РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫ ТҰСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫҢ ҚАЖЫЛЫҒЫ

Оба кезіндегі қасиетті сапар

Алфред Деходенк. Қажылық/Photo by Fine Art Images/Heritage Images/Getty Images

Ресей мұсылмандарының қажылық сапарға шығуы үнемі қауіпті әрі сынаққа толы болатын: табиғи апаттар мен аурулардан бастап, алаяқтар мен қарақшылардың құрбаны болу қаупімен бетпе-бет келетін. Қажылар сапардағы әсерін «қажынама» немесе «саяхатнама» деп аталатын хаттарда, күнделіктерде әртүрлі тілде жазып қалдырған. Бүгін біз осы қиын да қауіпті сапар туралы әңгімелейтін боламыз.

Мазмұн

Маршруттар

Қажылық — қасиетті орындарға сапар жасайтын исламның бес парызының бірі. Ресей империясындағы мұсылмандардың қажылыққа баруы 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында кең тарады. Бұған бірнеше себеп бар еді: халықтың әл-ауқатының жақсаруы, маршруттардың ретке келтірілуі және ең бастысы — темір жолдың пайда болуы. Осылайша Түркістан мұсылмандары, оның ішінде Қазақстанның оңтүстік аймақтары, Еділ бойы мен Семей облысы теміржол арқылы Ташкенттен Орынбор, Тула және Мәскеуге жетіп, әрі қарай Одессаға баратын. Осылайша Одесса көптеген империя мұсылмандары, соның ішінде қазақтар үшін қажылық жолындағы негізгі аялдаманың бірі болды. Онда қажыларға Ыстамбұл мен Меккеге баруға рұқсат беретін «виза» алу ұсынылатын. Дегенмен қажылықты реттейтін жүйе болмағандықтан, қажылар үшін жағдай әрдайым анық бола бермейтін.

Қажылық бағыты/Wikimedia Commons

Кейбіреулері таныстарына сенім артса, басқалары билет алу немесе тұратын жер табуға көмектесетін далил (гид) жалдайтын. Әдетте, қажылардың Одессадан әрі қарайғы маршруты Ыстамбұлға жалғасатын.

Ыстамбұл көптеген қажы үшін маңызды орын болды, себебі дәл осы «барша мұсылманның халифі» және «екі Қасиетті Мешіттің қызметшісі»iяғни Мекке мен Мәдинадағы екі қасиетті мешіттің қызметшісі тұратын қалада қажылар қажытатын ұзақ жолдан кейін тынығатын әрі көптеген қасиетті жерлері бар бұл қала қажылыққа шыққандар үшін өз алдына маңызды орын саналатын.

Ғасырлар тоғысында Осман империясының астанасына бірнеше жаңа маршрут ашылды, олардың ішінде маңыздысы Мәскеу бағыты болатын. Мәскеуден пойызбен Варшава мен Вена арқылы саяхатшы небәрі алты күнде Ыстамбұлға жете алатын. Бұл бағыт теңіз саяхатынан қорқатындар үшін, әрине, бұған қоса қаржысы жететіндер үшін қолайлы еді, себебі билет құны сол кездегі бағамен шамамен 100 сомға дейін жететін — бұл аз ақша емес еді.

Екінші бағыт — Севастополь бағыты болды. Севастопольден Ыстамбұлға пароход аптасына бір рет қатынайтын, ал жол ұзақтығы ауа райына байланысты 30 сағаттан екі күнге дейін созылатын. Бұл бағыттағы кемелер шағын болғандықтан сапар анау айтқандай қауіпсіз саналмайтын.

Меккеге бара жатқан Османлы «рухани» керуені. 1890/Alamy

Қажылық жайындағы естеліктер

Қажылыққа аттанған қажылар сапар барысында бастан кешірген тәжірибелерін әртүрлі хаттарда, күнделіктер мен қажынамаiқажылық жазбалары немесе саяхатнамаiсаяхат жазбалары деп аталатын есеп-жазбаларында жазып қалдыратын. Он тоғызыншы ғасырдың соңы мен жиырмасыншы ғасырдың басында қажылар саяхатының қалай өткенін араб, парсы және, әрине, әртүрлі түркі тілдерінде белсенді түрде жариялай бастады. Кейбір саяхатшылар жазу ісін тәжірибелі хатшыларға тапсырып, қажылықтағы әсерлері мен естеліктерін солардың жазуымен жеткізетін. Қазақ қажылары да қажылық сапары туралы жазба қалдырған.

Шарль Теодор Фрер. Меккеге керуен/Fine Art Images/Heritage Images via Getty Images

Теміржол пайда болғанның өзінде қажылық сапар әрқашан қауіпсіз бола бермейтін. Табиғи апаттар, техникалық ақаулар және түрлі қолайсыздыққа қоса, қажылар жолда басқа да қиындықтарға тап болатын, соның ішінде алаяқтардың құрбанына айналу қаупі де бар еді. Алаяқтар, тіпті кейде ашық тонаушы қарақшылар да, қажының рухани мақсатына, ұлтына, дініне немесе жасының үлкендігіне де қарамастан жәбір көрсетуден тартынбайтын.

Пойызбен қажылыққа бара жатқан мұсылмандар. 1900/Alamy

Қажыларды қажылыққа барар жолдағы күтпеген жағдайлар туралы хабардар етіп, оларды жағымсыз жағдайлардан қорғау мақсатында қазандық автор Ғали Риза 1909 жылы арнайы «Қажыларға арналған нұсқаулық» шығарды. Оның айтуынша, «қажылыққа шыққан қарапайым әрі момын отандастарының мүшкіл халін көріп», шыдай алмай оларды алаяқтардан сақтандыру мақсатында сапарға нұсқаулық ретінде осы кітапты жазуға бел буған.

«Қарапайым қажыларымызды алдау олар қыстағынан шыққан сәттен басталады да үйлеріне оралғанға дейін жалғасады. Сол себепті қажылар Хижаздан әбден көңілі қалып оралады».

Нұсқаулықта валюта бағамы, пойыз және пароход билетінің құны, виза, кедендік алымдар, тіпті жергілікті қонақүйлердегі бөлменің бағасы көрсетілген. Сондай-ақ, жарнамадан да қалыс қалмаған, мүмкін жанама жарнама түрінде автор «Омар» дүкенінінің төмен бағасы мен сапалы тауарын жер-көкке сыйғызбай мақтап өтеді.

Айта кетерлігі, Ресей империясының қарапайым мұсылмандарымен қатар, жоғары лауазымды әскери барлаушылары да мұсылмандардың қасиетті жерлеріне сапары туралы жазбалар қалдырған, мысалы, штабс-капитан Абдул-Азиз Дәулетшин. 1899 жылы жарық көрген «Штабс-капитан Дәулетшиннің Хижазға іс-сапары туралы есебінде» ол Ресей мұсылмандарының қажылыққа шыққанда алып жүретін жүгін егжей-тегжейлі сипаттайды, оның ішінде самауыр, кептірілген нан, кепкен жеміс-жидек бар. Ол азық-түлікті ең көп жинайтын қазақтар екенін атап өтеді: олар жолға құрт, майлы шұжық пен тұздалған жылқы етін алып шығатын.

Златоуст станциясы, таулар мен темір жол көрінісі. Вокзал Орталық Азиядан Одессаға баратын мұсылман қажыларының негізгі теміржол бағытының бойында орналасқан. 1900 жылдардың басы/Library of Congress

Қажылыққа шыққан жанның туған-туыстарына мен жақындары оған азық-түлік пен ақша беріп қана қоймай, күтпеген жағдай болған кезде қажының елге қайта оралуына қажет қаражатпен де қамтамасыз етуге тура келетін. Осыны растайтын № 4 ауыл старшинасы Абырой Қадырбековтің қолы қойылған ресми құжат мәтіні мынадайiМухтарова, Г. Р. Қазақстандағы ислам діні. Қажылық (XIX-XX ғ. басы). Алматы: 2009:

«Семей облысы Павлодар уезі Алтыбаев болысы 4-ауыл старшындарынан қазақ Мерғалым Жанболатовқа берілді. Ол 1888 жылы Мекке мен Мәдинаға қасиетті орындарға құлшылық етуге барғысы келеді. Мерғалымның мінез-құлқы жақсы, сотқа тартылмаған және тергеуде болмаған, киіз үй салығы мен болыстық шығындарын төлеген. Оның жеткілікті мал-мүлкі бар, мал шаруашылығымен айналысады, сондықтан оның Мекке мен Мәдинаға құлшылық етуге баруына біздің тарапымыздан кедергілер жоқ. Егер Жанболатовтың қандай да бір жағдайға байланысты отанына қайтуға қажетті қаражаты болмай қалса, төменде қол қойған жандар билік талап еткен жағдайда оны өз қаражатымызбен елге қайтаруға міндеттіміз деп арамыздағы сауаттылар қол қоямыз, ал сауатсыздар тамғасын басады».

Белгісіз қазақтың қажынамасы

Қажыларға жол шығындары мен бағалар туралы бағыт-бағдар ретінде қажылардың қазақ тілінде жазған қажынамалары да маңызды ақпарат көзі қызметін атқарған. 1893 жылы Қазанда қазақ тілінде басылып шыққан қажынаманың бірінде белгісіз автор өзін «пақыр» деп атаған, бұл діни әдебиетте кішіпейіл һәм қарапайым болудың білдіретін қалыптасқан қолданыс.

Меккедегі киелі жер. Кескіндеме. 19 ғасыр/Wikimedia Commons

Өзі жүріп өткен маршрутты сипаттай отырып, автор әрдайым көпше түрде сөйлейді, бұл оның жалғыз емес екенін көрсетеді, бірақ сапарластары туралы ешқандай мәлімет бермейді. Жазбасы Ташкенттен басталып, ұзақ сапардан кейін Алматыда аяқталады әрі әрбір көлікке мінген сайын, жол ақысының құнын нақтылап жазып отырады.

Айтуынша, ол бір сарттың ат арбасымен Самарқанға бес сом төлеп жеткен11Сомалтын немесе күміс теңге, сондай-ақ түркі тілдерінде патша мен совет рублінің ресми атауы болған ортағасырлық термин. Одан кейін Бұхараға жету үшін оған бір жарым күн қажет болып, жолға 3,40 сом жұмсаған. Бұдан соң олар Бакуге 1,5 соммен жеткен. Осылайша төрт түннің ішінде олар Батумиге жетіп, мұнда оның айтуынша, «қызылбастарiяғни, шиғалар билеттерін тексерген».

Намаз. Синай/Library of Congress

Батумиден әрі қарай түрлі қалаларды басып өтіп, Ыстамбұлға сапарын жалғастырған. Сапар үш күнге созылып, оған тамақ пен берген құдайысын, яғни таратқан садақасын қоспағанда 9 сом 15 тиынға түскен. Ыстамбұлда бір апта болғанда, барша мұсылманманның халифі және сұлтаны II Абдул-Хамид жұма намазын әдетте Айя София мешітінде оқитынын біліп алғанын мақтанышпен жазады. Қалаға таңданысын білдіріп, автор әрбір мұсылманның Ыстамбұлға келуін тілейді.

Кейінірек автор Александриядан Ианбуғаiқазіргі Сауд Арабиясының батысындағы қала Суэц каналы арқылы төрт күнде жеткенін айтады. Сол жерде олар түйе жалға алып, Мәдинаға жол тартқан. Бұл сапар үшін оларға 12 күн қажет болған. Мәдинаға ең жақын порт болғандықтан Ианбуға жеткен соң әрі қарай Мәдинаға түйемен үш-ақ күнде аяғы тиген, ал одан кейін Мәдинадан Меккеге он күнде барған. Ал, ЖиддаiМеккеге ең жақын порт арқылы келген қажылар Меккеге бар-жоғы екі күнде жеткен. Бұл жолдар қауіпті болған, себебі бәдауилер керуендерге жиі шабуыл жасап, жолаушыларды тонайтын. Кейбір қажылар Осман сұлтанының Мекке шерифіне жыл сайынғы тартуын жеткізуге жауапты «Сұлтан керуеніне» қосылуға тырысатынiОсман сұлтаны тайғайындаған екі Қасиетті қала – Мекке мен Мәдинаның қорғаушысы лауазымы; шериф қажылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты болған. Бұл керуенді Осман сарбаздары күзеткендіктен, бәдауилер оған шабуыл жасауға батпайтын.

Суэц каналымен қажылыққа бара жатқан керуен. 1889/Getty Images

Мәдинада автор Орта жүзден шыққан Мырқыя есімді біреудің теккесіндеiсопылар тұрағы аялдап, 21 күн болған. Он тоғызыншы ғасырдың соңында теккені Орталық Азия мен Ресей империясының басқа да аймақтарынан келген қажылар түнеу орны ретінде пайдаланылған. Қажылар көбінесе теккеде бір-екі күн емес, бірнеше ай, кейде тіпті бірнеше жылға дейін тұрақтайтын болған.

Хижаз темір жолының картасы. Осман империясы. 20 ғасырдың басы/Wikimedia Commons

Далилдердің (қажылық жолбасшылар) жол көрсетуімен олар әртүрлі орындарды аралаған, бірақ ең маңыздысы — Мәдинадағы Мәсжид ән-Набауи мешітіндегі Пайғамбардың қабірі. Оларға Меккеге түйелермен жету үшін 12 күн қажет болып, бұл сапарға 11 сом жұмсаған. Зулхижжа айының басында22Зулхижжаислам күнтізбесінің 12-айы, бұл айда қажылық пен Құрбан айт өтеді олар Меккедегі Орта жүзден шыққан Қанатбай есімді кісінің иелігіндегі қазақ теккесіне тоқтаған. Автор сондай-ақ Абайдың әкесі Құнанбайдың да теккесі бар екенін айтады. Бәйтулланы33мағынасы «Алланың үйі», Қағбаның бейресми атауы Меккедегі «Харам мешітіндегі» қасиетті куб тәріздес ғимарат тауап етіп, қажылық рәсімдерін орындаған соң, 8-ші күні олар Арафат тауына аттанған. Автор сол жылы аймақта оба індеті тарағанын, соның салдарынан көп қажының қайтыс болғанын жазады. Меккеде үш күн болып, қажылық рәсімдерінің барлығын орындағаннан кейін олар Жиддаға аттанған, сол жерде оларды жиырма күндік карантин күтіп тұрғанын білген.

Қағбадағы намаз. 1901/Photo by Naretti & Davey/Royal Geographical Society via Getty Images

Қажылық сапарлар эпидемиялардың, әсіресе холера мен оба сияқты індеттердің таралу қаупін арттыратын, бұл ауру түрлерінің Еуропаға таралуынан көптеген елдің билігі үнемі қауіптенетін. Дәл осы себеппен Британ үкіметі басқа елдердің билігі сияқты Үндістан мен Явадан келген қажылар үшін Қызыл теңіздегі Камаран аралында арнайы карантин аймағын ұйымдастыруды ұйғарған.

1881–1893 жылдар аралығында Хижаздағы44ХижазАрабия түбегінің батысындағы тарихи аймақ, сол кезде Осман империясының бақылауында болған холера қаупінің артуына байланысты Осман империясы карантин шараларын күшейтіп, қолданыстағы жүйені қайта қарауға мәжбүр болды. Сұлтан II Абдул-Хамид империяның ішкі ісіне шетелдіктердің араласуын қаламай Хижаздағы медициналық бақылауды еуропалықтарға тапсыру идеясын құптамады. Ол қажылық сапарын жақсартуға және аймақта инфекциялық аурулардың алдын алуға ерекше назар аударғанымен, бұл шаралар жеткіліксіз болып еді.

Мекке, Қағба. Түрлі-түсті ксилография. 1920 жыл/Getty Images

1893 жылғы холера эпидемиясы Осман үкіметінің қауқарсыздығын көрсетті. Басылымдарда Меккеде тиісті санитариялық қызметтің жоқтығы және Хижаздың Үндістаннан кейінгі індет ошағына айналып бара жатқаны туралы мақалалар көптеп жарияланды.

Мұсылмандарға арналған 1903 жылғы ресейлік қажылық паспорты/Wikimedia Commons

Халықаралық санитариялық кеңестің мәліметі бойынша, ірі эпидемия кезінде Ресей империясынан шыққан қажыларға Осман империясына қарасты жағалауларға кіруге немесе тоқтауға рұқсат берілмеген, бұл шешімге мұсылмандар әртүрлі реакция білдірді. Мысалы, Қырымның «Тәржіман» газеті: «Халықаралық кеңестің бес-жеті күндік карантинді сақтағаннан кейін де түрік порттарына қонуға және тоқтауға рұқсат бермеуінің себебін түсінбей отырмыз», – деп жазған.

Осыған орай қажынаманың белгісіз авторымен бірге болған топтағы көп қажы Мумбайға дейін кеме арқылы жетуді жөн көрген, бұл сапар оларға 4 ділдәға, яғни 40 сомға түскен және Мумбайға жету үшін 12 күн қажет болған. Қажы Британ жеріне аяқ басқаннан кейін оларға Пешаварға жету үшін тағы 4 күн кеткенін, ал сол жерде тағы бір апта тұрақтағанын жазады. Сол жерден олар жылқы сатып алып, үйге оралуға шешім қабылдаған.

Түркістан газетінде Хижаз пароходтарының жарнамасы. 1910 жылғы 19 тамыз/Wikimedia Commons

Автор қаланы Абдурахман ханның басқаратынын және оның мұсылман қаласы екенін еске алады. Жолда өздері ғана болғанына қарамастан, мұсылмандар арасында қауіпсіз сезінген. 30 күн өткен соң, олар Балх қаласына, одан кейін Әму-Дәрияны кесіп өтіп Сарабыз қаласына жетіп, ақыр соңында қазақ жеріне аяқ басады. «Әму-Дәрияның бір бөлігі орыстарға, ал екінші бөлігі мұсылмандарға тиесілі», – деп жазады автор. Самарқанға бара жатқан жолда автор жаңа жолды орыстардың салғанын байқаған. Олар Самарқанда 5 күн болып, 10 күннен кейін Ташкентке жеткен. Онда 13 күн болған соң, үйлеріне телеграмма жіберген. Дүнгендерден ат арба жалдап, қажылар 25 күнде Алматыға жеткен.

Жалпы алғанда, Қасиетті мекенге барып-қайту жолына оларға 14 ай кеткен.

Суфий Мединада Құран оқуда. Үнді миниатюрасы. 18 ғасыр/Wikimedia Commons

НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ

Кейн А. Российский хадж. Империя и паломничество в Мекку. — НЛО, Серия: Historia Rossica, 2021.

Мухтарова Г.Р. Қазақстандағы ислам діні. Қажылық (XIX–XX ғ.басы) Материалдар жинағы. — Алматы, Баспалар үйі, 2009.

Сибгатуллина А. Контакты тюрок-мусульман Российской и Османской империй на рубеже XIX–XX вв. — М.: Фонд исследований исламской культуры, 2010.

Can L. Spiritual Subjects, Stanford: Stanford University Press, 2020.

Alexandre P., Thomas W. and Thiery Z., eds., Central Asian Pilgrims: Hajj Routes and Pious Visits between Central Asia and the Hijaz. — Berlin: Klaus Schwarz Verlag, 2012.

Tagliacozzo E. Hajj in the Time of Cholera: Pilgrim Ships and Contagion from Southeast Asia to the Red Sea in «Global Muslims in the Age of Steam and Print» ed. James L. Gelvin, Nile Green, University of California Press, 2014.

Көшірілді