ЖАҢА ЖЫЛДА НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ?

Qalam-ның тарих туралы кітаптар топтамасы

~ 4 мин оқу
ЖАҢА ЖЫЛДА НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ?

Кітап сөресі / Getty images

Қазақстан мен Орталық Азия тарихындағы елеулі бетбұрыстар, этнографиялық болмыс-бітім мен өткенді қайтадан ой елегінен өткізу — бәрі осы топтамадағы кітаптарда қамтылған. Бұл авторлардың көбі Qalam жобаларында сарапшы ретінде мақала жазып, сұхбаттар беріп және арнайы лекцияға қатысқан болатын.

Мазмұны

«ОРТАЛЫҚ АЗИЯ: ИМПЕРИЯЛАР ОТАРЛАҒАННАН БАСТАП ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒА ДЕЙІНГІ ЖАҢА ТАРИХ»

Адиб Халид — Ресей империясы мен совет дәуіріндегі Орталық Азия тарихын терең зерделеп жүрген белгілі зерттеуші. Ол өзінің еңбектерінде колониалды саяси жүйе тұсындағы мәдени трансформация, бірегейлік мәселесі мен ислам тағдырына баса назар аударады. Тарихшы биыл Qalam-ға 1917–1918 жылдардағы революция кезіндегі Орталық Азиядағы екі автономия — Алаш Орда мен Түркістан жайында мақала жазып, сондай-ақ «Орталық Азия: империядан кеңес өкіметіне өткен аймақ» тақырыбында сұхбат берген болатын.

Адиб Халид. «Орталық Азия: империялар отарлағаннан бастап қазіргі заманға дейінгі жаңа тарих» / Meloman

Адиб Халид. «Орталық Азия: империялар отарлағаннан бастап қазіргі заманға дейінгі жаңа тарих» / Meloman

«Орталық Азия: империялар отарлағаннан бастап қазіргі заманға дейінгі жаңа тарих» 2021 жылы ағылшын тілінде, ал 2025 жылы қазақ тілінде жарық көрді. Мұнда автор әуелі Ресей мен Цин, кейінгі совет пен қытай үстемдігі Орталық Азияны қалай өзгерткенін баяндайды. Сонымен қатар аймақтың қазіргі жай-күйін де айқындап беретін отаршылдықты, өзара терең байланыстарды, революциялар мен ұлт-азаттық көтерілістерді талдап, таразылайды.

«АЛАШ ДЕМОКРАТИЯСЫ»

Руслан Ақмағанбет — 20-ғасырдағы Қазақстан тарихының ең бір күрделі кезеңін көпшілікке жан-жақты жеткізуді мақсат етіп жүрген саясаттанушы. Қазақ тіліндегі бұл кітап үш рет қайта басылып шыққан, содан кейін орыс тіліндегі нұсқасы да жарық көрді. Автор алашордалықтардың қызметіне қатысты зерттеу нәтижелері мен дәйектерді ұғынықты, жатық тілмен баяндап береді.

Бұл еңбек Алаш арыстарының либералдық-демократиялық көзқарастары мен идеяларын жан-жақты талдап көрсетуімен қатар, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин және Абай Құнанбайұлы ұлы секілді алыптардың алашордалықтар дүниетанымының қалыптасуына қалай әсер еткенін айқындап береді.

 Руслан Ақмағанбет. «Алаш демократиясы» / Meloman

Руслан Ақмағанбет. «Алаш демократиясы» / Meloman

«ДАЛА ТАРИХЫ. ЕУРАЗИЯ ТАРИХЫНДАҒЫ Шыңғысхан МЕМЛЕКЕТІНІҢ ФЕНОМЕНІ»

Белгілі тарихшы әрі саясаттанушы, Қазақстан тарихына қатысты бірнеше іргелі еңбек жазған Сұлтан Әкімбеков бұл кітабында Шыңғыс хан шапқыншылығы Орталық Азиядағы көшпенділердің өмірін қалай басқа арнаға бұрып жібергенін, соның салдарынан жаңа мемлекет пен халықтардың тарих сахнасына шығуын атап көрсетеді.

 Сұлтан Әкімбеков. «Дала тарихы. Еуразия тарихындағы Шыңғысхан мемлекетінің феномені» / Meloman

Сұлтан Әкімбеков. «Дала тарихы. Еуразия тарихындағы Шыңғысхан мемлекетінің феномені» / Meloman

Qalam сайтында Сұлтан Әкімбековтің екі лекциясы жарық көрген болатын. Біріншісі 15–19-ғасыр аралығында Қазақ хандығының құрылуы, қалыптасу және құлдырау кезеңіне арналған. Екінші лекцияда талан-таражға түскен қазақ жерін Ресей империясының отарлауы, екі революцияны басынан өткерген қазақ халқының тағдыры, азаматтық соңыс пен советтік «модернизацияны» арқау еткен.

«РУСИЯ ҺӘМ КӨШПЕЛІЛЕР»

Кітапта 1905 жылы «Спасск мыс кені» компаниясының басқарушысы ретінде қазақ даласына келген британ инженері Нельсон Феллдің естелік жазбалары берілген. Қазақтардың ерекше болмысы, табиғатпен үйлесімді өмір сүруі, риясыз пейілі, дәстүр-салттары туралы жазылған бұл еңбек уақытында Батыс оқырманына ерекше әсер еткен. Сондықтан 20-ғасыр басындағы қазақтардың өмірінен хабар беретін бұл еңбек этнографиялық құнды дерек саналады.

 Нельсон Фелл. «Русия һәм көшпелілер» / Meloman

Нельсон Фелл. «Русия һәм көшпелілер» / Meloman

Биыл Qalam сайтында британдықтардың көзімен қазақ даласындағы индустриялану жайын қамтыған, яғни 18–19-ғасырлардағы Орталық Азияны зерделеп жүрген зерттеуші Ник Филдингтің мақаласы жарияланды.

ҚАЗАҚ ДҮНИЕТАНЫМЫН СУРЕТТЕГЕН КІТАП

Зира Наурызбай — қазақ мифологиясын зерттеуші, ғылыми-көпшілік және балаларға арналған кітаптардың авторы. Орыс тіліндегі «Вечное небо казахов» атты еңбегінде ежелгі дәуірдегі тәңіршілдік сеніміне тоқталып, оның мифтерде, рәміздік өрнектер мен мәдени кеңістікте қалай көрініс тапқанын әңгімелейді.

 Зира Наурызбай. «Вечное небо казахов» / Meloman

Зира Наурызбай. «Вечное небо казахов» / Meloman

Зира Наурызбай Qalam-ға екі лекция әзірлеген болатын: біріншісі тал бесіктен жер бесікке дейінгі қазақтың сәлт-дәстүрін қамтыған; екіншісі қазақ мифологиясындағы әйел бейнесіне арналған.

БАБАЛАР ЖОЛЫ

Радик Темірғалиев — белгілі тарихшы, Қазақстан тарихына арналған көптеген танымал еңбектің авторы. Орыс тілінде жарық көрген «Казахи. Путь предков» кітабында тарихи тақырыптағы очерктер топтастырылған. Автор қазақ мемлекетінің қалыптасуы мен дамуының маңызды кезеңдерін жан-жақты саралап, көрнекті тұлғалардың өмір жолына тоқталады. Саяси-әлеуметтік тұрғыдан қазақ халқының өзге халықтармен қарым-қатынасын зерттейді.

Радик Темірғалиев. «Казахи. Путь предков» / Meloman

Радик Темірғалиев. «Казахи. Путь предков» / Meloman

Радик Темірғалиев бұған дейін Qalam ұйымдастырған лекциялар мен сұхбаттарға сарапшы ретінде қатысып, оның ішінде қазақтың жүзге бөліну себебін кеңінен айтып берген болатын.

ӘЛИХАННЫҢ ӘЛЕМІ

Сұлтан Хан Аққұлы — алаштанушы, қазақ топырағындағы ұлт-азаттық және либералдық-демократиялық қозғалыстардың тарихын зерттеуші. Оның ішінде Алаш тақырыбына қалам тербеп жүр. Автор орыс тілінде шыққан «Алихан Букейхан: Идея «Алаш» и единый тюркский мир» атты кітабында көрнекті қоғам қайраткері, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның өмірі мен саяси қызметін жан-жақты баяндайды. Алаш көсемінің ғұмыры туралы көпшілікке беймәлім деректер мен 1905–1930 жылдардағы тарихымыздың ақтаңдақ беттері алғаш рет түпнұсқа архивтік материалдар негізінде жарыққа шығып отыр.

Сұлтан Хан Аққұлы. «Алихан Букейхан: Идея «Алаш» и единый тюркский мир» / Meloman

Сұлтан Хан Аққұлы. «Алихан Букейхан: Идея «Алаш» и единый тюркский мир» / Meloman

Qalam сайтында оның қазақтың алғашқы Ата заңы мен Алаш автономиясының құқықтық бағыт-бағдары туралы, сонымен қатар Алаш Орда үкіметінің жаңа мемлекетті әлемге мойындату тұрғысында өзге елдермен арадағы дипломатиялық қарым-қатынасы жайында бірнеше мақаласы шықты.

Qalam Tarih арнасына Әлихан Бөкейханның өмірі мен саяси қызметі жайында кең көлемді сұхбат берді.

«АТОМ УЛАҒАН ДАЛА»

Тоғжан Қасенова — ядролық саясат жөніндегі сарапшы әрі Семей полигоны туралы кітап авторы. «Атом улаған дала» арқылы қазақ жерінде алғаш жарылған сынақтан бастап тәуелсіздік жылдарында одан бас тартқанға дейінгі толық картинаны көз алдыңа келтіре аласың.

Тоғжан Қасенова. «Атом улаған дала: Қазақстанның бомбадан бас тарту жолы» / Meloman

Тоғжан Қасенова. «Атом улаған дала: Қазақстанның бомбадан бас тарту жолы» / Meloman

Qalam History арнасында дәл осы тақырыпта Тоғжан Қасенованың арнайы сұхбаты да шыққан болатын. Онда сарапшы совет билігі ядролық сынақ алаңы үшін неге Қазақстанды таңдағанын, «Невада — Семей» қозғалысының дүниеге келуі мен полигонның әлі күнге дейін біз біле бермейтін құпиясын ақтарып берді.

«НАРТҰЛҒА МҰСТАФА»

Дархан Қыдырәлі — қоғам қайраткері, публицист және бірнеше кітаптың авторы. Бұл «Нартұлға Мұстафа» кітабы 20-ғасыр басындағы қазақ тарихындағы аса маңызды тұлғалардың бірі — Мұстафа Шоқайдың өмір жолы мен саяси күрестеріне арналған. Автор архив деректеріне сүйене отырып, Мұстафа Шоқайдың Ресей империясының Мемлекеттік Думасындағы қызметін, Түркістан автономиясын жариялаудағы рөлін, эмиграциядағы ғұмырын және қалдырған мұрасын жан-жақты талдайды.

Дархан Қыдырәлі. «Нартұлға Мұстафа» / Meloman

Дархан Қыдырәлі. «Нартұлға Мұстафа» / Meloman

«ЖЕРДІҢ АЙТЫЛМАҒАН ТАРИХЫ»

Британдық тарихшы Питер Франкопанның бұл еңбегінде дүниежүзілік тарихқа соғыстар мен саяси көзқарастар арқылы емес, климат, табиғат және экологиялық өзгерістер тұрғысынан жаңаша қарауға үндейді. Автор табиғат өзгерістерінің көне дәуірден бүгінге дейінгі өркениеттер тағдырына қалай ықпал еткенін дәлелдеп көрсетеді. Тарихи әңгімелерді заманауи ғылыми зерттеулермен ұштастырып, Жер шары мен адамзаттың болашағы туралы ойлануға шақырады.

Питер Франкопан. «Жердің айтылмаған тарихы» / Meloman

Питер Франкопан. «Жердің айтылмаған тарихы» / Meloman

Мақаланы әзірлеуге кітаптар топтамасын ұсынған «МЕЛОМАН» компаниясына Qalam редакциясы атынан алғыс білдіреміз.