ВИЗАНТИЯ ЖӘНЕ ТҮРКІЛЕР

8-дәріс. Империяның ақыры

1453 жылы Константинопольдің құлауы. Ыстамбұлдағы Панорама мұражайы / Alamy

Византия түркілермен қалай танысты, қалай күресіп, татуласты, және олардың қолынан қалай талқандалды? Византиятанушы, ирантанушы және түркітанушы Рустам Шукуров қорытынды дәрісінде Османлы мемлекетінің Ислам пайғамбарлығын қалай жүзеге асырғаны және екі мың жылдық тарихы бар империяны қалай жаулап алғаны туралы айтылады.

Римдіктер империясы өмір сүрген соңғы онжылдықтарда әбден қорлық көргеніне қарамастан, оны христиандар да, мұсылмандар да ойкуменадағы, бүкіл әлемдегі жалғыз абсолютті заңды әмбебап билік деп қарастырды. Оның ерекше әмбебап заңдылығы Ұлы Александр империясымен және Рим империясымен генетикалық байланысына негізделді. Бұл байланыс және Византияның осы мәртебесі жалпыға белгілі және мойындалған болатын. Кім Константинопольді басып алса, сол бұл заңдылықты соғыс құқығымен мұра етті.

Жаулап алушы мұсылмандар үшін Мұхаммед пайғамбардың Константинополь империясының ғарыштық мәртебесін растайтын және мұсылманның Константинопольді басып алуын эсхатологиялықiЭсхатология – ақырзаман туралы діни ілім. сәттің басталуымен және оның жер бетіндегі тарихының аяқталуымен байланыстырған бірқатар хадисінен iХадис – сөзбе-сөз айтқанда «хабар», «жаңалық», «хикая». Хадис деп Мұхаммед пайғамбардың мұсылмандардың өмірінің діни және құқықтық саласының әртүрлі жағына қатысты айтқан сөздері мен әрекеттері туралы риуаятты атайды. Хадистер мұсылман құқығының Құраннан кейінгі екінші қайнар көзі болып табылады. туындаған тағы бір аспект болд.

Жалпы, Құранда Римге, сондай-ақ Византияға да жанашырлықпен қарау бар, өйткені онда Рим пұтқа табынушылыққа қарсы тұрған бір құдайға сенумен байланыстырылады. Құранда былай делінген:

«Рұм жеңілді. Ең жақын жерде олар жеңілгеннен кейін жедел жеңіске ие болады. Бірнеше жылдың ішінде. Іс бұрын да кейін де Алланың еркінде. Сол күні мүміндер де қош болады. Алланың жәрдемімен. Ол, кімді қаласа, жәрдем етеді. Ол аса үстем, ерекше мейірімді» (Құран, 30, «Ар-Рум», яғни «Рим» сүресі, 2–5).

Бұл сүре 610 жылдардың аяғында, Византия-Парсы соғысы кезеңінде, Сасанидтік Иран византиялықтарды талқандап, империя аумағының жартысына жуығы парсылардың қол астына өткен кезде түсірілген. Парадокс болса да, көптеген мұсылман түсініктемешісі де, шығыстанушы ғалымдар да Құранның бұл анық, түсінікті аяттарын парсылардың немесе мұсылмандардың жеңіске жетуінің уәдесі деп түсінеді. Алайда олай емес, бұл жерде «дінге сенушілер» — Рим империясының христиандары туралы айтылған. Құдай парсыларға, пұтқа табынушылар мен зороастризмді ұстанушыларға емес, христиандарға жеңіске жетуін уәде етеді. Айтпақшы, бұл сүрені орындалған саяси болжам деп қарастыруға болады.

Константинопольдің алынуына қатысты Мұхаммедтің хадистерінде, керісінше, Қаланы мұсылмандардың басып алатыны туралы айтылады, олардың кейбірін қарастырайық:


1. Қанды шайқасты Константинополь ашады.

2. Үлкен қантөгісті Константинополь ашады.

3. Содан соң Құдай сендерге Румды ашады және сендерді қанағаттандырады.

4. Содан кейін сендер Jazirat-ul-ArabiАраб түбегі. жаулап аласыңдар және де оны Құдай ашады, сосын Фарсты аласыңдар және де оны Құдай ашады, содан кейін Румды жаулап аласыңдар, оны Құдай Тағала ашады.

5. КисроiСасанид патшасы. қаза тапты және одан кейін Кисро болмайды, және Кесарь қаза табады, одан кейін Кесарь болмайды, содан кейін екеуінің байлығы Құдай Тағаланың жолымен бөлінеді.

6. Расында, сендер Константинопольді жаулап аласыңдар. Бұл жаулап алушы өте тамаша қолбасшы болады және бұл өте тамаша әскер болады.iBabinger Fr. Mehmed the Conqueror and His Time. Princeton, 1978. P. 85.

Бұл хадистердің кейбірінің анықтығына мұсылман дін ілімінде күмән келтіріледі (яғни, Мұхаммедтің оларды айтпағаны, бірақ ол айтты деп есептеліп кеткені жоққа шығарылмайды.iWensinck A. J. A Handbook of Early Muhammadan Tradition Alphabetically Arranged (Leiden 1927). P. 101. Дегенмен 7 ғасырдың екінші жартысы мен 8 ғасырда мұсылмандар Константинопольді жаулап алу үшін соңғы ауқымды әрекет жасаған дәуірде бұл хадистердің қолданыста болғаны анық. Хадистерде Рим/Византия мен Константинопольдің жағымсыз бейнесі жасалған деген түсінік қалыптасуы мүмкін. Алайда бұл мүлде олай емес. Ертедегі Malhama, malahimiДүниенің тағдыры туралы болжамдар. бойынша хижраның11ХижраИсламда Мұхаммед пайғамбардың сахабаларымен бірге Меккеден Мединеге қонысы. Мұсылманша жыл санау хижрадан басталады. ең көне 165 жылында (8 ғасырдың соңында) адамзатты пешенесіне жазылған істі орындауға әкелетін мұсылмандардың соңғы ісі, Ақыр заман мен Қиямет алдындағы соңғы оқиға ретінде Константинопольді алу идеясы дамытылады.iMassignon L. Textes prémonitoires et commentaires mystiques relatifs à la prise de Constantinople par les Turcs en 1453 (= 858 Hég.) // Oriens. Vol. 6/1 (Jun. 30, 1953). P. 10–17. Бұл жердегі логика анық — Константинополь адамзаттың шынайы астанасы және ғарыштық мәртебеге ие деп есептеледі. Бүкіл жаратылысқа тең әлемдік астанада ислам дінін орнату адамзаттың хақ дінге (исламға) кіруін аяғына жеткізеді және сәйкесінше адамзат драмасын аяқтайды.

Константинополь туралы хадистер кеңінен таралған еді және Византиямен соғыс туралы әңгіме қозғалғанда мұсылмандардың идеологиялық дискурсында жүргізілді. 1453 жылы Константинопольдің алынуы, әрине, осы хадистермен байланыстырылды. Алайда Константинополь құлағаннан кейін хадистердің ертедегі түсіндірмелерінің эсхатологиялық контексті көлеңкеге ысырылды. Енді хадистер исламның билігі осман сұлтандары арқылы бүкіл ғаламға орнайтынын болжау ретінде қарастырылатын болды.

Юзеф Брандт. Түрік байрағы үшін ұрыс. 1905 жыл / Photo by: PHAS/Universal Images Group via Getty Images

Империяның қорғанысы

Алдыңғы дәрісте қарастырылған 14 ғасырдың екінші жартысында хадистерде айтылған сәуегейлік сөз міне-міне орындалып, Алла Тағала Румды ашатын сияқты болып көрінген. VI Иоанн Кантакузин тақтан бас тартқаннан кейін византиялықтар мен түркілер арасындағы қарым-қатынастың сипаты айтарлықтай өзгерді. 14 ғасырдың ортасына дейін бұл бір-біріне лайық екі қарсыластың белсенді, күрделі және алуан түрлі, кейде қызықты тайталасы болды. Айта кететіні, Византия бұл қарым-қатынасқа әрқашан белсенді модуста қатысып, қарым-қатынас процедурасын орнатты, өзінің ойын ережесін әзірледі және зорлап міндеттеді (көбінесе онысы сәтті болды). Бұл пікір тіпті VI Иоанн Кантакузин билігіне қатысты да дұрыс айтылған. Ал енді османлылар Фракияға орныққаннан кейін Византия тереңінен сылбыр модусқа көшіп, негізінен сырттан жасалатын әсердің объектісіне, дұшпан қаптаған ортада болып жатқан және өзіне жақсылық әкелмейтін оқиғалардың дәрменсіз бақылаушысына айналды.


Империяның болмыстық мәртебесіндегі бұл өзгерісті қатты сезген парасатты византиялық тұрғындар 1354 жылдан кейін топ-тобымен Батысқа қоныс аударды. Айта кету керек, біз 14–15 ғасырдың басындағы Бергі Византиядан халықтың ауып кетуінің ауқымы мен динамикасы және оның империяның өзі және қабылдаушы аумақтар үшін әлеуметтік-демографиялық салдары туралы әлі күнге дейін тым аз білеміз; бұл тақырып барынша назар аударуға тұрарлық болса да, ол әлі күнге дейін өзінің зерттеушісін тапқан жоқ.

Балқандағы славян-грек саяси ландшафты мұнда түріктердің табысқа жетуіне ықпал етті: 1355 жылы серб королі Стефан Душан қайтыс болғаннан кейін оның корольдігі бір-біріне жау княздіктерге ыдырап кетті; дағдарысқа ұшыраған Болгар патшалығы үш күш орталығы — Тырново, Видин және Карвуна болып бөлінді; Византия азамат соғыстарынан әлсіреп, рухы әбден түсіп кеткен. Османлылардың өршіл билігі біріктірген түріктер жаппай Балқанға ағылып, саяси вакуумды толтырды.

Византия императоры VI Иоанн Палеолог. Айя-София мешітіндегі мозаика. 14 ғасыр / David Hendrix/ thebyzantinelegacy.com

Византия-османлы қарым-қатынасының кейінгі тарихы — византиялықтар қайта-қайта жеңіліс тауып, ұлттық абыройы қорланған және халықтың византиялық сәйкестігінің күйзелте отырып, жойылуына алып келген оқиғалар тізбегі.

Жеке-дара билеуші болған ​​V Иоанн Палеолог (1341–1391) жағдайдың қаншалықты апатты екенін және ол үшін бүкіл жауапкершілікті өзі арқалайтынын толық түсінді. Ол жеке-дара билік құрған кезеңде Византияның иелігінде екі аймақтық мегаполис — Константинополь мен Фессалоникадан басқа Фракия мен Шығыс Македониядағы аумақтар, Эгеидадағы кейбір аралдар, Анадолыдағы бірнеше оқшауланған аумақ (ең бірінші кезекте Филадельфия) және ең бастысы, сірә, Византияның ең табысты анклавы Морея болды.

Император V Иоанн Венгрия, Рим және Венецияда болған. Бұл саяхат өте айрықша еді, себебі V Иоаннға дейін Византия императорларының біреуі де өз еркімен империяның шекарасынан аттап баспаған.

V Иоанн тұсында бұрынғы патшалар билеген кезде пісіп жетілген проблемалар шиеленісті. Экономиканың құлдырауы мен түрік қаупі күшейіп қана қойған жоқ, одан да жаманы Палеологтар әулетіндегі егес жаңа күшпен бұрқ ете қалды. Оның үстіне бір-бірімен жанжалдасқан Палеологтар өзара күреске түріктерді, генуялықтарды, венециялықтарды, сербтер мен болгарларды көп қатыстырды. Ең жақын туыстардың арасындағы араздық Палеологтар әулетінің соры мен масқарасы болды және айтарлықтай дәрежеде империяның күйреуіне ықпал етті.

V Иоанн өте жігерлі адам болған, бірақ оны күшті билеуші дей алмаймыз. Оның Кантакузиннің көптен бергі одақтасы Орханмен қарым-қатынасы алғашқыда жақсы болмады. Бірақ тағдырдың айдауымен V Иоанн Түріктің жүрегін тыныштандыруға мүмкіндік алды. 1356 жылы Никомидия аймағында теңіз қарақшылары Орхан мен Феодораның ұлы, грек шатыс ханзада Халилды тұтқынға түсірді. Халил абайсызда Фокеядан келген грек корсарларының қолына түсті. Сүйікті ұлы Халилдің тұтқынға алынуы Орханды қатты күйзелтті. V Иоанн мәселені шешуге белсене қатысты және тіпті флот жинап, Фокеяны қоршауға алды, бірақ одан нәтиже шыққан жоқ. Бұл мәселе тек 1358 жылы, император ақыр аяғында қарақшыларға олар құн ретінде талап еткен 100 мың иперперi Яғни, құрамында 50%-дық алтыны бар сол кездегі Византия алтын монетасының жарты тоннаға жуығын. мөлшеріндегі соманы жеткізген кезде шешілді. Фокея жорығынан Константинопольге қайтып келгеннен кейін Халил императордың сол кездегі он жасар қызы Иринамен (1359 жыл) атастырылды. Осылайша Орханмен қарым-қатынас реттеліп, үміт отын жақты.

Алайда Орханның ұлы I Мұрат (1362–1389) өзін шарттарды орындауға міндетті деп санаған жоқ. 1362 жылы әкесі әлі қайтыс болмаған кезде ол Дидимотих қаласына (түрікше Диметока) басып кірді, соңынан I Мұрат оны өзінің елордасы етті. I Мұрат ақылды, табысты және өршіл билеуші болды, кейінірек ол бұрынғы қарапайым «әмір» деген атақтың орнына «сұлтан» атағын алды. Османлылар Фракия мен Македониядағы стратегиялық маңызы бар қалаларды жүйелі түрде басып алуға кірісті, ал Византияның оларға қарсы қоятын ештеңесі болмады. 1366 жылы VI Амедей, Савоя графы және патшайым Савоялық Аннаның інісі, V Иоанн Палеологтың немере інісі күтпеген жерден жорыққа шығып, түріктердің алға жылжуын қысқа уақытқа тоқтатты. Дегенмен бұл Балқандағы күштер арақатынасын өзгерте алмады.

Византия әскерінің Эдессаға шабуылы. «Мадридтік Скилица» қолжазбасынан алынған миниатюра. 12 ғасыр / Wikimedia Commons

Көп ұзамай түркілер империяның маңызы жағынан үшінші қаласы — Адрианопольді басып алды. Қаланы Османлылардың құзырындағы әскер емес, түркілердің тәуелсіз жасағы басып алған болуы мүмкін. Кейінірек (шамамен 1377 жылы) Османлылардың елордасы Адрианопольге көшірілді. Егер Орхан Азияда болуды жөн көрген болса, I Мұрат Анадолы жерін жаулап алуын жалғастырса да, өз мемлекетінің болашағын негізінен еуропалық держава ретінде көрген секілді.

V Иоанн билік құрған кезде жасалған аз ғана жаңалықтың бірі — императордың түріктерге қарсы күресте әскери және ақшалай көмек алу мақсатымен еуропалық мемлекеттерге сапармен баруы. Айталық, 1366–1371 жылдарда V Иоанн Венгрия, Рим, Венецияға барып қайтты. Бұл саяхат өте ерекше оқиға болды, өйткені V Иоанға дейін Византия императорларының ешқайсысы өз еркімен империя шегінен тыс жерге шыққан емес. Римде император католицизм дінін қабылдағанына қарамастан, V Иоаннның келіссөзі оң нәтиже берген жоқ. Өз басымен көмек сұрау империя мен император үшін қорлық болды. Дәл осы мақсатпен Венеция, Франция, Англия, Кастилия, Арагон мен Римге осындай сапарды жиырма жылдан кейін V Иоанның ұлы император II Мануил жасады. Ал Мануилдың ұлы VIII Иоанн 15 ғасырдың 20 жылдарында Венеция мен Венгрияға көмек сұрап барды.

Жаңа шерік. Г. Хендровскидің «Түрік халқының өмірінен алынған бейнелері» атты еңбегінен алынған иллюстрация. 16 ғасыр / Alamy

Король Стефан Душан тұсында Балқанның көп бөлігін жаулап алған сербтер Балқан түбегінде түріктерге табанды қарсылық көрсетті. Душан қайтыс болғаннан кейін Сербияда өзара тартыс басталғанына және біртұтас патшалықтың ыдырағанына қарамастан, сербтер Балқандағы ең қуатты әскери күш болды. Македонияға өзінің билігін таратуға күш салған османлылар олармен қиян-кескі қақтығысқа түсті. Сербтер осы әскери текетіресте толығымен жеңілді. Ондағы негізгі оқиғалар алдымен 1371 жылдың 26 қыркүйегінде Марица өзеніндегі шайқас (сербтер Македониядан айырылды), содан кейін 1389 жылдың 15 маусымында Косово даласындағы ұрыс болды (Моравиялық Сербия тізе бүкті). 1380 жылдардың басында түріктер Батыс Македонияны басып алып, Албанияға басып кірді. Османлылар әлсіреген Болгарияда да қарқынмен ілгері жылжыды.

1371–1376 жылдар аралығында Византия Осман әмірлігіне тәуелділігін мойындады, ол тең емес одақ ретінде заңды түрде ресімделген болу керек. Алғаш рет империя одақтастық қатынасқа кіші серіктес ретінде кірді. VI Иоанн Кантакузин түріктерге қаншалықты тәуелді болса да, оның Орханмен қарым-қатынасы тең негізде құрылды; ал V Иоанн өзін I Мұраттың «кіші» серіктесі деп мойындауға мәжбүр болды. Византияның саясатына және империяның халықаралық мәртебесіндегі осы елеулі өзгеріске Рим Папасы XI Григорий өзінің бір хатында (1374 жылы) тоқталып, «гректер мен түріктердің арасындағы христиандарға қарсы әділетсіз одаққа» наразылық пен қынжылыс білдірді.

Енді Византия билеушісі өзінің болашағын Византиямен байланыстырған болса, оның түріктерден басқа қашатын жері қалған жоқ. Осылайша Осман сұлтандығы Византия мемлекеттілігінің функционалды элементіне айналды: ол өзінің османдық «модулін» ескере отырып қана тиімді жұмыс істей алатын болды. Османлылармен осыншалық жақын өмір сүрудің византиялықтардың менталдылығы мен мәдениеті үшін айтарлықтай салдары болды.

I Мұрат көшпенді түркілердіiЮрюктерді және Анадолыдағы отырықшы мұсылмандарды Балқанға қоныстандыру саясатына көшті. Османлы дефтерлерінен — салық санақтарынан алынған ретроспективті дерек бойынша, 14 ғасырдың екінші жартысында Фракия мен Шығыс Македонияның кейбір аймақтарында Анадолыдан жер ауып келген мұсылмандарiСюргюнлер халықтың 30–70% бөлігін құраса керек және мұсылмандардың үштен бір бөлігіне жуығы юрюк көшпенділері болды. Қоныс аударғандардың едәуір бөлігі Эгей әмірліктерінің тұрғындары болған. Анадолы мұсылмандарының Балқанға, соның ішінде Болгария, Фессалия, Албанияға қоныс аударуы 15 ғасырда да жалғасып тапты.

Сонымен қатар нар тәуекелшіл түркілер мен Анадолыдағы еркін жалдамалылар лек-легімен Фракия мен Македонияға ағылып, ондағы аумақтарды еш бақылаусыз басып алып, жергілікті халықты тонап, құлдыққа сатты. Алайда 1370 жылдары I Мұрат және кейінірек оның мұрагері I Байазид аталмыш тәуелсіз қарақшыларды бағындыруға айтарлықтай күш салып, Османлы әкімшілік құрылымына қосты. I Мұрат Македония мен Фракияның халық тығыз қоныстанған аймақтарын үздіксіз экспансиялау кезінде тұтқынға алынған құлдардың өте көп болуынан мемлекетке пайда әкелудің жаңа тәсілін тапты. Енді құлдар бұрынғыдай базарда сатылмайтын болды, оларды соғысқа қажетті адам күшінің қайнар көзіне айналдырды: құлдыққа алынған жас жігіттер османлы жаяу әскерінің бөлімшелеріне алынды. Осылайша атақты янычар корпустарыныңiТүрікше yeñiçeri, «жаңа әскер». негізі қаланды.

Османлылардың Балқанда кең таралып орнығуы Византияның көп ұзамай күйрейтініне, ал Константинопольдің сөзсіз басып алынатынына еш күмән қалдырмады. Түріктер алғаш рет Константинопольді 1394 жылы I Мұраттың ұлы, қолбасшылық стилі, сондай-ақ ұшқалақ мінезі үшін Йылдырым, яғни «Найзағай» деп аталып кеткен сұлтан I Байазид (1389–1402) тұсында қоршауға алды. Бұл заманда Константинополь алынбас қамал болып есептелді. Қаланы қоршауды тек эшелондалған бекініс қана емес, сонымен қатар оның өте үлкен болғаны қатты қиындатты, оның үлкендігі шамамен 10 км2.iСалыстыру үшін тура сол кезде Рим мен Париждің екеуінің қоса алғандағы ауданы 4–5 км2 болған. Көп ұзамай түріктердің осынау ұлан-ғайыр бекітілген мегаполисті қоршауға алуда тәжірибесі жоқ екені белгілі болды. Константинопольге шабуыл жасауға әрекет жасамай, олар үлкен күшпен қаланы қоршап, қалаға кіретін құрлық жолдарды жауып тастады. Босфордың Азия жағалауында Қара теңізден қалаға жүк жеткізілуін бақылау үшін Анадолухисар бекінісі тұрғызылды.

Адам Стефанович. 1389 жылдағы Косово даласындағы шайқас. 1870 жыл / Wikimedia Commons

Әмір Темірдің араласуы

Византия императорлары Батыстан көмек сұрап қанша жалынса да, бұдан қандай да бір нәтиже шыққан жоқ. Венгр королі Сигизмунд ұйымдастырған соңғы жалпыеуропалық крест жорығына венгр, француз, бургунд, неміс, влахтардың сансыз көп әскері, сондай-ақ Польша, Чехия, Италия, Англиядан және тіпті Испаниядан келген жасақтар жиналды. Венециялықтар, генуялықтар және Родосс госпитальерлері Мәрмәр теңізі мен Қара теңіздегі теңіз жолдарын күзетіп, Дунайға кіруге міндеттеме алды. Алайда 1396 жылдың қыргүйегінде кресшілер әскері Дунай жағалауындағы Никополь маңындағы шайқаста I Байазидтен оңбай жеңіліс тапты. 1397 жылы француз королі VI Карл гректерге көмекке жіберген маршал Бусиконың ауқымы жағынан әлдеқайда қарапайым экспедициясы әскери-саяси күштердің арақатынасына әсер еткен жоқ.

Алайда жағдайлардың тоғысуымен Византияның күйреуі кейінге қалды. 1402 жылы Орта Азияның атақты жаулаушысы Әмір Темір Анадолыға басып кіріп, батысқа Анкараға қарай жылжыды. І Байазид қауіп-қатердің зор екенін түсініп, үлкен әскер жинап, ұлы шайқасқа дайындалады. Осы арада аспанда найзаның ұшы немесе шырақ тәрізді алып комета пайда болды, ол ғаламдық катаклизмнің хабаршысы деп есептелді және оны гректер «Алау ұстаушы» деп атады. 1402 жылдың 28 шілдесінде атақты Анкара шайқасы болды, оның нәтижесінде османлы әскері жойылып, Байазидтің өзі Темірдің қолына түседі. Османлылардың бұл соғыста адал одақтастары болған жоқ және сонымен қатар олардың өз әскері де сұлтанына адал емес екенін көрсетті. Жуырда ғана жаулап алынған Анадолыдағы Сарухан, Айдын, Меңтеше, Гермиян жерінде құрылған жасақтар шайқас кезінде Байазидті тастап, Темірдің жағына өтіп кетті. Темір өзінің тұтқыны I Байазидке лайықты құрмет көрсеткенімен, көп ұзамай ол тұтқында қайтыс болды. Түріктердің Константинопольді бірінші рет қоршауға алуы осылай аяқталды.

Әмір Темірдің Османлы сұлтандығын талқандауы Константинопольге есін жинауға ондаған жыл уақыт берді. Байазид қайтыс болғаннан кейін бірден сұлтандықта оның ұлдарының арасында азамат соғысы басталып, он жылдан астам уақытқа созылды. Ішкі жанжалда Байазид ұлдарының бірі I Мехмед (1413–1421) жеңіске жетті. Кейін османлы тарихшылары бұл дәуірді «фетрет деври», яғни «аласапыран кезең» деп атайды. Дегенмен Византия түріктердің жеңілісін пайдаланып, өзінің күш-қуатын арттыруға әрекеттенсе де, айтарлықтай табысқа жеткен жоқ: қарсыластардың әлеуеті салыстыруға келмейтін еді. Ұзақ уақытқа созылған дағдарыс Османлы мемлекетін жойған жоқ, қайта ол таңғаларлық өміршеңдігін көрсетті. Бір қызығы, Византия императоры II Мануил мен сұлтан I Мехмед арасында жеке қарым-қатынас деңгейінде заңдылық болып есептелетін бәсекелестік бар болғанымен, екеуі бірін-бірі жақын тұтты. I Мехмед өзінің өсиетiнде II Мануилдi сегiз және жетi жастағы екi ұлына (Махмұд пен Йусуф) қамқоршы етіп тағайындады. Бұл түрік грекке сенді және онда бұған себеп болған шығар.

Станислав Хлебовский. Темірдің тұтқынындағы Баязит сұлтан. 1878 жыл / Wikimedia Commons

Билік басына билеушілердің жаңа буыны — сұлтан II Мұраттың (1421–1451) келуімен және сарайында Мануилдің ұлы, жас жігіт VIII Иоанның ықпалының күшеюімен алауыздықтың жаңа кезеңі басталды. Екі мемлекеттің де жаңа буын билеушілері ата-анасына қарағанда әлдеқайда радикал болды және қалыптасқан қарым-қатынасқа қанағаттанбады. Византиялықтардың да, түріктердің де патша сарайы көбірек әрекет жасап, жеңіске жетуге ұмтылды және әрине, саяси бәсекелестеріне қаталдау болуды жөн көрді. Византия және османлы патша сарайларында ұрпақтардың бір мезгілде ауысуы гректер мен түріктер арасындағы қарым-қатынастың күрт өзгеруіне әкелді, сөйтіп Византияның жаңғыруға үміті біржола сөнді.

I Мұрат билік құрған алғашқы айларынан бастап гректерге қысымды күшейтті. Ол бірнеше ай бойы Константинопольді қоршап тұрды (бірақ османлылардың қалаға айтарлықтай қатер төндіретін қажетті техникалық құралдары мен машықтары әлі болмаған), Фессалониканы қоршауға алып, византиялық Мореяға басып кірді. Империяның екінші маңызды орталығы Фессалониканы қорғауға шамасы жетпеген византиялықтар қаланы венециялықтарға сатуға мәжбүр болды. II Мұраттың қарқынды жорық жасауының нәтижесінде империя Анкара шайқасынан кейін алған барлық дерлік артықшылығынан бірден айырылды және келісім бойынша сұлтандықтың үстемдігін қайтадан мойындады. Түріктердің шабуылын тоқтатуға әрекеттенген батыс еуропалықтар 1444 жылы Варна маңында қайтадан жеңілді, II Мұрат венециялықтардың, венгрлер мен поляктардың біріккен күштерінің быт-шытын шығарды. Кейін түріктерден кек қайтармақ болған христиан әскері Косово даласында тағы да ауыр жеңіліске ұшырады (1448 жыл). Содан кейін еуропалық мемлекеттер түріктерден Балқанды тартып алуға әрекеттенген жоқ.

Константинополдың құлауы

II Мұрат билік құрған кезеңнің соңына қарай Осман сұлтандығы қайтадан Жерорта теңізі аймағының солтүстік-шығысындағы, үздіксіз соғыс жүргізуге бейімделген, әкімшілік жүйесінің жұмысы жөнге салынған, көш басындағы саяси және экономикалық күшке айналды. Османлы сұлтандығы мен Палеологтар империясындағы билік екі жыл аралықпен өзгерді. 1449 жылдың наурызында VIII Иоанн қайтыс болғаннан кейін Константинополь тағына оның інісі Морея деспоты IX Константин отырды. Константин Мореяны басқаруда табысқа жетіп, Византияның Пелопоннесті жаулап алуын аяқтады. 1451 жылдың қысында II Мұрат қайтыс болды. 1451 жылдың ақпан айының басында оның ұлы II Мехмед Османлы сұлтаны болды. Мехмед оған дейін 15 ғасырдың 40 жылдарының өзінде әкесінің қалауымен сұлтан болып, тәжірибелі сарай қызметкерлерінің бақылауымен билеуші қызметін атқарды. Бірақ Варна маңындағы шайқастың қарсаңында II Мұраттың елді белсенді түрде басқаруға қайта оралуына тура келді. 1451 жылдың ақпанында жас сұлтан 18 жасқа толмаған еді. Ал оның византиялық қарсыласы XI Константин ол кезде 46 жаста еді, ол тәжірибелі саясаткер және әскери қолбасшы болды.

Бұл уақытқа қарай түрік иеліктері Константинопольді айнала қоршап тұрды, ал Османлылардың басқыншылық логикасы оны басып алуды көздегені анық. Фракияда Константинопольден басқа, Мәрмәр теңізі мен Қара теңіз жағалауында, Константинопольден ондаған шақырым жерде тұрған бірнеше қамал әзірге византиялықтардың қолында болды. Христиандық Батыс елдері Константинополь жақын арада құлайды деген болжамды шарасыздық деп қабылдап оған толығымен бой ұсынды. Батыс саясаткерлері Османлылардың Еуропаға тереңдеп басып кіруіне жол бермеу үшін жаңа шегараны нығайту қажеттігі туралы ойлады. Константинопольдің келешегіне берілген бұл баға түріктердің ойымен сәйкесті. Оның үстіне, Константинополь сияқты қуатты және үлкен бекіністің тылында тұрғаннан түріктердің бүкіл аймақта, яғни Балқанда да, Қара теңізде де іс-қимыл жасауы шектелді. Жас сұлтан өзінің алғашқы үлкен жетістігі ретінде Қаланы басып алуды жоспарлады.

1453 жылдың 29 мамырында түріктердің Константинопольді қоршауы және басып алуы бүкіл христиан және мұсылман әлемі үшін үлкен оқиға болды. Оқиғаның ауқымдылығына және әлемде көп пікір туғызғанына байланысты бұл туралы көптеген тілде жазылған сансыз дерек сақталған. Олар әртүрлі жанрларға жатады, бұл кәсіби тарихшылар мен дипломаттардың әңгімелері, ресми құжаттар, Қаланы жоқтайтын фольклорлық «зар».

Джентиле Беллини. Осман сұлтаны II Мехмет Фатих. 1480 жыл / Photo by: Pictures From History/Universal Images Group via Getty Images

1450 жылдардың басында Константинопольдің жағдайы аянышты болды. Кейінгі онжылдықтарда билік дуалды жөндеп және арықтарды тазартып қала бекінісін сақтауға тырысты. Алайда қаланың іші құлдырап, күйзеліске ұшырады. Соңғы жылдары халықтың саны азайды, адамдар жойылатын қаланы тастап басқа жаққа кетіп жатты. Егер өткен ғасырларда қала халқының саны жарты миллион адам немесе одан да көп болса, енді тұрғындардың саны 50000 адамнан аспайтын. Бірақ Константинополь ол кезде де христиандық адамдардың шоғырлануы жағынан Еуропадағы ең ірі қалалардың бірі деген мәртебесін сақтады.

Бұрынғы әсем де сән-салтанатты сарайлар, шіркеулер мен басқа да қоғамдық ғимараттардың тозығы жетті. Тіпті қаланың орталығы, соның ішінде әйгілі Ипподром да қараусыз қалды. Бірақ византиялықтар тура сол жерде орналасқан әулие София храмын мұқият қарауды жалғастырды. Қаланың ішіндегі айтарлықтай үлкен кеңістіктер қараусыз қалды немесе бау-бақшаға айналды; жағалаудағы аудандарда халық көбірек болды. Қаланың кедейленген тұрғындары бұрынғы кездегідей байлығына масаттанып, үлде мен бүлдеге оранбайтын болды.

1394–1402 және 1422 жылы қаланы қоршап сәтсіздікке ұшыраған түріктер кейінгі жылдары бүкіл Жерорта теңізі аймағында ең қуатты және үлкен фортификациялық ғимарат болған оның бекіністерінің берік екенін түсініп, Константинопольге тікелей шабуыл жасауға батылы бармады. Енді өткен жылдардың тәжірибесін ескерген II Мехмед қаланы қоршауға жүйелі түрде дайындықты бастады. Сұлтан уақытын босқа өткізген жоқ. 1452 жылдың сәуірінде ол Азия жағалауында I Байазид салған Анадолухисарға қарама-қарсы жерде, Босфордың Еуропалық жағалауында Румелихисар қамалын сала бастады. Ауыр және жеңіл артиллериямен жабдықталған аталмыш екі қамал Босфорды жауып тастады және Қара теңіз арқылы Константинопольге азық-түлік пен кез келген басқа көмектің жеткізілуіне тосқауыл қоюға арналды.

Жастығына қарамастан, сұлтанның қаланы қоршауға қалай дайындалу керектігі туралы нақты түсінігі болды. Ол янычар корпусын реформалады, ықпалды қолбасшыларды өзінің адамдарымен ауыстырды және янычарларды өзіне шын берілген сарай гвардиясы — секбанiПарсы тілінен sagbān «ит күтуші». құрамына кіргізу арқылы олардың сөзсіз адалдығын қамтамасыз етті. II Мехмед құрылымдық жағынан әскердің жеке түрі ретінде тұрақты артиллериялық бөлімшелерді құрды. Қару-жарақ паркін құру үшін ол византиялықтардан қашып түріктерге өтіп кеткен венгр (немесе трансильваниялық) шебер Урбан сияқты еуропалықтарды тартты. Сұлтан ЭдирнедеiГрекше Адрианополь. артиллериялық қаруды жасап, сынайтын шеберханалар ашты. Көп ұзамай османлылардың жүзге жуық қоршау қаруы, қамал бұзатын және далалық қаруы болды. Сұлтан теңізде артықшылыққа ие болуды да маңызды деп есептеді. Аз уақыт ішінде ол жүзден астам теңіз кемесін жасады. Дегенмен олардың көпшілігі шағын кеме және тек 20-сы ғана орташа галея болды. Мехмедтің галеон сияқты үлкен әскери кемелері болмаған, бәлкім, ол мұндай кеме жасайтын шеберлерді таппаса керек.

Жаңа шерік. 16 ғасырға тиесілі Осман миниатюрасы / Alamy

Бұл жағдайда XI Константин жасай алатын нәрсе аз болды. Василевс қалада азық-түлік пен қару-жарақ қорын жинап, дуалды қалпына келтірді және көршілерінен көмек сұрады. Жалпы қолбасшылық, сондай-ақ дуалдың осал жерлерін қорғау генуялық Джованни Джустинианиге тапсырылды. Ол әйгілі кондотьер, корсар және тәжірибелі қала қорғаушы болды. Капитан Джованни Джустиниани Генуя, Хиос пен Родоста 400 генуялық пен 300 гректі жалдады. Қаланы қорғауға бірнеше мың грек, венециялықтар мен каталондықтардың шағын отрядтары, сондай-ақ әртүрлі елдерден келген жеке еріктілер, соның ішінде тіпті осман түріктері де қатысты. Алтын Мүйізде 26 кемеден (негізінен византиялық және венециялық) тұратын қорғаушылар флоты тұрды. Қорғаушылардың жалпы саны 6 немесе 7 мыңдай адам болды.

1453 жылғы сәуір айының басында түрік әскері Константинопольге жақындады. Османлы әскерінде шамамен 80–100 мың жауынгер болды, — замандастарының деректері бір-бірінен қатты ерекшеленеді және көптеген мәліметте түріктердің саны асыра көрсетілгені анық. Османлының үлкен флоты Мәрмәр теңізіне наурыздың аяғында кіріп, Константинополь халқының зәресін ұшырды.

Османлылар қаланы екі ай қоршап тұрды және олардың іс-қимылы жоғары қарқындылығымен ерекшеленді. Түріктер ауыр артиллериямен Константинопольдің дуалын жүйелі түрде қиратып, артиллерия атқылағаннан пайда болған саңылау арқылы жаяу әскер қалаға мезгіл-мезгіл шабуыл жасады.

Алайда түріктер қалаға басып кіре алмады. Қаланы қорғаушылардың көпшілігі жеңіл атыс қаруымен жақсы қаруланған және сауыт киіп алған кәсіби сарбаздар мен жалдамалылар болды. Саны аз болғанына қарамастан, олар саны жағынан басым түрік жасақтарымен салыстырғанда ұрыста әлдеқайда тиімді болды. Қорғанысқа қала тұрғындары да белсене атсалысып, дуалдың қираған жерлерін аз уақыттың ішінде өтпес бөгетпен жауып отырды. Сондықтан жаяу әскердің дуалға шабуылынан түріктерге үлкен шығын келді.

Түріктер де сол кезде соғыстың жаңа түрі саналған мина соғысын да жүргізіп, қамалдың дуалын жерасты терең тоннельдер арқылы қопарып тастауға тырысты. Алайда қаланы қорғаушылардың арасында жерасты соғыстың маманы — неміс немесе шотланд, Грант есімді біреу болыпты, оның кәсіби білімі мен таңғажайып интуициясы түріктердің мұнда да сәтсіздікке ұшырайтынын алдын ала анықтады.


Түріктердің теңізде жолы болмады, христиандардың шағын флотын талқандауға әрекет жасаған II Мехмед сәтсіздікке ұшырады, ал түріктер теңізде ашық айқасудан қашқақтап, қаланы сырттан қоршаумен шектелетін болды. II Мехмедтің әсерлі жетістігі түрік флотының құрлық арқылы Босфордан Алтын Мүйізге бұзып-жарып өтуі болды: османлылар ағаш төсеммен 50–70 кемені жеткізді. Кемелер артиллерия қаруымен жарақталды және қаланы Алтын Мүйіздің жағынан атқылай бастады.

1453 жылғы мамырдың соңына қарай екі жақ та моральдық тұрғыдан шаршады. Жаудың бір мезгілде көп бағытта толассыз шабуыл жасауы санаулы ғана қорғаушылардың күшін сарқып тастады. Қоршауда қалған адамдар сырттан ешқандай ақпарат болмағандықтан, оларды бүкіл христиан әлемі тастап кеткеніне сеніп, венециандық флоттың көмегінен үмітін үзді. (Бұл уақытта қуатты Венеция флоты Константинопольге бара жатқан болатын). Түрік лагерінде де пессимизм орнады — ықпалды сарай қызметкерлері жас сұлтанды қоршалған қаланы босатуға көндіруге тырысты.

Императорды өлтіру / QALAM

Мамыр айының соңғы аптасында II Мехмед соңғы шешуші шабуыл жасауға шешім қабылдады. Түріктер шайқасты сейсенбі 29 мамырда түн ортасынан кейін бастады. II Мехмед осы жағдайда ең қарапайым және ақылға қонымды бірден-бір тактиканы таңдады. Шабуыл бір мезгілде құрлықтағы дуалдың ұзына бойы және Мәрмәр теңізі жақтағы қала жағалауында жасалды. Шабуыл үш кезеңмен өтті. Бірінші кезеңде әскердің соғысқа қабілеті ең аз бөлігі — азаптарiЖеңіл жаяу әскер. шабуылға шықты. Бұл лектегі жауынгерлердің көпшілігін Джустиниани адамдары опат қылды. Азаптардың шабуылына тойтарыс берілгеннен кейін II Мехмед Анадолы контингенттерінен тұратын сарбаздардың екінші легін шайқасқа шығарды. Бұл әлдеқайда жақсы ұйымдастырылған және тәжірибелі сарбаздар болды, бірақ олар да айтарлықтай жетістікке жете алмады. Одан әрі жауды әбден қажытқан II Мехмед янычарлардың элиталы жасақтарын шабуылға шығарды. Дәл солар бірнеше сағатқа созылған үздіксіз шабуылдан кейін табысқа жетті. Османлылар Константинопольге Әулие РоманiҚазір Топ Капысы. қақпасынан бұзып-жарып өтіп, жаппай қалаға ағылды. Бұл күн шыққаннан кейін көп ұзамай болған оқиға. Түріктердің басып кіргені туралы хабар тараған бойда қаланың қорғанысы құлады. Сарбаздар мен бейбіт тұрғындар рейдте тұрған азғана кемеге отыруға тырысып, Алтын Мүйізге қарай ұмтылды. Соғыс заңы бойынша солдаттар қаланы үш күн бойы тонап, әйелдерді зорлады, тұрғындарды өлтірді және құлдыққа алды. Османлы сарбаздары мен теңізшілерінің қала құлаған бойда олжа алуға ұмтылуының арқасында көптеген қорғаушылар мен тұрғындар қаладан теңіз арқылы да, құрлық арқылы да еркін қашып құтылды. Константинопольді басып алғаннан кейін II Мехмед «Фатих» құрметті атағына ие болды, араб тілінде ол «Жаулап алушы» дегенді білдіреді.

Станислав Хлебовский. II Мехметтің Константинопольге аяқ басуы. 1878 жыл / Wikimedia Commons

Римнің соңғы императорының тағдыры белгісіз. Грек және итальян деректері бойынша, XI Константин мен оның серіктері Түріктер қалаға кірген кезде әулие Роман қақпасының жанында шайқаста қаза тапты. Ал түрік тарихшысы Тұрсын-бегтің нұсқасы бойынша, император аздаған жақын серіктерімен бірге қалаға кіріп үлгерген; бірақ император көшелердің бірінің бойымен Алтын Мүйізге қарай бара жатқанда азаптар отрядқа шабуыл жасады. Шайқаста император мен оның адамдарының бір бөлігі қаза тапты, ал басқалары тұтқынға алынды; азаптар көп ақша мен асыл тастарға кенелді.

Одан кейінгі жылдары II Мехмед Византия жерлерін жаулап алуды аяқтады. Бұл кезде Ұлы Комниндердің Палеолог Мореясы мен Трапезунды әлі бар болатын және олардың билеуші ​​әулеттері империяны қалпына келтіруге талпынатыны анық еді (Византия тарихында осылай болған да). Әлбетте, бұл Османлы сұлтандығы мен жалпы христиан әлемі арасындағы стратегиялық текетіреске қабаттасып кетер еді. ІІ Мехмед мұны анық түсініп, империяның әлеуетті «мұрагерлеріне» қатысты мәселені тезірек шешуге ниеттенді. 1460 жылғы мамырда Константинополь құлағаннан кейін тура жеті жыл өткен соң, Османлы әскері Пелопоннестегі Византия иеліктерінің елордасы Мистраны басып алды. 1461 жылдың жазында II Мехмед Анадолының солтүстік-шығысына, Трапезунд империясының шегарасына қарай кең ауқымды жорық жасады. 1461 жылдың 15 тамызында келісім бойынша қала Османлыларға берілді.

Көшірілді