Тарихшы Сұлтан Әкімбеков өз дәрістерінде екі революция, Азаматтық соғыс пен кеңес «модернизациясын» бастан кешіріп, араны ашылған Ресей империясы жаулап алып, талан-таражға түскен қазақ жерінің қалай біртұтас елге айналғаны туралы баяндайды. Үшінші дәріс Қазақстан болашағының бейнесі үшін жаңа идеологиялардың тартысына арналады.
1917 жылғы Ақпан революциясы Ресейдің барлық ұлттық облыстарының өзін-өзі басқаруға қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Бұрынғы империяда Құрылтай жиналысына сайлау өтетін болды, бұл атап айтқанда, Қазақ даласында жаңа саяси күштердің топтасуын және болашақ автономияның сұлбасы қандай болатынын талқылауды жеделдете түсті. Жаңа жағдайда білімді қазақтар Ресейдің Уақытша үкіметіне де, дәстүрлі қазақ элитасына да бірден өте қажет болғаны заңды нәрсе.
Жаңа Ресейдің орталық өкіметі империяның таптық-бюрократиялық элитасына қатысы жоқ білімді қазақтарды жергілікті жердегі өзінің құнды өкілі деп қарастырды. Мысалы, 1917 жылы Әлихан Бөкейханов Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы комиссары (патшаның генерал-губернаторы сияқты) болып тағайындалды, ал Мұхамеджан Тынышпаев Жетісу облысында тура сол қызметті атқарды.
Өз кезегінде дәстүрлі элита жалпыресейлік деңгейде өзінің мүддесін қорғау үшін негізінен білімді қазақтарға арқа сүйеді. Мысалы, 1917 жылы Орал облысындағы жергілікті қауым өкілдері өздерінің мұң-мұқтажын айту үшін Томскіде округтық сотта жұмыс істейтін Жаханша Досмұхамедовті шақырды.
Алаш Орданың либералдық жобасы
Жалпы, сол кездегі көзі ашық қазақтардың бәрі қоғамды жаңғырту туралы ойланды және сол заманғы Ресейдегі білімді адамдардың көпшілігі сияқты негізінен либерал болды. 1917 жылдың шілдесінде «Қазақ» газетінің төңірегінде қалыптасқан «Алаш» қозғалысы Ресей Уақытша үкіметінің әртүрлі құрамына кірген Ресейдің оңшыл либералдық кадеттер партиясымен ниеттес болды. «Алаштың» ең көрнекті өкілдері біз білетін Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатов еді. Бірақ кадеттердің өзі алғашында Ресейді федеративтік үлгімен құруға қарсы шықты, бұл жағдай «Алаштың» қазақ облыстарына автономия беру идеясын қорғауда батылсыздық танытуына себеп болды. Айталық, 1917 жылдың шілдеде Орынборда өткен Бірінші жалпықазақ съезі кадет Бөкейхановтың ықпалымен дербестік туралы мәлімдеме жасамай, тек қана осындай ниет білдірумен шектелді. Бір қызығы, әңгіме шамамен тура сол уақытта Орталық раданы құрып алған Украинаның мысалымен Ресей Республикасы шеңберінде біртұтас қазақ автономиясын құру емес, тек «ұлттық ерекшелік пен тұрмыс жағдайына байланысты» қазақ облыстарының автономиясы туралы ғана болды. Либерал Бөкейханов Шыңғыс ханның тұқымы болғанымен, Қазақ хандығын қайта жаңғыртуды мүлдем қалаған жоқ. Ол үшін ортағасырлық архаикаға қайта оралу немесе демократиялық революцияның нағыз қызған кезінде мүлдем ескі болып көрінген қандай да бір монархиялық үлгіні пайдалану орынсыз еді.
Солай болғанымен, қозғалыстың атауы ретінде жалпы қазаққа ортақ символ таңдалды. «Алаш» — бүкіл қазақты біріктіретін әскери ұран. Бұл маңызды жайт, өйткені әдетте әр рудың өз ұраны болған. Бұл сөздің шығу төркіні белгісіз. Бір нұсқа бойынша, Алаш — жалпы мифтік баба. Екінші нұсқа бойынша, бұл моңғол тілінде «қаныпезер» немесе «ержүрек адам» деген мағынаны білдіретін «Алаш» немесе «Алача» деген лақап ат қойылған хан Ахметтің есімі. Бірақ хан Ахмет қазақтың ханы емес, қазақпен бәсекелес болған моңғолдың ханы еді. Уақытша үкіметтің Жетісу облысындағы комиссары Мұхамеджан Тынышбаев кезінде: «Алаш, Алаш болғанда, Алаша хан болғанда» деп айтатын, яғни бүкіл Алаш халқы бір Алашқа бірігіп, оны Алаш хан билеген заман болған.
Қалай болғанда да «Алаш» қозғалысының либералдары Уақытша үкіметпен ымыраға келуге ниетті болды, ал қазақ қоғамын жаңғырту үшін әлдебір ұлттық-аумақтық автономия құру және жергілікті жерді земстволық үлгімен ұйымдастыру қажет деп есептеді. Бұл күшті көшбасшылықтан бас тартып, негізінен әртүрлі саяси күштер арасындағы деңгейлес байланыстарға бағдар алуды білдірді.
Қазақ солшылдары
1917 жылдың қарашасында большевиктер революциясынан кейін Омбыда Ресей социал-демократтарының ұстанымын қолдаған «Үш жүз» партиясы құрылды. Негізінен оның ықпалы Омбы мен көрші жатқан Петропавлмен шектелді. «Үш жүз» партиясын журналистер Мұқан Әйтпенов пен Көлбай Төгісов құрған. Әйтпенов пролетариат диктатурасын мойындаған жоқ, ол шартты түрде стихиялы социалист болды, түркі-татар федерациясын жақтады. Соған қарамастан, Омбы большевиктері Әйтпенов пен Төгісовті идеологиялық тұрғыдан емес, «Алаш» қозғалысына қарсы тұрғандықтан өздеріне жақын деп есептеді. Бірақ Құрылтай жиналысына сайлауда «Үш жүз» жеңілді. Петропавл уезінде оның кандидаты 23 дауыс жинаса, «Алаш» өкілі 1100 дауысқа ие болды. Бірақ бұл партияны большевиктер қолдағандықтан, ол қазақ аудандарына өзінің әсерін күшейте алды. 1918 жылдың көктемінде чехословак корпусы көтеріліс жасағаннан және Сібірде Кеңес өкіметі құлағаннан кейін «Үш жүз» партиясы жойылды. Төгісовты ақтар атып тастады. Ал сол кезде «Кедей сөзі» газетінің редакторы болған Әйтпенов 1920 жылы түсініксіз жағдайда көз жұмды.
Жәдидтер: Исламның жаңаруы
Қазақстанның постимпериялық картасындағы тағы бір саяси ойыншы — жәдидшілер болды. Ресейде олардың пайда болуы қырым татары халқының ойшылы Исмаил Гаспринскийдің қызметімен байланысты (1851–1914). Қозғалыстың атауы арабтың «жәдид» — «жаңа» сөзінен шыққан «Усул жәдид» («Жаңа әдіс») қозғалысы 19 ғасырдың аяғында мұсылман оқу орындарындағы білім беру жүйесін жаңарту контекстінде пайда болды. Жаһандық ауқымда алғанда жәдидшілер ислам дінін жаңғыртуды жақтады, олардың пікірінше, бұл еуропалық мемлекеттердің үстемдігі жағдайында мұсылман қоғамдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін керек болды. Олар қоғамның мүддесінде білім беруді қажет ететін жалпы прогресті жақтады. Оған тән мысал ретінде жас түркілерді, сол кездегі Түркия мен Ауғанстан жеріндегі жас ауғандарды, Ресейде — жас бұқарлықтарды, жас хиуалықтарды айтуға болады. Жәдидшілер дәстүрдің, соның ішінде білім беру дәстүрінің өзгермеуін талап еткен консервативті дін басыларға қарсы шықты. Жәдидшілер тіпті ижтиһад қақпасын ашуды талап етті, яғни Құранды өз бетінше оқып, тәпсірлеуге үндеді. Діни тұрғыдан алғанда, бұл хадистерде және ислам ғұламаларының ғасырлар бойғы қызметі барысында жазған еңбектерінде дәріптелген дәстүрден бас тартуды білдірді.
Еділ пантүркизмі
Қазақстандағы жағдайға әлеуетті түрде ықпал ете алатын тағы бір күш — Ақпан төңкерісінен кейін құрылған, орталығы Қазанда орналасқан, Ресейдегі жалпы түркі немесе жалпы мұсылман қозғалысы болған. Оның ең көрнекті насихатшылары Ахмедхади Мақсуди (1868–1941) сияқты татардың ғалымдары мен қоғам қайраткерлері болды. Бірақ тек олар ғана емес. Бұрынғы империя мұсылмандарының бірігуін белсене жақтаған осетин Ахмед Цаликов (1882–1928) болды, ол Ресейдің мұсылман тұратын облыстарының федеративтік құрылымы туралы идеяларды сынға алды: «Федерализм мұсылмандар тұратын кейбір жерді тоқырауға әкеп соқтыруы мүмкін, белгілі бір халықтарды өзімен өзі тіршілік етуге мәжбүрлейді, жұмыскерлер мен мәдени құндылықтарды алмасуды тоқтатады. Ресейдің мұсылман әлемі ыдырап кетеді. Жалпы мұсылмандық сезім мен сананы Қазан-Еділ, Қырым, башқұрт, қырғыз, сарт, тәжік, түрікмен, әзірбайжан және т.б. патриотизм алмастырады».i
Қазақ өкілдері Ресей мұсылмандарының саяси өзін-өзі ұйымдастыруына белсене қатысты. Айталық, Батыс Қазақстанның тумасы Жаһанша Досмұхамедов пен Бөкей Ордасында туған Уәлитхан Танашевi
Өзгелер нені қалады?
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, көзі ашық білімді қазақ аз еді. 120-ға жуық адам Ресейдің жоғары білімін алған. Тағы бірнеше мыңы орта немесе толық емес орта білім алған. 1917 жылы Орынборда өткен екі жалпықазақ съезіне жүздеген адам қатысты. Жалпы білімді қазақтың саны 7–8 мыңдай адам болса керек, «Қазақ» газетін оқырмандарының саны осындай болған. Халықтың саны төрт миллионнан астам болғанда, бұл цифр мардымсыз болып көрінеді.
Ол кездегі қазақтың көпшілігі үшін негізгі басымдық қоғамды жаңғырту емес, дәстүрлі өмір салтын сақтау болды. Сонымен қатар революция дәуіріндегі қазақтың қоғам қайраткерлерін классикалық мағынада либерал деп атауға болмайды. Мұны жерге меншік мәселесіне қатысты жағдай анық көрсетеді. Батыс Еуропа елдерінің демократиялық моделі жағдайында жерге жеке меншік бүкіл жүйенің ең маңызды элементі болды. Тарихи тұрғыдан демократия жерге жеке меншік енгізуден басталды, өйткені кейіннен оның төңірегінде меншік қатынастарын реттейтін тиісті институттар құрылды.
20 ғасырдың басында Шығыс және Орталық Еуропада таптар қағидасы бойынша құрылған ұйым ретіндегі Кеңестерге қарсы шыққан либералдық-демократиялық институттардың орнықтылығын қамтамасыз еткен дәл осы жерге жеке меншік болды. Ұсақ жеке меншік иелері (әсіресе, бұл ауылдық жерге тән еді) Германия, Венгрия, Болгария мен басқа елдегі антикоммунистік қозғалысқа жаппай қолдау көрсеткен негіз болды. Бірақ Ресейде демократиялық институттарға мұндай жаппай қолдау көрсетілген жоқ. Жерге қауымдық меншікті сақтауды талап еткен халықтың негізгі бөлігі, шартты түрде айтқанда, стихиялық социалист болды.
Қазақ қоғамы да жерге жеке меншік құқығын енгізуге қарсы шықты. Бір жағынан, бұл жерден айырылып қаламыз, оны Ресейден қоныс аударған шаруалар иеленіп кетеді деген қорқынышқа байланысты болды. Атап айтқанда, 19 ғасырда өздерінің қауымдық жерін тым арзанға сатып жіберген башқұрттардың жағдайы осындай еді. Екінші жағынан, бұл дәстүрлі қазақ қоғамының ру-тайпалық, мәні бойынша қауымдық құрылымына байланысты анықтады. Жерге жеке меншіктің енгізілуі қауым немесе ру ішіндегі бұрыннан келе жатқан ынтымақтастық тетіктерін жойды, ал оның аясында өз кезегінде көшпелі шаруашылық жүргізу шеңберінде жер қатынастарын реттеу қарастырылған болатын.
Осы жағдайға байланысты білімді қазақтар 1917 жылы жерге жеке меншік енгізуді көздейтін либералдық бағдарламаны толық қолдай алмайтын еді. Осы себептен сол дәуірдегі ең оңшыл либералдық қазақ саясаткері Әлихан Бөкейханов Ресейдегі негізгі либералдық партия — кадет партиясынан шығатынын көпшілік алдында мәлімдеді. 1919 жылы Ахмет Байтұрсыновтың большевиктер жағына өтуі де сондықтан (әлбете, мұның басқа да маңызды себебі болды). Бұл туралы Изабель Огайон былай деп жазды: «Байтұрсынов және оның «Алаш Орда» қозғалысындағы пікірлестері рулық мүдде қауымдық функцияны іске асыратын идеяны қолдады, ол бойынша байлар өз жекжаттарына және қоғамның ең кедей мүшелеріне көмектеседі. Осылайша дәстүрлі ынтымақтастық байланысы белгілі бір коммунистік формаға кіреді».i
Осылайша, білімді қазақтар дәстүрлі өмір салтын тым түбегейлі өзгертуге дайын емес еді. Өйткені, бір жағынан, олардың өзі әлі де оның бір бөлігі еді, ең болмағанда, онымен байланысты болды. Екінші жағынан, бұл үшін олардың нақты мүмкіндігі болған жоқ. Білімді қазақ тым аз еді, оның үстіне онда дәстүрлі қоғамға тән құрылымдардан басқа, сүйенетін ешқандай институт болмады. 1917 жылы қазақтың саяси қозғалысы өзі жорамалдаған автономияға қажетті институттар құруды көздеген ұйымдық мәселелерді шешуге енді ғана кіріспек болды. Қазақтың Британдық Үндістандағы білімді үндістердің жағдайынан айырмашылығы осында еді. Ол кездің өзінде олардың жергілікті өзін-өзі басқару, өкілді билік, салық салу жүйесі болды, сондай-ақ полиция мен армия түріндегі мемлекеттік зорлық-зомбылық аппараты қызмет етті. Британ империясы ыдырағаннан кейін бұл институттар Үндістан мен Пәкістан мемлекеттілігінің негізіне алынды.
Солай болғанымен, қазақ қоғамы үшін маңызды мәселелерді өз бетінше шешуге ұмтылу оның барлық дерлік элементін біріктіруші факторға айналды. Сол себептен 1917 жылы қазақ саяси қозғалысы мен дәстүрлі қоғамы шын мәнінде біртұтас майдан ретінде іс-қимыл жасады. Қазақ халқына жақсы жағдайға Ресейде болып жатқан либералдық үдеріс шеңберінде бірлесіп күш-жігер салу арқылы ғана қол жеткізу мүмкін болатын еді. Сондықтан өте консервативті ру-тайпалық қоғамды жаңғырту идеясы мен оның әдеттегі тіршілігі арасындағы сөзсіз ымыра орнады.
1917 жылдың желтоқсанында Орынборда өткен және Алашорданың Уақытша халық кеңесі басқаратын Қазақ автономиясын жариялаған Екінші жалпықазақ съезінің материалдарынан бұл ымыраның ізі байқалады. Мысалы, өзін-өзі басқарудың бір түрі ретінде земство институтын енгізу Ресей империясы тұсындағы болыстарды сайлауға тән ішкі қайшылықты ескере отырып қарастырылды. Ал сотта шариғат немесе қандай да бір басқа нормаларды емес, қазақтың әдет заңын пайдалану ұйғарылды. Бірақ ең бастысы, көзі ашық білімді қазақтар қазақ қоғамының ру-тайпалық құрылымын ескеруге тиіс еді. Осыған сәйкес рулар мен тайпалар қазақ автономиясындағы саяси процестің субъектілері ретінде қарастырылды. Съезд материалдарында былай делінген: «…Арғын руларының біртұтас Қазақ-Қырғыз автономиясына кіру ниеті мақұлдансын және қазақ-қырғыз кеңесіне осыған орай Түркістан автономиясының билігімен тиісті қарым-қатынас жасау тапсырылсын».i
Қазақ даласындағы жағдай жалпы Ресейдегі жағдайға ұқсас болды. Егер Ресейдің қала тұрғындарының бір бөлігі либералдық-демократиялық құндылықтарды басшылыққа алса және оларға толығымен сәйкес келсе, оған керісінше көпшілік бөлігі, соның ішінде қала жұмысшылары шартты түрде алғанда шаруа қауымының біршама архаикалық өмір салтын сақтауға тырысты. Қазақ халқының көпшілігі де ру-тайпалық көшпелі қауымның өте архаикалық өмір салтын сақтауға ұмтылды. Өздерінің саяси институттарын құрған білімді қазақтар осы көңіл күймен санасуға мәжбүр болды.
Ерлік пен шарасыздық
Уақытша үкіметтің билігі сақталып тұрған кезде оның «Алаш» қозғалысына мүше ең адал жақтастары кең қолдауға ие болды. Атап өтетіні, бұл кезеңде қазақ қоғамында 1917 жылы Түркістан губерниясында дәстүрлі элитаның және қоғамды жаңғыртуды жақтайтын жергілікті жәдидшілердің арасында болғандай мұндай мүдде қайшылығы жоқ еді. 1917 жылдың шілдесінде Ташкент қалалық думасына сайлау кезінде жәдидшілер қазақ зиялысы Серәлі Лапин басқарған жергілікті ғұламалар діни элитасы — «Шуро-и улема» өкілдерінің саяси ұйымынан жеңіліп қалды. Өйткені ғұламалар жәдидшілерді Ресейге қарасты Түркістан мұсылман қауымына, сондай-ақ Бұхара әмірлігі мен Хиуа хандығындағы ықпал үшін өздеріне тікелей бәсекелес деп есептеді. Ғұламалардың ойынша, жәдидшілер мұсылман жамағатының өмір салтын өзгертуге және сол арқылы оларды биліктен айыруға ұмтылды.
1917 жылғы қазақ қоғамында мұндай қайшылық болған жоқ. Қайта керісінше, кейбір сирек жағдайды қоспағанда, бүкіл қазақ қоғамының ортақ ұстанымда болғанын байқаймыз. Мұның бір себебі, қазақтың өмір салтын жаңғырту идеясы дәстүрлі қоғамда нақты іс жүзіне асатын келешек ретінде қарастырылмаған. Шындығында, түркістандық жәдидшілерден ерекшелігі, білімді қазақтар өзінің дәстүрлі элитасының қауіптенуіне себеп туғызған жоқ. 1917 жылы қазақ қоғамын Ресей империясының шаруаларды қоныстандыру саясатына байланысты ортақ сын-қатер және оған қандай да бір ықпал ету мүмкіндігі біріктірді. Халықтың пікірінше, «Алаш» қозғалысы жаңа билікпен тіл табысып, оның саясатына ықпал ете алатын күш болған.
1917 жылы Құрылтай жиналысына сайлау кезінде Торғай облысындағы жағдай назар аударарлық. Мұнда қазақтың болашақ әйгілі большевигі Әліби Жангелдин сайлауға түспек болып өз кандидатурасын ұсынды. Атап өтетіні, ол осы жердің тумасы болған және Торғай өңірі халқының едәуір бөлігін құраған қыпшақ тайпасынан шыққан. Оның үстіне, дәл осы жерде жақында ғана, 1916 жылы қыпшақтардың белсене қатысуымен көтеріліс болған. Ал Жангелдин оның көсемдерінің бірі еді.
Бірақ қыпшақ екеніне, сондай-ақ 1916 жылғы көтеріліске қатысқанына және оның жетекшілерінің бірі Амангелді Имановтың жақын досы болғанына қарамастан, сайлауда Жангелдинге небары 41 дауыс берілген. Ал «Алаш» партиясының тізімі 54 897 дауыс жинады. Оның бір себебі, 1917 жылғы төңкеріске дейін Жангелдин шоқынып, Степнов деген жаңа фамилия алған. Жангелдиннің шоқынуы Торғай қыпшақтарын одан бездіріп жібергені анық. Бірақ бұл басты мәселе емес.
Алдыңғы дәрісте айтып кеткенімдей, көтерілістің мойындалған жетекшілеріне Бөкейхановтың көзқарасы теріс болғанына қарамастан, Торғайдағы «Алаш» тізімі қазақ халқының басым көпшілігінің дауысына ие болды. Бұл Торғайда 1916 жылғы көтеріліске ондаған мың жергілікті тұрғынның қатысқанына қарамастан болған жағдай. Көтеріліс қаһармандары Амангелді Иманов, Әбдіғафар Жанбосынов пен Әліби Жангелдиннің теориялық тұрғыдан алғанда сайлауда ең болмағанда Торғай қыпшақтарының қолдауына ие болуға толық мүмкіндігі бар сияқты. Оның үстіне Иманов пен Жанбосыновтан ерекшелігі, Жангелдин айтарлықтай білімді болған. Ол тіпті Мәскеу дін академиясының тарих факультетінде оқып, жер шарын айнала саяхат жасап үлгерді. Солай болғанымен, Торғайдағы дәстүрлі қоғам «Алаш» партиясының тізіміне дауыс беруді жөн көрді. Өйткені Ресей империясының құрамында болған кездегі қазақтың тарихында алғаш рет оның өкілдері биліктің құрылымында болды, айталық, Бөкейханов Торғай облысында осындай қызмет атқарды, сөйтіп олар қоғамның мәселелерін саяси әдістермен шешуге мүмкіндік алды.
1918 жылдың қаңтарында большевиктердің Құрылтай жиналысын таратуы және азамат соғысының басталуы шын мәнінде «Алаш» қозғалысының демократиялық сайлау арқылы либералды Ресей үкіметінің құрылымдарына кіруді көздеген саяси бағытына нүкте қойды. Азамат соғысы жылдарында «Алаш» қозғалысы мен Алашорда үкіметінің мемлекеттік құрылысты бастауға барлық күш-жігер салуы, шын мәнінде, Ресейдегі ұзаққа бармаған либерализация кезеңінен кейінгі арьергард ұрысы болды.
Азамат соғысы кезінде майданның екі жағында да саяси диктатураны жақтаушылар болды. Алаш Орданың қарсыластары, бір жағынан, пролетариат диктатурасы тұжырымдамасын алға тартқан большевиктер еді, ал іс жүзінде ол орталығы Мәскеуде орналасқан бір саяси партияның диктатурасы болды. Ал екінші жағында ұлттық қозғалыстарға сынмен қараған ақтар қозғалысының қатарынан шыққан оңшыл консервативті саясаткерлер тұрды.
Алашорда қайраткерлері осынау қиын жағдайда мүмкін нәрсенің бәрін жасауға тырысты. Бірақ дәстүрлі қоғам үшін олардың талпынысы онша сенімді болған жоқ. Мәселе негізінен қазақтың дәстүрлі ру-тайпалық қоғамының жалпы мемлекеттік бақылаудан және тек Ресей билігінің ғана емес, «Алаш» қозғалысының да бақылауынан аулақ болуға ұмтылуында еді. Ол, шын мәнінде, тұрақты Ресей өкіметі болған кезде дәнекер ретінде керек болды. Билік кеткеннен кейін мұндай үкіметтің қажет екенін дәлелдеу қиын болды. Теориялық тұрғыдан бұдан да үлкен күн тәртібі болуы мүмкін ірі тайпалық құрылымдардың далада жоқ болғанына көп уақыт болды. «Алашқа» мүше болған білімді қазақтар тұжырымдаған жалпы мемлекеттік ауқымдағы дәл осындай міндеттер жергілікті қазақ қоғамдастықтарының кәдімгі мүддесінің шегінен тыс шыққаны анық.
Шынтуайтында, Ресейде 1918 жылдың қаңтарында аяқталған либералдық жоба сәтсіздікке ұшырағаннан кейін қазақтардың кішігірім ру-тайпалық құрылымдары жергілікті мәселелерді шешуге ден қойды. Ұйымдық жағынан рулық бөлшек болған көптеген ұсақ болыстық тұратын жеріндегі тактикалық жағдайға байланысты өзінің саясатын дербес құрды. Олардың жалпы қазақтың мәселесін шешуге мүдделілігі де жағдайға байланысты болды.
Әлбетте, бұл Ресей билігімен кез келген келіссөзде Алашорданың позициясын әлсіретті. Оның өкілдерінің артында қандай да бір зор күш тұрған жоқ еді. Азамат соғысы жағдайында осындай күш саясаттағы басты аргумент болды, атап айтқанда, мұны башқұрттар айқын көрсетті.
Заки Валиди1
Қазақ қоғамы башқұрттарға қарағанда саны жағынан үлкен болғанымен және айтарлықтай үлкен аумақты алып жатқанымен, қазақ саяси қозғалысының халықтың ресурстарын жұмылдырудағы мүмкіндігі біршама шектеулі болып шықты. Билік органдарын құруға әрекеттенген Алашорда үкіметінің әртүрлі филиалы салық салу мәселесінде айтарлықтай қиындыққа тап болды. Бұл армияны (оны милиция деп атаған) құруда ең үлкен қиындық тудырды. Айталық, 1918 жылдың маусымында азамат соғысының қызып тұрған шағында Бөкейханов милиция жасақтау туралы қаулыға қол қойды. Әр болыстық барлық жабдығымен бірге 30 адамды жіберуге тиіс болды. Бірақ тамақтың нашар болуы, киім-кешек пен аяқкиімнің жоқтығы, ауру-сырқау пен тауқымет жігіттерді отрядты тастап туған ауылдарына қашуға мәжбүр етті. Екінші жалпықазақ съезінде Алашорданың астанасы болып жарияланған Семейдің өзінде 1200 милиционер жиналды, бірақ қару-жарақтың және асырауға қажет қаражаттың жоқтығынан Алашорда шақырылғандарды таратып жіберуге мәжбүр болды. Нәтижесінде үкіметтің қарамағында дербес рөл атқаруы мүмкін болған біршама үлкен әскери құрама жоқ еді. Болашақта олар әртүрлі ақ әскердің қолбасшылығына бағынды және олардың қамтамасыз етуіне тәуелді болды.
Осылайша 1917 жылы дәстүрлі қазақ қоғамы үшін либерализация үдерісінде қазақ халқы өкілдерінің Ресей үкіметіне кіру мүмкіндігі әбден мүмкін болып көрінсе, 1918 жылдан бастап бұл сенім жойылды. Сәйкесінше 1917 жылы Ресейдің жаңа үкіметімен қарым-қатынаста ықпалды дәнекер ретінде қарастырылған білімді қазақтардың саяси беделі құлдырады. Сонымен қатар қазақтың біршама шағын рулары азамат соғысы жүріп жатқан аласапыран кезде жаңа міндеттеме пайда болуына жол бермеуге тырысты. Алашорда үкіметінің салық салып, әскерге шақыруын олар көбінесе осындай артық әрі қажетсіз міндеттеме деп есептеді. Іс жүзінде бұл алдағы уақытта қазақ халқының тағдырын дұрыс әлемдік ахуал туралы өзінің түсінігіне сүйене отырып, басқа күштер шешеді деген сөз еді.