Карло Гоццидің «Тұрандот» деп аталатын пьеса-ертегісі есіңізде бар ма? Аталған туындыда құпия сырын аша алмай қолын сұрап келген жігіттерді жазалаған, татар ханзадасына ессіз ғашық болған қатігез қытай ханшайымы жөнінде сөз болады. Шығармадағы ханшайымның есімін алғаш естігенде сіз де мырс еткен шығарсыз. Өйткені біз 18 ғасырдағы италиялық көрерменге қарағанда, Тұрандот деген қытайлық есім емес екенін жақсы білеміз. Оның үстіне бұл жалпы кісінің есімі дегенге қатысты да күмәндар бар! Ертеде парсылар Тұрандоха («Тұран қызы» я «Тұранның қызы») деп хан қыздары мен жергілікті билеушілердің жарын атайтын болған.
Нағыз Тұрандот жөніндегі ертегі. Пролог
Шынтуайтына келгенде жылнамашылар ертегі айтатындардан қатты өзгешелене бермейді: олар ұдайы кісі аттарын өзгертіп жазады, әрі ұсақ-түйек деректерді де дәл жеткізе бермейді. Сондықтан бүгінгі баянымызды дәстүрлі болған «Ерте, ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде» деп бастасақ, қатты жаңылыспаймыз.
Ерте, ерте, ертеде Ұлы далада орыстар половцы деп атаған жауынгер көшпелі-қыпшақтар өмір сүрген. Қыпшақ жауынгерлері шығысында Алтайдан батысында Карпатқа дейінгі, оңтүстігі Талас өзенінен солтүстігі Батыс Сібір ормандарына дейінгі аралықты жаулап алып, мекен етті. Қыпшақ хандығының үлкен әрі құдіретті болғаны сонша, бір билеушінің қол астына сыймады. Ақырында ұлы патшалық бірнеше бөлікке бөлініп, әр хандықтың өз билеушілері пайда болды. Олардың арасында ең құдіретті хандықтың негізін атақты Сарыханның әкесі Әсен хан (орыс дереккөздерінде — Асень хан делінеді) қалады.
Бірақ 12 ғасырдың басында Киев Русінде Владимир Мономах бытыраңқы орыс халқының басын қосып, қыпшақтарға қарсы бас көтерді. Ақырында Сарыханның балалары Саржан мен Артық (Артықтың аты жылнамаларда әртүрлі беріледі: бірі оны Артақ десе, басқалары Отрақ, тіпті Отрок деп атайды) Кавказдың солтүстігіндегі жазыққа шегінуге тура келген. Олар Ақ Орда (Хазар қағандарының Шаркил я Сарыкел деп аталған бұрынғы қонысы) деп аталған қаланы басып алып, бірге билік құрады.
Бақытсыз ханзада
Осы аралықта көршілес жатқан Грузин елі тіптен мүшкіл жағдайда болатын. Бар бәле сарай шенеуніктері ұйымдастырған төңкерістен кейін басталған. II Георгий патша биліктен, тақтан түсуге мәжбүр болып, таққа оның он алты жастағы баласы Давид отырған. Осылайша IV Давид билікке қиын-қыстау кезеңде келді. Бұл шақта түркі-салжұқ басқыншылары елдің ойранын шығарып жатқан. Дегенмен Грузия еліне басты қатер оғыздар жақтан келді. Оғыздар ел шетіне үздіксіз жорық жасап, салық жинап тұрумен ғана шектелмей, бүкіл Грузия патшалығын жаулап алуды көздеген. Бұған қатысты IV Давид патшаның жылнамашысы: «күз келсе болды түркілер Сомхити арқылы көшіп келіп, қоныстанып алуды шығарды», сондай-ақ «олар Кура өзенінің жағасын, Тбилисиден бастап Бардыға дейін жайлады» деп жазған. «Олардың саны көп болғаны сонша, жұрт: «Бүкіл түркі халықтары жиналыпты» деп жатты. Олар ойына келген жерлерге қоныстанды және ешкім, тіпті сұлтанның өзі бұған тыйым сала алмады».
Грузия түркі халықтары басып кіргенге дейін де кіші хандықтарға бөлініп, ыдырап кеткен. Сондықтан Давидтің Селжұқтарға қарсы тұрар әскері де болмаған. Іс жүзінде патшалық толықтай жойылып кетудің алдында тұрды.
Тұрандот ханшайымның тұрмыс құруы
Давидтің бағына орай, Артық ханның тек ұлдары ғана емес,i
Өйткені түркі халықтары құдаларына ұдайы зор құрмет көрсетіп, керек кезде қолдауға дайын болған. Олжас Сүлейменов өзінің «Аз и Я» еңбегінде:
«Дипломатиялық некенің бұл түрінде (күші басым билеуші өз вассалына қызын береді) матриархаттық идеологияның сарқыншағы сақталған: әйел отбасындағы басты тұлға және балалары анасының тегін алады. Түркілердің «бала — анасына тартып туады» деген сөзі осы бір ойды қуаттай түседі. Бағынышты болған ел ханшайымнан тараған балаларға мирасқа қалады. Билеушілердің өзара қыз алысып, қыз берісуі келешек үшін жасалады. «Тақтың мұрагері — анасының тәрбиесін алған бала болмақ» деп жазған.
Бірақ Артық хан «хандығы жоқ ханға» қызын жай бермеді. Ол күйеу баласына хандығын қайтарып алуға көмек қолын созды.
Шешуші ұрыс
Қырық мың үй (екі жүз мың адам) Артық ханмен бірге Грузия жеріне қоныс аударған. Ақырында қырық мың жаужүрек қыпшақ жауынгері 1121 жылы 12 тамызда, Тблисиге таяу маңдағы Дидгори алаңында өткен Селжұқтарға қарсы майданда Давидтің туы астында ұрыс салды. Қыпшақ әскерін қоса алғанда Давид сарбаздарының саны алпыс мыңнан аспады, бірақ саны басым болған селжұқтар тас-талқан болып жеңіліс тапты. Содан бері дәл осы күн Грузия халқы үшін ұлттық мерекеге айналған.
Ханның сағынышы
Давид Құрылысшы деп аталған патша, өзінің қайын атасы Артық ханның көмегінсіз елді біріктіріп, Тбилиси мен өзге де қалаларды кері қайтара алмасы анық еді. Төрт жыл бойына қыпшақтардың үрейлі әскері Давидтің барлық бастамаларын қолдады. Давид ержүрек қыпшақ жауынгерлері мен билеушілеріне зор құрмет көрсетіп, даңққа бөледі.
Аполлон Майков (1821–1897 жылдар аралығында өмір сүрген орыс ақыны) Артық ханға арналған «Емшан» деп аталатын өлеңінде (орыс дәстүріне сай ханды ол да Отрок деп атаған):
«Отрок Абхаз сұлулары қоршаған алтын шатырлы үйдің ортасында отыр; Ол Князьдерден жиған алтыны мен күмісін қол астындағыларға үлестіріп отыр... Той жалғасып жатыр және құлдар хоры оны күнге теңеп ән салып тұр» деп жазған.
Грузияда жеті жыл өмір сүрген соң, Артық хан бауыры Сарыжанның шақыртуымен туған даласына қайта оралған. Майков жырға қосқан аңыз бойынша, туған өлкесіне келіп жусанның иісін жұтқан хан, өткенін аңсап қазақ арасында «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген мәтелге айналған сөзді айтқан деседі.
Тұрандот туралы ертегі. Эпилог
Құрылысшы деген лақап алған VI Давид патша 1125 жылы 24 қаңтар күні қайтыс болған. Православтық шіркеу оны әулие дәрежесіне дейін көтеріп, оның құрметіне 26 қаңтар мереке ретінде аталып өтіледі. Гурандохта ханшайым оған Вахтанга есімді мирасқорды туып бергенімен, оның ізі тарих бетінде қалмаған.
ОҚУҒА ҰСЫНАМЫЗ
Сулейменов Олжас. «Аз и Я». — Москва: Грифон, 2005.
Анчабадзе Г. З. Кыпчаки в Грузии / Г. З. Анчабадзе // Проблемы современной тюркологии : материалы II Всесоюзной тюркологической конференции 27–29 сентября 1976 г., г. Алма-Ата. — Алма-Ата: Наука Казахской ССР, 1980.
Рассказы русских летописей XII–XIV веков / науч. ред. Д. С. Лихачев, науч. ред. А. А. Пауткин, пересказ, предисл., пояснения Т. Н. Михельсон. — М.: Детская литература, 2013.
Артык Сарыханұлы // Казақстан. Ұлттық энциклопедия. — Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2004.
А.Н. Майков. Стихотворения. — М: Детская литература, 1978.
Карло Гоцци. Принцесса Турандот. — Арт Волхонка, 2016.