АНИМЕ ҚАРАУДЫ ҚАЛАЙ БАСТАУ КЕРЕК

Жапон анимациясы жайлы толық мағлұмат беретін мақала

Cоңғы сапарға шығарып салатын Фрирен/IMDb

Әлемдегі ешбір анимация жапон анимациясы секілді сан алуан тақырыпты қамту қасиетімен таңғалдыра алмас еді. Соғыс, саясат, дін, экономика, спорт, махаббат, жыныстық қатынас, аспаздық, өнер, қорқыныш, білім, ғылыми фантастика, суперқаһармандар, құмар ойындар, әзіл-қалжың сынды тақырыптардың әрқайсысының аниме әлемінде өз орны бар. Бұл тұрғыда көрерменнің қай жаста екені маңызды емес. Аниме — адамды балалық шақтан бастап, шашыңа ақ түскенше серік етер ғажайып өнер түрі.

Мазмұны

АНИМЕ ҚАЙ КЕЗДЕН БАСТАУ АЛҒАН?

Жапон анимациясының тарихы 1917 жылдан басталады. Сол жылы үш қысқаметражды анимациялық фильм жарық көрген: Симокава Хэкотэннің «Имокава Мукудзо. Қақпа күзетшісінің оқиғасы» (芋川椋三玄関番の巻, «Имокава Мукудзо генканбан-но маки», 5 минут), Коути Дзюнъичидің «Өтпес қылышы» (なまくら刀, «Намакура-гатана», 4 минут) және Китаяма Сэйтароның «Шаян мен маймыл» (猿蟹合戦, «Сару-кани гассэн», 5 минут). Өкінішке қарай, бұл шығармалардың көп бөлігі 1923 жылғы Канто аймағындағы жойқын жер сілкінісі кезінде жойылып кеткен. Тек «Өтпес қылыш» мультфильмі ғана аман қалып, 2008 жылы Осакадағы антиквариат сататын дүкеннен табылған.

Қазіргі кейіптегі аниме 1963 жылы ғана пайда болды. Бұл америкалық «Ханна-Барбера» студиясынан шектелген анимация техникасын қабылдаудың, сондай-ақ «анимейшн» (animation) атты шетелдік сөзді жапон тіліне бейімдеп, оны қысқартылған түрде «аниме» деп атаудың нәтижесінде пайда болды. Бұл процесс жапон тілінде көптеп кездесетін гайрайгоiiГайрайго (мағынасы — «сырттан келген сөздер») — жапон тілінде батыс еуропалық тілдерден алынған және катакана буын әліпбиімен жазылатын сөздердің жеке санаты(шетелдік сөздер) үлгісіне сай бейімделді. Шектелген анимация әдісі секундына небәрі 8, тіпті 6 кадрға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Бұл техника алғаш рет Осаму Тэдзука жасаған «Құдіретті Атом» (Тэцуван Атому) атты анимациялық сериалда қолданылды және Жапонияда телевизиялық аниме жанрының дамуына негіз болды. 1963 жылы жарық көрген «Құдіретті Атом» аниме-сериалы сол аттас манганың желісі бойынша түсірілген. Осы жоба арқылы жапондық анимация әлемдік деңгейдегі жаңа мәдени феноменге айнала бастады.

Мықты Атом/IMDb

Бұл алғашқы аниме-сериал Тэдзука Осамудың сол аттас мангасы негізінде түсірілді және күткендей-ақ, жапондар үшін өзекті тақырып — атом қаруын қолдану мәселесін қозғады. Хиросима мен Нагасаки қалаларының бомбалауларынан кейін басты кейіпкер — Атом есімді робот арқылы Тэдзука атом энергиясын бейбіт мақсатта, адамзат игілігі үшін қолдануға болатынын көрсетуге тырысты. «Құдіретті Атомның» алғашқы бөлімі драмалық оқиғамен басталады. Қысқаша айтсақ, автокөлік апатынан бір жасөспірім қайтыс болады. Ұлын құтқару үшін әкесі оны роботқа айналдырады. Осылайша жасанды Атом есімді бала өмірге келеді. Алайда сериалдың аяқталуы да драмаға толы. Ақыры, Атом Жерді құтқару үшін өзін құрбан етеді. Тұңғыш аниме-сериал балалар мен жасөспірімдерге арналса да, өлім, өмірдің шындығы сынды күрделі тақырыптарды айналып өтпей, терең ой тудырды. Драматизм анименің басты ерекшеліктерінің біріне айналды. Көп жағдайда мейірімді немесе күлкілі кейіпкерлердің сыртқы бейнесінің астарында күрделі, терең мағыналы оқиғалар жасырады. Шектелген анимация әдісі толық анимациядағыдай біркелкі қимылдарды жеткізе алмағандықтан, жапон режиссерлері сюжет желісіне, кейіпкерлердің мінез-құлқын дамытуға және эмоциялық әсерге басымдық берді.

Мықты Атом/IMDb

Аниме тарихы манга комикстерімен тығыз байланысты. Дәл осы мангадан аудиторияны жынысы мен жасына қарай бес негізгі санатқа бөлу принципі алынған: кодомо (балалар), сёнин (жасөспірім ұлдар), сёдзё (жасөспірім қыздар), сэйнэн (ерлер) және дзёсэй (әйелдер). Көптеген танымал аниме-сериалдардың негізінде жапон комикстерінің сюжеттері жатыр. Кейде керісінше, аниме негізінде манга жасалатын жағдайлар да кездеседі. Манга көбіне түпнұсқа оқиғалардың бастау көзі болғанымен, жапондық бұқаралық мәдениеттің әлемге кеңінен таралуына жол ашқан — аниме.

Жапонияның өзінде «аниме» сөзі көбінесе телевизиялық аниме-сериалдарды (テレビアニメ, тэрэби аниме) білдіреді, ал «анимация» деп толықметражды немесе қысқаметражды анимациялық фильмдерді (アニメーション映画, анимейшн эйга) атайды. Бұл фильмдер толық анимация техникасымен жасалуы мүмкін. Сондықтан жапондық анимациялық өнімдерді аниме-сериалдар мен аниме-фильмдер деп нақты бөлу маңызды.

Философ Адзума Хироки атап өткендей, 1970-жылдары жапон режиссерлері екі бағытқа бөлінді:

1) толық анимация техникасын пайдаланып, анимациялық фильмдер жасаған экспрессионистер — Оцука Ясао, Миядзаки Хаяо, Такахата Исао;

2) шектелген анимация техникасын қолдана отырып, аниме-сериалдар жасаған нарративистер — Ринтаро, Ясухико Ёсикадзу, Томино Ёсиюки.

Адзума анименің ерекше эстетикасы нарративист режиссерлердің арқасында пайда болды дейді. Олар америкалық мультипликациялық технологияларды (шектелген анимация техникасын) өздеріне бейімдей отырып, жапондық айрықша стиль қалыптастырды.

Ал Миядзакиге келсек...

Бұл тұрғыда Батыста Хаяо Миядзакидің туындылары жиі аниме жанрына жатқызылады, бірақ бұл оның шығармаларының нақты табиғатын дұрыс көрсетпейді. Шын мәнінде, оның анимациялық фильмдері әдетте анимеге тән кейіпкерлердің типаждары немесе жанрлық белгілерді (кодомо, сёдзё, сёнэн, сэйнэн, дзёсэй) қамтымайды, көбінесе авторлық мультипликация дәстүріне жақынырақ. Тіпті оның фильмдерін жанрсыз, отбасымен бірге көруге арналған туындылар деп те атауға болады. Сондықтан «Менің көршім Тоторо», «Желдер алқабының Наусикаясы», «Хаулдың көшпелі қамалы», «Кикидің жеткізу қызметі», «Жартас үстіндегі Поньо балық», «Жел күшейіп келеді», «Бала мен құс» және басқа да шығармалары жынысы мен жасына қарамастан, кең аудиторияға арналған.

Мысалы, «Кикидің жеткізу қызметі» фильмі, сиқырмен айналысатын қыз және оның мысығы туралы оқиға, тематикалық тұрғыда сёдзё-аниме ішіндегі махо-сёдзё (сиқыршы қыздар) шағын жанрына жатқызылуы мүмкін. Бұл туралы сёдзё-аниме бөлімінде толығырақ баяндалады. Басты кейіпкердің сиқырлы қабілеттері мен оның «сиқыршы серігі» — мысығы болғанымен, фильмде махо-сёдзёға тән негізгі элементтер жоқ. Мысалы, хэнсин (変身) — қыздың кәдімгі адамнан сиқыршыға айналуы, бұл кезде оның киімі өзгереді. Сондай-ақ, бұл жанрға тән магиялық артефакт (түйреуіш, айна, алқа (кулон)) немесе «Ай қуаты, күш бер маған!» (ムーン・プリズム・パワー・メイク・アップ, мун призму пава мэйку аппу) сынды сиқырлы фразалар да фильмде кездеспейді.

«Хаулдың көшпелі қамалы» фильмінде анимеге тән бисёнэн (美少年) кейіпкері кездеседі. Хаул — құдіретті сиқыршы, сырттай қарағанда керемет жас жігіт, әйелдердің жүрегін жаулайтын сырбаз ретінде сомдалған. Алайда оның шынайы болмысы — жалғыздыққа толы.

Миядзакидің анимациялық фильмдері анимедегі троптарды (сиқыршы қыз, әдемі бисёнэн жігіт, сүйкімді серік болған кейіпкерлер және т.б.) пайдалануы мүмкін, бірақ бұл элементтерді толықтай қайталамайды. Керісінше, оларды реализм дәстүріне бағындырып, кейіпкерлердің терең сезімдері мен ішкі жан дүниесін көрсетеді. Кейбір жағдайларда, Миядзаки тіпті кейіпкерлерін сиқырлы қабілеттерден айырып, олардың бейнесін шынайылыққа жақындатуға тырысады.

Кикидің жеткізу қызметі/IMDb

АНИМЕНІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ НЕДЕ?

Аниме-сериалдарды алғаш көрген адамдардың көпшілігі кейіпкерлер әрекеттерінің ерекше эстетикасына таңғалады. Мұндай ерекшеліктерді Стиви Суан өзінің «Аниме парадоксы: дәстүрлі жапон театры призмасындағы модельдер мен тәжірибелер»iiSuan S. The Anime Paradox: Patterns and Practices through the Lens of Traditional Japanese Theater. Leiden and Boston: Global Oriental, 2013. 344 pдеген кітабында ұсынған концепция арқылы түсіндіруге болады. Автор аниме-сериалдарда трагедиядан комедияға жиі ауысатын қызықты ерекшелікке назар аударады. Көп жағдайда кейіпкерлердің эмоциялары соншалықты әсіреленіп беріледі, олардың бет-әлпеті әртүрлі гримасаларға айналып, әрекеттері шектен шыққандай көрінеді. Бұл ерекшеліктің түп тамырын ол «дзё-ха-кю» ұғымымен байланыстырады. Бұл дәстүрлі жапон өнеріндегі, соның ішінде Но, Кабуки және Бунраку театрларындағы әрекет тізбегінің моделі. «Дзё-ха-кю» концепциясы үш маңызды бөлікті қамтиды: бастау (序, дзё), шешуші сәт (破, ха) сап тыйылу (急, кю). Осы үлгіге сәйкес, кез келген әрекет баяу басталып, одан кейін аздаған кідіріс жасалып, соңында жылдам әрі әсерлі түрде аяқталуы керек. Мұндай құрылым шай рәсімдерінде, жекпе-жек өнерлерінде және театрлық қойылымдарда кеңінен қолданылады. Тіпті, ауыр трагедиялық пьесалар қойылған Но театрының сахнасында да Кёгэн театрының жеңіл комедиялық үзінділері кезегімен орындалып отырады. Осыған ұқсас тәсілдер қазіргі аниме-сериалдардың оқиғаларын дамытуда да қолданылады. Бұл анименің драмалық пен комедиялық элементтерді үйлестірген ерекше эстетикасын қалыптастырды.

Цукиока Когио қойылымы, Эбоши-ори (Жаңа штаб-пәтер), (Ұлттық Но театры)/Wikipedia Commons

Аниме-сериалдардың жарқын әрі айқын көріністері кейіпкерлердің ішкі әлемін және олардың ерекшеліктерін визуалды тіл арқылы оңай түсінуге мүмкіндік береді. Мысалы, қызғылт немесе қызыл шашты кейіпкерлер (мысалы, Ичиго Куросаки «Бличтен» немесе Рэнгоку Кёдзюро «Демон өлтірушіден») әдетте, қызба мінезімен ерекшеленеді. Ал алтын сары немесе күміс шашты кейіпкерлер (мысалы, Гинко «Муси зерттеушісінен» немесе Такаси «Нацумэнің достық дәптерінен») керісінше, ұстамды болып, назардан тыс жүреді. Бұл олардың көбінесе басқа әлемнің тіршіліктерін көру қабілетімен байланысты.

Анимеде ерекше бір «ұлтсыз» стиль бар, оны Коити Ивабути «мукокусэки» (無国籍, тура мағынасы — «азаматтығы жоқ») деп атайды. Бұл стиль жапондық кейіпкерлердің сырт келбетін оңайлықпен ақ нәсілді адамдарға ұқсатуға мүмкіндік береді. Осы арқылы шетелдік көрермендер аниме кейіпкерлерімен өзін оңай сәйкестендіре алады. Мысалы, танымал «Сейлор Мун» аниме-сериалындағы басты кейіпкер Усаги Цукино — көк көзді, сары шашты жапондық мектеп оқушысы. Сол сияқты, «Наруто» анимесінің басты кейіпкері Удзумаки Наруто да көк көзді, сары шашты ниндзя өнерін меңгеріп жүрген жігіт ретінде көрсетілген.

Сейлор Мун: Кристалл (2014–2016), 1992 жылғы классикалық анименің жаңа нұсқасы/IMDb

Көптеген көрермендер арнайы таңдалған дубляж актерлерінің (сэйю) кәсіби жұмысын бағалау үшін анимені субтитрмен тамашалауды жөн көреді. Анимеде кейде әйелдер ер кейіпкерлерді дыбыстау дәстүрі кең тараған. Мысалы, жас пират Манки Д. Луффиді («Ван Пис») Маюми Танака, ал жас ниндзя Удзумаки Нарутоны («Наруто») Дзюнко Такэути дыбыстаған. Сондықтан анимеде дыбыспен сүйемелдеу визуалды бейнелер сияқты маңызды рөл атқарады.

АНИМЕ МЕН КЕҢЕСТІК МУЛЬТФИЛЬМДЕРДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Жапон аниматорлары шамамен «Союзмультфильм» студиясынан және кеңестік анимация мектебінен үйренген болуы мүмкін. 1940–1950 жылдары кеңестік мультипликация жапондық анимацияға қарағанда ерекшеленген болатын және жапондар оны Диснейдің америкалық өнімдеріне балама ретінде қабылдаған сыңайлы.

Лев Атамановтың 1957 жылы шыққан «Қар патшайымы» мультфильмі Хаяо Миядзаки шығармашылығына ықпал еткені жайлы жиі айтылады. Алайда көп адам біле қоймас, 1947 жылы шыққан кеңестік «Конек-Горбунок» мультфильмі анимацияның аңызға айналған тұлғасы Тэдзука Осамуға мультипликатор болуға шабыт берген мыс.

Тэдзука Осамудың қарындасының естеліктеріне сүйенсек, ол бұл мультфильмді кемінде 50 рет қайта қарап шыққан көрінеді. Сол кездерде дәрігерлік мансабынан бас тартып, суретші әрі аниматор ретінде жұмыс істеуге көшеді. Сонымен қатар Тэдзука анасына «Конек-Горбунок» мультфильмін көрсеткеннен кейін, ол анасының батасын алып, мамандығын өзгертемін деп шешім қабылайды дейтін аңыз бар.

Кеңестік және жапондық мультипликацияның кейбір ұқсас белгілері: тәрбиелік мәні, жақсылықтың жамандықты жеңуі, кейіпкердің адамгершілік және моральдық қасиеттерге сүйенуі, сондай-ақ философиялық ой-толғауға және өзін-өзі тануға ұмтылу.

Қар патшайымы (1957)/Союзмультфильм

ҮЛКЕН-КІШІГЕ ЖАРАМДЫ ӨНЕР. ЖАС ЕРЕКШЕЛІКТЕРІНЕ САЙ АНИМЕНІ ҚАЛАЙ ТАҢДАУ КЕРЕК?

Балаларға арналған аниме (кодомо-аниме), жасөспірім ұлдарға (сёнин-аниме) және қыздарға (сёдзё-аниме), ересек ер адамдарға (сэйнэн-аниме) және әйелдерге (дзёсэй-аниме) арналған анименің әртүрлі санаттары бар. Ал 2010-жылдары Жапонияда анимацияның жаңа санаты пайда болды — егде жастағы адамдарға арналған комикстер мен анимациялар. Мұндай туындылардың сюжеті көбінесе әже мен атаның айналасында өрбіп, олардың басынан өткен түрлі оқиғаларды баяндайды. Осы бағыттың ең танымал өкілдерінің бірі — «Инуясики» (2017) аниме-сериалы. Онда ақсақал Инуясики Итиро туралы баяндалады. Одан өзінің отбасы жалыға бастайды және жас ұрпақтың алдында қадірі қашады. Алайда бөгде ғаламшарлықтармен кездейсоқ кездесуден кейін ол киборгқа айналып кетеді.

Кодомо-аниме (6–12 жас аралығындағы балаларға арналған)

Аниме-сериалдардың алғашқы қадамдары балалар аудиториясына арналған туындылардан басталды. Егер сіз мейірімге шақырар, жүрекке жылы тиер, жеңіл сюжетке толы шығармалар іздесеңіз, кодомо-анимеден бастауға болады. Мұндай анимелердің басты ерекшелігі — кейіпкерлердің мейірімділігі, ал жауыздар қорқынышты емес, керісінше, балаларға қызықты әрі жеңіл көрінеді.

Мысалы, 1988 жылдан бастап үздіксіз көрсетіліп келе жатқан «Анпанмен» аниме-сериалында кейіпкерлер түрлі нан-тоқаш түрінде бейнеленген. Басты кейіпкер — Анпанмен, оның басы дәстүрлі жапондық тәтті бәліш анпан түрінде сомдалған, ішінде тәтті боб пастасы адзуки бар. Оның серіктестері — дын бәлішіне ұқсайтын басы бар Мелонпанна, карри бәлішіндей басы бар Каррипанмен және ақ нан тіліміне ұқсайтын басы бар Сёкупанмен. Тэдзука Осамуның 1980-жылдары жасаған сиқырлы сыңармүйіз «Юнико» туралы анимациялық фильмдері де мейірім мен жеңіл ностальгияға бөлейді.

Сол сияқты 1973 жылдан бері жалғасып келе жатқан «Дораэмон» аниме-сериалындағы мейірімді робот мысық Дораэмон да балаларға ерекше танымал. Ол болашақтан келген және бастауыш мектептің оқушысы Нобитаға 22 ғасырдың түрлі технологиялық құрылғыларын пайдалана отырып, қиындықтарды жеңуге көмектеседі.

Ампанмен/IMDb

Балаларға арналған ең танымал аниме-сериалдардың бірі — «Покемондар» (Қалта монстрлары, 1997 жылдан бері). Ол спорттық тақырыпты қамтиды және басқалардан көрі қарқынды сюжеттілігімен ерекшеленеді. Басты кейіпкер барынша көп покемон жинап, оларды шайқастарда жеңіске жету үшін пайдаланады. Бұл аниме спокон жанрына жатады — спорт пен рух күші (根性, кондзё) идеяларын ұштастырған ерекше жанр. Бұл сериядағы Пикачу сияқты сүйкімді жануарлар спортты балалар аудиториясына жеңіл әрі қызықты түрде насихаттайды.

Покемон/IMDb

Алайда сырттай сүйкімді әрі жас кейіпкерлері бар анимелерді тек балаларға арналған деп ойламау керек. Көрермендер аудиториясын білдіретін жас санатына назар аударғаныңыз абзал. Мысалы, 2017 жылғы «Тұңғиықта туғандар» аниме-сериалының басты кейіпкерлері — кішкентай қыз Рико мен робот Рег. Олар кавайи (かわいい — сүйкімді, әдемі) стилистикасына сәйкес өте мейірімді әрі балаң көрінеді. Бастапқыда оқиға көңілді әрі оптимистік тұрғыда өрбігенімен, сюжеттің тереңдеуімен, тұңғиықтың төменгі деңгейлеріне түскен сайын кейіпкерлер ауыр дене өзгерістеріне ұшырайды. Бұл оқиғалар боди-хоррордың үздік дәстүрлерімен беріледі. Сондықтан «Тұңғиықта туғандар» сэйнэн санатына жатады және 18 жастан асқан ерлер аудиториясына арналған.

Тұңғиықта туылған/IMDb

Сёнэн-аниме (12–18 жас аралығындағы ұл балаларға арналған)

Анименің ең танымал жанры — жасөспірімдер аудиториясына арналған туындылар. Бұл жанрдағы оқиғалар «Достық, еңбек, жеңіс» ұранымен өрбиді. Әдетте, басты кейіпкерлер — өзін-өзі тану және қалыптасу кезеңін бастан өткеріп жатқан жасөспірім ұлдар. Сюжет достық пен бәсекелестікке негізделеді. Романтикалық элементтер де бар, бірақ әйел кейіпкерлер көбіне қосалқы рөлде немесе «күрескер серіктер» ретінде бейнеленеді.

Әңгімелердің өзегінде кейіпкерлердің қиындықтарды жеңу арқылы белгілі бір мақсатқа жетуі жатыр. Көбінесе, антагонист ұл баланың ішінде қараңғы жағы бар, ол оны жеңуі керек. Мұндай қара күштер көбіне жапон мифологиясындағы ежелгі түсініктермен байланыстырылады: мысалы, жануар-адам кейпіндегі жаратылыстар (тоғыз құйрықты түлкі), елестер (юрэй) немесе мистикалық тіршілік иелері (ёкай).

Жасөспірімдерге арналған аниме жанрының әлемдік танымалдылығы 2000-жылдардың басында басталды. Сол кезде «One Piece» (1999 – бүгінгі күнге дейін), «Naruto» (2002–2007), «Bleach» (2004–2012) сияқты аниме-сериалдар жарыққа шықты. Бұл туындыларда жас кейіпкерлер өз кәсібінде ең күшті, ең ықпалды болуды армандайды. Қазір бұл аңызға айналған сёнэн анимелері «Үлкен үштік» деп аталады.

Жасөспірімдер аудиториясы үшін ерекше танымал болған тақырыптық жанр — меха (ағылшын тіліндегі mechanism сөзінің қысқартылған түрі). Бұл — адам басқаратын алып роботтар туралы аниме-сериалдар. Алғашқы толыққанды робот кейіпкер Тэдзука Осамудың «Құдіретті Атом» мангасы мен анимесінде пайда болды. Бастапқыда роботтар қашықтан басқарылатын, мысалы, «Темір адам №28» (1963–1966) анимесінде пульт арқылы басқарылды. Жанрдың жаңа, шынайы түсінігі 1979 жылғы «Мобильді жауынгер Гандам» анимесінде пайда болды. Мұнда алып роботтар тірі жаратылыстар ретінде емес, күрделі әскери костюмдер мен техниканың соңғы жетістіктері ретінде суреттелді.

Ақырында, робот пен ұшқыштың біртұтас болмысы, идеясы «Евангелион» (1995–1996) анимесінде тереңірек қарастырылды. Бұл туындыда ұшқыштар роботтың зақымдануынан өздері де ауырсынуды, жарақатты сезінеді. Әдетте, мұндай роботтарды ересек, тәжірибелі адамдар емес, жеке мәселелерге толы, депрессиядағы жасөспірімдер басқарады.

Меха жанры ешқашан таза күйінде болмайды, оны әрдайым басқа да комедия, шытырман оқиғалар, экшн секілді жанрлар толықтырады. Мұндай үйлесімнің ерекше мысалы — 2007 жылғы «Гуррен-Лаганн» аниме-сериалы. Бұл туынды меха жанрын комедиялық бағытта көрсетіп, өзіндік ерекше әлемді бейнелейді, оның негізінде «спираль күшіне» деген идея жатыр.

Гуррен-Лаганн/IMDb

Сёдзё-аниме (12–18 жас аралығындағы қыз балаларға арналған)

Сёнэн-аниме сияқты, 1960-жылдардың ортасында қыздарға арналған сёдзё-аниме жанры да дами бастады. Мұндай оқиғалардың басты кейіпкері, әдетте, өз орнын іздеген және махаббат қарым-қатынасын құруға алаңдаулы жасөспірім қыздар болады. Сёнэн-анимедегідей, сёдзё-анимедегі протагонист түрлі қиындықтарды еңсереді. Бұл дәстүр сёдзё-сёсэцу деп аталатын, жас қыздардың өмірлік сынақтарын суреттейтін тәрбиелік романдардан алынған. Мысалы, «Кэнди-Кэнди» (1976–1979) аниме-сериалында жетімдер үйінде өскен Кэнди есімді қыздың өмірі баяндалады. Ол талай қиындыққа тап болғанына қарамастан, өзінің қияқы мінезі мен қайсарлығына сүйеніп, барлығын жеңеді.

Кэнди-Кэнди/IMDb

Кейде сёдзё-анимеде басты кейіпкер ретінде ұл бала да бейнеленеді. Мысалы, алғаш рет бұл жанрда басты кейіпкер 1969–1971 жылдары жарық көрген Мидзуно Хидэконың «Fire!» мангасындағы жасөспірім ұл болды. Оның қиын тағдыры мен түрмедегі өмірі баяндалып, музыкант болу арманы көрсетіледі. Қыздарға арналған қазіргі аниме-сериалдардың ішінде ер кейіпкер басты рөл атқаратын мысалдардың бірі – «Нацуменің достық дәптері» (2008, 2009, 2011, 2012). Мұнда басты кейіпкер Нацумэ Такаси — жапондық оқушы, ерекше қабілеті арқасында рухтар мен тылсым жаратылыстарды көре алады. Аниме лирикалық сипатқа ие және қанды шайқастар жоқ, бұл әйел аудиториясына сай келеді.

Нацумэнің достық дәптері/IMDb

Қыздар аудиториясы үшін маңызды жанрлардың бірі — махо-сёдзё («сиқыршы қыздар»). Бұл жанр 1966–1968 жылдары шыққан «Салли атты сиқыршы» және 1969–1970 жылдары жарық көрген «Акко-тянның құпиясы» аниме-сериалдарынан бастау алды. «Салли атты сиқыршы» сиқыр әлемінен адамдар әлеміне келген қыздың жақсылық пен әділдік үшін сиқырлы күштерін қалай пайдаланатынын баяндайды. Ал Акко-тян сиқырлы айнаға ие болып, өзінің қалаған кейіпіне айнала алады. 1974–1975 жылдары жарық көрген «Сиқыршы Мег» анимесінде жас сиқыршы Жерге жіберіліп, адамдар өмірімен жақынырақ танысуы қажет. Тек осы жолмен ол сиқырлы елдің келесі патшайымы бола алады.

Акко-тянның құпиясы/IMDb

Махо-сёдзё жанрындағы басты кейіпкерлер жиі басқа әлемнен келген елшілер ретінде көрсетіледі. Бұл жапонның классикалық «Такэтори моногатари» ертегісінің құрылымына ұқсайды, онда ерекше қабілеті бар Кагуя-химэ Ай патшалығының ханшайымы болып шығады.

Бұл жанрдың ең танымал өкілі — «Сейлор Мун» (1992–1997) аниме-сериалы. Бұл туынды сиқырлық пен суперқаһармандық элементтерді шебер үйлестіре отырып, жаулармен күресетін теңізші формасындағы сиқыршы қыздар командасын бейнелейді. Күнделікті өмірде бұл қыздар қарапайым жапон оқушылары секілді өмір сүрсе, қауіп төнген сәтте Лун патшалығын қорғайтын қаһармандарға айналады.

«Сейлор Мун» анимесі шетелде де үлкен танымалдылыққа ие болып, әлемдегі адал жанкүйерлер тобын құрады. Мысалы, Ресейде бұл анименің жанкүйер қыздары «муняшки» деп аталды (moon — «ай» сөзімен байланысты).

Сейлор Мун/IMDb

Сёдзё-анимеде сүйкімді тіршілік иелерін жиі байқауға болады. Олар көбіне жануарлар, жан біткен ойыншықтар немесе ерекше жаратылыстар болып келеді. Мұндай «сиқырлы көмекшілер» кейде негізгі кейіпкерлерге өмірлік сабақ береді. Мысалы, «Сейлор Мунда» мысық Луна мен Артемис — басты кейіпкерлердің адал серіктері.

Сёдзё-анимеде әйел аудиториясына қызықты, тартымды ер кейіпкерлерге басымдық беріледі. Олар жиі үлкен көздермен бейнеленсе, басты қыз кейіпкердің сыртқы келбеті қарапайым болуы мүмкін. Түстер палитрасы нәзік немесе қызғылт реңктермен ерекшеленеді.

Студенттік кеңестің төрағасы - қызметші қыз!/IMDb

Бұл жанрда «ерлер киімін киген қыз» немесе «жауынгер қыз» сияқты қызықты бейнелер кездеседі. Мұндай типажды алғаш рет Тэдзука Осаму өзінің 1953 жылы жарық көрген «Банттық рыцарь» мангасында ұсынған. Бұл идея Такарадзука театрының дәстүрінен шабыт алған. Театрда барлық рөлдерді жігіт кейпінде киінген қыздар ойнайды.

1970 жылдары Икэда Риёконың «Версаль раушаны» мангасы мен анимесінде бұл бейне ары қарай дамыды. Басты кейіпкер леди Оскар бала кезінен ұл ретінде тәрбиеленіп, ақсүйектердің қорғаушысы ретінде қызмет етеді. Уақыт өте келе, мұндай типаж өзінің маңызынан айырылып, әйел аудиториясына арналған «дзёсэй» жанрындағы феминизацияланған ер кейіпкерлерге ауысқан.

Құдайдың сүйгені/IMDb

Сэйнэн-аниме (18–45 жас аралығындағы ерлерге арналған)

1970 жылдары сэйнэн-аниме жанры дүниеге келді. Бұл жанрдың қалыптасуы «Люпен III. 1-бөлім» (1971–1972) аниме-сериалының алғашқы маусымының экранға шығуымен тікелей байланысты. Серияда бейәдеп әзілдер мен ашық көріністер алғаш рет орын алған болатын. Негізінде сэйнэн-анимеде сёнэн-аниме жанрларына тән (меха, спокон, шытырман оқиғалар, боевиктер, ғылыми фантастика, ғарыш опералары, комедиялар, суперқаһармандар және т.б.) элементтер кездеседі. Алайда бұл жанрда мәселенің тереңіне үңілу деңгейі және визуалдық арнайы эффектілердің сапасы әлдеқайда жоғары.

Жас шамасына қарай рейтингтер өзгеруі мүмкін. Мысалы, Хаяо Миядзаки «Люпен III» оқиғасын жасөспірімдер аудиториясына лайықтап, 1979 жылы «Люпен III: Калиостро қамалы» атты анимациялық фильмін шығарды. Бұрын ересектерге арналған сериал аса танымал болмағаннан кейін, бұл фильм жаңа аудиторияның көңілінен шықты.

Люпен III/IMDb

Сэйнэн-анименің әсерін Ватанабэ Синъитироның «Ковбой Бибоп» (1998–1999) атты культтік аниме-сериалынан байқауға болады. Басты кейіпкерлер Спайк Шпигель мен Джет Блэк сырттай Люпен III мен оның серігі Дзигэнді еске салады. Бұл аниме-сериал да ересек көрермендерге арналған және джаз, экшн мен әсерлі махаббат оқиғаларын ұнататындарды қызықтыра алады.

Ковбой Бибоп/IMDb

Сэйнэн-аниме жанрына тән ерекшеліктер — мансап құру мәселелері, адамзаттың жаһандық мәселелері туралы терең философиялық ойлар, жеке тұлғаның ішкі «менін» зерттеу, сондай-ақ жыныстық көріністер мен зорлық-зомбылық сахналары. Сэйнэн-аниме стилі қатаң әрі шынайылыққа жақын, сұркейлі атмосферасымен және нақты детальдарымен ерекшеленеді. Мұнда үлкен көздер сирек кездеседі, тек балалар мен сүйкімді қыз кейіпкерлеріне қатысты болмаса, түстер палитрасы да сёнэн-анимеге қарағанда күңгірт әрі байсалды көрінеді.

Сэйнэн-анименің танымал туындыларының қатарына «Берсерк» (1997–1998) — тарихи қара фэнтези, «Хеллсинг» (2001–2002) — Брем Стокердің «Дракуланы» жалғастыратын мистикалық боевик және «Ванпанчмен» (2015) — суперқаһармандар туралы пародия, басты кейіпкер қарсыластарын бір ғана соққымен жеңеді.

Хеллсинг/IMDb

Дәл осы сэйнэн-аниме арқылы жапон анимациясы Батыста үлкен танымалдылыққа ие болды. «Акира» (1988) аниме-фильмі зорлық пен жемқорлық тақырыптарын қозғады. Бұзақы жасөспірімдер, құпия эксперименттер, байкерлер бандалары — бұл батыс анимациясына, әсіресе балаларға арналған диснейлік мультфильмдерге тән емес элементтер еді. «Сауытқа оранған елес» (1995) аниме-фильмі жасанды интеллект мәселелерін терең зерттейді. Мұнда басты кейіпкер — майор Кусанаги Мотоко, фильмде оның адам болудың мәні мен өзінің шынайы болмысы туралы ойларына басымдық берілген.

Сауыт киген елес/IMDb

Сэйнэн-аниме әрдайым тек қатал әлемдер мен апокалипсиске арналмаған. Кейбір аниме-сериалдарды әйел авторлар жасаған, бұл олардың лирикалық атмосферасы мен күнделікті өмірдің қарапайым сәттеріне назар аударуымен ерекшеленеді. Мысалы, «Муси білгірі» (2005–2006, 2014) аниме-сериалында ерекше тіршілік иелерін емдейтін дәрігер Гинко туралы айтылады. Ал «Чидің сүйкімді үйі» (2008, 2009, 2016) сериалы — Ямада отбасының баспанасыз мысыққа қамқорлық жасағаны туралы әсерлі хикая.

Дзёсэй-аниме (18–45 жас аралығындағы әйелдерге арналған)

1990 жылдары пайда болған дзёсэй-аниме — ең жас аниме жанры. Мұнда қарым-қатынасқа қатысты терең әрі күрделі мәселелер көтеріліп, жүктілік, ана болу және әйел физиологиясы, неке мен әйелдердің өздігінен іс тындыруы тақырыптары қарастырылады. Кейбір кейіпкерлер күшті ер азаматқа арқа сүйемей-ақ, өз мәселелерін өздері шеше алады немесе жұмыс орнында жетекші қызметтер атқарады.

Мені сүйемін деп айт/IMDb

Дзёсэй-анименің ең алғашқы үлгілерінің бірі — «Сүттен аппақ құштарлық» (1990, OVA) қысқаметражды фильмі. Онда ірі жапон компаниясында жұмыс істейтін 20 жастағы Хироми есімді қыздың оқиғасы баяндалады. Оның міндетіне шай ұсыну мен ұсақ тапсырмаларды орындау кіреді. Бір күні екі күмәнді еркек оны көлікке отырғызып, қонақүйге апарады. Мұнда қонақүй менеджері оған мекеменің басшысы болуды ұсынады.

Дзёсэй-аниме түрлі жанрлық элементтерді қамтуы мүмкін. Мысалы, «Үрей дүкені» (1999, OVA) хоррор жанрын ұсынады, мұнда ерекше жануарларды сататын дүкен иесінің оқиғасы баяндалады. Ал «Медуза ханшайымы» (2010) — романтикалық комедия, мұнда медузаларды жақсы көретін 18 жастағы Цукими есімді қыз суретші болуға ұмтылады. Дзёсэй-анимелерде мистикалық және сиқырлы тақырыптар сирек кездеседі, көбіне шынайы өмірді және күнделікті өмірдің шынайылығын суреттейді.

Медуза ханшайым/IMDb

Дзёсэй-анимелерде мистикалық және сиқырлы тақырыптар сирек кездеседі, көбіне шынайы өмірді және күнделікті өмірдің шынайылығын суреттейді. Мысалы, «Нана» (2006–2007) аниме-сериалы бір бөлмеде тұратын екі әйелдің әртүрлі тағдырларын көрсетеді. Осаки Нана кәсіби әнші болуды армандаса, Комацу Нана махаббатын кездестіруді басты мақсат көреді.

Нана/IMDb

Дзёсэй жанрына сондай-ақ boys love (BL) аниме кіреді, мұнда ер кейіпкерлердің романтикалық және сексуалдық қарым-қатынасы баяндалады. Бұл жанр — әйелдердің эротикалық қиялдарының алаңы. Бір қарағанда, нәзік әрі пассивті ер адам кейіпкерінің астарында әйел кейіпкері жасырылғаны байқалады. Әйелдер осылайша дәстүрлі сексуалдық рөлдерден бас тартып, теңдікке негізделген қарым-қатынастарды көрсетуге ұмтылады деген пікір қалыптасқан.

Сыныптас/IMDb

Көшірілді