңгіме онда ғана емес. Қазіргі кезде өркениеттің (Рим/Византия, Батыс және Шығыс Иран, Қытай) және даланың арасында өтпес шегара болмағаны анық. Отырықшы мәдениеттердің қолөнер технологияларын қыр адамдары кеңінен пайдаланды. Отырықшы халықтардың қоғамды ұйымдастыру мен басқару әдістері дала кеңістігінде қабылданып, икемделді. Мемлекетке дейінгі және квазимемлекеттік модельдердің бастауында отырықшы өркениет ойлап тапқан және дамытқан тәжірибе жатты. Оның үстіне дәл Еуразия даласында әртүрлі отырықшы мәдениеттер: грек-рим, иран және қытай мәдениетінің элементтері кездесіп, араласып кеткен. Дала мәдени және материалдық ақпаратты бір өркениет ареалынан екінші өркениетке жеткізген дәнекер болды. Көбіне-көп дала өркениеттен техника мен тәжірибені (мысалы, ұзын кавалериялық семсер мен үзеңгіні пайдалану) қабылдап, трансформациялады және оны оған қайта әкелді.
Сонымен бірге көшпелілер кеңістігі лингвистикалық тұрғыдан анағұрлым кеңірек, мәдени мағынада да негізінен көптілді болып қала берді. Полиглоссияныңi
Осылайша 11 ғасырға дейін түркілердің саяси және мәдени контрагент ретінде жалғыз және дербес әрекет еткені сирек жағдай. Түркілер алдымен германдықтармен, кейінірек славяндармен, сондай-ақ көшпелі және жартылай көшпелі үндіеуропалықтармен бірге мемлекеттік құрылымдардың элементтерінің бірі болды (айта кететіні, көбінесе оларда саны жағынан басымдық болған жоқ). Халықтардың ұлы қоныс аударған заманынан бастап 11 ғасырға дейін мемлекеттік және протомемлекеттік құрылымдарда үндіеуропалықтардың сөзсіз басым болғанын осы ұзақ кезеңдегі этникалық трансформация нәтижелері көрсетіп тұр: ұлы көші-қон нәтижесінде Балқанның түркіленуі емес, славяндануы орын алды, империяның батыс бөлігіндегі кең-байтақ кельт және латын аумақтарын ғұндар немесе аварлар емес, германдықтар игерді. Мүмкін, 9 ғасырда Еуропада пайда болған венгрлерді бірыңғай жағдай ретінде атауға болады. Үндіеуропалық емес көшпенділердің ішінде тек солар ғана өздері құрған мемлекеттік құрылымда этникалық жағынан басым болып, тілдік сәйкестігін сақтап қалды. Дегенмен венгр элементі Византиямен байланысқа түскенімен, империяның ішкі өмірінде аз ғана із қалдырды.
6–7 ғасырлардағы Түркі және Хазар қағандықтарында түркілердің этникалық бастауы ғұндардың, аварлардың немесе Дунай бұлғарларының мемлекеттеріне қарағанда көбірек көрініс тапты. Алайда византиялықтардың олармен байланысы дипломатиялық коммуникация арқылы жүзеге асып, негізінен дистанциялық сипатта болды. Осылайша бұл кезеңде солтүстік Азия халықтарының империяның ішкі өміріне ықпалы өте шектеулі сипатта болды деп айтуға негіз бар. Сонымен бірге бұл Византия әлеміне түркілер туралы алғашқы мағлұмат берді және ол болашақта, түркілер империяның ішінде болғанда пайдаға асты.